Алаштың негізгі идеясы бес тұжырымға негізделген

1177 рет қаралды
2

алаш3Бүгінгі таңда күллі қазақтың арманы мен мұңын біріктіріп, басын қосатын жалғыз ғана жол қалған сияқты. Ол – біртұтас Алаш идеясы. Бұл кеше Астанада «Темірқазық» пікірсайыс клубының кезекті отырысында «Біртұтас Алаш идеясы: кеше және бүгін» деген тақырыпта баяндама жасаған жазушы, филология ғылымдарының докторы, профессор, «Отырар кітапханасы» ғылыми орталығының директоры Тұрсын Жұртбайдың сөзі.

Ғалымның айтуынша, 20 жылда жете алмаған жетістігіміз бен белесімізді Алаш рухымен табысу арқылы ғана бағындыра аламыз. «Темірқазық» пікірсайыс клубы 2004 жылдан ел өміріндегі өзекті мәселелерді қоғамдық талқылауды ұйымдастырып келеді. Отырыста тек Алаш дәстүрі ғана емес, кезінде күллі одаққа серпін берген, ел-жұрттың намысын оятқан желтоқсан көтерілісі туралы да ойлар ортаға салынды. Тұрсын ағамыз, келелі ойларымен бөлісіп, бүгінде көп айтыла бермейтін деректер келтірді. Соның бірі – Алаш арыстарының Лениннің өзіне күш көрсеткендей болдырып отырып қол қойдырып бекіттірген құжаты. «Алаш арыстары «биыл Қазақстанның мемлекеттік шекарасы бекітілді. Автономиялы мемлекет болып жарияланады. Одақтас республикалардың кез-келгені қалаған уақытында мемлекет ретінде бөлініп кетуге құқылы» деп Ленинге қол қойғызған. Биыл міне сол оқиғаға 90 жыл толып отыр. Осы идеяны орыс, украин, беларусь секілді мемлекеттер қолдаған. Сол статьяны пайдалана отырып біз 1991 жылы тәуелсіздік алдық», – дейді Тұрсын Жұртбай.

Алаш1Алаш партиясы тарих сахнасына 1917 жылы шілде-тамыз айларының өліара уақытында келіп қосылды. Алғаш рет жалпы қазақ құрылтайын өткізді. Діни басқарма мемлекеттік құрылымнан тыс мекеме деп танылды. Өзінің идеясын бекітіп, жеке ел болуға қадам басты. Ғалымның сөзіне қарағанда, Алаштың негізгі идеясы бес тұжырымға негізделген. Оны өзі жинақтап шығыпты:

Ең бірінші – Алаш ұлттық демократиялық мемлекет болуы тиіс. Ол үшін ең алдымен «жер, жер және жер» болуы тиіс. Жерсіз – отан жоқ. Әлихан Бөкейхановтың ұйғарымы бойынша, қазақтың байырғы жерін қашан қазақтың өзі ғылым мен техникаға сүйеніп толық игермейінше, жер жекеменшікке, қоныс аударушыларға берілмеуі тиіс. Жер – отан. Жерді сатқан отанды сатқанмен бірдей. Осы жердің бір қадамын басса, ең бірінші сол ұлттың өкілі басуы тиіс. Ал өзінен асып жатса – ғылым мен техниканы игерген соң қазақ өз еркімен береді.

Екінші ұстанымы – Алаштың жерінің астындағы, үстіндегі, көгіндегі барлық байлық қазақтың өзіне қызмет етуі тиіс. Яғни, Бөкейхановтың сөзімен айтсақ: Қазақтың әрбір тасы қазақтың өңіріне түйме болып тағылуы тиіс», – дейді Жұртбаев мырза. Расы керек, қазақ жерінің байлығының көп бөлігінің қызығын шетелдіктер көріп отырғаны белгілі. Байлығымыздың 70-80 пайызы өзгелердің қолында.

Үшінші ұстанымы – Бөкейхановтың жобасы бойынша, қазақтың жерінде өндірілген бір уыс жүн сол мемлекеттің азаматтарының үстіне тоқыма болып тоқылып, киілуі керек. Яғни мемлекет толықтай экономикалық тәуелсіздікке қол жеткізілуі тиіс болған.

«Алаш арыстарының «Төртінші ұстанымы – қазақ мемлекетінде мемлекет құрушы ұлттың тілі, діні, менталитеті өзге ұлттардан қарағанда үстем болуы керек дегенге сайды. Яғни бұл идеологиялық ұстаным болатын. Ал, бесінші – ең негізгі ұстанымы бойынша, ғылымға, соның ішінде тәуелсіз ғылымға, ұлттық дәстүрге негізделген, заңға сүйене отырып, Жапония үлгісіндегі ұлттық демократиялық мемлекет құрылуы керек еді. Бізде заң көп. Бірақ солардың басым бөлігі, ұлттық дәстүрімізге негізделмеген. Алаш қайраткерлерінің бұл ұстанымының дұрыстығына самурайлық дәстүрге негізделген жапон ұлтының бар-жоғы 20 жылдың ішінде бір-тұтас империяға айналып шыға келуі дәлел болса керек. Дәстүрге беріктік деп отырғаны осы», – дейді Тұрсын ағамыз.

Иә, Алаш идеясы ешқашан өшпек емес. Олар елім деп еміренді, жерім деп күңіренді. Алаш қайраткерлерінің тек жер туралы бағдарламасының өзі 70-80 беттен асатын еді. Өйткені жердің тұтастығы – жеке адамның ғана емес, үрім-бұтағының, ата-бабасының қала берді тәуелсіздіктің тірегі. Алаш арыстары осыны іштей сезіп, адам күтпеген амалдарға барды. 1905 жылғы М.Тынышбаев пен Х.Досмұхамедовтер «Ақмоланы астана жасаймыз» деген идея көтерді. Алайда солар құрған жоспарлар мен армандардың көбі сол күйінде орындалмай тұр. Басты арманы – Жапония секілді алып елге айналу еді… Өкінштісі, көбісі «Жапон тыңшысы» деген желеумен атылып кетті. Бірақ олар құрған идея өлген жоқ.

Бүркіт НҰРАСЫЛ

Астана

Парақшамызға жазылыңыз

2 Comments

  1. Алаштықтардың әр бір айтып кеткен сөздері, елім деп атқарған істері ешқашан ұмыт болмақ емес. Алаш деп соққан әр бір қазақ баласының жүрегінде олар терең бой алды. Біз алаш елінің ұрпақтарымыз!

  2. Қазіргі кезе Алашты өмірінің мәні етіп алған ағамыз Тұрсын Жұртбай. Әрбір қазақ осы кісі секілді ойлайтын болса қазіргі қоғам бсақаша болатынына мен сенемін. Нағыз Алаш азаматы. Тұрсын ағамыз Алаш туралы тек сөзбен ғана емес, өз ісімен дәлелдеп отырған ғалым. “Ұраным Алаш..!” үш томдық кітабында Алаш қайраткерлері және олардың ХХ ғасырдағы іс-әрекеттері туралы біраз шындықтың беті ашылғанын оқи аласыздар.

Жауап беру

Your email address will not be published.

This site uses Akismet to reduce spam. Learn how your comment data is processed.

Соңғы жазбалар