«Ұстаздың орнына шәкірт келеді, мықты болса, оны да басып озады» немесе қазақы мағынасы бойынша «бұрын шыққан құлақтан соңғы шыққан мүйіз…» деген сөз әлем журналистикасы тарихында аты мәшһүр медиа-магнат Уильям Рэндольф Хёрст (William Randolph Hearst) сынды алыптарға арналғандай. Ол «баспасөз патшасы» Жозеф Пулитцерді өзіне сырттай ұстаз тұтты, сондықтан да, оны бастан аяқ зерттеді, үйренді, еліктеді. Кейін расында одан да асып түсіп, медиабизнесте өз хандығын құрды.
Уильям Хёрст 1863 жылы көкек айының 20-нда Сан-Франциско қаласында дүниеге келген. Үлде мен бүлдеге оранып өскен, текті әулеттен шыққан, терең білімді, әл-аухаты мықты шешесі ұлына классикалық білім берудің қажеттілігін әкесі Жорж Хёрстен үнемі талап етумен келген. Болашақ баспасөз ханының әкесі алтын қазудан еңбек жолын бастап, кейін өте мол дәулет жиған, қаржы саласының қитұрқы қулық-сұмдықтарын терең меңгерген, байлығын еселеу үшін барын салудан тайынбайтын тәуекелшіл адам болған екен. Бала Хёрст әкесінің дәл осы қасиетін өн бойына дарытса керек. Кейін ол әкесінен қалыспайтын бизнесмен екендігін күллі әлемге әйгілегенде де туадан дарыған мінез-құлқы ықпал еткені сөзсіз.
Уилли (болашақ магнатты әке-шешесі еркелетіп осылай атап кеткен) бос уақытын аң атумен, балық аулаумен, атқа мініп серуендеумен өткізген. Оның балалық шағы Сан-Францискода өтті. Онда бірер жыл оқыған Уиллиді шешесі жалынып-жалпайып жүріп, Американың солтүстігіндегі Нью-Хэмпшир штатының Конкорд қаласындағы Қасиетті Павлоның жекеменшік мектебіне аттандырады. Орта мектептен соң Уилли шешесінің ақылымен университетке түсіп, төрт жыл оқыған. Дәл осы кезеңде оның журналистік дарыны айқындалып ол университеттің «Гарвард Лампун» газетінің редакторы болады және едәуір жетістікке жетеді.
1884 жылы өткен Президенттік сайлау науқанында Уилли өзінің кім екендігін дүйім жұртқа болмаса да университет ұжымына көрсеткен. «Гарвард Лампун»-ның насихаттаған Гровер Кливенд сайлауда жеңімпаз болғанда Уильям оны университет деңгейінде шектен тыс «айғайлатып» атап өтеді. Осы әрекеті үшін ректорат оны сабаққа шамалы уақыт қатыстырмай да қойған. Кливендтің Президенттікке сайлануына тікелей ықпалы болмаса да оған аз мөлшерде үлес қосқанына ынталанған Уильям журналист болуға толығымен бел байлайды. Оған оқуға деген ықыласының төмендігі де әсер етсе керек. Ол өзеннің арғы жағалуындағы Бостон қаласының газеттеріне аңсары ауды. Сабақтан қол үзе бастаған Уильямды Гарвардтың басшылығы 1886 жылы оқудан шығарып тастады.
Сол кезеңде әкесі Жорж Хёрст Калифорния парламентінің төменгі палатасына сайланып, толық мерзімде жұмыс істеген. Кейін АҚШ Сенатына өткен екен. Кливендті билікке ұсынған демократиялық партияны қыруар ақшамен қаржыландыратын Жорж, 1887 жылы ұлы Сан-Францискоға қайта оралғанда оған қарызға белшесінен батқан «Икземинер» газетін сатып алып беріп, кішігірім сыйлық жасаған екен.
Уильям газет қожайыны болған күннен бастап, алдымен «баспасөз патшасы» атағының иегері Жозеф Пулитцердің тәсілін, оның шығаратын «Нью-Йорк Уорлд» газетін жан-жақты зерттеуге кіріскен. Пулитцермен салыстырғанда Хёрстің жағдайы мүлде басқаша еді. Миллионер әке-шешесінің демеушілігін айтпағанның өзінде ол жұмысын нөлден бастаған жоқ. Сондықтан ақша-қаражаттың тапшылығы дегенді өңінде тұрмақ түсінде көрмеген жан. Дарынды да білікті редакторлар мен тілші-журналистерді ақшамен ұрып тұрып, жалдап алған Хёрстің «Икземинер» газеті кешікпей өз оқырмандарын тапты. Пулитцер секілді ол да қоғамдағы келеңсіз көріністер мен былық-шылықты аяусыз сынауды қолға алды. Өзін радикал демократ деп жариялаған Хёрст газетін насихаттауға ақша аямай барын салғандығының арқасында табысқа да жетті. Әсіресе, Шығыс Тынық мұхитындағы темір жол компаниясының мемлекет ақшасын жегендігін, парақорлыққа, жемқорлыққа жол бергендігін, халық мүддесін естен шығарғандығын дәлелдеуі арқылы «Икзэминер» өз беделін, атақ-даңқын асқақтатты.
Бес жылғы тынымсыз еңбектің арқасында Хёрст газет тиражын 25 мыңнан 80 мыңға көтерді. «Икзэминер» кірісінің молдығымен батыс штаттарда бірінші, АҚШ бойынша екінші орынға көтерілді. Алайда, мұның бәрі Хёрст үшін тек істің бастамасы ғана болатын.
«Нью-Йорк Жорнэл»
Хёрст Американың ірі қалаларында қатарынан газет ашып, шынжырланған байланыс орнатуды көздеді. АҚШ темір жолы картасында болашақ баспасөз ханы басты қалаларды қызыл қарындашпен айналдыра сызып қойып, күндердің күнінде осы жерлерде өз газеттерінің шығарылатынын редакторларына мәлімдеген.
Сол картада Нью-Йоркті екі қабат сызып қоршаған. Хёрст үшін осы алып қаланы жаулап алу аса мәртебелі мақсат болатын. Әлдеқашан онда өз орнын нығайтқан Пулитцердің «Нью-Йорк Уорлд»-ымен жекпе-жекке шығу үшін қыруар қаржы керек еді. Әдеттегідей оған шешесі 7,5 миллион доллар беріп көмектесті.
Осылайша, орда бұзар 32 жастағы Хёрст Нью-Йоркке келеді. Қаладағы ең биік ғимарат «Нью-Йорк Уорлд» газеті редакциясының кеңсесін көре сала ол қалай да оны басып озуға іштей ант-су ішеді. 1895 жылы ол 180 мың долларға Пулитцердің інісі Альберттің иелігіндегі «Морнинг Жорнэл» деген күнделікті газетті сатып алады. Шешесінің берген ақшасын Уильям ертеңінде-ақ айналымға салды, газетін насихаттауға келгенде жомарттық танытты. Пулитцердің таңдаулы мамандарын, атақты редакторлары мен журналистерін мол жалақымен шақырып, өзіне тартты. Жүзмыңдаған доллар қаржы жаңа технологияға, құрал-жабдықтарға жұмсалды. Шешесінің бергені бар және өзіндегісі бар күллі ақшасын сарқуға таяғанда ғана «Морнинг Жорнэл» пайда бере бастады.
Жаңа бәсекелесінің іс әрекетін алғашынан жіті бақылаған Пулитцер Хёрсті әке-шешесінің ақшасымен ойнап жүрген еркетотай деп, ұзаса алты айдан кейін банкротқа ұшырайтына бал ашқандай менсіне қоймаған. Алайда, түйсікшіл Пулитцер бұл жолы қателескен екен. «Жорнэл» банкратқа ұшыраудың орнына күшейіп, Нью-Йорк оқырмандарын түгел жаулаған «Уорлд»-пен ашық айқасқа түсе алатынын дәлелдеп бақты.
Пулитцердің кейбір таңдаулы журналистері, мысалы, «Санди Уорлд»-тың негізін қаласқан Моррил Годдард, атақты шолушы Артур Брисбен опасыздық жасап, «Жорнэл»-ге сатылып кетті. Олардың қатарларын Хёрст «Сан-Франциско Икземинер»-де істеген дарынды журналистермен толықтыра түсті. Хёрст тың жаңалық жасау үшін бас қатырып жатпады. Керісінше, Пулитцердің жұмыс тәсілдерін айна қатесіз көшірудің қамына кіріскен.
Хёрст «Уорлд»-тың сау тамтығын қалдырмай оның айдарларына шейін түгендеп, айна-қатесіз «Жорнэл»-ге әкеліп қондырды. Алайда, Хёрст Пулитцердің рецептерін артығырақ қарқынмен, батылдықпен жүзеге асырды. Саясат пен қылмыстық ақпараттардың тепе-теңдігін сақтау жайындағы бастапқы ұстанымынан Хёрст кешікпей біржолата бас тартып, екінші бағытқа ауып кетті. Оның ішінен секстік сипаттағы қылмыстарға аса ден қойды. «Жорнэл»-дің кезекті сандары «Бір өзінде төрт бірдей әйелі бар», «Бейбақ қыз өлім иріміне секірді», «Зеңбіріктің оғына ұшырап қаза тапты», «Тірідей жерленді», «Өлімді қастерлеуші» секілді материалдардан аяқ алып жүргісіз болды.
Пулитцерге маймылша еліктеген ол әйел оқырмандарды тарту үшін де жан таласты. Әртүрлі кеңестер, өсек-аяң, жоғары биліктегілердің тұрмысы әйелдерге арналған беттерде орын алып жатты.
«Санди Жорнэл»
Зерттеушілердің мәлімдеуінше, Хёрст сенсациялық журналистиканы жексенбілік «Санди Жорнэл»-де классикалық мәнінде жүзеге асырған екен. Ешкімнің жазуға жүрегі дуалай қоймайтын стильді Херстің газеттері қолданған. Демалыс күндерін нью-йорктіктер көңіл көтерер ермексіз үйлерінде ғана өткізетіндігін қаперіне алған Хёрст 1897 жылы көктемде үш қосымшадан тұратын, барлығы 80 беттік «Санди Жорнэл»-ді оқырмандарға ұсынған. Қосымшалары: «Эмерикэн Мэгэзин», «Эмерикэн Уиминз Хоум Жорнэл», «Эмерикэн Хьюморист» болатын.
Хёрстің қол астындағы журналистердің қолдарынан шыққан ғылым тақырыбы, жаңалықтар, қылмыс, секс, апат, от бен судың қатерлері, соғыс туралы кез келген ақпараттар бас көтермей оқылатын тартымды да қызықты стильмен жазылатындығымен атаққа шыққан.
Пулитцердің басқан ізімен ғана жүретін еліктеудің хас шебері Хёрст те орташа топтардың, жұмысшы қауымның мүдделерін қорғап, қоғам үшін ірі монополиялармен күресіп бақты. Нью-Йорк қаласындағы газ тарату тресі, ұлттық қант синдикаты секілді монополиялық ұйымдардың былықтарын әшкерелеу арқылы «Жорнэл» өзінің іргесін мықтап бекітті. Жұмысшыларға Хёрстің пайдасы көп тиді. Соның бірі Бруклиннің жүк тасушыларының жұмыс күнін азайтуға елеулі ықпал еткендігі еді.
АҚШ-Испания соғысы және «Жорнэл»
АҚШ пен Испания арасындағы соғыс тақырыбы сенсациялық журналистиканың шыңы болды деуге болады.Осынау импералистік соғыс отының тұтануына ең басты себепкер болған адам Хёрстің өзі болатын. Жылдар бойы Испанияның отарында болған Кубада басқыншыларға қарсы көтеріліс басталғанда аралды АҚШ-қа қосу мүмкіндік туды деп есептейтіндер Америкада күшейе түскен. Ондай топтарды Пулитцер, Хёрстілер қызу қолдады. Олардың басты мақсаттары Кубадағы испандықтардың диктатурасын тиып, бейбітшілік орнату үшін АҚШ Испанияға қарсы соғыс жариялауға тиіс деген көзқарасты қоғамдық пікір ретінде қалыптастыру еді.
Хёрст өз газетінің әйгілі «дуэт» журналистері 32 жастағы Ричард Хардинг Дэвис пен 35 жастағы Фредерик Рэмингтон екеуін арнайы тапсырмамен Кубаға суыт аттандырады. Қожайынның жеке кемесімен онда жеделдетіп жеткен екеуі бара салып, «Оливетт ісі» дегенді «әшкерелей» қояды. Дэвистің жазуынша, көрікті, білімді уылжыған жас, үріп ауызға салардай американ қызды «Оливетт» атты кемеде жабайы испандар тыр жалаңаштап тұрып, тінту жүргізген. Рэмингтон тақырыпқа дәл сәйкестіріп, испандардың ортасында тұрған жалаңаш қыздың суретін салады. Бұл мақала дауылдың алды еді. АҚШ Конгресінің жиынында сенатор Кэмерон мәселені ресми түрде көтерді. Алайда, Пулитцердің «Нью-Йорк Уорлд» газетінің журналистері мәңгілік бәсекелестерін тұқырту үшін әлгі қызды іздеп тауып «Жорнэл»-де жарияланған материалдың мүлде негізсіз екендігін мәлімдеген.
Амалы таусылған Рэмингтон қожайына телеграмма жолдап, испандықтардың беделін түсіретін материалдың табылмай жатқандығын хабарлап, Нью-Йоркке қайтуға өтініш білдіреді. Оларға жолдаған Хёрстің жауап хаты тарихта өз ізін қалдырған. Ол былай еді: «Сіз онда қалуыңыз керек. Бізге сурет қана жолдаңыз. Соғысты мен өзім жасаймын» (Schudson M. 2001. Discovering the News. p.61-62) . Не бары осы үш-ақ сөйлемнен тұратын хат әлемге аты мәшһүр Гай Юлий Цезарьдің «Келді. Көрді. Жеңді» деген аңызға айналған сөзімен үндес еді. Оның сыртында ісінің шындығын да әшкерелеген.
«Жорнэл»-дің таралымы өсумен қатар 1896 жылдан бері шығарылып келген «Ивнинг Жорнэл» деген кешкілік газетінің тиражы 407 мың данаға жетті. Кешікпей бір миллионды құрады. Херст жалған дерек жинау, қолдан жасалған оқиғалар арқылы елге испандықтарды құбыжық етіп көрсету жолмен өз ұпайларын түгендеп қана қойған жоқ, ел басшыларына шейін ықпал еткен. Президент Мак-Кинли Куба мәселесін дипломатиялық тәсілмен шешуге тырысқаны үшін жойқын сынға ұшыраған. Бүкіл Америка Хёрстің қалыптастырған қоғамдық пікірінің салдарынан Куба халқын «азат етуді» талап еткен. Ақыры АҚШ Испанияға қарсы соғыс жариялаған кезде «Жорнэл»-дің таралымы 1,5 миллионға күрт өсіп, Хёрстің мұрты майланған еді.
Төрт айға созылған соғыста Хёрст 500 мың доллар жұмсағанымен оны бірнеше еселеп өсіріп мол пайдаға қарық болды. «Жорнэл» соғыстың әбден қызған шағында күніне 40 рет басылған кезі болыпты. АҚШ-Испания соғысының нәтижесінде медиа бизнесте Хёрстің 35 жылға созылған «хандық» дәуірі басталған. Барлық оқиғаның алдында «Жорнэл» тұрды. Ол өзінің ірі бәсекелесі Пулитцерді іс жүзінде жеңіп тынды.
Соғыстан кейін де «Жорнэл» әрекетсіз отырмады. Республика партиясынан ұсынылған Президент Мак-Кинлиге «трестердің демеушісі» деген айып тағып, оған қарсы кезекті жорығын бастап кетті. «Жаман адамды өлтіріп тынады десек оны да өлтіру керек» – деп «Жорнэл» ХХ ғасырдың басында еш шімірікпестен жазған екен. 1901 жылы Президент Мак-Кинли қастандық салдарынан қаза тапты. Оны өлтірген қылмыскердің қалтасынан «Жорнэл»-дің жоғарыда аталған саны табылған.
Хёрстің газеттері жылдан жылға байлығын еселеп, 1933 жылы ең биік шыңға жеткен. Осы кезде оның бірлестігі иелігінде 26 күнделікті, 17 апталық, 12 журнал, 2 кинокомпания болды. Кейінгі жылдарда Хёрст «хандығы» өзге бәсекелестеріне есесін жіберіп, бизнестегі биіктігінен құлдырай бастады. Бірақ та, «ат аунаған жерде түк қалады» демекші 1955 жылы Хёрст қайтыс болғанда өз мұрагерлеріне АҚШ күнделікті газеттерінің 1/10-ын иеленген алып трестіні қалдырған. Өмір бойы монополияға ие трестермен күресіп келген адам өзі де құр жаяу болмағаны бұл жалғандағы көп парадокстың бірі болса керек.
Жағымсыз әрекеттерінің көп болғандығына қарамастан Хёрстің Америка журналистикасының дамуына қосқан өзіндік үлесі де бар. Оның жағымды жақтарына келсек, төмендегідей:
• Ол таңғы, кешкі, демалыс күндерінде жарық көретін газеттерді көбірек оқылатын, тартымды, қызықты ете алды;
• Газеттің техникалық безендірілуін жетілдірді, тақырыпқа ірі әріп шрифтерін қолдануды жолға қойды;
• Жоғары билік иелерін баспасөзбен санасатын халге жеткізді;
• Ғылым жетістіктерін кең насихаттауға, таныстыруға күш салды;
• Орта топтар мен жұмысшылардың мүддесін қорғады;
• Журналистердің әлеуметтік жағдайына назар аудара білді, олардың жалақыларын көбейтті.
Ал, жағымсыз жақтары:
• Хёрстің журналистері шу көтеруге тым құмартты, оқиғаны тұздықтап, жасандылыққа жол берді;
• Оның журналистері оқиғаның өңін айналдырып, өздеріне пайдалы жаққа қарай бұра тартудан қысылмайтын;
• Қылмыстық оқиғалардың, секс тақырыбының соңына көп түсті;
• Газетті ақпараттан гөрі көңіл көтеретін құралға айналдырды;
• Ол АҚШ пен Испания арасындағы соғыстың шығуына ықпал етті.
Уильям Хёрст жеке басының пайдасын да, өз халқының мүддесін де ұмытпаған қайшылығы мол баспасөз ханы ретінде журналистика тарихында өз ізін қалдырды.
Қуандық ШАМАХАЙҰЛЫ,
филология ғылымдарының
кандидаты, доцент
Тақырып жан-жақты терең талданған екен. Нағыз білікті маманның қолтаңбасы.
Қазақ бола алмай жүрсек автор бізді енді америкаландырмақшы ма?