Осыдан бір ай бұрын Премьер-Министр Кәрім Мәсімовтің төрағалығымен парламент және үкімет мүшелері, үкіметтік емес ұйымдар өкілдері, ғалымдар мен тіл жанашырлары Мәдениет министрлігі дайындаған «Тілдерді қолдану мен дамытудың 2011-2020 жылдарға арналған мемлекеттік бағдарламасының жобасын» талқылаған еді. Ең бастысы мұнда Мәдениет министрі Мұхтар Құл Мұхаммед «2020 жылға қарай Қазақстан халқының 95 пайызы қ азақ тілінде сөйлейтінін» паш етті! Ғажап! Тәуелсіздік алғаннан бері Елбасы айтқандай «аю да үйренетін» уақыт болғанда мыңқ етпеген үкімет мүшелері енді он-ақ жылдың ішінде «зор секіру жасап» қазақша сайрайды екен! Бәрекелді!
Үкімет мүшелері деп бөле-жара айтып жатқанымыз оларды да Қазақстан халқы, әлгі үміт күттірген 95 пайыздың ішінде әрі соларға үлгі-өнеге көрсетер көшбасшылары деп қабылдағандығымыздан екені мәлім болмақ. Әйтпегенде халық бір жақ, үкімет бір жақ болып екеуі қазіргіше аудармашы, тілмаштар арқылы тіл алысып отырар болса бұл бағдарламаның кімге көк тиын қажеті болмақ. Баяғы бір дауылпаз, жел сөз болып шықпай ма? Министрлік бұндай басы бұлт тіреген Бұлынайды асырған бағдарламаны шамасынша негізді, дәлелді, бұлтартпас дәйектерге сүйенгендіктен айтады.
Ендеше, ұлттың ұлт болып сақталып қалуының ең негізгі тетігі тіл туралы аса жоғары пафоспен жазылған, ел болып талқыға салып, таласып жатқан бағдарлама жөніндегі пікірлерге құлақ асалық. Әуелі өзіміз бірауыз пікір білдірсек дейміз: министрліктің ниеті де үміті де дұрыс, солай болуы керек. Алайда, бағдарламада алға қойған мақсаттары нақты ақпараттар мен мәліметтерден гөрі жалаң-жалған сан-цифрлар көбірек көзге шалынады. Негізінен бұл бағдарлама Қазақстан халықтары ушін емес сол Қазақстан халықтарын басқарып, жөнге салып отырған әлі күнге дейін мемлекеттік тілді меңгермеген биліктің өзі үшін жасалғандығы бірден көзге ұрынады. Мәселен, қазірдің өзінде Қазақстан халқының 95 пайызы қазақ тілінде сөйлейді. Қазақ тілінде сөйлей алмайтын биліктің бес пайызы өздері. Сондықтан да, “95 пайыз қазақ тілінде сөйлейміз” деп халыққа қаратылып айтылмауы керек. Екіншіден, «қазақ тілін тереңдетіп оқыту аралас мектептерде кеңінен қолданылады» емес, аралас мектептер түбірімен жойылатын болуға керек. Бұл күнде аралас мектептердегі оқушылардың дені амалсыздан аралас мектепте оқып жатқан қазақ балалары. Сондай-ақ, соңғы жылдардағы қазақ тілді жоғары оқу орындарына түсетін түлектердің саны мен сапасының артуына байланысты «қазақ тілді жоғары оқу орындарына берілетін квота мөлдшерін жыл сайын екі пайызға көтеріп отыру керек» деп белгіленсе қоғамның қажетімен сәйкес келер еді. Төртіншіден, босқа шығын шығарып, «оралмандарға орыс тілін үйретеміз» деп шашылудың мүлдем қажеті жоқ деп есептейміз.
Профессор Бақытжан Хасанұлы, «бағдрламаның, ғылыми негіздемелерін жетілдіріп, жүзеге асыру механизмдерін нақтылап барып қабылдауды» дұрыс деп көрсе, тілдің шынайы жанашыры Асылы Османова мемлекеттік тілдің қолданыс аясын кеңейтуді соза бермей бес жылдық бағдарламамен тиянақтауды ұсынады. Ал саясаттанушы Амангелді Айталы, «бағдарлама мемлекеттік тілді түрліше педагогикалық,ақпараттық, әдістемелік, мәдени шаралар арқылы қызығушылық тудырып жастарды қазақ тілін сөйлеуге тәрбиелеуді көздейді. Мұндай жолмен қазақ тілінің жағдайын шеше алмаймыз. Осал тұс осы. Әлеуметтік-құқықтық жолдарын да қарастыруымыз қажет, бағдарламада «орыс тілінің басымдығын, оның бүгінгі позициясын сақтау» туралы айтылған, бұл ұсыныс қалса, онда мемлекет тілдің аясын кеңейту бос сөз» дейді. Міне, ағайын, осылай, мемлекет тілді меңгеруді он-он жылдап метрлеп, созып жатырмыз. Үзіп алмасақ екен дейміз. Сіздің пікіріңіз қалай?
Қарамер.
Парақшамызға жазылыңыз
Өте дұрыс. Осыны түсінетін министрлер қайда? Құдайдай шыным, егер олардың орнына сен екеумізді министр қылып қойса, қазақ тілінің қолданысын кеңейту үшін олардан көп еңбек сіңірген болар едік. Жалпы ниеті түзу қазақтың кез-келгені мемлекеттік тілге қазіргі министрлерден артық қызмет етер еді.