/

Отандастар Атажұрттан не күтеді ?

1135 рет қаралды
2

кемпірлерАлапат  өзгерістер  өтіндегі ХХІ  ғасырға ұлт ретінде  есен-сау жеткен  ҚАЗАҚ халқығаламдану  зұлматынан  келесі ғасырға  жете ала ма?  Бұл сауалға, әрине деп жауап бере алуымыз екіталай. Басы толық бірікпеген, саны 15 миллионға да жетпейтін,  Өз елінде  этникалықдаму көрсеткіштері  бойынша   4-орында  тұрған (!)  (Бұл мұнан 4 жыл бұрыңғы көрсеткіш. Ол кезде қазақтардың алдында  орыс, неміс, татарлар тұрған. Басқа ұлттардың этникалық даму көрсеткішін нашар деп айта  алмайсыз, дүген, кәрей, Кавказ халықтары, ұйғыр, күрдтердің  елдігі мен  тірлікке, өмір сүруге икемі төмен деп ешкім айта алмас), ел экономикасының  жанды  жерін бөгделер ұстап отырған,  инженер-техникалық, кәсіби мамандар мен  даяшылық  пен  қызмет көрсету  саласында  титулды  ұлттың үлес-салмағы  аз,  өз тілі  өз еліндегі қоғам  өмірінің 37 пайызына ғана  қызмет ететін, мифопоэтикалық  желпініспен   жүрген,  нарыққа  бейімі аз,  кәсіп пен еңбекке  қыры солғын, өндіруші  емес, тек  тұтынушы этнос болып отырған, ұлттық дәстүрін декоративті түрде ұстанатын  (мүмкін бұл  пікірлер  бәзбір  қуыскеуде, дауылпаз лепірме отансүйгіш қазақтың  қытығына  тиюі  кәдік), этникалық психологиясының  стереотипі   әр қилы,  қысқасы этникалық қорғаныс  механизмі  бекем емес (бір ғана мысал компьютер бағдарламасын жасау  түгіл оның  диалогтарының  (айталық  Windows) қазақша тәржімасы жоқ, академиялық қазақ-ағылшын (т.б. әлемдегі  жетекші тілдерден тәржіма сөздігі) сөздігі әлі жоқ,  Интернетте қазақша  Web беттерін  «көріп  беруге» әзерге табылатын),  елдігі  мен намысы бәсең, қысқасы  адамзат  көшінің  сабының соңына «ілбіп» ілесіп келе  жатқан «әлсіздеу» ұлт – ҚАЗАҚТЫҢ  бүгінгі  инерциясымен жоғарыда қойылған  заманауи, ғаламауи  сауалға  нық  жауап беруге мүмкіндік бермей отырған,  әмбеге  аян. Бұл    қазірге  дейін жеткен зор қарқынды экономикасы мен  «асты  кеніш, үсті  пейіш» деп жүрген  орасан зор аумағы мен Евразиялық  кеңістіктегі   ұрымтал  орналасқан  жағрафиялық  жағдайы,  қоян-қолтық араласқан суперэтностармен шекаралас (мұндай елдің  басқа «ергежейлі» жұрттармен,  басқа  көршілердің  сабына  тұруға құқы жоқ екендігі  белгілі) Қазақ  елінің баянды  болашағы  тұрғысынан қарасаңыз  елінің  ертеңіне алаңдайтын  азаматты  алаңдататыны  анық.

 

Алапат  өзгерістерімен адамзатты тығырыққа алып бара жатқан  глобализация заманы біз түгіл,  сан  ғасырлық  еуропалық  өркениеттің  қазанында қайнап,  терезесі тең болып отырған   шығыс  Еуропадағы  ұлттардың да басын дал  қылып отырғаны мәлім. Жуық арадағы 30 жыл ішінде  саны 15 млн.нан аспайтын  халықтарға  ұлттық бет бейнесін  сақтай алу, алмау сауалы кесе көлденең тұр дейді  ғалымдардың  пессимистік  болжамы…

Ұлтын сүйген әрбір жанның  санасын сайран,  ойын ойран етер заманауи мұндай  тауқыметтің алдына алуды дер кезінде қолға  алған  Қазақстан Елбасы Н.Ә.Назарбаевтың  саясаты  ең алдымен  қазақтың  санын  арттыруға  күш бөлді. Елбасының  дер кезінде ұрымтал  қимылдаған сындарлы  саясатының  арқасында Атамекеніне жарты  миллион  қазақ  ауып келді.

Алайда, нық  бағдарсыз  стихиялы  және  спонтанды  жүрілген,  әркімнің қанжығасында бір кетіп,  сындарлы ұстанымнан гөрі қасақана бұрмалаушылыққа  ұрынған  Қазақстанның  қандастарын  отанға   қоныстандыру саясаты  мен  оның   аяқ алысы, орындалу барысы  ешкімге қанағат сезімін ұялата қоймайды. Тұрпайы  социологиялық  санды   қуып кеткен  миграциялық  солақай  саясат нәубет кезеңіндегі «асыра  сілтеу  қалмасынның» кебін киіп  қана  қоймай,  Қазақстанның  халықаралық  аренадағы  беделіне  нұқсан келтіріп отырған соқталы  жараға айналған,   жазылмас  тауқымет. Әр жылдары  отандастардың  көші-қонынан  деп бөлінген  қаржының 1997-98 жж. 65,5-75,6 %, 1999 ж. 30,2% ғана игерілген (Қараңыз: «Ана тілі» 2004, 18-наурыз №12-13.Сұқбат). Кейінгі жылдары да бұл «індет» сол күйінде қалды. Оға сұрау салған  халық  қалаулылары да,  заң  орындары да  болған жоқ. Ал  оралмандар әдеп сақтады ма,  жоқ әлде  көбінің  азаматтығы  жоқ  себепті  заң  аясынан аса алмай үнсіз қалғанға  ұқсады.

 

Сөз орайында айта кетсек, егер сындарлы  көші-қон  саясаты жүрігізілген  болса,  Қарақалпақтан келіп  жатқан  қандастар  Аумақтық  мәжбүрлі бас  сауғалаушылар  туралы 1967 ж.  қабылданған халықаралық  Декларациядағы  жеңілдіктерді  кәдесіне  жаратар еді; 1997 ж.  қабылданған Халықтық көші-қон  туралы  ҚР  Заңында көрсетілген «Мемлекеттік көші-қон  Қоры» құрылар еді;  әр  облыста  кемі 250 отбасы  баспанасыз  жүрмес еді;  оралмандар өз  жерінен  ұлтарақтар  жер  учаскесін  тегін алар еді; ауылдағы  оралмандар жер  телімдерін  Мемлекетттік Жер  қорынан алып,  қаратабан  қайыршы  қазақтардың  қатарын  молайтпас еді  және  тағысын-тағы толып жатқан  «еділер»…

Оралмандардың осындай-осындай  ащы-тұщы тауқыметті айқайлап айтуға кезінде  саяси  құқықтары шектеулі болды (яки көбінің Қазақ елінің азаматтығы болмады және  шашырап  орналасуы себеп болды, Бұған қоса қазақы  көнтірілік  пен  салқынқандылық, бәлкім  байыптылық, ел мен жерге, Елбасы  саясатына  деген құрмет те өзіндік себеп  болған шығар). Үйсіз-күйсіз, жерсіз,  мүліксіз  жүрген,  тілдік, кәсіби біліктілігі, психологиялық,  заңдық-ісқағаздық  тұрғыдан  адаптациядан, ағартушылықтан  өтпеген  оралмандардың геометриялық  прогрессиямен  өсіп отыратын тауқыметі бірте-бірте  шешілетіндігіне дау жоқ. Себебі, жуық  жылдардағы  Қазақ  елінің   инвестициялық  мүмкіншілігі  мен экономикалық  мүдделер тоғысы  халықаралық  еңбек  рыногынан   еңбек  күшін  импорттауға мәжбүр  етуі  ықтимал екендігі Халықаралық  еңбек ұйымының  үстіміздегі жылғы Будапештдегі бассқосуында Бас уәзір   мырза айтып өтті. Сонда  шеттен міндетті  түрде  «қазақ» жұмыс күшін әкелетіндігі өзінен-өзі белгілі басы ашық мәселе.

 

Көші-қон  саласындағы  бір мүшелге (12 жылға) жалғасқан солақайлықтың  зардабынан  күн  өткен сайын ауылдан  қалаға келген урбанданған  қазақтар мен  ауылда  қалып  нарыққа енді  көндігіп келе  жатқан  ауыл қазақтарының (бұған елдегі 1,750 млн  жәрдемақымн күн  көретіндердің ауыртпалығын  қосыңыз)  тауқыметін оралмандар ауырлата  түсті деген  қоғамдық пікір көрініс  бере бастады. Мәселен  жуықтағы Қазақстан телеарасындағы «Күлтөбе» пікіралысу  хабарында ҚазҰУ-дің   оқытушысы,  оқымысты  ханымның өзінің пәтерсіз жүргенде оралмандарға  жасалған  жағдайға наразы екенін білдірді.  Мұндай  тенденция  қоғамдық пікірге ұласса Атамекендегі  қазақ пен  шеттен  келген қанндастар арасында  жік, сызат түсіп, жазылмас дертке айналып ұлттың  енді ұйып келе жатқан  бірлігіне нұқсан тигізуі кәдік. Мұндай  оқымыстылар Елбасы  саясатынан хабары жоқ па, әлде арандату үшін осындай әреке салатын әрекетке қасақана бара ма осы мәселемен  зерттеу және алдын алу қауіпсіздік органдарының арнайы  айналасатын мәселесінің бірі болуы  шарт. Өйткені өзгелерге  ұлт саясаты деп алдартқатып жүргенде өз ұлтымыз өз ішінен қожырап, іріп  бастамауына кепілдік жоқ.

 

Менімше соңғы 10  жыл ішінде  Атамекендегі  қазақ  пен  шеттегі  шерменде  қазақтың  арасында  белгілі дәрежеде жік түсті, көңілдерінде дік  қалды, бірін  бірі  күстәналауға  дайын  тұратын  келеңсіздік  пайда болды. Бірақ  оның қаншалықты  деңгейде  екендігін  дөп  басып айту қиын. Себеп біреу  ғана. Бір өзімізді, бір-бірімізді  танып білуге келгенде  марғау, селқостық  танытамыз,  зерттеп  зерделемейміз,  дүрмекпен жүріп  өзара сыйластыққа сызат түскен  туысқандар тәрізді күй кешудеміз. Шеттегі  қазақтардың  Атамекенге  деген  құр носталгиясы  мен жалаң  симпатиясы  мен  қарашаңырақтағы  қазақтар   тарапынан   оралман қазақтарға деген  мәдени  саясаты,   көзғарас  арасында   гармония  бар  ма?  Егер  солай  болса   әлемдегі   қазақ деген   жұрттың бірегей ұлт ретінде өркениеттің  көшінен  қалмай бірлікте, уақыт  дауылының  ауыртпалығын  бөлісе ала  ма?

Бәзбіреулер айтпақшы,  дәлірек айтқанда халық  жазушысы, қарақан  басының  мысалын айтқыш бір жазушы ағамыз айтқандай бір сандығы мен жалаңтөс кеудесін ғана сүйреп келуге  болмайды. Ол кездері  ғарышты игеру ғана (әрі қазақ  жеріне батыс өркениетінің элементтері келіп жатқан кез  болса) басталса, бүгінгі  ғаламат  технократтық өркениет кезеңінде индустриалдық дамыған Қазақтың Атамекенінде  адамзат  көшінен  қалмауға әрекет ете алатын,   «жедел өтетін  сығымдалған  уақыттың»  төрелегімен алға  тырбанып  қамдануға тарыдай болса да үлесін қосатын, білігі мен білімі бар, дені сау, санасы сергек қазақ қажет. Яки, сон-а-ау ХХ  ғ, 60 жылдарындағы  екпінмен алысқа  бармайтындығы  белгілі болды.

Дегенмен, коммунизм тұсында кейін бір  тамаша үрдіс бар еді: оның бірі  қазақша  басылымдар мен күйтабақ, фильм, кітаптарды алып тұратын-ды. Екіншісі – құпия  ұйымдардың  қалпағынан астында  болса да  ұлт үшін қызмет еткен шетелде тұратын  қазақтармен шұғылданатын “Отан”, “Қазақстан”  қоғамдарының сергек қызметіне дән риза болатын. Оның  бүгін аты да, заты  да жоқ.  “Қазақтар  қауымдастығы” аталатын аты дардай, атқарары  мысқалдай  қоғамдық ұйым да әлде,  сабантой жасайтын  мемлекеттік  ұйым ба  шалажансар бір  құрылым бар (Шәкене тірліктегі,  өз іргесін ғана ойлайтын қорлар мен өкіметтік емес ондай ұйымдар  бүгінгі Қазақстанда  мың-мыңдап саналады). (Қауымдастықтың  өкілдерін  жиыннан көре алмадық –Б.Х)

Көсенің  иегіне  селдірей  өскен  мұрт тәрізді әлемдегі  бар-жоғы   он-ақ  (бәлкім 12 млн бірақ,  бұл санға сену екіталай)  миллион  қазақтың  әрбірінің  тағдыр-талайы, еркіндігі  мен  бақыты үшін мемлекет болып,  Қазақстанның   әр  азаматы  болып  жан-тәнімен  сезінуіміз  қажет. Барлығын  нарық деген сылтауға  аудара салатын  жалтақойлық   Атамекендегі  қарашаңырақ Ел  халқына әдетке айналып бара  жатқандай. Өркениетті қоғамнан мысал іздеу керек болса, кішкентай ғана  Венгрия  шетелде әсіресе  Румыниядағы  қандастарына жан-жақты біліми, мәдени  қолдаумен  қоса,   венгрше мектепке барған  әрбір отбасына  жәрдемақы төлеп келгендігін  айтып  өтсек,  үлгі  алар ұлттық асқақтық деуге болады. Қазақстанның экономикалық  әлеуеті   шетелдегі  отандастарын  жаппай  қандай   түрде   десе де қолдауға  жан-жақты  жетер еді.

кемпірлер 2Шешуі аса  күрделі, күрмеуі мен түйткілі мол,  жолбикелер мен  жылпыстарға  азық  болғыш, ешкімнің меншігі емес,  ешкімнің  проблемасы емес, сондықтан да  сайып келгенде ештеңе емес,  мүмкін  көрінбейтін елес ОТАНДАСТАР саясатын  қалай  жүзеге асыру оңтайлы? Бұған «сөзі  ұзын  қазақтың»  жалпақ сөзімен  қара сөзді қаймақ қылмай  нақты  ой аңсарымызды  былайша білдірген  болар едік, әрине бір  кәдеге  жараса да жарамаса да,  азаматтық ар алдында ақталу үшін:

 

Бірінші. Отандастар  тауқыметін  үйлестіретін құқықтық-зандық  негізін айқындап алу  қажет. Яғни  Заң  қажет. Қазіргі Көшіқон заңы мен Кеден кодексі арасыдағы оралмандардың көшкенде алып келген техника, автокөлігіне жеңілдік  жасау  туралы  бір-біріне қайшы баптарына өзгерістер енгізуді мүдделі органдар мен заң шығарушылар қаперге алмайтындығынан  көші*-қонның қандай  жанашыры, сындарлы саясаты бар дегеніне күмәнданбас едік.

Әрине, заңға қоса Заңды  жүзеге асыратын  жекедара атқарушы  билік тетігі  болу  қажет және ол ешбір министрліктің  қанжығасында  емес  шағын  болса да,  дербес Министрлік болуы, бәлкім  ҚР Президентіне  тікелей  бағынатын ерекше мәртебедегі  Агенттік  болуы дұрыс (басқадай  құрылымның  шығарыпсалма. өткінші  болатындығы  дәлелденген). Ондай Шеттегі отандастармен байланыс  министрлігі (агенттігі) көші-қон мәселесімен қоса рухани, мәдени тауқыметімен, зерттеу,  зеределеу, Атажұрт пен  шеттегі  қазақтың арасын неғұрлым бекем ету,  Қазақстан саясаты мен қоғамдық-рухани,  экономикалық  өміріне тез  кіріге алатын  қандастарды  дайындау істерімен  шұғылдануы қажет

Қысқасы Отандастар саясатының  бағдары дегеніміз — Қазақ елінің  баянды  болашағының кемелденіп асқақтауына  жан-тәнімен,  күллі  болмысымен  толық   мүдделі болатын  шеттегі  қазақтардың  жаңа   толқынын  тәрбиелеу  деген сөз.

 

Екінші.  Білім беру саласында:

Шеттен ортақол білімділердің келгендерін  қабылдау емес,   шеттегі  қазақтар үшін  түріктердің   KATEV білім  беру  қоры тәрізді   арнайы   білім  беру  жүйесін  құру қажет.  Қысқасы  шетелдегі  қазақтар  тұратын аумақта  талапты  өрендер  үшін қазақ  гимназиясын, кәсіптік  лицей, университет филиалдарын,  дайындық  факультеттерін ашып,  оны ҚР тарапынан  қаржыландыру абзал. Бұл  дарындыларды  Қазақстан  оқу  орындарына  қабылдау арқылы  ақыл ой импортын  арттырады, ал  басқалар  үшін  Қазақстанға  келген жағдайда  ауыртпалықтарды азайтады, яғни кейін оралман ретінде келген жағдайда  басы артық  шығынды азайтып,  үнемдеуді арттырады,  сол елде  қалғанда жаны  қазақ, рухы асқақ болып, ұлт ретінде  қорғануына жол  береді.

Шеттегі қазақ  балалары мен спортшылары Қазақ  елінің  біріншіліктері мен білім  олимпиадаларына  қатысуына жағдай  туғызу. Оқушы  өрендердің   жаздық  демалыстарын  көптеп Қазақ  елінде өткізуіне  қолдау көрсету абзал. Оған мемлекеттік  ресурстардан  басқа  коммерциялық  құрылымдарды да  тарту. Мұндай  тәжірибе  мемлекеттік «Каникулы СНГ» тәрізді құрылымдарында бар.

 

Үшінші.  Бірегей  қазақ  мәдени-ақпарат  кеңістігін   қалыптастыру.

 Қазақ  радио, телеарналар  хзабарларын   шетелде ретранслациялайтын  құрылымдарды   дүниеге әкелу арқылы  әрбір   қарапайым  қазаққа Қазақ  елінің  мәдени,  экономикалық, саяси өмірі   туралы бірегей ақпаратты  алуына мүмкіндік  туғызу. Коммерциялық  арналар,  регионалдық  телестудиялар  құруға қол ұшын беру. Қазақтар тұратын елдерде  Қазақ ақпарат агенттігінің арнайы  корреспендентттік  пунктерін ашу да кезек  күттірмейтін  мәселе.

 

Төртінші.  Бірегей  рухани  ортаны түлету

Бұл  салада Қазақстандағы  жаңа  мемлекеттік концепция, бағдарлама,  стандарт, термин, сөзқолданысы тәрізді  рухани  өмірдегі  жаңалықтарды   жеткізу жүйесін  қалыптастыру.

Мұнда әсіресе тілдік бірегейліктен айырылмаудың  жолын іздеу  қажет.  Жасыратыны  жоқ,  шеттегі  қазақтар тілінде  жұтаңдыққа  қоса  өз бітінде  термин  түзу кең етек алып  бара жатуы   ұлттық  бірегейлікке  іріткі салар әреке  дегеннен  басқа ештеңе емес. Сондықтан  шеттегі  қазақтардың  ақпарат, білім беру, кітап басу,  шығармашылық   зиялыларын  жыл  сайын  Қазақстанға  шақырып,  тілдік,  терминдік,  сөз  қолданысындағы,  сөйлеу  әуезділігі  тұрғысындағы семинар, курс,  біліктілігін арттыру  шараларын  ұдайы  ұйымдастыруды   жедел   қолға алу  қажет.

Әлемдегі  қазақтанушылардың конгрессін өткізудің  маңыздылығы да үлкен болар еді.

 

Бесінші. Шығармашылық саладағы қоян-қолтық байланысты  арттыру.

Атамекендегі   және  шетелдегі   қазақтар арасындағы  шығармашылық  бірлескен тәжірибе алмасу,  есеп  беру кездесу,  шығармашылық  (музыка,  театр,   кино, телеқұжатттар фильм,  дизайн,  сәулет, ұлттық спорт,  көркемсурет, фотошеберлік, қолөнер  және  тағысын тағы) фестиваль, конкурс, көрме ұйымдастыруды  жолға қою

Шеттегі   қазақтар  арасындағы қазақ тілінде  жазатын, қазақ мәдениетіне үлес қосып жүрген шығармашылық   зиялыларына Қазақстан  тарапынан  Грант, стипендия  тағайындау, тапсырыстар  беру,   жобаларын  қаржыландыру лимитін  белгілеу. 

Шығармашылық  зиялыларына  Қазақстанға келіп  қайтуға    жол  жүру  Гранттарын   бөлу. Шығармашылық  зияларының  кәсіби  индивиудалдық  мамандарынан  басқа  бұқаралық  сипатта  қызмет ететін  мамандарды  мемлекет арнайы  жіберіп тұру

 

Алтыншы. Қазақтар   тұратын елдерде    Қазақстанның  мәдени-ақпараттық  орталығын  ашу

Қазақтар  тұратын  елдердегі  дипломатиялық   өкілдіктерде  тікелей   ондағы қазақтардың рухани, мәдени тауқыметімен  айналысатын  арнайы штатты   тағайындау, қазақ мәдениеті  орталығы, кітапхана ашуды ҚР Сыртқы істер министрлігі қолына алу мәселесін қарастырса оңды болар еді (Бұрыңғы Дом советской науки  и техники үлгісінде).          

Онда   баспасөз тарату, кітап сату,  үнтаспа,  СD, DVD, үнтаспа тарату,  қысқасы жан-жақты  мәдени-ақпараттық мәлемет алуды  қамтамасыз етуге  толық  мүмкіндік  бар және  мемлекет  қолдауымен  орнынан  қозғалса  оны  ары  қарай  жалғастыруға нарықтық-тұтынушылық орта, яғни  қазақ баласы  бар.

Сондай-ақ ғылыми әдебиеттер алмасу, кiтапханалық  абонемент, Интернет базасын қалыптастыру, әсiресе Қазақстандық  терминологиялық, заңдық, стандарттық, сертификаттық, патенттiк ғылыми-техникалық нұсқау, әдебиеттердi шетелдегi отандастарға (жеткiзу  жолын  қолға алу артық емес. Оны жүзеге асырудың бiрден-бiр оңтайлы  жолы  бiрлесе  жұмыс  жасауға мүдделiлiк танытқан шетелдiк  ғылыми мекемелермен  тығыз байланыс   орнату деп санаймыз.

           

Жетінші.   Ғылым саласында:

1. Шекара сыртында  тұратын  шетжұрттағы  қазақтар тұратын  аумақтарда  ешбiр  археологиялық  қазба  жұмыстары,  кешендi этномәдени,  фольклорлық,  этнографиялық,  тiлдiк  экспедициялардың легін арттыруы абзал. Қазақ мәдениетінің  озық үлгілерінің соңғы  легін  қазақ үшін  болмаса да,  адамзат мәдениетінің құрамдас бөлігі ретінде  мұрағаттап,  хатқа  түсіріп алуды  жеделдету керек.

2. Қазақстанда шетелдегi  қазақ  диаспорасына  қатысты фундаменталды зерттеулерге ерекше  орын  беру.  Айталық шеттегі  қазақтарды  антропологиялық,  биологиялық, генетикалық тұрғыдан   зерттеуге  жол ашатын кез  жеткен  сыңайлы. Мұндай  жұмысты халықаралық  зерттеу  Бағдарламалары (UNЕSCO, IREX, CAMP, МОМ) қолдауымен тұрақты түрде жүзеге асыруға мүмкіндік бар. Бұған мүмкiндiк  көп: дәлiрек айтсақ, қаптаған НПО-мемлекеттік емес ұйымдар мен UNЕSCO қолдауына сүйену артық етпейді. Ал, Швейцариялық биiк тау тұрғындарына бағытталған Берн университетiнiң CAMP бағдарламасы  қатарлы  қолданбалы-ғылыми зерттеулерге  шекара сыртында  тұратын  шетжұрттағы  қазақтар тұратын  аумақтарда  өңiрiн қамтуға  әбден мүмкiн және оны  биологиялық  қолданбалы зерттеу мамандары  жүзеге асыра алады.

 

Бұл айтылған ой-аңсарлар шеттегі  қазақ  баласының  арманы,  ертеңі ойлаған  мүддеден шыққан аңсары, сайып келгенде, әрине  ұлт «бесігін  аялау» ғана емес бесіктің бірегей әрі  бекем  болуым қамтамасыз етуге  мысқалдай  үлес  қоссам  деген азаматтық арынан туған ниет деп түсінген абзал.

Бабақұмар Қинаят

 

Парақшамызға жазылыңыз

2 Comments

Жауап беру

Your email address will not be published.

This site uses Akismet to reduce spam. Learn how your comment data is processed.

Соңғы жазбалар