“Тау алыстаған сайын, биiктей түседi” дейдi халық даналығы. Сол секiлдi көрнектi тұлғалардың да көзден кетiп, көңiлден бұлбұл ұшса да тұлғасы дараланып, өзгеден ерек зорая түсетiнi болады. Мемлекет және қоғам қайраткерi, ғұмырының отыз жылын дипломатияға арнаған, қазақ дипломатиясының қайраткерi Болатхан Тайжан сондай тұлға.
8 наурызда туғанына 70 жыл толатын ұлт перзентiнiң арамыздан кеткенiне де төрт жыл толыпты. 2007 жылы 20 ақпанда о дүниелiк сапарға аттанған марқұмның соңында өлмес өнеге, өшпес сөзi қалды.
Болатхан Тайжан – Египет Араб Республикасындағы тәуелсiз Қазақстанның алғашқы елшiсi. Ол Елбасы Жарлығымен 1993 жылы Мысырға аттанады. Сыртқы саясатта өзiндiк ұстанымы қалыптасқан, саяси тұғыры берiк Болатхан аға барлық мәселенi ұлттық тұрғыдан шешуге ерекше назар аударады. Ең басты мәселе – ұлттың ұлы мұраттарын жүзеге асыру деп түсiндi және сол жолда еңбектендi. 1962 жылы дүниеге келген “Жас тұлпар” ұйымын құрушылар жарияға жар салмаса да, Қазақ елiнiң тәуелсiздiгiн аңсаған едi. Болатхан Тайжан садақтың ұшындағы Ресей империясының әйтеуiр сетiнейтiндiгiн болжаса да, ол соншалықты жылдам жүзеге асады деп ойламаған екен. Тәңiрдiң сыйы – тәуелсiздiкке қол жеткiзу бақытына Қазақ Елi де қол жеткiзгеннен соң, бар саналы ғұмырын оның баянды болуына арнауды мақсат еттi. Сөйтiп Мысырда, Малайзияда елшiлiк қызмет атқарып жүрген кезiнде Қазақстанның сыртқы саясаттағы көшiнiң түзу болуы үшiн аямай тер төгедi. Елшiлiк қызметтен босап, елге оралғаннан кейiн тәжiрибелi дипломат, әлемдiк экономика мен саясаттың бiлгiрi Болатхан Тайжан өзiнiң ғұмыр бойғы тәжiрибесiн жас мемлекеттiң iргесiн бекемдеуге арнауды мақсат етедi. Ол Қазақстанның даму жолы 10-15 жылда айтарлықтай iрi табысқа жеткен Малайзиянiкiндей болса деп армандайды. Малайзияның ұлттық мемлекет құру жолындағы үлгiсiн жан-жақты талдап, оның экономика мен ұлттық саясаттағы ерекшелiктерiн сарапқа сала отырып, бүгiнде Азия барысына айналған, сонымен қатар ұлттық бағыт-бағдарынан жаңылмаған Малайзия моделiн Қазақстанға да ұсынады. Алайда Қазақ Елiнiң атқамiнерлерi бұны қолдап кете қоймады. 20 жылда Азия барысына айналуды мұрат тұтқан Қазақстан неге Малайзия секiлдi өркениеттi мемлекеттер қатарына қосыла алмай отыр? Неге негiзгi ұлт қазақтардың әлеуметтiк жағдайы төмен, мемлекеттiк тiл неге әлi босағадан сығалап тұр?
Болатхан Тайжан әртүрлi мiнбелерде сөйлеген сөзiнде, мерзiмдi басылым беттерiнде берген сұхбаттарында, телеарналардағы дебаттарда осы сауалдарға жауапты елдiң ұлттың ұлы құндылықтарын мансұқтап отырғандығынан iздеу қажеттiгiн айтқан. Ең өкiнiштiсi, Қазақстан тәуелсiздiгiнiң 15 жылын көзiмен көрген Бөкеңнiң cол кезеңдерде айтқаны әлi күнге дейiн өзектi. Әлi күнге дейiн шешiмiн таппай келедi. Дүниеден озған төрт жылында оның мұрагерлерi – аяулы жары Айсұлу, баласы Мұхтар Тайжан “Болатхан Тайжан” атындағы қор құрып, “Аталы сөздерi” деген ортақ атпен оның сұхбаттары, публицистикалық мақалалар топтамалары мен ол туралы естелiктер жинағынан тұратын 5 томдық кiтап шығарды. Телеарналар мен радиоларға берген сұхбаттарының СD және DVD дискiлерi жарық көрдi. Биылғы мерейтойына орай деректi фильм дайындалды. 2007 жылдан берi Алматы қаласынан Шаляпин мен Яссауи көшелерiнiң ортасындағы қысқа көшенiң аты Болатхан Тайжан атымен аталады.
Өкiнiшке қарай, өзi туған өлкесi Павлодарда әзiрге көше аты берiлген жоқ. “Түркiстан” газетi оқырман қауымның назарына Болатхан Тайжанның “Аталы сөздерi” кiтабының V томындағы ой толғамдарынан үзiндi ұсынуды жөн санады.
НЕГЕ “УА, МЕНIҢ ҰЛЫ ҚАЗАҒЫМ!” ДЕМЕСКЕ?..
– Өзiмiз бiлетiн елдерде көргенiм – мемлекет басқарып отырған азаматтар халқына арналған сөзiн “Уа, менiң ұлы халқым!” деп бастайды. АҚШ президентi болсын, Малайзияның королi болсын. Бiз де соған үйренсек, неге “Уа, менiң ұлы қазағым!” демеске? Онда тұрған ешқандай сөкеттiк жоқ. Бұл халықтың еңсесiн көтередi. Соңғы кезде Әзiрбайжанда ұлттық ортаның қатты күшейгенi байқалды. Әзiрбайжандар әлiпбиiн латиницаға ауыстырды. Онда да тек техникалық немесе электронды құралдармен жұмыс iстейтiн салаларды ғана ауыстырып қойған жоқ. Әзiрбайжандар халқының тарихын жоққа шығарған, мәдениетiне тiл тигiзген кириллица әрпiндегi материалдарды жыл бойы оқып өстi. Зерттеушiлер болмаса, Әзiрбайжандардың кириллицаны танымайтын жас ұрпағы ендi мұндай сөздердi оқымайтын болады. Демек халық зиянды, терiс ұғымнан арылады. Арылып та келедi. Олар рухани деколонизация, яғни рухани бодандықтан арылу процесiн жақсы өткiзiп жатыр. Дәл осындай жағдайды Украинадан байқауға болады. Дәл осындай жағдай Қазақстанда 2001 жылға дейiн сезiлдi. Бiрақ одан кейiн халқымызды орыстандыру процесiнен құтқару iсiнен тағы да керi кеттiк. Өйткенi бiз өз тiлiмiздi, мәдениетiмiздi, осында тұратын ұлты бөлек халықтардың санасына сiңiре алмай отырмыз.
“Халықтың әл-күшi келмегенге, тарихтың әлi келедi”, “Түркiстан”, №27, 1 шiлде, 2004 жыл.
* * *
– Тiл мәселесiне келсек, қатал заң енгiзу, ана тiлiндегi тәрбиенiң отбасында қалыптасуы керек деген әңгiмелердiң барлығы дұрыс. Бiрақ ол жетiспейдi. Егер дүниежүзiлiк тәжiрибеге сүйенсек, барлық мемлекетте азаматтық алу үшiн, сол мемлекеттiң тiлiн меңгеруi керек. Онсыз сiзге ол елдiң азаматтығы берiлмейдi. Қазақстанның азаматы болу үшiн, осында Қазақстан азаматы ретiнде жұмыс iстеп, тұрақты өмiр сүру үшiн, Қазақстан азаматы ретiнде сайлауға қатысу үшiн не болмаса сайлану үшiн мiндеттi түрде қазақ тiлiн бiлу керек деген шарт қойылса, қазақ тiлi өз тұғырына келiп отырады. Бұл – бiр шарасы. Екiншi шарасы – бiр мемлекеттiң iшiнде бiр тiл – мемлекеттiк тiл, екiншiсi – ресми тiл дегендi Қазақстаннан басқа елден көзiммен көрiп, құлағыммен естiген емеспiн. Қай мемлекетте болсын, ресми қарым-қатынасты сол елдiң мемлекеттiк тiлiнде жүргiзедi.
“Ұлтым дейтiн ұл бар ма?”,
“СолДат”, №4 (87), ақпан, 2003 жыл.
* * *
Қазақстанда мемлекеттiк тiл мәселесiн шешудiң ең басты шарты – билiкте отырғандардың қазақ елiнiң ең күрделi мәселесiне осы саладағы әлем тәжiрибесiн ескере отырып қараса. Және тағы бiр ең басты шарт – Қазақстанда қазақ мемлекетiн құруға ниет, ұмтылыс болса, мынандай қадамдар жасауға болар едi: 1. Ата Заңда “Қазақ тiлi – Қазақ Республикасында мемлекет тiлi: Қазақстанның әрбiр азаматы мемлекеттiк тiлiн бiлуге мiндеттi” деп жазылу керек. 2. Қазақ Республикасының азаматтығын алғысы келген адам қазақ тiлiн игергенiн дәлелдеу үшiн емтихан тапсыру керек. 3. Қазақстанның барлық облыстарында бастауыш мектептен бастап қазақ тiлiн оқу керек. Бiр саты оқудан екiншi сатыға тек емтиханды тапсырғандар ғана өту керек. 4. Үкiмет, Парламент т.б. мемлекет орындарының қызметкерлерi мiндеттi түрде қазақша сөйлеу керек. 5. Барлық электронды ақпарат құралдары қазақ тiлiнде сөйлеу керек. Олай болмаса оған ақпарат құралдарына жұмыс iстеуге рұқсат (лицензия) берiлмеу керек. 6. Қазақстанда кабель арқылы берiлетiн орыс телеарналардың санын, iстейтiн уақытын азайту керек. Олардың орнына түркi тiлдес Орта Азия, Әзiрбайжан, Түрiк телеарналарын көбейту керек. 7. Барлық қоғами жиналыстар, Президенттiң сөйлеуi – тек мемлекеттiк тiлде болуы керек.
“Ұлттың күретамыры”, “Түркiстан”, 2 қараша, 2006 жыл.
НЕ ӨНДIРСЕК ТЕ, ӘУЕЛI IШКI СҰРАНЫСЫМЫЗДЫ ҚАНАҒАТТАНДЫРУЫМЫЗ ҚАЖЕТ
– Жалпы, Малайзия мемлекетi шетелдiктердiң Малайзия экономикасындағы үлесiн азайтуға ынталы. Сол бағыттарынан айныған жоқ. Ал Қазақстанда жағдай мүлдем керiсiнше. Мысалы кезiнде бiрiккен кәсiпорындарды басқаша жасауға болар едi. Айталық Теңiз кенiшiн игеруге жаңа қондырғылар, мамандар қажет болса, алғашқысын сатып, соңғысын жалдап алуға болар едi. Бұл салада бiлiктi мамандарымыз сол кездiң өзiнде бар едi. Сонда шикiзаттан түсетiн 100 пайыз табысты өзiмiз иемденер едiк. Бiрақ өкiнiшке қарай, басынан алған бағытымыз басқаша болды. Бұрын бiзде компаниялардағы шетелдiктердiң үлесi 50 пайыздан аспауы қажет едi. Ал қазiр 70 пайыздан асып отыр. Қалайша? Неге оған барғанымыз түсiнiксiз.
“Азаттық жайлы арманым әлi орындалмай тұр”, “Ақ жол Қазақстан”, №18, 13 желтоқсан, 2002 жыл.
* * *
– Не шығарсақ та, мұнай шығарсақ та, ол дүниежүзiлiк өндiрiспен бәсекелес болуы керек дейдi. Дүниежүзiлiк экономиканың заңдылығы бойынша олай болмайды, әуелi сiз өз iшiңiздегi сұранысты өтеуiңiз керек. Ол сұранысты кем дегенде 60 пайыз, әйтпесе 80-90 пайызға жеткiзу қажет. Ешқандай басқа елдердiң өнiмiмен таласып, бәсекелесу ондай дүниежүзiнiң экономика теориясында жоқ. Бiз 50 елдiң қатарына енемiз деймiз бәсекелесiп. Бiздiң қандай әлiмiз бар Сондықтан ауылға көмектесу үшiн қазақ мемлекетiнiң экономикалық саясатын түбегейлi өзгерту керек.
08.01. 07. “Дода” телебағдарламасы, “31-арна”
* * *
– Дүниежүзi бойынша экономика және сауда бойынша 17-шi орынды иемденген шап-шағын ғана Малайзия елiн алайық. 1988 жылы алып Ресей шетелге 132 миллиард долларға бұйым (оның 80 пайызы – мұнай, газ, ағаш) шығарса, Малайзия 158 миллиард долларға тауар экспорттады. Ал сол кезде Ресейдегi халық саны 147 миллион болса, Малайзияда – 24 миллион ғана едi. Ағылшындар сол Малайзиядан кетiп бара жатқанда: “Сендердiң тiлдерiңде жұмыс iстеу мүмкiн емес. Өйткенi барлығын басқарып отыратын тiл – ағылшын тiлi”, – деп кеткен. Ал Малайзияның ұлттық көсемдерi не iстедi дейсiз ғой. Олар: “Егер сiз бiздiң елiмiздiң азаматы болам десеңiз, малай тiлiн он жылдық бағдарлама бойынша тапсыруға тиiссiз” – деген талап қойды. Ол бағдарлама малай халқының тарихын, әдебиетiн, мәдениетiн, тiлiн қамтитын. Яғни сiз мәдени және тiл жағынан кәдiмгi малай болып шығасыз. Бұл шартқа малайлықтардан басқа ұлттар да мойынсұнады. (Бұл сөз кiтапта қайда, қашан басылғаны көрсетiлмеген)
СЫРТҚЫ САЯСАТТА ӘУЕЛI ҰЛТ МҮДДЕСI ЕСКЕРIЛУI ТИIС
– Жириновский “Қазақстанды бөлшектеу керек” деп бiр ай бұрын айтты. Ал бiз ресми жауабымызды ендi ғана берiп отырмыз. Сонда осыншама уақыт ненi тостық? Мен сыртқы саясатта қырық жыл жұмыс iстеген адаммын, оның реттеу тетiгiн жақсы бiлемiн. Бiз өз сөзiмiздi келесi күнi-ақ айтып, оған тойтарыс беруiмiз керек едi. Тiптi бұл арада “бiздiң үкiмет басындағылар ресми Ресеймен келiсiп алып, содан соң барып жариялады ма?” деген ой келедi. Әйтпесе билiк басындағылар, Сыртқы iстер министрлiгiнде отырғандар бейпiл сөйлегендердiң аузын бiрден жауып, елiнiң намысын осындайда қорғамағанда, қашан қорғайды?!
“Отан” партиясы төрағасы орынбасарының кеңесшiсi қызметiнен кеттiм”,
“Айқын”, 12.02.2005
* * *
– Сыртқы саясатты қай елмен ұстансақ та, ең бiрiншi ұлт мүддесiн ойлауымыз керек. Ресеймен де, АҚШ-пен де, Қытаймен де бiр жаққа аумай, тепе-тең қарым-қатынаста болуымыз керек. Бiржақты болу – ұтылу деген сөз. Бiздiң орыс империясынан айрылғымыз келмейдi. Қазақстаннан басқа елдер нағыз ұлттық мүдделерiн қорғап отыр. Осының кесiрiнен бiз жерiмiзден айрылып, Каспийдегi Қазақстанның жерiнде мұнайды Ресеймен екiге тең бөлiп, игеремiз деп отырмыз. Неге, нелiктен, не үшiн? Каспийдiң сол тұсындағы үлесi толық бiздiң жерде тұр. Неге бiз оны екiге бөлiп игеруiмiз керек? Бiрге жұмыс iстесек, әңгiме басқа. Алайда бiрден мұнайдың жартысы сенiкi, жартысы менiкi болсын деген дұрыс па? Бұл – болашақ ұрпақтың байлығы емес пе?
“Шетелде Үкiмет басшысымен таласып жүргендер үкiметте iстей бередi”,
“Жас қазақ”, № 37 (203), 16-22 қыркүйек, 2005 жыл.
* * *
– Шындығында, мен iстеген елшiлiктердiң құжаттарды қазақ тiлiнде жүргiзуi Қазақстан Сыртқы iстер министрлiгi үшiн тосын жағдай болды және көбiнесе олар маған “орысша жаз” деген нұсқауларды жiберiп отырды. Бiрақ мен қолымнан келгенше күллi деректердi қазақша әзiрлеттiм. Өйткенi елшiлiк Қазақстан Республикасының елшiлiгi, мемлекеттiк тiлiмiз – қазақ тiлi, мұның тағы бiр жағы, бiз жiберген деректер кездейсоқ бiреудiң қолына түссе, қазiр әлемде қазақ тiлiн түсiнетiн адамдар некен-саяқ, оқи алмайды. Сондықтан құжаттар мен деректердi қазақ тiлiнде жiберу – құпиялығы жағынан өте тиiмдi екенi анық. Менiң айтарым, тәуелсiздiк алғаннан берi Қазақстан Сыртқы iстер министрлiгiне өзге тiлдермен қоса қазақ тiлiн таза бiлетiн, дипломатияға бейiмдi азаматтарды әлдеқашан жинап алуға болар едi. Бiрақ жинамай отыр.
“Мегаполис”, № 39 (200), 30 сентября, 2004 г.
***
– Елшiлiкке аттанып бара жатқан адам елiнiң мұқтаждықтарымен қоса өз тiлiн, мәдениетiн, әдет-ғұрпын, заңдарын жақсы бiлуi әрi жақсы көруi тиiс. Дүниежүзiлiк тәжiрибе бойынша, елшi ретiнде баратын адам сол ел туралы бiлмесе де арнайы дайындық курстардан өткенi жөн. Өркениеттi елдерде оларды арнайы сынақтан өткiзедi. Дипломатиялық қызмет – көп ережелердi берiк ұстайтын сала. Мәселен сiз де, әйелiңiз де мемлекеттiк тiлдi бiлуiңiз тиiс. Сыртқы iстер министрлiгiмен хабарласқанда тек қана өзiңiздiң мемлекеттiк тiлде хабарласуға тиiссiз. Осының барлығын он жыл аралығында жасауға болатын едi. Мұнда ешқандай ұлтшылдық жоқ. Бұл – мемлекеттiң бiр дiңгектерi. Соны айттым да, жаздым да.
* * *
– Әр мемлекет қай заманда болмасын, алдымен өз мүддесiн қорғауы тиiс. Ұлттық мүдденi қорғау – дипломатияның қазығы. Осы тұрғыдан келгенде қазiргi ҚР Сыртқы iстер министрлiгiнiң саясаты бұл концепцияға сай емес. Бiзде ұлттық мүдденi қорғау жоқ. Алдымен Қазақстанның қандай мемлекет екенiн анықтап алайық. Бар еститiнiңiз: “Қазақстан – көп ұлтты әрi көп дiндi мемлекет” деп жарияланады. Ал Қазақстан – қазақ халқының мемлекетi деген ұғым тысқары қалған. Бұл – ең үлкен қате! (Бұл сөздер де кiтапта қайда, қашан басылғаны көрсетiлмеген)
Дайындаған Есенгүл КӘПҚЫЗЫ,
“Түркістан” газеті.
Суреттер Болатхан Тайжанның қоры сайтынан алынды