Жыл сайын Жаңа жыл мерекесіне дайындық шараларының тасасында қалып қоятын Тәуелсіздік күнін Қарағанды биыл ерекше қарсы алмақ. Еліміздің бас мерекесі қарсаңында жергілікті билік керемет сый жасап, жұртшылықтың талай жылғы арманын орындауда. Қаланың қақ төрінде тұрған Ленин ескерткішін орнынан алып тастамақ.
«Ленин ескерткіші орнынан алынады деген сыбыс бар» дегенді газетіміздің өткен сандарының бірінде жазған едік («Алаш арысына туған жерінде қашан ескерткіш қойылады?» 05.11.10. Айқын). Сол сыбыс шынға айналды. Кеше Қарағандыда «Арселор-Митталл» көмір департаменті ғимараты алаңындағы Ленин ескерткішін бөлшектеп, басқа орынға көшіру жұмыстары басталып кетті. «Жылы орнынан» жылжытылған ескерткіш қаладағы Ленин атындағы театр маңынан орын таппақ. Ал коммунистер көсемі босатқан алаң абаттандырылып, ол жерге Жеңіс саябағы кіреберісінде тұрған Тәуелсіздік стеласы әкеліп қойылмақ.
Жақында осы мәселеге қатысты қоғамдық тыңдау ұйымдастырылған болатын. Әрине, қашандағыдай бұра тартқандар да болды. «Тарихи ескерткішті орнынан қозғамаңдар, сосын оны қалпына келтіре алмайсыңдар» деді бірі. «Қазақтың ел болғаны Лениннің арқасы. Оны неге ұмытамыз?» деп өзеурегендер де болды. Бірақ жұртшылықтың көпшілігі күні өткен «күнкөсемді» қаланың ең көрнекті тұсына қонжитып қоюдың енді мәні жоқ, ол біздің мемлекеттік саясатымызға қайшы деген пікірге тоқтады.
Осыдан кейін көп өтпей, іле-шала жергілікті билік жұртшылық пікірін ескере отырып, ескерткішті бөлшектеп көшіру жұмысына кірісіп те кетті. Кеше басталған бұл іс, сәтін салса, осы аптаның соңына дейін толық аяқталмақшы. Ал бір жерден екінші жерге көшіру жұмыстары кезінде ескерткіштің кескін-келбетіне нұқсан келеді деген сөздер де негізсіз көрінеді. Қарағанды билігі бұған барынша сенімді.
– Ескерткішті ерекше әдіспен жеті бөлікке бөліп, арнайы құрылғылармен тасымалдап апарып, Ленин кинотеатры артына орнатамыз. Оның сыртқы, ішкі қалпына еш нұқсан келмейді. Қайта бұған дейін бүлінген жерлері бүтінделіп, жөнделеді. Бөлшектеуге үш күн, көшіріп орнатуға сонша күн кетеді деп жоспарлап отырмыз. Сонда сәтін салса, аптаның соңында бұл жұмыс тәмамдалады, – дейді Қарағанды қаласының әкімі Бауыржан Әбдішев. Қазақстанда ғана емес, әлем елдері бойынша да Ленинге граниттен қойылған ең үлкен ескерткіш саналатын мүсінді аталған алаңнан алып тастау жөніндегі бастаманы жергілікті халық бұған дейін бірнеше рет көтерген болатын. Алайда түрлі желеумен халықтың тілегі орындалмай келген. Соның бірі – «ескерткішті қозғайтын құрылғы Қарағанды түгілі, Қазақстанда да жоқ. Оның салмағы – 800 тонна» деген қауесет еді. Ол сөз жалған боп шықты. «Көсемнің» салмағы айтылғаннан үш есе аз көрінеді.
– Интернетте Ленин ескерткішінің салмағы 800 тонна деп жазылған. Ол сөз негізсіз. Оның салмағы бар болғаны 272 тонна ғана, – деді Б.Әбдішев.
Қамбар АХМЕТОВ
Қарағанды,
“Айқын” газеті
Парақшамызға жазылыңыз
Тағы да орыстілді аймақтардағы қазақ үшін онша мұнша пайдасы тимеген “белділерді” осылай “жер аударса” жақсы болар еді. Орнына ел, ұлт үшін күрескен азаматтардың бейнесі жарқырап ел алдында тұрса ғо деген тілек әлі де жүзеге аспай келеді…