Бес вирус немесе балама айтқан ертегі

4489 рет қаралды

Азия құрлығының бел ортасында Қазақия деген бір ғажайып ел бар екен. Бірақ оны әлемнің басқа жұрты бөтен атауымен таныпты. Бұл ел баяғыда, баяғыда емес, өзі жаратылғаннан бері жер әлемді дүрліктірген бірнеше дүркін құбылыстар жасаған және әр нәрсеге өте қабылетті ел екен. Оның халқын Алла тағаланың өзі де ерекше бағалапты. Сүйген құлым деген деседі.

Ол ержүрек, елшіл, берекешіл, бейбітшілікті сүйгіш ел болса керек. Ол бұ жарық дүниеге келіп, өсіп-өніп, ұлт болып қалыптасып, ел болып, етек жиып, жеке мемлекет болып бой түзегеннен бері де еш бір елге қоқаң-лоқы жасап, кеуде көтеріп көрмепті. Дүркіреп тұрған кезеңдердің өзінде айналасындағы күші әлсіз, қуаты нашар, саны аз көршілеріне де аса мейірбандықпен қарап, қол ұшын беріп отырған екен.

Ол сондай үлкен күш-қуаттың иесі бола отыра дансайсып, қайсыбір шегірлер мен орсақтарша ғылым мен техника жаңалықтарын басқаның жерін басып алуға, басқаның асын тартып алуға, аз санды ұлттарды құртып жіберуге жұмсамаптын. Ол сондай-ақ, қатардағы әлсіздерге менсіз күнің жоқ деп барын тартып алып, өктемдік жасап көрмепті.

Сол қара жердей анасы бар, көк тәңірідей иесі бар ел аяқ асты бодандықта қалып, қаншама жылдар сорлапты. Оның адами байлығын да, табиғи байлығында әлгі қанаушы басқыншылар талапты, тапқанының бәрін артып әкетіпті. Адамын құл етіпті. Жерін атом бомбасының сынақ алаңына айналдырып адам баласының аузы барып айтып, батылы барып жасамайтын небір қызыл қырғын зұлматтарды жасапты.

Өйткені, Қазақияның даласы мен сай салаласы бес түлік малға симай жатады екен. Елі жазы-қысы бойы ет жеп, қымыз ішіп, ауру сырқау дегенді білмейтін өңкей еңгезердей алыптар болыпты. Жырғаулы, салтанатты тұрмыс құрыпты. Соны шегір, көк көз, орсақ отаршылдар қызғаныпты.. Сол қызғаныштан сол елді Қазақияны бөліп, жаулап алу идеясы туыпты. Күші жетпейтін болған соң мынадай қаскөйлік ойлап тауып, жүзеге асырыпты. Бейғам жатқан елдің арасына от жағып, жасырын ши жүгіртіп, бірін-біріне айдап салып, ақыры күндердің күні болғанда басып алып, жаншып қанапты. Бар байлығын, бар малын қидай сыпырып, адамын аштықтан қырыпты.

Өткен ғасырды ақырында Қазақияның жарты жұрты бодандықтан босанып шығып, басын көтерейін десе қол-аяғын құрт жеп қойыпты. Сөйтіп, Қазақияны қазір қатерлі вирустар–індеттер жайлап алыпты. Ол вирустар бір түрлі емес, бірнеше түрлі болса керек. Солардың түрін түстеп, атын атап берейін: Бірінші вирусты жұрт «шүлдірлер» дейді. Негізінен бұлар қазақ тілін білмейтін, бірақ, әлгі Қазақия деген елді билейтіндердің арсындағы өте жұқпалы дерт болса керек. Ал екіншісі, ел «егіздер» дейді. Өйткені олар, сырт тұлғасы бір, ал, ішкі дүниесі екі ұлттың қосындысынан жаратылған, тілі айыр – жылан тілді идеседі. Вирустың үшіншісін халық «мешкейлер» деп атапты. Олар түйені түгі мен биені бүгімен былай тұрсын, бүгіл бүтін пойыз құрамын жұта салатын қорқаулар дейді. Бұған қарсы сол елдің жер қайысқан доктор, профессор, академиктері былқ етпеген соң мың болғыр падишаһтың өзі мың ойланып, жүз толғанып бір дауа ойлап тауып тәжірибеден өткізіп жатса керек. Ал төртінші пәле «алабажақ» көрінеді. Олар қаптап кеткен әр түрлі діннің, әр алуан ағымдарын таратушы миссионерлер мен шын мәнінде өз ұлтының дінін басқа жақтан келген жаттың сеніміне айырбастағандар екен. Бесінші вирустқа жамағат «иіс алмастар» деп ат қойыпты. Олар қоғамда не болып жатса да «өлмек түгіл өмірем қап» деп сіркесін сығып, битін теріп жүре береді екен. Бұл індеттің таралымы өте жайылмалы, қозып, жайылу процессі өте жоғары екен. Ол төменгі бұқараның да, жоғары биліктің де мүшелері арасында көптеп кездесіпті. Әзірге, құлыным, осы бес вирусты емдейтін ем жасау Қазақия жұрты үшін аса қажет болып тұрса керек! Сен де ойланып көрші.
Б.Бурылалтай

Парақшамызға жазылыңыз

Жауап беру

Your email address will not be published.

This site uses Akismet to reduce spam. Learn how your comment data is processed.

Соңғы жазбалар