Қаржы секторлары мемлекеттiк тiлді менсінбейді

4219 рет қаралды
3

компьютерАқпан айының 3-iнде Құрманғали Уәлиұлы бастаған бiр топ депутат Қаржы нарығын және қаржы ұйымдарын реттеу мен қадағалау агенттiгiнiң төрайымы Елена Бахмутоваға депутаттық сауал жолдады.

Сауалдың мәтiнi бүгiнде бiраз адамды сергелдеңге салған ел арасында СИК аталып кеткен әлеуметтiк жеке кодқа байланысты. Депутаттың айтуынша, Жамбыл облысының Қордай ауданының бiр топ кәсiпкерi құжаттарындағы қазақ әрiптерiнiң салдарынан зейнетақы қорларына аударылуға тиiстi мiндеттi жарналарының өтпей жатқандығын айтып шағымданған. Бұның себебi — банк жүйесiндегi компьютерлiк 1С бағдарламасы мен зейнетақы төлеу орталықтарындағы компьютерлiк бағдарламалар қазақ әрiптерiн танымайды. Бiр қызығы, бұған аталған бағдарламаны жасаушылар кiнәлi болса да, мекеме солардың кесiрiнен зейнетақы қорларына уақытылы жарна аудармағандығы үшiн өсiмпұл немесе айыппұл төлеуге мәжбүр.
Дәл осы мәселе «Түркістан» газеті редакция ұжымына да тән дүние болып шықты. Бұған дейiн олар айлық жалақысын карточка бойынша алып жүрген. Өткен айдың жалақысы карточкаға аударылмаған. “Неге?” деген сауалдың тiл ұшында көлденеңдегенi анық.
— Газет қызметкерi Гүлзина Бектасова төлқұжаттағы атын қазақ әрiптерiмен ауыстырған екен. Мәселен оның бұрынғы төлқұжаттағы аты — Бектасова Гүлзина Турганбайкызы болған болса, қазiр ол төлқұжатын — Бектасова Гүлзина Тұрғанбайқызы деп өзгерткен. Зейнетақы төлеу орталығында осыған орай оның әлеуметтiк жеке коды (ӘЖК) да өзгертiлген. Аталған орталық төлқұжатын өзгерткен адамдардың аты-жөнiнiң жанына ӘЖК алған кездегi атауымен бүгiнгi атауын қатар жазып берiп отыр. Бiрақ, сол атау бойынша төленген төлемақы Центркредит банкi арқылы зейнетақы төлеу орталығына аударылмаған. Бiз 1С бағдарламасының қазақша нұсқасын компьютерiмiзге орнатып алып едiк, ендi карточкаға аударудың мүмкiндiгi болмай қалды. Бiр кiлтипан пайда болды, — дейдi редакцияның бас бухгалтерi Гүлсiм Төлегенова.
Центркредит банкiнiң менеджерi Айгүл Шайха аталған банкiде де, Мемлекеттiк зейнетақы төлеу орталығында да қазақтiлдi бағдарламаның бар екенiн айтады.
— Мәселе бiзде емес, мәселе сiздердiң құжаттарыңызда, — дейдi ол.
Мәселе бұнымен ғана бiтпей тұр. Редакцияға “Ұлт тағдыры” қоғамдық қорының Астана филиалының жетекшiсi Ерсерiк Ерғали хабарласып, өзiнiң былтырғы жылдың тамыз айынан бергi зейнетақы қорына аударылуы тиiс қаражатының әлi түспегендiгiн айтты.
— Оның себебi бiреу-ақ. Бiздегi 1С бағдарламасы қазақ әрiптерiн танымайды. Менiң төлқұжатымда қазақ әрiптерiнiң болғандығы себептi, бұған дейiн жiберiлген төлемақылар қайтып келiп отырған. Осының салдарынан мен инвестициялық табыстан жұрдай болып отырмын, – дейдi.
Ол, ол ма. Кiнә өзгеден болса да, кiнәлi мекеме болып табылып, уақытылы аударылмаған жарналар үшiн өсiмпұл төлеп қиналып жүргендер де жеткiлiктi екен. Мәселен, бұған дейiн бiр құрылыс компаниясында бухгалтер болып келген Сұңқар Дамыс құрылыс компаниясында төлқұжаттағы қазақ әрiптерiнiң салдарынан зейнетақы төлемдерiнен қағылып келгендер болғандығын айтады.
— Мәселен, ол адам басқа бiреудiң құжатын әкелiп тапсырып, айлықты сол құжатпен алып, зейнетақы қорларына басқа адамдардың атына жарна аударуға мәжбүр болдық. Ал, қазiр мен iстейтiн шағын қоғамдық қорда 5-ақ адам қызмет атқарады. Солардың арасында бiрiнiң төлқұжатының қазақшаланғандығы салдарынан екi айдың зейнетақы төлемдерiн аудара алмай сарсаңға түсiп жүрмiн. Қазiр осы үшiн өсiмпұл төлеудемiн, кейiн айыппұл төлеуге мәжбүр болам ба деп қорқам, – десе, Гүлсiм Төлегенова да бұның салдары мекемелерге келiп тиюi мүмкiн деген ой айтады.
– Өсiмпұл мен айыппұл өз алдына, есеп-шотты жауып тастауы да мүмкiн, – дейдi ол.
Депутат Құрманғали Уәлиұлы:
– Қаржы секторындағы мемлекеттiк тiлге деген салғырттық, мемлекеттiк тiлдi менсiнбеушiлiктiң соңы осыған әкелiп отыр. Мен Бахмутова ханымға ақпанның 3-iнде сауал жолдадым. Әзiрге сауалыма жауап ала алмай отырмын. Бұл түйткiл әсiресе ауылды жердiң тұрғындарының алдынан жиi шығып отыр. Менiң өз аты-жөнiм төлқұжатта қазақша жазылған. Алайда, ешқандай проблема болған емес. Бәлкiм мен мемлекеттiк банкiмен жұмыс iстейтiн болғандықтан солай шығар. Ал, қазақ әрiптерiн екiншi деңгейлi банкiлер танымай отыр. Менiң депутаттық сауалыма жауап жоқ болғанымен, екiншi деңгейлi БТА және Каспий банкiлерiнде осы мәселеге орай, кәдiмгiдей қозғалыс болып жатқанын естiдiм. Бәлкiм, мәселе бiржақты болып қалар, – дейдi.
Қалай дегенмен де, мемлекеттiк тiлге деген көзқарастың салғырттығының соңы тұрғындарды осылай сарсаңға салып отыр. Ал Қаржы секторы мемлекеттiк тiлге мұрнын шүйiрiп қарауын тоқтатар емес.

Есенгүл Кәпқызы

Парақшамызға жазылыңыз

3 Comments

  1. Неге қазақ журналистері осылай сөйлейт сөйлейтте қоя салады, неге осыны істеп отырған адамдарға талап қоймайды

  2. Қазақ өстіп былжырайды да қояды. Ал орекең болса “собака лает-караван идет” деп пысқырмайды да! Тегінде осындай кемсітуге лайықпыз – қойша бәріне төзіп жүре береміз-жүре береміз..!

  3. Қазақ тілінде құжат қабылдамаса, сотқа шағымдану керек. Үлкен көлемде моралдық өтем төлеттіру керек. БАҚ-пен төпелеп, банк басшыларын “әй, кәпір” атандыру керек…..керек….керек!

Жауап беру

Your email address will not be published.

This site uses Akismet to reduce spam. Learn how your comment data is processed.

Соңғы жазбалар