Мемлекеттік тіліміз қайда қалады?

880 рет қаралды
2

otinish1«Тәуелсіздікті қорғау»» және «Мемлекеттік тіл»

қоғамдық демократиялық қозғалыстарының

төрағасы Мұхтар Шахановтың мәлімдемесі

 

Менің атыма қарапайым халық өкілдерінен, қоғамдық ұйымдардан 2011 жылдың 3-сәуірі күні өтетін кезектен тыс Қазақстан Республикасының Президенті сайлауына кандидат боп тіркелуге шақырған ұсыныстар түсе бастады. Ондай ұсыныстар баспасөз беттерінде де, интернеттерде де жариялануда. Барша тілеулес жандарға шынайы ризашылығымды білдіре келіп, мынадай мәлімдеме жасағанды жөн санап отырмын.

Бұдан он шақты жыл бұрын Парижде, ЮНЕСКО-ның штаб-пәтерінде жасаған баяндамамда: «Егер демократияны Эверест шыңына теңер болсақ, оған көтерілуге талпынған елдерде есеп жоқ. Бір мемлекеттер демократия шыңының орта тұсына ғана әзер жеткен. Көпшілігі етекте қалып қойған. Әрине, демократияға талпынудың өзі үлкен жетістік. Бірақ, өкінішке қарай, басты орынды көзбояушылық иеленген. Қазіргі таңда адамзат қоғамы әлемде нағыз демократиялық Эверест шыңына көтерілген бір де бір мемлекетті атай алмайды» деген пікір білдіріп едім.

Ал бұл ғасырда байлықтың қойыртпақтарына қолын былғамаған таза адамның билік баспалдақтарына көтерілуі мүмкін емес екені белгілі. Кезінде Қырғыз Республикасы Жоғарғы Кеңесінің Президенттікке ұсынған адамдары өтпей қалып, Шыңғыс Айтматовқа қолқа салған. Депутаттар бір жарым сағат бойына оның келісімін күткен. Бірақ Айтматов: «Қазіргі дәуірде таза адамның Президенттік қызмет атқаруы өте қиын» деген идеяны көлденең ұстап, көнбей қойған. Кейіннен: «Құдай сақтады, сәл болмағанда Қырғызстанның Президенті боп кете жаздадым» деп маған телефон соққаны бар. Өкінішке қарай, демократияның өзі «жемократияға» айналған бүгінгі кезеңде пенделік пен байлықтың лас иірімдеріне былғанбаған, тіпті өзінің дүниеқоңыздығын тапқырлығы етіп көрсеткісі келмейтін басшы табу қиынның қиыны. Менің бұл күрделі іске бет бұрмауымның бір себебі осы проблемалар төңірегіне негізделсе, екінші себебі елімізде әділ сайлау өткізудің мүлде мүмкін еместігінде жатыр. Сондықтан да жаңа сайланар басшыға (оның кім болатыны бәріңізге белгілі) «Тәуелсіздікті қорғау» және «Мемлекеттік тіл» қоғамдық демократиялық қозғалыстары атынан (бірінші кезекте бес мәселенің төңірегінде) сұрақ және ұсыныс-талаптар қойғым келеді. Бұл пікірлер бұрын бірнеше дүркін биліктің алдына тартылса да,­­ бәлкім, осы жолы ескерілер деген сенім алға шығуда. Олар мыналар:

 

1. «Тәуелсіздікті қорғау» халықтық демократиялық қозғалысы Кедендік Одақтың (РФ, БР, ҚР) Қазақстан экономикасына қаншалықты пайдалы, әрі қаншалықты зиянды екеніне жан-жақты ғылыми, тәуелсіз сараптама жүргізіп, оның әлеуметтік, экономикалық, қаржылық және саяси салдарына баға берді, осы саланы зерттеп жүрген ғалымдар мен мамандардың пікірі ескерілмегенін бірнеше дүркін мәлімдеді. Біртұтас экономикалық Кеңістікке еніп кеттік. Күнделікті тұтынатын заттар қымбаттаған үстіне қымбаттап бара жатыр. Ал Ресеймен шекарадағы кедендік тосқауылдар жақын арада алынып тасталмақ. Сонда біздің тәуелсіздігіміз, рухани құндылықтарымыз, мемлекеттік тіліміз қайда қалады? Бодандық өміріміз қайта бастала ма? Халықпен ақылдаспай мұндай тосын шаруаға бет бұруымыздың себебі неде?

 

2. Біздің еліміздегі демократияның тек сөз жүзінде ғана екенін дәлелдейтін бір мысал келтірейін. Осыдан төрт жылға жақын уақыт бұрын біз «Халық рухы» атты партия құрдық. Белгіленген екі ай мерзім ішінде 70 мыңға тарта партияға мүше болуға тілек білдірген 21 ұлт өкілдерінің төлқұжаты толтырылып, қолы қойылған қағаздарды тиісті орындарға тапсырдық. Өзге де көрсетілген тапсырмаларды мүлтіксіз орындадық. Міне, содан бері төрт жылға жуық мерзім өтті. Билік «жасаған істеріңнің мына жері дұрыс емес екен» дей алмады. Бар айтатындары «Әлі тексеріп жатырмыз!» деген алдарқату ғана. 28 рет бардық, өтініш жасадық, тексерістің қашан бітетінін сұрадық, немесе хат жаздық. Бір жауапты қызметкері «Үлкен бастықпен тіл таппасаңыздар партияларыңыздың тіркелмейтіні айдан-анық» деген пікірді жасырын түрде жеткізді. Міне, біздегі демократияның сыйқы. Бұл үмітсіз ісіміз тағы қанша жылға созылар екен?

 

3. Кезінде біз Қытайға жалға жер беруге бірауыздан қарсы тұрдық. Бұл салада қаншама жасырын мәселелер бұғып жатқанына кейін көз жеткіздік.

Ауыл шаруашылығына арналған жерлерді қайта сараптаудан өткізіп, латифундистер мен олигархтарға әр түрлі жолдармен шектеусіз үлестірілген, күтімсіз қалған жерлерді мемлекет иелігіне қайтаруды және оны диқан-шаруаларға, оралмандарға беру, ол жерлерді игеруге мемлекет тарапынан, ұлттық қазынадан қаржы бөлгізу қажет-ақ еді. Дәнді дақылдар өсіру, оны шетелге сату сияқты желеулермен бірлескен күмәнді кәсіпорындар құруға жол берсек ұтылысқа түспейміз бе? Сондай-ақ, қоғамдық меншіктегі нысандарды шетелдіктерге әртүрлі сылтаулармен 49 жылға жалға беру мәселесіне де тосқауыл қоятын кез жетті. Мәселен Қазақстан жазушыларының жалғыз Демалыс үйі де сондай дүрмекпен қытайлықтарға жалға беріліпті. Сол сияқты «ұстағанның қолында, тістегеннің аузында» кеткен өзге де құндылықтарымыз аз емес. Солардың бәріне сұрау салар кез жеткен жоқ па?

 

4. Қазақ тілінің мемлекеттік тіл мәртебесін иеленгеніне 22 жылға таяу уақыт өтсе де мемлекеттік тіл туралы арнайы заңның болмауы ана тілі беделінің құлдырауына әкеп соқты. «Хабар», «Қазақстан» телеарналарындағы «Спой», «Екі жұлдыз», «Сен сұлу» хабарлары мемлекеттік тіл қызметінің абыройсыздануына қызмет етуде. Кілең қазақтар отырып алып орыс тілінде ән салып, орыс тілінде пікірлесетін жобалар екі тілден ортақ ботқа жасауға, негізінен ана тіліміздің рухын түсіруге жол ашуда. Қазақстанның экспансияға ұшыраған ақпарат кеңістігін өз ұлтының рухани құндылықтарын насихаттайтын дәрежеге көтеру кезеңі әлдеқашан жетті деп білеміз.

Билік қазір «үш тұғырлы тіл» дегенді ойлап тапты. Бұл орыс тілін де мемлекеттік тіл жасау саясатынан туындаған әдіс. Әлі оң қолы мен сол қолын айқын айыра алмайтын балабақшадағы екі жасар сәбиге бірден үш тіл үйретуге бет бұру педагогиканың заңына түгелдей қайшы, қылмысқа барабар іс. Тіпті бұрынғы Кеңестер Одағының өзінде балаға шет тілді бастауыш сыныптан кейін үйрететін. Ал Жапонияда бүлдіршін 12 жасқа жеткеннен кейін ғана шет тілдерді үйренуге бағыт алады. Оған дейін жас қанат өз ана тілінің сұлулығын, құдіретін бойына толық сіңіруі, туған ана қуатын мойындауы қажет екен. Содан кейін ғана он тіл, тіпті жүз тіл меңгересің бе, өз еркің. Педагогиканың заңына кереғар «үш тұғырлы тіл» саясатын тоқтатуды талап етеміз.

 

5. Азиядағы ұлтсызданған,

Тілге, рухқа құнтсызданған

Бағынымпаз, ең жағымпаз елге айналды қазақ.

Күші зорға табынудан,

Үш жүз жылдық бағынудан,

Ұлттығы өшкен бұл халықты ояту бір азап…

 

Насихатқа байланысты қазіргі ортақ талғам.

Әккіленген билік мұны әбден зерттеп алған.

Радионы ашып қалсаң,

Телеарнаны басып қалсаң,

Күні-түні кілең «ТЖ», – кілең «Туфли жалау».

Дәстүр болды ТЖ-лықты зор дәреже санау.

Өтер жаздар, өтер күздер,

Қашан кетер екен бізден

Жағымпазды хас батырға балау,

Ал шыншылға халық жауы ретінде қарау?­­

 

 

Парақшамызға жазылыңыз

2 Comments

  1. Мұхтар Шаханов көпшілік ортада неге дараланып ерекше көрінеді деп ойлаушы едім. Қазір ойлап қарасам осындай елдік сананың тауқыметін арқалағандықтан ыстық көрінеді екен гой

  2. Мұхтар ағамыздың шыншыл өлеңі көңілімізді тебірентті. Өлеңнің ұлтжандылық мазмұны қазіргі қоғамымыздың кескін-келбетін бейнелеп тұр. Ардақты ақын ағамыздың қасиетті де қастерлі сөздері халық жадында мәңгілік сақталса екен.

    Екібастұз қаласы
    Юлат Жұмаділ

Жауап беру

Your email address will not be published.

This site uses Akismet to reduce spam. Learn how your comment data is processed.

Соңғы жазбалар