USB-модемдер ғаламторға шығу мүмкіндігін кеңейтті. Бұған дейін интернет қолданушы телефон сымы немесе арнайы кең жолақты сымдар арқылы интернетке қосылса, кішкентай құрылғы сымсыз-ақ әлемторды шарлауға болатынын дәлелдеді. Қазақстан нарығына USB модемді алғашқы болып таныстырған мобильді операторлар осылайша қалтафонмен сөйлесіп жүрген адамға вируталды әлемнің есігін ашуға жәрдемдесті. Әйткенмен елімізде ақпараттық технологияның дамуы әркелкі болғандықтан бұл жетістіктің де көпшілік үшін артықшылықтары болғанымен, қолайсыз тұстары баршылық.
Қазақстанда ақпараттық технология біркелкі дамып жатқан жоқ. Егер компьютерлік бағдарламау енді ғана бүршік жара бастаса, қалтафонға қатысты технологиялық жетістіктер жылдам қарқынмен дамып, нарыққа тез сіңісуде. Қазақстанда бір сәтте бірнеше USB-модем түрінің сатылымда пайда болуының құпиясы да осында. Бірақ барлығы дерлік белгілі бір мобильді компаниянының SIM картасына тәуелді. Сол себептен бірінші болып, интернеттің бұл қызметін ұялы байланыс операторлар ұсынды. Жарнама кампаниясын ертерек бастаған Beeline сауда маркасымен танымал Кар-Тел компаниясың USB-модемдері мен өзге де компаниялардың құрылғыларының қызмет ету тәсілі бірдей. Айырмашылығы тек бағасында және жылдамдықтарының түрінде.
USB-модем дегеніміз – көлемі сұқ саусақтай болатын, ноутбуқа қосылуға ыңғайлы, ішінде арнайы бағдарламалық жадысы және мобильді телефонның SIM картасы бар модем. Модем әдетте интернетке қосылуға арналады. Осы уақытқа дейін қолданып келген компьютерлердің процессорларында модем ішінде орнатылатын. Бірақ олар сымның көмегімен ғана жұмыс істей алады. Ал USB-модем сымсыз ақ, кез келген жерден қосылуға мүмкіндік береді. Бұл жерде кез-келген жер дегеніміз Қазақстанға қатысты алғанда шартты түсінік. Себебі USB-модемдер қалтафон ішіндегі SIM-картаға белгі келіп түссе ғана іске қосылады. Қазақстан әр өңірінде әртүрлі компаниялардың антенналары қойылғандықтан, бір өңірде USB-модемдер қалыпты жұмыс істегенімен, кейбір аймақтарда іркілістер туындауы ықтимал. Сонымен қатар қалада ұялы байланыстың таралу аумағы әлсіз болса, USB-модемдердің жұмысы баяулайтынын білдіреді.
USB-модемдердің ең үлкен артықшылығы ноутбукпен жұмыс істегенде арнайы интернет толқындарын ұстайтын орындарды іздеп, әуре болмайсыз. USB-модем мобильді сигнал көмегімен жұмыс істейді. Сондықтан қалтафоныңыз байланыса алатын жердің бәрінде USB-модем көмегімен интернетке қосылуға болады. Әрі төлемақы жасау да жеңіл. Мәселен, Beeline ұсынатын құрылғыны сатып алып, қораптан ашқан соң, бірден ноутбуктың USB-ге арналған ұңғымасына жалғау арқылы байланысқа шығуға болады. Интернетке кететін қаржыны тиімді пайдалану үшін ұсынылатын тарифтердің түрін де бірден таңдауға болады. Ескере кететін бір жайт қазір мобильді төлемдерді интернет және көшелердегі терминалдар арқылы өтеуге болатындықтан, орныңыздан тұрмай-ақ бір сәтте ғаламторға қосылуға болады. Егер интернетке қосылудың өзге түрінде арнайы оператор шақырып немесе түбіртек қағаз толтыру арқылы кезекке жазылатын болсаңыз, USB-модемге қосылу мұндай машақатты қажет етпейді.
Ғаламторға қосылудың мұндай түрі әлемдік нарықта бизнесмендердің сұранысына орай пайда болған. Ноутбугымен іскерлік кездесуге барған жандарға едел-жедел интернет арқылы мәлімет алмасу ауадай қажет. Сондықтан бұл модемдердің бағасы әуелде табыс деңгейі ортадан жоғары азаматтар үшін деген түсінік қалыптасты. Уақыт өте келе, интернет тек қана бизнес жасайтын орта емес, сонымен қатар әлеуметтік белсенділікті қалыптастыратын, әрі қоғамның өзара жылдам мәлімет аламасатын алаңына айналды. Сондықтан кез келген жерден ноутбуктың көмегімен жылдам байланысқа шығу қажеттілігі күн санап артты. Бір қызығы Қазақстанда өткен жылдың қорытындысы бойынша дүкендерде ноутбукты сатып алушылар саны екі есеге артқан. Бұл жайт ноутбук арқылы интернетке қосылатын тұрғындар саны да өсетінін білдіреді. USB-модем нарығында берік орналасқысы клетін компаниялар сондықтан бағаларын түсіре бастады. Қазақстанда usb-модем құны қазір 10 000 мен 15 000 теңге аралығында. Ал интернетте жұмыс істеу құны әрбір мобилді оператордың тарифтеріне байланысты құбылады. Мәселен, орташа есеппен 500-700 теңгеге 50 MB (Мегабайт) сатып алсаңыз, бұл USB-модем арқылы қосылғанда көпке жетпеуі мүмкін. Ал дәл осындай сомадағы MB-ты қалтафон ішіндегі интернет арқылы тұтынсаңыз ұзаққа жетеді. Себебі қалтафон біріншіден, мәліметте сығымдап береді, әрі оның байланысы баяу. Ал USB-модемдердің интернет жылдамдығы анағұрлым жоғары. Сондықтан ғаламтордағы мәліметтер тез алмасқандықтан ақша да көбірек кетеді. Кәнігі қолданушылар USB-модемді қолданатын болса, компания ұсынған тарифтерді зерттеп, өзіне ыңғайлысын таңдайды. Мәседен, кейбір компанияларды түнгі бағалар арзандау, ал екінші бірінде көбірек MB сатып алған сайын, бағасы арзандайды.
Қазақстан – ақпараттық технологияны дамытуға қолайлы елдің бірі. Территориясының ауқымды болуы жылдам мәлімет алмасу қашан да сұранысқа ие болатынын білдіреді. Әйткенмен елімізде ақпараттық технологиялық дамуға тың серпін берілмей отырғандықтан бұл саланың дамуына ала-құлалықтар баршылық. USB-модем тәрізді құрылғылардың барлық жерде қызмет етпеуі бірінші кезекте осы себепке байланысты. Елімізде алдағы уақытта да қалтафонға қатысты технологиялар жылдам дамиды деген болжам бар. Себебі технологияның дәл осы саласы бизнеспен бірге өріліп келе жатқандықтан, бәсекелес компаниялар тұтынушыны өзіне қарату үшін әтүрлі қызметтер ұсынбақ.
Асхат ЕРКІМБАЙ
Парақшамызға жазылыңыз