Ертең қазақ журналистерінің кәсіби мерекесі.
Қазақта «Ай жүр, аман жүр» деген тәмсіл бар. Ай жүріп, аман жүріп, журналистердің кәсіби мерекесіне де келіп жеттік. Бүгінде сөз тәмсілінде «Төртінші билік» деген дәрежеге көтерілген, іс жүзінде оған жете қоймаған қаламдастарымыздың толғанбайтын, ойланбайтын тақырыбы жоқ. Елдегі жаңалық атаулының жаршысы да, елдің мұңын мұңдар жоқшысы да өздеріңізсіздер. ХХ ғасырдың басында елдіктің сөзін айту еншісі – ұлт зиялыларына тиген болса, ХХ ғасырда семсер сөзді ақын мен жазушының рөлі басым болды. Ал, ақпарат ғасыры атанған ХХІ ұлттың ұлылығын ұлықтау, елдіктің сөзін сөйлеу, елдік мұраты жолында жанын пида ету – журналистің еншісіне көшкендей. Бүгінде халық қалаулысынан да, от тілді, орақ ауызды жазушысынан да журналистің үні басым естіле бастады.
Қазір Қазақстандағы сөз бостандығын әркім әртүрлі деңгейде бағалайды. Қазақ журналистерін биліктің сойылын көбірек соққаны үшін кінәлайтындар да табылып жатады. Бірақ, бір нәрсе – ақиқат. Қазақ журналистикасы – ұлттық мұратқа адал болды. Қай кезеңде де, қандай жағдайда да ұлттық құндылықтарымызды әспеттеуге келгенде қазақ журналистерінің үні бір жерден шығып отырды. Бұның барлығында ұлттың ұлы болашағына деген алаңдаушылық, тәуелсіздігімізді баянды етер жолда ұлттық мүддеге қайшылық болмасын деген жанашырлық айқын байқалып тұратын.
Бүгінгі журналистиканың бет келбеті де, айтар ойы мен сабақтар мәселесі де өзгерді. Бүгінгі мақсат ақпараттар тасқынына ілесе білу, адам айтса нанғысыз жылдамдықпен дамып бара жатқан жаңа медианың қыр-сырына бойлау, ақпаратты беру тәсілін бүгінгі заман талабына сай жасау. Әрине, бұл жолда әртүрлі деңгейде тұрғанымыз анық. Бірақ, илегеніміз бір терінің пұшпағы болғандықтан, әркім мақсатқа жетудің әртүрлі жолын таңдап алған да шығар. Тек біздің маңдайдағы шамшырағымыз адастырмасын. Елдікті ту еткен, тәуелсіздікті мұрат тұтқан қазақ журналистикасы қарыштап дами берсін. Шын мәнісіндегі “Төртінші билік” деңгейіне жетуге жазсын. Қаламдарыңыз мұқалмасын, әріптестер!
Парақшамызға жазылыңыз