ӘЗ ЖӘНІБЕК ПЕН КЕРЕЙДІ ҚАЛАЙ ҰЛЫҚТАП ЖҮРМІЗ?

1555 рет қаралды
11

Қазақ хандығының құрылғанына – 555 жыл!

d0b5d181d0bad0b5d180d182d0bad196d1881Қазақтың мемлекеттік тарихы туралы толғаныстар бүгінде әрқилы. Қазақ тарихының бастауын сонау ғұн, сақ дәуірінен бастаған жөн дейді бірқатар тарихшылар, екіншілері – ұлы Түрік қағанаты дәуірлеген Ү-ҮІІ ғасырдан бүгінге қарай ойысуды ұсынса, үшіншілері – Жошы ұлысы немесе Алтынорда дәуірі қазақ мемлекеттігінің тарихының бастауы бола алады, төртіншілері Ақорда дәуірінен бастау алады деп топшылайды. Бірақ, бір нәрсе айқын – қазақ тарихшылары бұл тұрғыдан әзірге бір пікірге тоқтай алмай жүр. Ал, биыл Қазақ хандығы деген ресми атпен тарих сахнасында пайда болғанымызға 555 жыл толып отыр.

 

ҚАЛАЛАРДА КЕРЕЙ МЕН ЖӘНІБЕКТІҢ АТЫНДА КӨШЕ БАР МА?

 

Жалпы, Қазақтың мемлекеттік санасы  туралы ойды жиі айтамыз. Бүгінгі өсіп келе жатқан жас буын қазақ тарихын қаншалықты біледі? Олар үшін Қазақ хандығының негізін қалаған Керей мен Жәнібек кім? Оларды  ұлықтау әлі күнге дейін өз деңгейінде емес, өкінішке қарай, тарихи жадымызды жаңғырту тұрғысынан, жас ұрпақты өз өткені үшін мақтана алатындай дәрежеге жеткізу үшін істеліп жатқан шаралар да мардымсыз.

Кезінде Социалистік мемлекеттердің бас көшесі – Лениннің атымен аталатын. Мемлекеттердің астанасындағы орталық көшеден бастап, облыс, аудан, ауылдың бас көшелерінің бәрі «Күн көсемнің» атында болушы еді. Бұл бір идеологияға жұмылдырудың басты мақсаты болғаны әлемге аян. Ал, тәуелсіздік алғанына 20 жыл толып отырған Қазақ мемлекетінің ортақ идеологиясы не? Оны айту қиын. Әр облыстың, әр өңірдің өз батыры, өз ханы атқа мінген заман болды. Әр өңір өз руының батырларын ұлықтап, соларды дәріптеп әуре. Ал, Әбілқайырдан бөлініп, Қазақ хандығын құрған тұңғыш хандарымыздың атында ешқандай елді мекенде, қалада әлі күнге дейін көше жоқ! Бар болса, саусақпен санарлық. Алматыда бұрынғы коммунистер көшесінің атын Абылай хан иеленсе, Астанада ірі көшелердің бірінің атын Хан Кенеге берген. Ал, орталық көшелеріміздің кейбір атаулары әлі күнге дейін отаршылдық таңбасы ретінде коммунистердің берген атауымен тұрса да, тұңғыш хандардың атына көше беру жағын әлі ескермей келеміз.

 

ЕСІК ҚАЛАСЫНДА БАРЕЛЬЕФ АШЫЛДЫ!

 

IMG_1320Керей мен Жәнібек есімін ұлықтау ісін әуелі болып Оңтүстік Қазақстан облысы Созақ ауданы қолға алды. Тарихқа жүгінсек, Қазақтың алғашқы ордасы осы Созақ өңірінде Қозыбасы деген жерде тігілген екен. Қазақ хандарының қасиетті мекен Түркістанға жерленуінің де сыры осында жатса керек. Созақ ауданының әкімі Созақбай Әбдіқұлов мырзаның бастамасымен Керей мен Жәнібектің асқаралы ескерткіші Созақ ауданының орталығы Шолаққорған кентіндегі кіре берісте «Жастар саябағында» бой көтерген. Ал, екінші ескерткіш кешен елордамыз – Астанада былтыр маусым айында тұрғызылды. Әуелі бұл ескерткіш Қазақ Елі монументіне орналастырылады делінген еді. Алайда, Қытайда жасалынған Керей мен Жәнібек ханға арналған ескерткіштер жарамсыз деп танылып, қоқысқа тасталды.  Сосын арнайы байқау жариялап, қазақтың тұңғыш хандарының ескерткіш мүсінін тұңғыш Президенттің мұражай саябағына орналастыруға шешім қабылданды. Сөйтіп, 2010 жылдың 1 маусым күні Президент Нұрсұлтан Назарбаев өзі ашқан ескерткіш мүсін ел болып, мемлекет болып Қазақ хандығының негізін қалаған ұлы хандарды ұлықтаудың басы болғаны белгілі.

Оның ұзындығы 12 метр. Мүсіндік композицияның барлық элементтері бір қалыпта әзірленіп, таза қоладан құйылды. Салмағы 16 тоннадан асады. Бұл туындының авторы астаналық сәулетші Ринат Әбенов.

 

Жақында Алматы облысы Еңбекші қазақ ауданының орталығы Есік қаласында Қазақ хандығының негізін қалаған Керей мен Жәнібек хандарға арналған барельеф ашылған екен. Бұл жағымды жаңалыққа қуанып, Есік қайдасың деп тартып отырдық. Біз барғанда Есік қаласында аудан әкімінің кезекті есебі болып жатыр екен. Халықпен жүздесу аяқталғаннан кейін, осы барельефті ұйымдастырушы, идея авторы, Еңбекші қазақ аудандық мәслихатының хатшысы Әділбай Талқанбаев және Есік қаласының әкімі Асхат Алмабеков мырзалармен кездесудің сәті түсті.

 

Барельеф Есік қаласындағы күре жол – Алматы көшесінде, қалалық әкімшіліктің қарама-қарсысында орналасқан екен. Тым биік те емес, тым көлемді де емес, алайда қаланың көрнекі жерінде бой түзеген барельефтің негізгі идеясы да, айтар пәлсапасы да айқын – Қазақ хандығының негізін қалаған тұлғаларды ұлықтау, олардың тарихи тұлғасын болашақ ұрпақ зердесіне ұялату. Идея авторы Әділбай Талқанбаев былтыр Астанада хандарға арналған ескерткіш кешенді ашып тұрып Елбасының қазақ үшін аса маңызды тарихи қос тұлғаны бір-бірінен бөліп қарауға болмайтындығын айтқандығын еске алды:

 

– Біздің Есік қаласы Түркияның Тарсус қаласымен бауырлас қала болған еді. Осы ретте біз Түркияда Аданада, Тарсус қалаларында болып, өзара бауырластығымызды насихаттап қайттық. Ендігі кездесу бізде Есік қаласында өтетін болды.  Мен  Республикалық Түрік этно-мәдени орталығының президенті Зиятдин Хасеновқа осы кездесу барысында қазақтардың мәдени-рухани гүлденуі үшін біз де септігімізді тигіздік деп мақтанып жүретін бір іс қылыңыз деп айттым. Ол бұл ұсынысты қуана қабылдады. Сөйтіп, іске кірісіп кеттік. Болашақта осы Алматы көшесін Керей мен Жәнібек хандардың есімімен атауды да ойға алып жүрміз. Сөйтіп, ұзындығы 3-4 шақырымға созылатын, 260 мыңдай тұрғыны бар Алматы облысының Еңбекші қазақ ауданының орталығындағы бас көшені ұлы хандарымыздың атымен атап, ұлттық тарихымыздың түгенделуіне үлес қосуды мақсат етіп отырмыз, – дейді Әділбай Талқанбаев.

 

Барельефтің бас сәулетшісі, Мәдениетке еңбегі сіңген қайраткер Абдалиев Әбідкәрім, мүсіншісі  Сырлыбаев, бас демеушісі З. Хасенов.

 

P.S. Бұл төл тарихымызды қастерлеудің басы. Елдегі еңкейген қарттан, еңбектеген балаға дейін қазақтың тұлғалары жайында жатқа біле жүруі тиіс. Кезіндегі «Бұл –Қазақтың қазақ болып қалыптасуы жолында тер төккен әрбір тұлғаны бүгінгі ұрпаққа насихаттау, олардың ерлігін болашаққа паш ету – бізге аманат!

Есенгүл Кәпқызы, “Түркістан” газеті.

Парақшамызға жазылыңыз

11 Comments

  1. Көп адамға ой салатын тамаша мақала екен. Жәнібек пен Керейді шынымен де ұлықтай алмай жүрміз. Тіпті, екі тұлғаны ертегідегі аңыз кейіпкерлерге ұқсататын адамдар қанша ма..
    Еліміздегі үлкен қалаларға кіретін күре жолдарға қасқайтып екі ханның ескерткіштерін соғып қойса, қазақ еліңің іргетасын қалаған Жәнібек пен Керейдің ерлігі ел жатында мәңгі есте қалар…

  2. Керей-Жәнібек дуетін қадыр тұту (“ұлықтау” сөзі орнында емес, “ұлылау” десеке, бір жөн) Қазақстан мемлекетінің тарихына қатысты, ал бұл мемлекет бар болғаны 1991 жылы құрылды, тамыры – қызыл Қазақ КСРы ғана, бұған дейінгі қазақ тарихы Қазақстан тарихы ретнде танылу үшін, Қазақстан қазақ ұлттық мемлекеті болып мойындалуы керек. Мәселе де, саясата та осында. Сондықтанғ, қазақ тарихы мен оның хандық тарихы кәзіргі мемлекет тарихынан тысқары және өгей болып танылып, мойындалып отыр. Сол себепті, мәселені жоғарыдағыдай қою әбесік және саяси аңдаусздық! Қазақстан неге қазақ хандығын дәріптеуі керек? деген мәселе шешілген жоқ…

  3. Есік каласында Барельеф ашылғаны қуанышты жаңалық екен. Десе де, жағымпаздардың додасы өтіп жатқан отанымызда улттык идеологияның өзегі боларлық жағдайларды қолға алу қиын сияқты.

  4. Осы істің соңынан бір немесе бірнеше адам түсіп, жоғары төмен жүгірмесе сол баяғы қалпында қала береді. Кезінде Ер Жәнібекке көше атын беру көп айтылды, марқұм Халифа Алтай да, басқалар да көп-ақ жазды. Олардың бірде біреуі әкім-қаралардың табалдырығын тоздырмады. Ақыры, Қабанбай, Бөгенбай батыр көшелерімен қатар аталуы тиіс белгілі көше Қарасай аталып кете барды. Қала көшелеріне батыр, билердің атын қойғызғандар сол рудың адамдарының жүгіруі, барлық деңгейдегі кедергілерді қажымай-талмай өтуінің арқасында болғаны мәлім! Олай болса, 15 ғ. өмір сүрген Керей мен Жәнібектен тарағандардың ұрпағы немесе Мұқтар Шаханов айтқандай моңғолдарға (төрелерге) бүйрегі бұрып тұратын Моңғолдан келгендер кірісуі керек сияқты. Ендеше, іске сәт!

  5. Керемет мақала екен. Тарихымызды білмей арықарай даму мүмкін емес. Іске сәт айналайын Есенгүл. Барлық коллективіңе табыс тілеймін.

  6. Жалпы коше аттарын тагайындайтын комиссияда тарихты буге-шигесине дейн билетин биликти мамандар отырганы дурыс деп ойлаймын.Ер Жанибек тек керейдин батыры десек озимиздин каншалыкты надан екенимзди корсетуден баска ештене жок.Ол озинин муддеси ягни руы ушин кан кешкен жок…Кулли казах ушин катерге басын тигип,омиринин сонына дейн ат устинде откен аруакты,киели батыр.Абылай ханнын ак туын котерген,он тизесинен орын алган мындыктар басы,елши,шешен данагой бир туар кайталанбас тулга,Окиништиси осы кунге дейн шолак тарихшылардын аркасында тисти багасы берилмей келеди.Кашан барымызды шын козбен багалай биледи екенбиз.Ер Жанибек кулли казах батыры екенин биз мойындамаганмен кытай тарихында аты калган,кезинде карсылас жонгарлар мойындаган батыр…осыдан 2-жыл бурын калалык акимшиликке отиниш билдирип журип,калкаманнан шолак бир кошеге зорга Ер Жанибектин атына алынган еди.Оганда тауба дедим…Негизинде Казахстаннын букил калаларына биздер отиниш берип жалбарынбай-ак берилу кажет гой.Нагыз тарихка жугинсек Абылай хан одан кейн он жагы Ер Жанибек деп берилсе бул оз тарихмызды жане нагыз ер журек батырларымызды курметтеп,дариптеген болар едик.Окиништи…

  7. Дұрыс, әсіресе мемлекеттің Тәуелсіздігіміздің 20 жылдық мерейтойына орай мұндай шараларды жаңа сатыға көтеру керек. Келесі мерейтой болғанша уақыт жоғалтып аламыз.
    Осындай шараны ұйымдастырушыларға зор ден саулық, табыс тілеймін!

  8. Сендер не айтсаңдарда компартия өсірген мына билік, кезіндегі “Күн көсемдей” төре тұқымынан, ақсүйек әулетінен қорқады. Халың қазақ қайта көтеріліп, рухты болып кетме деп шошиды. Олардың көбі қазақ руларының арасына сіңісіп кеткен, Орта Азия аймағындағы Жошы ұрпағының саны шамамен 1 милл.нан асуы мүмкін дейтін ғалымдар бар емес пе? Бұның басында Мұхтар Шахановтың болғанын білесіздер. Оны ана қырғыз Айтматов қостады. Бір Мағауинның өзі екеуінің аяғын бір етікке тықты. Қазақтың соңғы рухы Кененің басымен қайта бой көтеретінін билік біледі. Әрине, біз өзіміздің хан әулетімізді жоғалтқан халықпыз. Сондықтан да, берекесіздік, әлжуаздық бой алып, осындай күйге түсіп отырмыз. Төреден кім бар елді басқаратын дегенде сұрақтың туындайтыны шындық. Бірақ, мен ойлаймын, билікті қолына бермесеңде, қазақтың рухани әлемін ұстап отырар төре баласын тауып тағайындау керек. Билікте, бізде қорықпайық. Бүгінгі мемлекетімізді бір арнаға тоғыстыруда, жүйелеп, іркесін нығайтуда Ханның рөлі ерекеше болды. Әй қайдан, айтамыз аузымыз кеуіп. Ендігі жерде “ғұмырлы патшамыз” өзін хан, әулетін төре деп жарияламаса болды.

  9. Я, ендігі қазақ “төре”, “ақсүйек” дегенді ұмытуы керек. Қазақтар Шыңғыстың әулетінсіз-ақ ел бола аламыз, мемлекет құра аламыз! Жошы ұрпақтары біздің халықты қанша жыл биледі, төстеті. Олардың билігін әрең құлаттық, ұлы Ресейдің арқасында, Енді төресізде төбе құрып, ақсүйексіз мемлекет жасай аламыз. Төрелер ренжімеңдер, сендерге билікті құайтып бер алмаймыз. Хан деген атақта бере салу қиын дейсің бе? Президентімізді хан атауды Орта жүз 1 болып бастайды, сосон, кіші жүз қостайды! міне, жаңа мемлекетеке жаңаша билік буыны осылай келе салады.

Жауап беру

Your email address will not be published.

This site uses Akismet to reduce spam. Learn how your comment data is processed.

Соңғы жазбалар