2009 жылы айтулы даталарымен есте қалатын жыл. Біріншіден, биыл 22 қыркүйек күні қазақ тілінің мемлекеттік дәрежеге қол жеткізгеніне 20 жыл толады. Екіншіден, биыл тұңғыш рет Конституциямыздың 14 жылдығы қарсаңында әскери шеру ұйымдастырылды. Биыл – елбасымыз Нұрсұлтан Назарбаевтың ел тізгінін ұстағанына 20 жыл.
ТӘЖІКСТАН ОРЫС ТІЛІНІҢ АЯСЫН ТАРЫЛТТЫ
Бұны Кремль ұнатып отырған жоқ
Бізбен тарихы егіз көптеген посткеңестік елдерде де дәл осындай айтулы даталар аталып өтуде. Мәселен, Тәжікстан 22 шілдеде Тәжік тілінің мемлекеттік дәрежеге қол жеткізгенінің 20 жылдығын атап өтті. Осы мейрам қарсаңында Тәжік президенті Эмомали Рахмон тәжік халқына тосын сый ұсынып, орыс тілінің «ұлтаралық қатынас тілі» статусын жоятын жаңа заң дайындалып жатқандығын мәлімдеді. 22 шілдеде осы айтулы датаға орай сөз сөйлеген Эмомали Рахмон: «Ұлт тағдыры тіл тағдырына тікелей байланысты. Ұлттың ұлылығын оның ұлдарының өз ұлттық тілін қаншалықты қастерлеп, құрметтейтіндігінен аңғаруға болады» деп түйген еді. Осы сөзінде ол тәжік парламентарийлерін орыс тілінің «ұлтаралық қатынас тілі» статусын жоятын жаңа заңды қабылдауды тездетуге шақырған болатын.
ТМД елдерінің ішкі ісіне араласуды дағдыға айналдырған Ресей бұл жолы да Тәжікстанды экономикалық санкцияларымен қорқытуға көшті. «Eurasianet» интернет газетінде жарияланған Константин Паршиннің мақаласында Ресейдің экономикалық бұғаулар жасай бастағаны туралы айтылған екен.
Ал, орыс саясаткерлері Тәжікстан аталған заңды қабылдар болса, қандай жазалау шараларын қолануға болатындығын ойластыра бастаған. Оның ең алғашқысы тәжік гастарбайтерлерінің Ресейге толассыз ағылуын тоқтату мақсатында, Тәжікстан мен Ресей арасында «визалық режим» енгізу туралы ұсыныс болып отыр. Мақала авторы тәжік гастарбайтерлерінің Ресейде тапқан-таянғанын Тәжікстанға аудару арқылы, бұл елдің экономикасына әжептәуір кіріс кіріп тұрғандығын айтады.
Шілденің соңында Тәжікстанға Ресей Федерациясының президенті Дмитрий Медведев келді. Осы сапар қарсаңында Медведевтің көмекшісі Сергей Приходько «Орыс тілінің дәрежесіне сақтап қалуға бәрінен бұры тәждік биліәгі мүдделі болуы тиіс. Егер, олар орыс тілінде сөйлемейтін болса, ешқандай гастарбайтер Ресейде жұмыс істеу мүмкіндігіне ие бола алмас еді» деген мәлімдеме жасаған.
Мемлекеттік Думаның ТМД елдері ісі бойынша комитетінің төрағасы, депутат Алексей Островский бұл заңның қолданысқа енуі Тәжікстанның ішкі тұрақтылығына зиянын тигізуі мүмкін деген болжам айтқан.
Әрине, Тәжік билігінің Ресей тарапынан жасалынатын қысымға қарсы тұруы екі талай. Өйткені, саяси бостандығына қол жеткізгенімен, көптеген ТМД мемлекеттері экономикалық және геосаяси тұрғыдан Ресейге тәуелді. Сол себепті де, Ресейдің айтқанымен жүріп, айдағанына көнуі тиіс. Ресейдің Тәжікстанның тіл туралы жаңа заңына деген көзқарасын байқаған Тәжікстан да бұл заңды қабылдамайтын мәлімдеме таратқан. Шілденің соңына қарай, Тәжікстан Сыртқы істер министрлігі орыс тілінің «ұлтаралық қарым-қатынас – тіл» дәрежесі Конституциямен бекітілгендігін, таяу арада Конституцияға өзгерістер енгізу жоспарланып отырмағандығы жайында мәлімдеме таратқан.
Бұған дейінгі қолданыстағы заң бойынша іс қағаздары не тәжік, не орыс, не екі тілде бірдей жүргізіліп келген. Жаңа заң бойынша іс қағаздары тек бір тілде, тәжік тілінде жүргізілетін болады.
Мақала авторының айтуына қарағанда, орыс тілі – Тәжікстанда әлі күнге дейін ұлтаралық қарым-қатынас тілі ретінде кең көлемде қолданылатын көрінеді. Ұлты тәжік емес тұрғындардың арасында тәжік тілін білетіндер тым аз сияқты.
ҚАЗАҚСТАН ОРЫС ТІЛІН «РЕСМИ» СТАТУСЫНАН АЙЫРА АЛА МА?
Сонымен Қазақстан билігі алдағы 22 қыркүйекте қандай тосын сый ұсынуы мүмкін. Қазақстан Конституциясының 7-бабындағы «орыс тіліне ресми статус» берген сөйлемді түбірімен жоя ала ма?
Әрине, қазақ тілін өрге бастырмай тұрғанда, өзгетілділердің оны үйренугіне қажеттілік пен мәжбүрлік тудырмай тұрғанда осы – Конституциямен бекітілген орыс тілінің ресми статусы. Бірде-бір саяси қайраткер де, қоғамдық күштер де бұл бап төңіргенде әңгіме өрбітіп көрген емес.
Шын мәнісінде, осы бапқа қолқа салсақ, Ресей бізге қандай экономикалық санкция жариялауы мүмкін. Ресеймен тым қоян-қолтық отырған Қазақстан оның шамына тиетін қадамдар жасауға әзірге дайын емес шығар.
Бұл жөнінде сіз не ойлайсыз, құрметті оқырман?
Парақшамызға жазылыңыз