/

Өндірісі көп өлкеде кедейлік басым

3140 рет қаралды

«Өндіруші компаниялардың да, өндіріс ошақтары шоғырланған өңірлердегі жергілікті биліктің де экономикалық, әлеуметтік дамуға толыққанды қосып жатқан үлесі шамалы». 1200-ден астам тұрғын арасында төрт (экономикалық, экологиялық, әлеуметтік және айқындық) көрсеткіш бойынша сауалнама жүргізген «Сандж» зерттеулер орталығының мамандары осындай тоқтамға келіп отыр.

Олардың пайымынша, өндіруші компаниялар мен әкімдіктер қоршаған орта мен денсаулыққа төніп тұрған қауіптің алдын алуда да қауқарсыздық танытуда. Мамандардың мәліметінше, еліміздегі экономикалық өсім өндіруші секторға байланысты. Алайда небір өндіріс ошақтары жұмыс істейтін өңірлерде кедейлік жағы басым.

Мысалы, зерттеу қорытындыларына сүйенсек, елдегі кедейліктің орташа көрсеткішінен Маңғыстау облысының көрсеткіші 2,08 есе көп екен. Қызылорда облысы бойынша бұл көрсеткіш 1,63 есе жоғары. Екі облыс та өндіріс ошақтарынан кенде емес. Республика бойынша ауыл-аймақтардағы кедейлер үлесі орташа алғанда 2,1 пайызды құрайды. Маңғыстау облысы мен Қызылорда облыстарында сәйкесінше бұл көрсеткіш орташа көрсеткіштен 2,71 және 1,62 есеге жоғары. Ал Ақтөбе облысында 1,9 есеге көп. Қарағандылық «Игілік» («Благо») қоғамдық бірлестігінің директоры Юрий Криводановтың мәлімдеуінше, жоғарыда айтылып өткен зерттеулер еліміздегі статистика агенттігінен алынған мәліметтер негізінде дағдарыс алдындағы кезеңде жасалған (http://www.stat.kz/publishing/Pages/publications.aspx).

Ал жергілікті халық өндіруші компаниялар мен билік органдарының қызметін қалай бағалайтынын үкіметтік емес ұйымдар өз беттерінше зерттеп көріпті. «Сандж» зерттеу орталығының жетекшісі Жанар Жандосова келтірген қорытындыларға сүйенсек, ешбір компания, ешқандай жергілікті билік үштен жоғары балл алмаған. Рейтингте көш бастады деген компаниялардың алдыңғы легі 3 балды әрең жинапты, олар: «Қазхром» ТҰК» АҚ (Ақсу), ҚМГ «ӨзенМұнайГаз» компаниялары, «БогатырьАксесКөмір» ЖШС, «МаңғыстауМұнайГаз» АҚ, «Теңізшевройл» ЖШС, «Аджип ККО» (Ақтау). Осы аталған өндіріс орындарында экология және адамдардың денсаулығына қатысты бағалар – 1,3-1,9 балл төңірегінде.

Ал соңғы бестіктің (0,8 балдан төмен алғандар – ред.) ішінде «СНПС – Ақтөбемұнайгаз» АҚ, «Қазақмыс» корпорациясы, «Торғай Петролеум» АҚ, «Жайықмұнай» ЖШС және Шымкент мұнай өңдеу зауыты бар. Жергілікті билік органдары арасында ең төменгі балл – БҚО мен ОҚО, сондай-ақ Қарағанды облыстарының еншісінде.

Сөйтіп, «бұл жолы компаниялар мен билік сыннан сүрінді» дегенді алға тартқан мамандар «Мұнай табыстары – қоғамның бақылауына!» коалициясы» жобасы 2010 жылдың тамыз айында осындай зерттеу жұмыстарын тағы қайталап, өңірдегі өзгерістерді бақылаймыз» дегенді айтады.

Мұндай зерттеулер, мамандардың пайымынша, тек қана облыс орталықтарында емес, аудандарда да жүргізілуі керек. «Барлығы – жергілікті тұрғындардың мүддесі үшін!» – деп сендіреді олар.

Мейрамбек Аманжолұлы, ақтөбелік «ДемОрда» қоғамдық бірлестігінің төрағасы:
– Еліміздің кен байлығын игеріп, шетелдік компаниялардағы сатып алу аясындағы мемлекеттік үлесті арттыру туралы жер-жерде айтыла бастағанына көп уақыт өте қоймады. Дегенмен «жаман үйді қонағы билейдінің» керін қытайлық компания келтіріп жатқан сыңайлы. Қытайлық кәсіпорындар тауарлар мен қызметтерді сатып алу, тендер кезінде қазақстандық кәсіпорындарға жолыққан сыңай танытады. Ал шын мәнінде сол қазақстандық компаниялар айналып барып, аспанасты елінің тауар жеткізушілерін жағалайды. Бұл ретте мемлекеттік үлес туралы әңгіме қозғаудың қаншалықты қажеті бар, айқындық қағидасы қайда?

P.S. Өндіріс кәсіпорындарындағы айқындық қағидасының Ақтөбе облысы бойынша қалай жүзеге асырылып жатқандығын білуге арналған басқосуға шақырту алған өндіріс компанияларының тек екеуінің ғана қарасы көрінді.

Асқар АҚТІЛЕУ, Ақтөбе

Парақшамызға жазылыңыз

Жауап беру

Your email address will not be published.

This site uses Akismet to reduce spam. Learn how your comment data is processed.

Соңғы жазбалар