//

«Балапан қаз» әні сөзінің авторы кім?

5312 рет қаралды
28

Сенбі, ақпанның 26-сы. Таңертеңгі сағат 9. 00-дағы жаңалықтардан кейін «Қазақ радиосының» «Шалқар» бағдарламасынан халық әндері мен халық композиторлары әнінен концерт беріліп жатыр. Әуелі  әнші Айгүл Иманбаева мен «Серілер» тобы Ақан серінің «Шырмауық» әнін әуелетті. Одан кейін әнші Ұлту Қабаева халық әні «Балапан қазды» орындайды деген жүргізуші «сөзін жазған Жұмаш Арғынбеков» деп салды. 

 

«Балапан қаз» әні атышулы «Көшпенділер» фильмінің негізгі әні болып таңдалып алынған еді. Әннің мәтінін Моңғолияның Баян-Өлгий аймағында дүниеге келіп, Қазақстанның Қарағанды облысында о дүниелік болған  ақын Арғынбай Жұмажанұлы жазған болатын. Ән мәтінімен және нотасымен Моңғолияның еңбек сіңірген қайраткері күйші, композитор, өнер зерттеуші Қабыкей Ахмерұлы жинастырған «Моңғолия қазақтарының халық әндері» кітабында жарық көрген.

 

2006 жылы «Көшпенділер» фильмінің бас кеңесшілерінің бірі болған жазушы, профессор Ақселеу Сейдімбек бұл туралы: «Қазақ халқы ХХ ғасырда әлемнің қырық шақты еліне тарыдай шашылды. Осылардың ішіндегі мәдени-рухани өнім беріп, өнер туындата алғандары – төрт-ақ елдегі қазақ диаспоралары. Олар: Қытайдағы, Моңғолиядағы, Өзбекстандағы және Түркиядағы қазақтар. Ресейдегі бір миллионға жуық қазақ соңғы бір ғасыр аясында мәдени-рухани «бедеулікке» ұшырағанын көз көріп отыр. Бұл қазақ диаспораларының тағдыр-талайына барометр болатын мысал» дей отырып, «Көшпенділер» фильмінің ажарын ашатын ән іздеу барысында көңілге қонымдысын таппай қиналғанын айтады «Қазақ әдебиеті» газетінің 2006 жылғы №3 санындағы «Бір өлеңнің жай жапсары» атты мақаласында.

 

Сөйтіп таңдау осы «Балапан қаз» әніне түскен екен. Ақселеу Сейдімбек ән мәтінінің авторы Арғынбай Жұмажанұлы жайында айта отырып, оның қазақ мәдениетіне қосқан теңдессіз үлесі ескерілмей, елеусіз ғана дүниеден өткендігін өкінішпен еске алады. Әрине шетте жүріп қазақтың рухани байлығын еселеу мақсатында тынбай еңбек еткен тұлғалар аз ба? Өкініштісі сол, олардың еңбегінің еленбей жатуы. Еленгені былай тұрсын, осы әнді орындағаны үшін Арғынбай Жұмажанұлының отбасына қаламақы төлеу былай тұрсын, енді авторын бұрмалауға жол беретін болыппыз.

 

 Ұлту Қабаева бұл ән мәтінін жазған адамның кім екенін шынымен білмей ме, жоқ, әнді эфирге шығарып отырған журналист қателікке бой алдырды ма, ол жағын айту қиын. Ең бастысы интеллектуальдық бұйым қорғалуы тиіс. Алтынбек Қоразбаев пен Марат Ильясов бір ән үшін бет жыртыстырып жатыр. Ал Арғынбай Жұмажанұлының жоғын жоқтар жоқтаушысы жоқ болғаннан кейін әншілеріміз бен журналистеріміз оның атын мың құбылтып, ойларына келгенін істеп жүр. Дәл осындай жағдай моңғолиялық қазақ ақыны Кәкей Жаңжұңұлының «Барам, апа, көктемде» әнінің басынан өткені мәлім. Әннің авторы маған белгісіз, ал сөзі Кәкей Жаңжұңұлына тиесілі.  Кім екенін білмеймін бір әнші қыз осы әннің қайырмасын:

Барам, апа, көктемде,

Жаңбыр жауып өткенде.

Алтай алқа таққанда

Бұлақ сыңғыр қаққанда, – деп айтып жүр. Шын мәнісінде:

 

Барам, апа, көктемде,

Жаңбыр жауып өткенде.

Ағаш алқа таққанда

Бұлғын сыңғыр қаққанда, – «Бұлғын» ақынның туып өскен өлкесіндегі өзен атауы.

Ал қазақы тірліктің қаймағын кілкіп өскен Арғынбай Жұмажанұлы «Балапан қаз» әнінің мәтінін былай өрбітеді:

 

Бұл өлке біздің ауыл жайлаған жер,

Желі де асау құлын байлаған жер.

Көзіме от жалындай көрінесің,

Құрбыммен тай құлындай ойнаған жер.

 

Бұл өлке біздің ауыл күзеген жер,

Қарагөз уәдесін үзбеген жер.

Көзіме от жалындай көрінесің,

Қолаң шаш бойын сылап түзеген жер.

 

 

Бұл өлке біздің ауыл қыстаған жер,

Желі де құлын, тайын ұстаған жер.

Көзіме от жалындай көрінесің,

Құрбымның қолын алғаш ұстаған  жер.

 

Бұл өлке біздің ауыл көктеген жер,

Қалқатай уәдемен кетпеген жер.

Көзіме от жалындай көрінесің,

Алдымнан келін кесіп өтпеген жер.

 

Адамзат тірлігінің төрт маусымы жыл мезгілдері арқылы суреттеледі. Және қазақ өміріндегі бейнелілік, кез келген сезім мен мұңды өзгеше астарлап жеткізушілік өлеңнің өн бойында байқалады. Ақын қазіргілердей өтірік күйіп жанбайды, сүйдім деп бетке айтпайды. Сезімнің нәзік иірімдерін астарлы сурет арқылы жеткізеді.

Ендеше өнер иелеріне қиянат жасалмаса екен. Еңбегі еленбей-ақ қойсын, Қазақ елі шетте жүріп руханиятының туын көкке самғатқан перзенттері бары жайында бір сәт ойланбай-ақ қойсын. Бірақ олардың туындыларын өзгенің атына танбаса екен.
 

Есенгүл Кәпқызы.  

Қарақаттың орындауындағы “Балапан қаз” әні
Скачать с podkazt.kz

Парақшамызға жазылыңыз

28 Comments

  1. Қазақ халқында атаусыз ер болғанмен, атақсыз ақын болған емес.Қай заманды алсаң да сол замандағы әлеуметтік, саяси экоономикалық жағдайлардың барометрі іспеттес ақын , жыраулары болған. Солардың бірінің әні осы “балапан қаз” әні болатын. Монғолия қазақтары сонау жиырмасыншы ғасырдың 90-жылдары тарихи отанына оралғанда осы ұлы көштің әнұраны іспетті болған осы әнге қиянат істеу, арғысы аруақты, берісі қазақ ұлтының мәдениет тарихына жасалған қастандық деуге болады. Қазақ ән-күйінің жанашыр атасы деп атауға болатын Ақселеу ақсақалдың топырағы кеппей жатып, ол кісінің өмірлік еңбегін жоққа шығаруға оларға кім құқық берді. Сол марқұм ақсақалымыз осы әннің атын, ата тегін анықтап білгенсоң ғана киноға берген ғой. Қателіктерін өздері түсініп баспасөз бетінде ресми кешірім сұрап, әнді иесіне қайтарып беру керек.

    • Жарайсың! Өтірікке жол жоқ….. Артында ұрпағы халқы бар….

  2. өте дұрыс мәселе көтерілгут екен. Ұлту да журналисте де ұят жоқ екен. бұл асқан сауатсыздықтың белгісі. негізі тектеп тиятын мәседле екен. Ұлту белгілі әнші Стамғазиевтің әйелі болу керек. ендеше бұндай сорақылыққа қалай жол берді екен. күйеуінен сұрау керек? ана әйелінің сауатын ашсын. Ұрлық жасамасын. бұл қазақтың әнші , сазгерінің бәрі ұры болып кеткен бе? кеше Алтынбек пен Марат, ал бүгін Ұлту? Ұятай.

  3. Қазір халықтың сонау заманнан келе жатқан дүниесін иемденіп, бизнес көзіне айналдырып жүрген адамдар көп қой. Кеше ғана қытайдағы “Қара жорға” мен “Ағажайды” өзі “толғатып” туғандай боп Алматыда Ербосын Нұрмұқан деген біреу жүр. Енді мынау. Жалпы, халықтың мүлкі ешқашан ешкімге тәуелді емес. Ол ұрпақтан-ұрпаққа жалғасады, көшеді.

  4. алжыган ит ар турли бок тышады деп улкендер айтушы еди,шынында рас екен гой.кай-кайсысы да алжаскан екен

  5. Кәкей ақынның “Лениншіл жасқа” (1974 ж болуы керек) шыққан өлеңін сол кездегі оқушы біздерге бүкіл Бұлғын мектебі болып үзілісте оқып таныстырып еді. Сол кезде санамызда жатталып қалған бұл жолдар кейін бізге туған жерге, елге деген сағыныштың сырлы жолдарына айналды…
    Барам, апа, көктемде,
    Жаңбыр жауып өткенде.
    АҒАШ алқа таққанда
    Бұлғын сыңғыр қаққанда – дегенде АҒАШ емес АЛТАЙ алқа таққанда деп айтылатын!
    Шындығында ақын бұлттан алқа таққан Алтай тауын, Қытай шекарасына қарай ағатын Бұлғын өзенін жырға қосқан еді. Мұны әнге айналдырған композиторды анықтап сол тарихты білетіндер болса хабарласқаны абзал!

  6. Есенгүл, айналайын!
    Арғынбай ағаға араша түскенің оңды болыпты. Расында, Монғолиядағы қазақ әдебиетінің мәдениетке қосқан үлесін сендер айтпасаңдар өзге кім елеп-ескеріп жатыр? “Өзі жоқтың көзі жоқ” демесін олар. Марқұмдардың артында көзі қарақты зерделі оқырман қауымы бар. Өзің секілді күнін жоқтаушы зиялылар барда шындық бұрмаланбайды. Алла жар болсын, Кәп ұстазымыздың аруағы қолдасын! Рахмет, қарындасым!

  7. Есенгүл, мақалаңды өте өзекті мәселе қозғалған. Ұлт өнері мен мәдениетіне байланысты мәселелердің үлкен-кішісі болмауы керек деп ойлаймын. Әншілер, дикторлар тарапыннан бұндай қателіктерге жол берілмеуі үшін қазақ музыкасы, ән өнері, сазгерлері туралы электронды энциклопедия шығару қажет деп ойлаймын.

  8. Бұл өте тамаша ән! Көзге жас, көңілге сағыныш ұялатады. Туған жерді сағынған жүрекке медет етіп тыңдаймыз. Есенгүл апйдың, бұл мақаласы ән жайлы таным-түсінігімді тіптен тереңдетіп жіберді. Бұл қателік шынында да радио дикторларының қатесі болуы мүмкін. Қазақ радиосының әзіргі халі – қарын ашырады, үрей қашырады. Әннің авторынан емес, қай мемлекетте жргеніңнен де адасасып қалуыңыз ғажап емес. Сақау дикторлардың дауысынан Өзбекстанда жүмін бе, әлде, Қырғызстанда тұрмын ба, деп қаласың…..

  9. Расында бул казак халкынын жанынды тебырентып,козге жас келып,конылыне сагыныш уялататын ан.Быздын коршылес туратын Байолкелык туыскандардын керемет жазылган андеры оте коп..Ел кулагы елу дегендей,быреу болмаса быреу быледы уйалмай калай озымдыкы деп айталады.Алде Казахстандыктар шет елде журген казакты мангурт санайма,булар дым былмейды деп.Кейбыр андерды естып отырсан не ауен жок,не созынде магына жок айтеу дырдай боп орындап турады аншылер.Олгейлык акын жазушыларды,кай ан кымдыкы екенын Есенгул жаксы былып турсын,сол себепты айтып ,жазып,кейбыреулердын козын ашып,пыкырталаска салып коргаганын дурыс.Электронды энциклопедия шыгару деген оте дурыс,ешкым урлай алмайды тайга танба баскандай авторы турады.

  10. Кеше (6-наурыз) тағы да Қазақ радиосынан “Іркужан” деген халық әнін бұрмалап айтқызды.
    Әншілер тобының орындауында “Іркужан” деп диктор дұрыс-ақ жариялап еді, әлгі әншілер тобы – қайырмасында Іркужан емес Еркежан деп, үкілі қыз Балжан-ай деген шумағын Бағлан-ай деп айтып өз білермендігін жасап, ұятты іс істеді. Шек қою керек мұндайға!

  11. Алтын аруақтар үшін атқарылған аса көрнекті іс болыпты. Қолдасын!

  12. “Балапан қаз” әні Монголияның Баян-Өлгий аймағының Тұлба сұмынының 10 жылдық мерей тойына арналып шығарған әні. Айғақ болатын көне көз қарттар да баршылық. Дәлелі де бар. Ең алғаш әнін Қабсөк деген әнші айтқан.

  13. Ұлту Қабаева 2008 де монголияға көнсерт қойып келгенде осы “Балапан қаз” әнін орындарда өз ауызымен айтқан “бұл әнді монголия қазақтарынан алдым.”-деп. Ал енді қазір неге бұлай дегенін түсінбей отырмын. Ал Какей Жаңжұңұлының “Барам апа көктемде” әнін мен алғаш мамамнан естіп үйренген едім. 2007 жылы болу керек Какейдің 50 жылдық еске алу кеші болғанда Бұлғын FM радиосында осы әнді жаттап орындадым сол кезде мен Барам, апа, көктемде,
    Жаңбыр жауып өткенде.
    Алтай алқа таққанда
    Бұлақ сыңғыр қаққанда,-деп орындағам

  14. Какей Жаңжұңұлының “Барам апа көктемде” әнін қазір кім орындайды? Тыңдағым келіп ғаламтордан іздегенмін, ешқандай орындаушыны таба алмадым?

  15. Ж.Кәкейдің “Барам апа көктемде” деген өлеңін қазақ радиосынан анда-санда естіп қаламын. Әннің “Бұлғын сылдыр қаққанда” деген жерін “Бұлақ сылдыр қаққанда” деп бұзып айтады екен. Тауып жария етейік, бәрің де ат салысыңдар!

  16. жарайсыз Есенгүл апай. Баян-Өлгийлік ат төбеліндей азғана қазақтың сіздердей жоқтаушысы бар екенін біліп марқайып қалдым. алла каламыңызды сиялы қылсын. алга!

  17. Негізі халық әні екен. Халық әндерді өңдеп авторы болу болмас! Есенгүл толық зерттемеген

    • Халық әні деп жаздық қой. Тек сөзін Арғынбай Жұмажанұлы жазғаны айтылып тұр. Пікір айтардан бұрын түсініп оқысаңызшы

  18. 14-15 ғасырдан бері келе жатқан көне ән екен. Сөзіде қатты өзгерместен халық аузында сақталып келген. А.Жұмажанұлы жинақтап қағазға түсірген. Авторы емес зерттеуші ғой!

    • Кешіріңіз, сөзін Арғынбай Жұмажанұлы жазған. Ән көнеден келе жатқан халық әні. А. Жұмажанұлы зерттеуші емес

  19. Көне ән мәтіні арқылы сақталады. Мәтінісіз жеке әні ғана ыңылдап айтылып сақталып келу мүмкін емес. Қазақ халқының ауыз әдебиетінде мәтіні ұмытылып әні ғана айтылып келген деген жалған болар.. Талай жыр дастандар бүгінгі күнге дейін жетті ғой.

  20. Бәрін қойыңыздаршы, маған осы “Балапан қаздың” ДӘЛ “Көшпенділерге” Саундтрек болған нұсқасын, яғни Ұлту Қабаева айтқан нұсқасын тауып беріңіздерші! Өтініш!!!

  21. Бұл өлке – біздің ауыл жайлаған жер-ай,
    Желіге асау құлын байлаған жер-ай.
    Көзіме от жалындай көрінесің-ай,
    Тебісіп құлын-тайдай ойнаған жер-ай.

    Ей, ахау, сабаз!
    Ұшырдың ұясынан балапан қаз-ай!

    Бұл өлке – біздің ауыл күзеген жер-ай,
    Айланып сұлу шашын түзеген жер-ай.
    Көзіме от жалындай көрінесің-ай,
    Ғашықтар уәдесін үзбеген жер-ай.

    Ей, ахау, сабаз!
    Ұшырдың ұясынан балапан қаз-ай!

    Бұл өлке – біздің ауыл қыстаған жер-ай,
    Қолына бес түлік мал ұстаған жер-ай.
    Көзіме от жалындай көрінесің-ай,
    Аң қуып ата-бабам құс салған жер-ай.

    Ей, ахау, сабаз!
    Ұшырдың ұясынан балапан қаз-ай!

    Бұл өлке – біздің ауыл көктеген жер-ай,
    Әрқашан құт береке кетпеген жер-ай.
    Көзіме от жалындай көрінесің-ай,
    Алдыңнан келін кесіп өтпеген жер-ай.

Жауап беру

Your email address will not be published.

This site uses Akismet to reduce spam. Learn how your comment data is processed.

Соңғы жазбалар