Кедендiк одақ – Ресейдiң империялық амбициялары негiзiнде құрылған саяси одақ, экономист ретiнде оның еш пайдасын көрiп отырған жоқпын. Өткен аптада «Қазақ журналистерi клубының» кезектi қонағы болған экономист Меруерт МАХМУТОВА Кедендiк одақ жөнiнде өз пiкiрiн осылай жеткiздi. Кездесу барысында мұнай саясаты, баға, тариф, тағы басқа күрделi экономикалық тақырыптар сөз болып, экономист Қазақстан экономикасының қазiргi жағдайына өз бағасын бердi.
Кездесу жалпыға ортақ, қарапайым халықты қызықтыратын өзектi тақырып, соңғы кездерi бағаның шарықтап тұрғанынан басталды. Клуб модераторы Жанболат Мамайдың: «Азық-түлiк, жанар-жағармай бағасы тағы да өсе ме? Халықтың әлеуметтiк жағдайы қалай болады?» деген сауалына Меруерт Махмутова «ол толықтай импортқа тәуелдi, қарапайым тұтыну тауарларын өндiрмейтiн елiмiз үшiн алдын ала болжам жасау қиын». «Бiздiң елдегi бағаның, оның iшiнде азық-түлiктiң бағасы шетелдiк валюталардың курсының құбылуына, басқа елдердiң ауылшаруашылығына көрсетер қолдауына толық тәуелдi. Себебi, өндiрiстiң жоқтығынан қарапайым тауарлардың өзiн импорттан тұтынуға мәжбүрмiз. Сондықтан ертеңгi күнi азық-түлiк бағасы тұрақты болады, қымбаттамайды, инфляция болмайды дегендi сенiммен айта алмаймын. Бұл сауал тiкелей Қазақстанның экономикасының, өндiрiсiнiң дамуына да тәуелдi. Неғұрлым өндiрiс ошақтарын көбейтiп, iшкi өнiмдi арттырған сайын бұл мәселенi шешiп, бағаны құрықтау мүмкiндiгiмiз арта түсер едi», – .дейдi экономист. Ал бағаның өсуiне Кедендiк одақтың қаншалықты ықпалы бар деген сауалға «Қазақ журналистерi клубының» қонағы бұл одақты мүлде қолдай алмайтынын айтып жауап қатты. «Менiң ойымша, Кедендiк одақ – экономикалық емес, саяси одақ. Жеке басым Кедендiк одақты қолдай алмаймын. Бұл одақ Қазақстанға шығыс алып келмесе одан келер кiрiс жоқ. Елiмiз аталған одаққа кiру арқылы халықаралық тарифтерiнiң құнын арттырды. Оларды Ресейдiң тарифтерiмен теңестiрдi. Ол одаққа кiрместен бұрын экономикамыз сауда саясаты жағынан дүниежүзiндегi ең либералды экономикалардың бiрi едi. Себебi, бiздiң тарифтер өте төмен болатын. Ал қазiр Ресейдiң өндiрiсiн қолдап, тарифтердi аспандатып алдық. Ал ол айналып келгенде, қарапайым халық мойнына түсер жүк. Себебi, пайдаланатын тауардың тарифы қымбаттаса, сәйкесiнше оның бағасы да артады. Менiң ойымша, бiздiң мемлекет басшыларымыз Кедендiк одаққа Путинннiң империялық амбицияларын қолдап қана кiрiп отыр. Одан өзге негiз көрiп тұрған жоқпын», – дейдi Меруерт Махмутова. Ол елiмiздiң мұнай саясатын берекесiздiк пен ысырапқа балады. «Соңғы айда мұнай бағасы көтерiлiп келедi. Жүзге (100 АҚШ доллары – М.Х.) дейiн жетейiн деп тұр. Қазақстанның экономикасы, бюджеттiк қоры көбiне осы мұнайдың бағасына байланысты. Мұнайдың бағасы жоғары болса, әрине, бұл Қазақстан экономикасына пайдалы. Бюджетке кiрiс болады, салықтар уақтылы төленедi дегендей. Бұл өз елiме жамандық ойлағаным емес, бiрақ бiрнеше жыл мұнай бағасының төмендеп кеткенiн де қалар едiм. Себебi, сонда ғана басшылық ойланып, ақшаны басқа да экономикалық тиiмдi жобаларға сала бастар ма едi деймiн. Онсыз Ақорданың ойланар түрi жоқ. Мәселен, Норвегияның мұнай саясаты қандай. Олар мұнайды үнемдеп, одан тапқан қаражатпен басқа өндiрiстердi дамытуда. Мұнай жалпы iшкi өнiмнiң 25 пайызын құраса, балық шаруашылығы дәл сол деңгейде. Ал халқы БҰҰ қорытындысы бойынша соңғы үш жылда әлеуметтiк жағынан ең қорғалған ел қатарына кiруде. Ал бiздiң басшылық бар дүниенi ысырап етiп, басқа саланы дамытуды қаперiне де алып жатқан жоқ», – деген ойын жеткiзген ол елiмiздiң инновациялық даму бағдарламасынан да түк шықпасын айтады. «Осыдан бiр күн бұрын газеттен өзбек сарапшысының Қазақстан өзiнiң барлық инновациялық даму жобаларын Өзбекстаннан көшiрiп жатыр деген пiкiр оқыдым. Мен оны оқып күлкiм келдi. Бiз жекешелендiру арқылы бiршама мұнай компанияларын шетел компанияларына берiп қойдық. Ал Өзбекстанның бiзден айырмашылығы олар ең iрi өндiрiс ошақтарын мемлекеттiң өзiне қалдырды. Олардың болашақта бiзден озар тұсы да сол болады деп ойлаймын.
Барлық мұнай компанияларын шетелдiктердiң қолына берiп қойғаннан кейiн анда-санда олардан салық алғаннан өзге тауып жатқан пайдамыз жоқ. Кейiн билiк ауысып, басқа президент келер болса да, егер iрi өндiрiс мемлекет қолында болмаса олардан келер пайда жоқ. Ал Қазақстан экономикасы мен Өзбекстан экономикасын салыстырсақ, өзiндiк плюстары мен минустары бар. Көршi елдiң тым жабық экономикасы дұрыс емес. Бiрақ менiң ойымша, олар Кәрiмов билiктен кеткен күнi бұдан мүлде өзгеше реформаға, анағұрлым тиiмдi жүйеге көшедi.
Мен Қазақстанның инновациялық даму бағдарламасына да мемлекеттiң қазынасын жекелеген адамдардың тонауы үшiн жасалған жоба ретiнде қараймын. Естерiңiзде болса, құрылыс компаниялары халыққа қарызданып, басшылары шетелге қашатын 2008-де басталды. Ал 2009 жылды алып қарасаңыз, мөлшермен тағы екi жүзден астам құрылыс компаниялары пайда болған. Бұлардың барлығы да билiкке жақын шенеунiктердiң бюджет қаражатын жымқыру саясатының бiр бөлшегi ғана. Тағы да қарапайым халықты тонаудың бiр түрi менiңше. Билiк қоғамға мұның барлығын экономиканы дамыту мақсатында жүзеге асырып жатқан игi iстердей көрсеткiсi келедi. Ал шын мәнiнде халық несiбесiн тонаудың тағы бiр көзi ғана. Дағдарыстан ел экономикасын құтқарамыз деп қанша ақша жымқырылып кеттi. Осы жобалардың аясында жасалған жұмыстың бiрi «Жол картасы» бағдарламасы ғана жекелеген азаматтарды жұмыспен қамтуға өз әсерiн тигiздi әрине. Десек те одан өзге алып келген пайдасы жоқ. Менiң ойымша, дағдарыспен күрестiк деп шашқан ақшаның сұрауы болашақта мiндеттi түрде болады. Сол кезде дағдарыспен күрестiң салады негативтi болады. Ұлттық банк төрағасы Григорий Марченконың теңгенi бақылаулы ағысқа жiберу туралы шешiмiнiң айтарлықтай салмағы жоғын айтты М.Махмудова. Одан келер өзгерiстер аз. Себебi теңгенiң курсы бәрiбiр мұнайдың бағасына тәуелдi. Мұнайдың бағасы артып, оның әсерiнен ұлттық қор молая түссе, әрине, теңгенiң күшею тенденциясы байқалады. Керiсiнше болған жағдайда теңге әлсiрейдi. Бiрақ Кедендiк одақ арқылы бiз төл валютаның курсын да көршi ел экономикасына байлап қойдық. Жуырда Марченко «Ресей девальвация жасаса бiзбен ақылдассын» деген күлкiлi мәлiмдеме жасады. Бұл ақылға қонымсыз. Көптеген әрiптестерiңiз ортақ валюта туралы Қазақстан президентi сөзi қаншалықты жүзеге асады деген сауал қояды. Менiңше, әлемге ортақ валюта болуы – орындалмас миф. Себебi, Ресей экономикасы мүлде бөлек дүние. Қазақстандiкi мүлде бөлек. Оларды бiр қазанда қайнатудың арты жақсылыққа апармайды. Оның үстiне бiрқатар iрi шетелдерде мәселен, Испанияда валютаға қатысты мәселелер туындап отыр. Сол сияқты бiр мемлекеттiң экономикасы қуатты, ал екiншiсi – әлжуаз, үшiншiсi орташалау болады. Әлемге ортақ валюта жасау – бос қиял. Сондықтан Кедендiк одақ аясында құрамына кiретiн елдердiң бiр макроэкономикалық аймаққа кiруi дұрыс емес. Оның Қазақстанға қажетi де жоқ деп есептеймiн. Кедендiк одақта үш мемлекет болған соң олардың мүддесi де, көксегенi де әртүрлi. Ресейдiң ойы басқа, Беларусьтiкi басқа, ал бiздiң билiк мүлде үн қатып жатқан жоқ. Тек көнумен отыр. Жуырда Гайдардың «Гибель империи» деген кiтабын оқыдым. Оны оқып отырып, ондағы сөздер бiрiншi кезекте Путинге арналған деген қорытындыға келдiм. Гайдардың кiтабының басты идеясы – Ресей жаңа империя құрамын деген мақсат қоймау керек. Себебi, оның аяғы Ресейдiң өзiн құртады. Соңында Ресей екiге бөлiнiп, ыдырап кетуi де мүмкiн. Десек те Кедендiк одақ алып келген қымбатшылықты қазiрдiң өзiнде айқын сезiнiп отырмыз. Себебi, картоптың өзi Астанада жүз отыз, жүз қырық теңгеге барған. Бұған дейiн қанша дағдарыс болса да картоптың бағасы дәл бұлай көтерiлмеген едi», – дейдi экономист.
Меруерт Хусайынова
“Жас алаш” газеті.