Соңғы жылдардың ішінде қалтафон байланысы қызметін ғана емес, коммуникация мүмкіндіктерінің бірнеше түрін ұсынатын компания қазақ нарқында өзін еркін сезінуде. Beeline брендімен танымал Қар-Тел компаниясы биылғы жылы FTTP желілік интернетін әрі қарай дамытпақшы. Мобильді телефон байланысын ұсынып келген компаниялар енді өзге де қызмет түрлерін көрсетуге көше бастады.
Қалтафон тұтыну көрсеткіші 100 пайыздық межеге жеткен соң, еліміздегі мобильді операторлар енді байланыс ұсынудан, сапалы қызмет көрсетуге баса мән беретіні болжанған еді. Өткен жылдың соңынан бастап, мобильді технологиялар нарқындағы ойыншылар тұтынушыларға әртүрлі қызмет түрлерін ұсынды.
Нарықта бір кезеңде үш оператордың (Beeline, Kcell, Қазақтелеком) USB-модемдердің сатылымға шығуының өзі компаниялар арасында бәсекелестіктің қарқынды жүргенін аңғартты. Нәтижесінде USB-модемнің есебінен Beeline мобильді интернет қызметін пайдаланатындар саны 80 пайызға артты. Ендігі кезекте операторлар 3G қызметін ұсынудан да өзара «сайыс» ұйымдастырмақ. Десек те Beeline компаниясы аталған байланыс технологиясын бұған дейін Ресейде ендіргендіктен, әрі дайындық жұмыстарын анағұрлым ерте бастағандықтан біраз артықшылықтарға ие болуы мүмкін.
Алғашқы кездері үшінші буынды байланыс наурыз айында іске қосылады делінгенімен, лицензияны ала алмаған операторлар ұтқыр байланысты іске қоспады. Осыған қатысты түсінік берген «Қар-Тел» ЖШС Аймақтық даму дирекциясының директоры Евгений Пепеляев: «Ақпараттандыру агенттігіндегі бұрынғы басшылармен келіссөз жүргізілген еді. Лицензияның құны 5 млдр. теңгеге бағаланды. Бұл еуропалық деңгей үшін де қымбат. Бір ғана Еуропада 3G-дің дамуы сегіз жылға созылған. Бірақ еуропалықтардың қателіктерін ескерген ресейліктер оны бір жылдың ішінде дамыта алды. Біз де лицензия алуға кететін шығынды өтеп, Қазақстанда 45-60 күннен соң, 3G технологиясын енгізуді бастаймыз» деді.
Жыл басында ҚР Ақпараттандыру агенттігі (қазіргі ҚР Ақпараттандыру және байланыс министрлігі) теледидарларға сандық негіздегі құрылғыларды қондыру арқылы телехабар тарату мүмкіндігін кеңейтетінін хабарлаған. Осы орайда бұрындары тек қалтафон байланысын ұсынып келген компаниялар сандық теледидар көрсету мүмкіндігін де қарастырмақ. Қазіргі кезде бұл нарықтың ойыншылары әзірге белгісіз.
Мамандар 2010 жылы тұтынушылар тарапынан интернетке деген сұраныс артуы мүмкін деген болжам жасайды. Бұны көп ретте 3G үшінші буынды байланыстың келуімен орайластыруда. Әйткенмен оптика-талшықты интернетті де қолданушылар көп болмақ. Beeline Алматыдағы үйлерді оптикалық талшықты технологиялар арқылы жылдамдығы жоғары интернет желісіне қосудың екінші кезеңін бастаған. Әрі еліміздің өзге де өңірлеріне өзінің оптикалық байланыс желілерін орнатуда.
Мобильді нарықтағы айтулы жаңалықтың бірі шведтердің Tele2 компаниясын тарапынан күтілуде. Neo-ның қомақты үлесін сатып алған шведтер әзірге ешқандай ресми жаңалық хабарламады. Әйткенмен өзге елдердің нарқына келгенде Tele2 байланыс бағаларын күрт арзандатып, өзінің бәсекелестерімен ашық шайқасқа шыққан. Қазақ тұтынушыларына қандай қызмет көрсететіні жылдың үшінші тоқсанына қарай белгілі болмақ. Ал әзірге мобильді операторлар көбіне интернет қызметін дамытуға күш салуда.
А.Еркімбай
қазір джинет деген де пайда болды ғой, Алтел бірдеңе жарнамалап еді…
Қызық әрине, көрші елдер (Орт.Азия) баяғыда 3 джины пайдаланып жүр.
Оның рас. Бірақ сараптап көретін болсақ, 3G әлдеқашан дамыған елдердің өзінде бұл қызмет үлкен сұранысқа ие емес. Бізде де солай болатын түрі бар. Себебі жұртқа ұсынатын контент әлі мардымды емес.
[…] This post was mentioned on Twitter by Askhat Yerkimbay. Askhat Yerkimbay said: «Мобильді ұсыныс» интернетке қарай ойысуда: http://www.minber.kz/?p=1450 via @addthis […]