/

Наурыз құтты болсын!

750 рет қаралды
2

DSC09135Күллі Шығыс халықтарының ұлық мейрамы – әз Наурыз да келіп жетті. Ғасырлар қойнауынан жыл сайын жаңарып, жаңғырып бүгінгі келбетімен осыдан жиырма жыл бұрын халқымызбен қайта табысқан еді. 70 жыл бойы бұғауда, ескіліктің қалдығы ретінде тойлауға тыйым салынған мерекеміздің бүгінгі келбеті мүлдем өзгеше. Наурыз жалпыұлттық мейрамға айналды. 

Былтырдан бері Наурыз 22-сінде емес, 21-інде тойланатын дәстүр қалыптасып келеді. Бұл мейрамда ресми түрде 3 күн демаламыз. Өзге мейрамдардың күнтізбедегі қызылмен белгіленген мерзімі ұзағанда екі күн. Демек қазақтың ұлттық мейрамы ретінде Наурызға мемлекет болып ерекше мән беріп отырмыз.

Әрине, Наурыз жаңа жыл секілді бір ай бұрын жарнамаланып жатқан жоқ, бір ай бұрын әлем-жәлем ілініп, Алматы мен Астананың бас шыршасын жағып та әуре болмаймыз. Бүгін Наурызды мерекелеп жатқан Астана алаңында да мерекенің көркін қыздырар ештеңе байқалмайды. Әйтеуір біз болған бір сағат ішінде бірнеше әнші орысша ән шырқады. Оның ішінде Айқын Төлепберген бар.

Алаңның келесі бетінде Алматы циркінің өнерпаздары қазақтың ұлттық ойындарынан өнер көрсетті. “Қыз қуу”, “Аударыспақ”, “Садақ ату” , “Көкпар” секілді ойындардың сахналық түрін тамашаладық.    Фурманов көшесіне ойысқанымызда ит пен аттың көрмесіне тап болдық. Атқа мініп, алаңда серуен салғысы келген баламыздың арманы жүзеге аспады. Өйткені, атпен ойқастап жүруге, күймемен ерте заманды көз алдыңа елестетіп алаңды кесіп өтуге және ойыншық машиналармен ойран салуға тиым салыныпты. Өзі көктемнің сүркей күнінде әз Наурызды да сүркей қарсы алып жатыр Алматы жұртшылығы.  

Орыстың Аяз атасымен ауызданған бүгінгі ұрпақ үшін – Қыдыр Атаның    бет-бейнесін сипаттау, оны бүгінгі заманға сай қайта жаңғырту, ендігі ұрпаққа Аяз Атаны емес, Қыдыр Атаны дәріптеу басты мақсат. Бірақ, алаңнан Қызыр атаны да кездестіре алмадық. Ертегілер кейіпкерлерінің киімін киіп алған бір топ өз аппаратымызбен суретке бірге түскеніміз үшін 200 теңге алып тұр. Бүркіт ұстаған бірнеше жасты көзіміз шалды. Сонымен Алматының бас алаңындағы Наурызға көңіліміз толмай кері қайттық.

Құрметті оқушы! Барыс жылымен қош айтысып, Қоян жылын қарсы алып жатқан елімізге тыныштық, бақ пен береке, отбасымызға шаттық тілейміз. Көлденең келген кесепаттан сақтасын, Ұлыс оң болсын, Ақ мол болсын, Пәле-қала жерге кірсін, қой үстінде бозторғай жұмыртқалаған заман болсын! Аумин!

“Мінбер-ақпарат” 

Суреттерде алаңнан көрініс.

Парақшамызға жазылыңыз

2 Comments

  1. Ұлыстың Ұлы күні құтты болсын! Айта, айта бұл билікті де қартайттық. Мәңгі ештее жоқ қой. бір құбылыс боларда өстиді.

Жауап беру

Your email address will not be published.

This site uses Akismet to reduce spam. Learn how your comment data is processed.

Соңғы жазбалар