Мұхит асып, алыс жерге сапар шеккен адам бейтаныс жерден өз елімен туыстыратын әлдебір ұқсастықтарды іздейді. Еліміздегі бірден-бір сенімді әрі адал қызмет атқаратын «Фаттаһ трэвел» туристік компаниясының көмегімен арада талай елді көктей өтіп, сонау Оңтүстік-Шығыс Азиядағы таныс та бейтаныс Малай еліне жеткенімізде, бізде де алдымен осы қызығушылық сезімі оянды. Тарихта туыстық, жағрафиялық жағынан жақындық жоқ, тек әйтеуір дін бауыр мұсылман деп іш тартатын елге әлдеқалай болар екен деп қобалжып барғанымызбен, әуежайдан аттай бере-ақ бізді «Саламат паги!» деп ілтипатпен күлімдей қарсы алған малайларға жөпелдемеде «Сәламат па!» деп біз де қонақжай елдің қойнына емін-еркін ене бердік.
Азияның сонау қиырындағы Малайзияны Қазақстанға жақындастыра түскен тұс – осы ХХІ ғасыр. Діни бауырластық, ғылым-білім, технология саласындағы серіктестік, сауда-экономикалық байланыстар, әсіресе, 2006 жылғы Елбасымыз Н.Ә.Назарбаевтың Малайзияға ресми сапары кезінде келісіліп, кейін протәкөліне Астанада шиырлап қол қойылған Қазақстанның жаңа ордасы Астана мен Малайзияның жаңа билік орталығы Путраджайяны бауырлас, анда қалалар ретінде тану уағдаластығы екі елді етене жақындастырып, алыс-беріс пен барыс-келісті көбейткен тарихи уақиға болды. Қазіргі заманғы Малайзия мен Қазақстанның арасындағы ең басты ұқсастық та осы қос елдің Бас ордаларын жаңа мекенге көшіріп, тақыр жерден жаңа қала тұрғызуы.
1995 жылы билік орталығын Куала Лумпурдан Путраджайяға көшіру үшін ну орманды отап, оның орнын алып құрылыс алаңына айналдырғанда санасаң тілің жаңылатын қаржы-қаражат желге ұшуда деп қаланың келешегіне күмән келтірушілер оларда да болыпты. Алайда сол кездегі премьер-министр, аты әлемге мәшһүр саясаткер, Малайзия ғажайыптарының бас сәулетшісі саналатын, туған елі еркелетіп Доктор М. атап кеткен Махатхир Мохаммад «Менің бұл шешімімнің құндылығы мен дұрыстығын малай халқы елу жылдан кейін анық түсінетін болады» деп алған беттен қайтпапты деседі. Бірақ көреген саясаткердің сол шешімімен ірге қалаған жаңа қала арада елу жыл емес, соның ширегіне де жетпейтін аз ғана уақыттың ішінде жасыл желек жамылған бау-шаһарға айналып шыға келді.
Сыртынан атына әбден қанығып, қаланың бүгінгі келбетін қиялымызға сиғыза алмай келе жатқан біздер әдетте туристер көп жүретін қала орталығындағы Путра жасанды көлінің жағасына келгенде, алдымыздан жарқырап жаңа әлем ашылғандай болды. Қос жағалауды жалғап жатқан сәнді де алып көпірлер, дәстүрлі және заманауи нақыштары астасқан ғимараттар, жасыл желектің арасынан бой көтеріп, күмбездерін күн сүйген мешіттер Малай елінің бүгінгі өсіп-өну, өркендеу қарқынын айшықтап тұр. Әсіресе, жасанды көлдің үстінен салынған, сәулеті алабөлек Путра мешіті алысырақ тұстан қарасаңыз құдды айдын көлдің бетінде қалқып тұрғандай. Қаланың дәл осы тұсынан бажайлап қарап, кейбір тұстарын біздің Астанаға ұқсаттық.
Жаңа еңсе көтеріп келе жатқан жас қаланың 37 пайыз аумағын жасыл желек жауып жатыр. Әу баста Путраджайяны үкіметтік ғимараттар қоныс тепкен интеллектуалды кибер-қала қылып, сірескен ресми ғимараттардың «иінін жұмсарту» үшін экологиялық таза саябақтармен, бау-бақшамен көмкеру идеясы ойластырылған. Сөйтіп қаланы әдетте үлкен мегаполистердің титықтатар у-шуынан, көліктерден тарайтын түтін мен шаң тозаңынан сақтайтын, саялы, жанға жайлы мекен-жай етуді көздеген.
Путраджайя атауы кезінде осы елдің алғашқы премьер-министрі болған Тунку Абдул Рахман Путраның құрметіне қойылыпты. Сол себепті Путра деген сөзді мұндағы кез келген бұрыштан ұшырастыруға болады: Путра көлі, Путра мешіті, мешітке қарама-қарсы орналасқан қазіргі премьер отыратын көк күмбезді кеңсе Пердана Путра, ұзындығы төрт шақырымды алып жатқан Путраджайя бульвары, Таман Путра саябағы…. Ал қаланың елу мыңдай тұрғынына салынған тұрғын үйлердің ешқайсысы 13 қабаттан бір елі аспайды. Бұл – ресми биліктің Путраджайяның болашақ дамуын ескере отырып бекіткен өлшемі.
Дегенмен, елдің жаңа билік орталығы болып саналатын Путраджайя әлі буыны қатып, мойыны бекімеген бала сияқты дейді малайлар, сол себепті астананың кейбір қызметтерін әлі күнге дейін елдің байырғы астанасы Куала Лумпур атқарып келеді.
Күндіз-түні тыншымас Куала Лумпур
Путраджайядан Куала Лумпурға қатынайтын ұшқыр пойыз арадағы 30 шақырымдай жерді ілезде басып өтіп, елдің бұрынғы орталығы боп келген ірі мегаполиске табанымызды тигізді. Біз келген уақыт түнгі он екілер шамасы. Шамдары жамыраған түнгі Куаланың көшелерінде біршама тыныштық орнапты. Бірақ қызықтың көкесі алда екен, қарсы алушы адам бізді тура қаланың орталығындағы нөпір халық сабандай сапырылысып, тіршілігі қыз-қыз қайнаған Букит Бинтанг көшесіндегі қонақүйге әкеп түсірді. Мұнда тіпті халық түнгі тыным, ұйқыны ұмытқандай. Жарығы жалт-жұлт еткен көшеде, құмырсқаның илеуіндей арлы-берлі ағылған туристерден көзің сүрінеді. Көліктен түскен бетте көшедегі қытайтектес саудагерлер «Леди, леди», «массаж, массаж» деп құр соңыңнан қалмайды. Ертесіне білдік, Куала Лумпурдың туристерге арналған атышулы көшесі осы Букит Бинтанг екен. Бұл көшені білмейтін адам жоқ. «Түнгі көбелектердің» саудасы, сылап-cипаудың алуан түрі, айналасына иіріп алып, көшеде өнер көрсетуші клоун, өнерпаздар, сан алуан ұлттың дәмханалары, түнгі базарлар мен сауда орталықтарының бәрі осы жерде. Сол себепті Малайзияның осы бұрышын исламдық емес, Батыс мәдениетіне жақын басқа қырынан танисың.
Куала Лумпурдың одан басқа да қызықтары жетерлік. Малайзияның айбынын асырып тұрған биіктігі жарты шақырымқа жетеқабыл (452 метр) 88 қабатты «Петронас Туин Тауэрс» атты егіз ғимараттың біреуін жапондар, екіншісін оңтүстік кореялықтар салған екен. Махатхирдің өзі «біз Малайзияның даму жолында үнемі Жапония мен Оңтүстік Кореяның моделін үлгі тұтып келдік» дегенді жиі айтады сұхбаттарында, демек жарыса көк тіреп тұрған осы егіз ғимарат дамуды бағдар қып ұстаған Шығыстағы екі елдің символындай емес пе екен деген ой қылаң етті.
Жалпы Малайзияның тәуелсіздік алған 53 жылдың ішінде адам сенгісіз қарқынмен дамып, бүгінде «Азия Швейцариясы» немесе Жапония, Оңтүстік Корея сынды елдердің өкшесін басқан «Азия жолбарысы» атануының көрінісін осы Куала Лумпурдан-ақ көріп, көз жеткізуге болады. Шатыры көк шаншыған, төбеңнен төнген биік үйлер Малайзияның бүгінгі экономикалық әлеуетін әлемге паш етіп тұрғандай. Кезінде ауыл шаруашылығынан бірден жоғары технологиялар мен индустриалды экономикаға батыл қадам басқан малайлар бұл күнде электронды чиптер мен тұрмыстық кондиционер өндірісі бойынша әлемде бірінші орынға шығып отыр. Сонымен қоса «Протон» маркалы ұлттық автоөндірісі арқасында бұл күнде малай халқының көпшілігі «жаяудың әнін салмайды». Өйткені «Протон» көлігінің құны әлдеқайда төмен.
Қазақстан секілді бұрынғы посткеңестік мемлекеттерден барған туристер үшін алдан шығатын ең алғашқы қиындықтардың бірі өкпені қысқан ылғал ауа да емес, тас төбеңді тесіп өтердей ми қайнатар ыстық та емес, жергілікті жердің жегенде аузыңды қуыра жаздайтын ащы тамақтары. Рас, мұнда екі-үш қадам аттасаң-ақ алдыңнан қытай, үнді, араб, түрік, жапон, кәріс, малай елдерінің алуан түрлі асханалары шыға келеді. Қала орталығындағы туристерге арналған дәмханалардағы орташа баға 10-15 рингит, яғни біздің теңгемізге шаққанда 400-600 теңге аралығында. Бірақ үнемі етті, майлы тамақты тілеп тұратын қазақтарға малайлар құрғақ күріш пен тауық етінен басқа жарытымды ештеңе ұсына алмайды. Көбіне теңіздің шөп-шаламы араласқан, бұрышы бетіне теуіп тұратын ащы тамақтарға біздің қарын жұбата қоюымыз екіталай. Ет қана емес, қазақтың малай дастарханынан іздейтін тағы бір жоғы – кәдімгі қара нан. Малайлар нанға жерік емес екен. Дүкен сөрелерінен нан табуың қиын емес, бірақ бәрібір біздің елдегідей кенеуі жоқ, аузыңа салсаң мақта секілді еріп сала береді. Ал Teh tarik деген жергілікті шайдың өзіне тән ерекше тәтті дәмі бар. Тек малайлар оны біз секілді буын бұрқыратып, терлеп-тепшіп отырып ішпейді, ішіне мұз салып, салқындатып ішеді.
Мұсылманның мекені
Малайзия Ислам мемлекеті болғанына қарамастан мұнда да біздегідей әр түрлі ұлттар мен конфессияларға, діндерге шектеу қойылмаған. Алайда Малайзияда мұсылмандарға барынша жағдай жасалған. Әр жерден бой көтерген сәулетті мешіттер намаз уақыты кіргенде жарыса азан шақырып жатады. Одан бөлек кез келген ғимараттың ішінен намазхана табылады. Ал кез келген қонақүйдің бөлмелерінде міндетті түрде төбеден құбыланы нұсқап тұратын белгі бар. Тіпті әжетханаларына біз секілді құман алып жүгірмейсің.
Өндірісінің 95 пайызын халал стандартқа түсірген. Мұның бәрі заңмен реттелген және қатаң қадағаланады. Егер әртүрлі ұлттың асханалары орналасқан үлкен мегаорталықтарға бара қалсаң, тіпті Батыс, кейбір мұсылман емес Шығыс елдерінің асханаларының тұсында да «Халал» белгісін көруге болады. Бұл «Халал» белгісі тек қана дәмханалардың сыртында емес, күнделікті тұтынатын барлық тұрмыстық заттардың (сабын, сусабын, тіс пастасы, парфюмерия), азық-түліктің қаптамасында, тіпті қарапайым минералдық судың да стикерлік қағазында көрсетіледі. Халал ас жеген халықтың мінезі де биязы келетініне осында анық көзіміз жетті. Өкінішке қарай, өзімізде жиі кездесетін қоғамдық орындардағы ұрыс-керіс, жанжал, бір-бірін балағаттау немесе дөрекі-дөкір мінез көрсету секілді оғаш қылықтарды атымен көрмейсіз. Оның үстіне харам ас жеген адамның дұғасы қырық күн қабыл етілмейтінін ескерсек, мұнда мұсылмандар үшін қандай керемет жеңілдік, жағдайлар жасалғанына еріксіз сүйсінесіз.
Малайзияның Ислам дініне беріктігі, әсіресе, Рамазан айында ерекше байқалады. Көшелерде халықты осы ұлық мейраммен құттықтаған мерекелік плакаттар, жарнамалар ілінеді. Барлық мешіттерде сәресі мен ифтарға (ауызашарға) арналған дастархандар жайылады. Кейбір мектептер мен оқу орындарында осы айда арнайы демалыс беріледі. Ал дәмхана, мейрамханаларда Рамазанға арналған арнайы мәзір әзірленіп, бағасы анағұрлым арзандатылады. Кейбір дүкендерде киім-кешек және басқа да тауарларға жеңілдіктер, арнайы мерекелік бағалар қойылады. Егер сіз әлденеше қабаттан тұратын сауда орталықтарында шоппинг (сауда) жасап жүрген болсаңыз, ауызашар уақыты таяғанын радиохабарлағышпен құлағдар етеді. Ал нағыз ифтар уақыты кірген кезде азан шақырылып, уақыттың кіргенін хабарлайды.
Былтыр Малайзия осы Рамазан айымен тұспа-тұс келген Тәуелсіздік мерекесін жылдағыдай алаулатып-жалаулатып тойлаудан бас тартты, исі мұсылман үшін ұлық мерекені осылай тақуалықпен атап өтті.
Айтпақшы, жергілікті малай халқы өте кішіпейіл, қонақжай. Сіздің мұсылман екеніңізді білсе, тіптен қуанады Олар үшін дін бауырлығы қандастықтан қадірлірек.
Малайзияның әу баста бағдар қып ұстаған саясаты – Ислам мен қазіргі қарыштаған технологиялық даму үдерісін қатар алып жүру. Әлемді Батыс пен Шығыс, мұсылман немесе кәпір деп бөліп-жармайды. Рас, кеңқолтық қонақжайлылық та кейде зиян салдарын тигізбей қалып жатқан жоқ, Батыс мәдениетінің, жаһанданудың сыналап енген салқыны, әсіресе, елдің ірі орталығы Куала Лумпурда қатты сезіледі. Мұны жауқазындай жаңа өсіп келе жатқан жастардың киім кию, шаш қойысынан, мәдениеті мен мінез-құлқынан анық байқауға болады. Мәселен, жасы отыздардағы әйелдер негізінен шариғат бойынша әуретті жерлерін түгел қымтайтын хижап киетін болса, бойжеткендер тыртита джинсы, кейде шолақ жеңді жейде киіп, басына орамал ғана салады. Ал шаштарын алуан түске бояп, құлақтары мен танауларына сырға тағып алған малайлық жастар да негізінен осы Куала Лумпурда жиі ұшырасып жатады. Әйтсе де, бұған қарап Малайзия тым батыстанып барады деп байбалам салу ертерек, Исламдық өркендеуді темірқазық қып ұстаған малай елінің бүгінгі бағыт-бағдары соны дәлелдейді.
Туристерді малайша тарту
Біз барған уақыт – жауынды маусым. Жаймашуақ ауа райы аяқ астынан нілдей бұзылып, 20-30 минут бойы жауын селдетіп тұрып алады. Осы кезде жергілікті табиғаттың тосын мінезін білмейтін шетелдіктерге такси жүргізушілері мен қолшатыр сатушылардың «қолдары жүріп», саудасы қызады. Жауынды маусым екі-үш айға созылып, оның арты шіліңгірге ұласады. Мұнда ауа райының осы екі маусымы ауысып келеді. Сол себепті жыл он екі ай бойы толассыз келіп жататын туристерде қисап жоқ. Малайзияның негізгі табысының үштен бірі осы туризмнен түседі. Қарасаң көз тойғысыз ғажайып жасанды аралдар, демалыс орындар бау-бақтарға, ит тұмсығы өтпейтін ну жыныстар мен тамыры тереңге кеткен тарихи-тағылымды орындарға жыл бойы ағылып кеп жататын туристердің қалтасындағы бума ақша, бақыр тиынға дейін осы жерде қалады. Туристердің бұл елге аңсары ауып тұратындығының түп себебі – қызмет көрсету саласы салыстырмалы түрде алғанда ең арзан. Басқа мұсылман елдеріндегідей кейбір тыйым, шектеулер жоқ. Екіншіден, бүгінде Малайзияның шетелдік туристерді құлшындырып, тамсандыратын, мақтан етерлік нәрселері аз емес. Әлемдегі ең ұзын ғимарат «Петронас Туин Тауэрстің» бір өзі неге тұрады?! Мұнда шілде, тамыз айларында «араб маусымы» басталады. 2001 жылғы АҚШ-тағы оқиғадан кейін әлемде араб елдеріне деген көзқарас өзгергені және оларға Америка мен Батыс елдеріне шығу, әсіресе, виза алу мәселесі әжептәуір қиындағаны мәлім. Міне, осы жағдай қазір әлеуеттік күші ешбір дамыған мемлекеттерден кем түспейтін Малайзияның айын оңынан тудырды. Бұл ел мұсылман мемлекеттерінің ішіндегі туристерге өте қолайлы бірден-бір мемлекет және мұнда шетелден келуші саяхатшыларға виза аштырып, әуреленіп жатудың қажеті шамалы. Оның үстіне тропикалық табиғат жағдайы арабтардың да қолайына келеді Сол себепті жыл сайын Малайзия араб байларының «қалталарын қағып қалуға» барынша әзірленеді. Оны дүкендердегі, сауда орталықтарындағы ерекше жеңілдіктерден көруге болады. Соңғы жылдары Малайзияға қазақтар да қаптады . Бұл көрсеткіш енді «Алматы-Куала Лумпур» тікелей рейсі ашылған соң одан да ұлғая түсері анық.
Туристерге малайлықтар өз тарихының барлық кезеңінен мағлұмат берер жағдай жасаған. Мәселен, Путраджайя – Малайзияның жарқын келешегінің көрінісі, Куала Лумпур – Малайзияның өсіп-өрлеу кезеңінің куәсі, Ал Мелака – Малайзияның отарлық қамытында болған өткенінен сыр шертетін таза тарихи қала. Ол – малайзияның ежелгі астанасы. Малайлар ескі астананы ешбір ғимаратын бұзбай, қаз-қалпында сақтап отыр. Мелакаға барған жұрт бір кездері осы жерді иелігіне алған ағылшындар мен жапондардың ізін анық көреді. Оны қаладағы ондаған мұражайлардан қанығасың.
Малайзияда алты ай тұрдық. Отанымыз келешек дамуында осы елдің ізімен келе жатқаны қуантады. Былтырғы дағдарысты талдай отырып, Дүниежүзілік банк әлемдегі инвестиция салуға ең ыңғайлы он елдің тізімін шығарды. Олардың арасында Малайзия да бар. Әлемнің астанасы атанған Путраджайя мен Куала Лумпурдай қалалары малайлардың бұл жетістігінің, меніңше, бір ғана құпиясы бар. Ол еліне, ұлтына деген сүйіспеншілік, сондай-ақ Ислам канондарына бағынған адал тірлік.
Рауан СӘБИТҰЛЫ,
Алматы-Куала Лумпур-Путраджайя-Мелака-Алматы.
Парақшамызға жазылыңыз
Көбіне саясаткерлер Қазақстан дамуына дәл осы малай мемлекетін мысалға келтіріп жатады. Шынымен-ақ алатын тұстар бар. Дегенмен, Қазақ мемлекеті өзінше жаңа бағытпен дамысса екен деген іштей ой да бар.
Еліміздің болашағы әлі алда! Қазақстан әлі ақ дүние жүзін өзінің мәдениетімен аузына қаратады. Қарада тұрыңыздар.