Орбиталық масштабтағы Олжас Омарұлы нені меңзейді

4450 рет қаралды
14

0062010 жылдың 11 ақпаны күні “Свобода слова” газетінде ЮНЕСКО-дағы Қазақстанның тұрақты өкілі, Қазақстанның халық жазушысы һәм ғалым Олжас СҮЛЕЙМЕНОВпен әңгімелескен Кайрат КАЗАКПАЕВ-тың «Қазақстанға моноұлттық мемлекет болу қауіпті. Өйткені, ол монокристал сынды күйреуік» деген сұқбаты жарияланды.

Мүйізі қарағайдай, орбиталық масштабтағы Олжас Омарұлының ұлт жанашырларының «Қазақстан халқы ассамблеясы» әзiрлеген, «Ел бiрлiгi» доктринасына балама ретінде жасаған «Ұлттық саясат тұжырымдамасына» (Тұжырымдама) қатысты ой-пікір, көзқарасы болса, оны қалай жерге тастауға, көзге ілмеуге болады?

Олжас Омарұлы әуелі «Ел бiрлiгi» доктринасына «мен мазмұндық мәні жағынан пісіп-жетілген деп есептемеймін, бірақ бюрократиялық тұрғыда сауатты дайындалған» деп қысқа да нұсқа қорытынды жасаған да, Тұжырымдамаға біраз тоқталған. Ол бірден Тұжырымдама авторларын ренішін білдірген. Мәселен, Олжекең жобалардың «айырмашылығы бар» дейді де, тұжырымдамада «мәселелердің тарихилығы тарапында білімдерінің әлжуаз епкені көрініс береді, дәйектемелік негізсіз, тәп-тәуір пікірлермен қатар қабылдануы қазақ халқының мәдениеті мен саяси болашағына нұқсанын тигізетін көптеген көңілшек бастамалар басылған… Егер жобаның қоғам тарапынан қабылданарлық ықпалдылығы болса мәтіннің әр бір жолын, әр бетін електен өткізіп, жілігін шағып, майын алып берер едім» дейді.

Қазақстанның ЮНЕСКО-дағы тұрақты өкілі Тұжырымдаманың «Негізгі ережелер» тарауындағы «Халықаралық тәжiрибеде мемлекетқұрушы ұлттың саны жалпы халық санының үштен екi бөлiгiнен асса, ол моноұлтты мемлекет деп қабылданады. Қазақ ұлтының саны осы межеден асты. Демек, Қазақ елi моноұлтты мемлекет деп қабылдануы тиiс» деген жолдарға ерекше шұқшияды да «жарыққа шығарудан бұрын редактор үштен екі дегеніміз бір бүтін болатындығын дәлелдейтін халықаралық мәні бар сілтемені қайдан алғандығын автордан сұрауға міндетті еді» деп жазғырады. Алайда, бөлшектің нөл оннан бестен асқан бөлігінің бүтінге айналатын бесінші кластың баласы білетіндігі мен «ақпаратқа қанық адам әлемді алақанында ұстайды» дегендей жауап іздеп жінігудің қажеті де шамалы.

Олжекең мемлекетқұраушы ұлт деген терминнің сонау Кеңес үкіметі кезінен келе жатқанын, ал оның мүлде неологизм емес екенін білсе керек еді. Керісінше Олжас Омарұлы оны «мұнда ғана пайда болған» термин дей келе «елін моноұлтты етеміз» деп жарғақ құлағы жастыққа тимей жүріп опық жеген Грузия мен Молдавияның «көше саясаткерлерің» көлделен тартады. «Моноұлтты болуға неге асығамыз» деп шып-пыр болғандағы дәйектері күнде түтетін, кешегі бір топ отар елдері – ТМД. Орыс ондай ғой, Армен андай ғой… біз неге мұндай болуымыз керек дегенге саяды. Көпұлтты болып конституциясына жазып қойған Ресейдің өзі БҰҰ-да моноұлтты, бір мемлекет болып тіркеліп, бір дауысқа ие болып отырғанда оны жуып-шайып, «халқының төрттен үші орыс болса тұра Ресей неге моноұлтты мемлекетпіз деп айтпайды» дейді.

Жер бетінде Олжекең айтқандай моноұлтты мемлекет Армения ғана ма? Жоқ! Жапония, қос Корея, Израиль, Туркия, Финляндия… тіпті Франция халқы француз, Германия халқы неміс… болып қана жазылатынын ғалым адам жақсы біолуген тиіс еді. Мысалы, Израилді «еврей мемлекеті», моно- мемлекет дейді. Ал халқының басқасын былай қойғанда 20,3 пайызы арабтар емес пе?! Ал мына іргеміздегі мономемлекет Моңғолияның халқының 10 пайызы өзіміздің қазақтар емес пе? ( http://ru.wikipedia.org/wiki/%) Сонда олар көп ұлттымыз деп отыр ма? Мұндай мысал жетеді. Бірақ соған жетеміз жетпейді.

«Мемлекетқұраушы ұлт», «мономемлекет» терминдерінен ат-тонын ала қашып, оны қазақтарға жолатқысы кенлмей отырған Олжас Омарұлы өзінің геолог екенін еске салып, монокристалдардың бос әрі сынғыштығын сынға алып, оған мысал ретінде әйнекті көлденең тартады. «Аумағы алып ел болсын, ол монокристал болса, өкшеңмен бір тепкеннен быт-шыт боллады» деп қорқытады. Ал қазақ ұлттының өзі айтып отырған берік тас – гранит екенін халық жазушысына қалай түсіндіруге болады? Қазақ ұлттының жетпіске жуық ірі тайпалардан бірігіп бір бүтін болғандығын еске салудың өзі ауыр екен. Моноұлттың өзі көп ұлттар бірлігінің көп жылдық жемісі емес пе?

Бұл күнде орыс патриоттары Ресей Федерациясынан Орыс Ұлттық Мемлекетін құру үшін жан таласып жатыр. Оған шамасы жете ме, жетпей ме оны уақыт көрсетеді.

Олжас Омарұлының мына бір сөзі адамды тіпті шошындырады. Ол былай дейді: «Мынандай алып аумақты, алтын аймақты, аз санды қазақ этносына көршілерінің еш қайсысы моноұлтты мемлекет құрдырмайтындығын түсіну керек. Бұл дилетанттардың саясаттағы арманы, оны жүзеге асыруға ұмтылыстары қазаққа зияннан басқа түкте әкелмейді». Сонда қалай, бізді көршілеріміз билеп отырғаны ма? Түсінбедік. Орбиталық масштабтағы Олжас Омарұлы нені меңзейді?

Б.Бурылалтай

Парақшамызға жазылыңыз

14 Comments

  1. Алжасқа (өзі атын орысша ыңғаймен солай атағанды жақсы көреді екен) Zona.kz-да Ғалымжан Оспанов деген азамат қарсы мақала жазып, мынау данышпансымақтың күл-талқанын шығарыпты. Әдеппей, байыппен, дәлелмен, әр пікірінің астын сызып тұрып әдемі жазылған.

    Алжекеңе “политический труп”.

  2. Олжас тек бас шайқап жүрген жан. Әйелі орыс өзіде орысқа айналған адам, қазақтар оны бұрыннан оны қазақ деп қабылдамайды.

  3. мүмкін, бұл ол кісінің қазақты қайрағаны болар! Әйтпесе, осыншама беделді адам ұлтсыз бола ма?

  4. Асты-үсті қазынаға толы кең байтақ жері бар, бірақ қазағына қоса өзге ұлттарды қоса есептегенде халқының саны 16 млн. ғана болатын елге Ресей, Қытай, АҚШ пен Батыс мемлекеттерінің, сондай-ақ масондардың, “әлемдік үкіметтің” экономикалық, саяси, әскери мүдде тұрғысынан қалай қарайтынын пайымдай алатын азаматтар Олжекеңнің неліктен осылай сөйлейтінін түсінеді. Ал мұндай жағдайды байыптай алмайтын пенделердің Олжасқа шүйлігіп, байбалам салуынан ұлтымызға келер пайда жоқ.

  5. Негізі, Олжас түйген ойды сынау үшін ол көз жеткізген “шындықтар” биігінен қарайтындай моральдық құқығымыз болуы керек шығар. Екіншіден, “рантье” Олжасты “іскер” деп қарауды қою керек сияқты. Не айтса да, өз ойы – оған Еуропада да құқы бар – бірақ, оның айтқанының барлығы “ақиқат” екен деу, яки, қазіргі құбылыстардың дөп анықтамасы деу, жұмсартып айтқанда, ақымақтық секілді. Францияда лингвист саясат туралы әңгіме етсе, айтылғанды тек қана оның өз ұстанымы деп қарайтын шығар, сірә… Орбиталық масштабтағы Сүлейменов осыны меңзесе керек.

  6. Айналамыз толған аюлар мен айдаһарлар екенін бесіктегі бала да біледі. Бірақ, біз солай екен деп еңбектеп біреудің бұтының астына кіре беруіміз керек пе! Олжекең қазақты тым жасытып отыр. Суға кеткен де тал қармайды емес пе, осындай адамдар бейшора халқына рух бере сөйлесе, өлер алдында болмаса бір рет тұяқ серпер еді.

  7. Әрине, Олжас ұлы Қазақ қой, және тек қазақ қана емес, Әлем мәдениеті мен руханиятына үлес қосқан Әлем азаматы. Бірақ бәрібір Қазақстан -Қазақтардың моноұлтты мемлекеті. Егер болмаса, соны армандап, сол үшін күресер едік.

  8. Қолымызды жүрек тұсына басып тұрып ақадал сырымызды айтсақ, біздің қазақтың ұлттық сапа деңгейі (ирактың арабтарын ауызға алмай-ақ қояйық), грузиндер мен украиндардікіндей жоғары емес. Оның үстіне халқымыздың орналасу тығыздығы оларға қарағанда әлдеқайда селдір. Осындай жағдайда отырған қазақтарды аю мен айдаһар айбарлы елдерге, я мұхиттың арғы жағындағы қызылала тулы жұртқа сес көрсетуге шақыру дұрыс бола қояр ма екен… Сірә, бізге дәл қазіргі шақта алпыс екі айлалы түлкі саясат қажет шығар. Ал қайтадан бөрі байрақты елге айналуымыз үшін біршама уақыт керек. Олжастың меңзеп отырғаны да осы ғой, ағайындар.

  9. Бұл Олжастың қазақты ауылдық, қалалық қылып бөлуі неге тұрады?

  10. ол ұлы болса ұлылығын танытып халқын бөлшектеуге емес, бірлікке, бір бүтін болуға шақыру керек еді. Ал ол жарып отыр ғой. Сөз ләмі солай. Одан не пайда көздейді оны ОЛжас пен Бір құдай білер.

  11. Қазақ біреу, басқасын білмеймін, егер олжастың қазақты ауылдық, қалалық деп, одан ұшынган қазақтар “моңғол”, “өзбек”, “орыс” ,т.б. деп бөлінсек, өзі аз қазақтан несі қалады? Бұл не ақылды адмның ісі емес, не арандатушылық.

  12. Орбиталық масштабтағы Олжас ағамызды сынау, тіпті ептеп сыбап алу – біз секілді ауыл баласына да, асфальт үстінде өскен қала баласына да үлкен мәртебе ғой, шіркін!.. Алайда, көңілдегі сол күпір ойды үлкен Ағаға деген адами сезім тұсаулап алды. Пендешілік-ай десеңші…

  13. Қатындарың орыс болса , көрер едім сендердіде. Қатын би болған заман деген осы.

  14. Алжакең туған күні келе жатыр.Мерейтой. Олар орталықтағылардың қолшоқпары болған коньюктирщиктер кейін масондыққа өтіп, даңк пен дақпыртқа ие болды. Қағанағынан қағынғандар өмір құндылығы мен ұлт болашағы деген киелі ұғымдарды тәрк етті. Алжасты. Ұлтты адастырмаса игі еді

Жауап беру

Your email address will not be published.

This site uses Akismet to reduce spam. Learn how your comment data is processed.

Соңғы жазбалар