Қазақстанның ХХ ғасырдағы тарихындағы аса елеулі саяси тұлғалардың бірі Мұстафа Шоқай желтоқсан айында дүниеге келіп, желтоқсан айында өмірден өткен. Биыл оның туғанына 120 жыл, ал құпия өліміне 69 жыл толды.
Биылғы жылдың қазан айында Париж маңындағы қалада Мұстафа Шоқайдың ескерткіші мен оған арналған аллея ашылды. Мұстафа Шоқай осынау жалған дүниедегі 51 жылдық ғұмырының 20 жылын Францияда өткізгені белгілі.
Франциядағы Мұстафа Шоқай атындағы Француз-Қазақ достық қоғамын басқаратын қазақ азаматы Жасар Дініш өмірінің біраз бөлігін өткізген Ножан-Сюр-Марн қаласында Мұстафа Шоқайға ескерткіш ашу туралы бастама көтеріп, бұл жайында Азаттық радиосы 2009 жылдың шілде айында хабарлаған.
Ескерткіштің ашылу рәсіміне қатысқан Стамбул университетінің профессоры, «Мұстафа Шоқай» кітабының ауторы Әбдуақап Қараның Азаттық радиосына хабарлағанындай, Жасар Дініштің бастамасының жүзеге асуына Франция мен Қазақстан үкіметтері, сонымен бірге Ножан-Сюр-Марн қаласының мэриясы, Қазақстанның Франциядағы елшілігі және Қызылорда қаласы әкімдігі қолдау көрсеткен.
Естеріңізге сала кетсек, Шоқайдың өзге де құжаттарымен бірге оның туу туралы куәлігін осы жолдар ауторы Азаттық радиосының тапсырмасымен Санкт-Петерборда іссапармен жүргенде анықтаған.
Бұл құжаттар оның қашан, қай жерде дүниеге келгеніне, қайда оқып, гимназияны қалай
бітіргеніне, әскери қызметтен қандай себепке байланысты босатылғаныне және т.б. тарихи куәлік болып табылады.
ОМАМ-да (ЦГИА) сақталған №281 істегі №17 парақта куәліктің көшірмесі тігілген. Мұнда Мұстафаның әке-шешесінің аты-жөндері, оның туған айы мен жылы көрсетілген:
«1902 жылдың 10 наурызы. Біз төменде қол қоюшы Гродеково болысы №3 ауылдың қырғыздары (қазақтары) осы арқылы ауылдасымыз Шоқай Торғаевтың заңды әйелі Бақтыбикеден 1890 жылы ұл туып, оған «Мұстафа» деп ат қойылғандығына куәлік береміз».
Бұдан кейінгі мұрағат ісінде бесінші нөмірмен тіркелген Мұстафаның Ташкенттегі гимназияны бітіргендігі жөніндегі кәмелеттік аттестат. Ол Мұстафаның өте қабілетті болғандығына куә болып тұр.
Сол кездегі қазақтың барлық ер адамдары сияқты Мұстафа да әскери қызметтен босатылған. Бұл жайында 1910 жылдың 10 маусымында Сырдария облыстық басқармасының Ташкентте берген куәлігінің көшірмесінде жазылған (№ 15806 іс, № 38 парақ):
«Куәлік. Бұл куәлік Перовск уезі, Гродеково болысы қырғызының (қазағының) ұлы Мұстафа Шоқаевқа берілген, ол, Шоқаев Түркістан өлкесінің жергілікті адамы ретінде, әскери қызмет туралы Жарғының 42-бабының негізінде әскери қызметін өтеуге жатпайды».
Қазақтардың отарлаушы армия қатарында әскери қызметін өтемеуі себепті отарлық езгі жағдайында олардың көптеген мәселелері шешілмей қалды.
Бір ғана айқын мысал келтіре кетейін. 1906 жылы Семей облысы Сейтен және Малыбай болысының қазақтары «1904 жылдың 12 желтоқсаны мен 1905 жылдың 17 қазаны аралығында шыққан аса жоғары дәрежелі жарлықтар мен манифестерге» сілтеме жасай отырып Далалық өлкенің генерал-губернаторы Надаровқа өтініш берді.
Атап айтқанда, қазақтар «ождан және діни наным, сөз, баспасөз, бостандығын, ауыл мектептерінде қазақша сабақтарды еркін жүргізуді және Семей қаласында қазақ тіліндегі газет шығаруды» қамтамасыз етулерін, ежелден бері қазақтарға тиесілі болып келген жерлерді олардың өз меншігіне беріп және жер туралы ереже жобасын патша шенеуніктерінің қатысуынсыз Далалық өлкенің жергілікті халықтарының, яғни қазақтардың өздерінің жасауына мүмкіндік беруін сұрады.
Бұл өтінішке генерал-губернатор Надаров тайға таңба басқандай былай деп жауап берді:
«Олар өзгелермен бірдей әскери қызмет атқармағандықтан қазақтар ешқашан теңдік алмайды» және «Қазақ жері қазақтардың емес мемлекеттің меншігі, тиісінше, егер ол мемлекетке қажет болып жатса, қажеттілігіне орай қазақтардан тартып алынады». («Иртышь», №71, сейсенбі, 1906 жылдың 17 қазаны, Омбы.).
Сондықтан да Әлихан Бөкейхан бастаған, қатарларына кейінірек Мұстафа Шоқай қосылған қазақтың ұлт көсемдері 1906 жылдан бастап Мемлекеттік дума арқылы қазақтардың әскери міндеттілігін және олардың орыс казактары сияқты мүмкіндігінше өз қаруымен, киім-кешегімен және өз атымен атты әскер қатарында болуын заңды түрде рәсімдеуге күш салды.
Мысалы, «Қазақ» газетінде жарияланған бір мақаласында Әлихан Бөкейхан, егер қазақтар да атты әскерде қызмет етуге қол жеткізсе, онда олардың өздерінің ежелгі жерлерін өз меншігіне қайтып алу мүмкіндігінің көбірек болатындығын қандастарына түсіндірді. Бұл «Алаш» ұлт-азаттық қозғалысының стратегиялық мақсаттарының бірі болды.
1914 жылы Санкт-Петербор Императорлық университетінің заң факультетін бітіргендігі жөніндегі куәлікті (дипломды) қолына алған жас заңгердің Санкт-Петерборда қалуына да, өзінің туған қаласы Перовскіге (қазіргі Қызылорда) немесе Ташкентке қайтып оралуына да мүмкіндігі болды. Онсыз да қыпшақ руының бай көсемдерінің ұрпағы болған ол үшін жақсы қызмет істеп, жағдайын көтеруге, өз қандастары арасында даңққа бөленіп жүруге барлық мүмкіндік бар болатын. Бірақ Мұстафа Шоқай өзге жолды таңдады.
Ұзақ жылдар бойы Қазақстанда Мұстафа Шоқайдың атын атауға тиым салынды. Ол жайындағы ғылыми әдебиеттер жоққа тән болды. Соңғы жылдары көптеген тарихшылар мен ғалымдар оның өмірі мен қызметін зерттей бастады. Әсіресе, коммунистік идеямен күресу үшін Мұстафа Шоқайдың фашистік Германияға баруы, 1941 жылдың 27 желтоқсанында оның Берлинде жұмбақ жағдайда көз жұмуының жай-жапсарын зерттеп жүр.
Сұлтан Хан Аққұлұлы, Азаттық радиосы
Азаттық радиосының суреттері пайдаланылды.
Парақшамызға жазылыңыз