Бүгін, яғни, наурыздың 19-күні Алматыдағы KIMEP жоғары оқу орнында қазақ блогшыларының бірінші құрылтайы басталды. Құрылтайға әлемнің әр түкпірінен қазақ блогшылары жиналып отыр. Моңғолия, Англия, Үндістан, АҚШ сынды елдерден блогшылар келіп үлгерді. Бейресми ашылу рәсімінде сөз алған Ерлан Қарин: «Қазақ блогының даму ерекшелігі» деген атпен қазіргі қазақ блогсферасы жайында, бүгінгі қазақстандық интернет-пайдаланушылар арасында кеңінен қолданылып отырған ресурстар жайында тоқталып өтті. «Қазақстанның әлеуметтік желілерді пайдаланушыларының басым көпшілігі, яғни 80%-дан жоғары тұтынушы орыс тілінде қарым-қатынас жасайды», – дейді Ерлан Қарин мырза. Қазақ блогосферасының кейбір ерекшеліктеріне тоқталған Е.Қарин: «Блогтар – азаматтық қоғамның бір ошағы деп қарастыруға болады. Қазақ блогы саласы болашақта – бұл адамдардың тәуелсіз қауымдастығы және маңызды әлеуметтік жобаларды жүзеге асыру алаңы бола алады» дей келіп, өзінің қазақ блогшыларына, аталған ортадағы белсенділік пен ұйымдастыру жағындағы жұмыстарға көңілінің толатынын білдірді. Екі күнге жалғасатын блог құрылтайына Қазақ Елінің обылыс-аймақтары, Астана мен Алматыдан келген блогшылардың жаңа ұсыныс жобаларын таныстыру, баяндамаларымен ортақтасу, блогтардың байқауымен 20-наурыз күні өз мәресіне жетеді.
Сонымен қатар, Блог құрылтайға Мәжіліс депутаттары Бекболат Тілеухан мен Мұрат Әбенов, “Нұр Отан” ХДП хатшысы Ерлан Қарин, саясаттанушы Дос Көшім, “Жас қазақ үні” газетінің бас директоры, белгілі ақын Қазыбек Иса, “Хабар” телеарнасының “Бетпе бет” бағдарламасының жүргізушісі, “Аманат” интеллектуальды клубының жетекшісі Берік Уәли және көптеген журналистер қатысуда. Демек, Блог құрылтайдың қоғамдық маңыздылығын осымен бағалауға болатын сынды.
“Мінбер” ақпарат.
Парақшамызға жазылыңыз