2011 жылдың сәуір айында «Адай көтерілісінің» басталғанына 80 жыл толады!
1931 жылдың:
Наурыз айының ортасында бастау алған, тарихы әлі дұрыс жазылмаған, қозғалыстың шығу себептері, сипаты мен қозғаушы күштері де жоғарыда бөліп айтылған халықтық наразылықтармен үндес және ұштасып жатырған қазақ ұлтының азаттық көтерілісінің бірі, Қазақстанның батысындағы Маңғыстау өлкесін, Атырау облысының Жылыой және Ақтөбе облысының Ойыл, Табын аудандарының кейбір ауылдарын қамтып, жеті айға созылған (наурыз-қыркүйек), сөйтіп 3000-ға тарта көтерілісшілердің басын біріктірген «Адай көтерілісі» атанған халықтың қарулы көтерілісі тарих сахнасына шықты.
«Көтерілістің басталуының алғашқы ошағы – 1931 жылғы наурыз айының жиырмасында, қазіргі Атырау облысы Қызылқоға ауданының Топырақшашты жерінде отырған бұрынғы бай, кейін тәркілеуге ұшыраған Баянқұл Көптілеуұлының үйінде болған мәжіліс. Осы басқосуда елдің мал-мүлкін тонау күннен-күнге күшейіп, елдің тұрмыс жағдайына аса ауыр болғаны, бұдан құтылудың ең басты жолы – қарсы тұру екені сөз болады. Сондықтан әзірге мал басының бар кезінде Маңғыстау өңіріне қарай көшу, одан әрі Түрікменстанға қоныс аударудың қолайлы екені, ол жақта үкіметтің заңы, халыққа көзқарасы бұл жердегідей емес екендігі айтылды. Үкімет тарапынан көшуге қарсылық болатыны да ескеріліп, бұған қарсы тұру шарасы да қарастырылды. «Маңғыстау жерінде көтерілістің басталу себебі республика өкіметінің, жергілікті партия, кеңес басшыларының, шолақ белсенділердің асыра сілтеуі, бұлардың қызмет бабын пайдаланып, өздерінің жағдайын көздеуі, елді көпе-көрінеу алдауынан болды», – деп өкімет мүшелері С. Меңдешев, Асылбековтер мойындағаны жөнінде мәліметтер
-3-
архив құжаттарында сақталған. Мұны бірақ олар Жылыойда, Маңғыстауда, Үстірт үстінде халық қансырап, қанға боялып, бала-шаға да, шал-кемпір де жазықсыз жазаланып, жапа шегіп жатқан уақытта ғана естеріне алған. (І. Сариев «Қанды ойран» кітабы 133 бет, «Жазушы» баспасы-2001 ж.)
Маңғыстау даласы атанған жерлер мен көрші үш ауданды қамтыған бұл аймақ 1928 жылғы байларды жаппай тәркілеу және жаппай ұжымдастырудан босатылған өлке болатын. Ресми рұқсат жоқ бола тұрса да, жергілікті шолақ белсенділер 1370 бас малды заңсыз тәркілеуге іліктірді.
Ревкомдар 1930 жылы болған алғашқы кеңестерге сайлау кезінде халықты қараңғы тобырға балап, ойларына келгенін істеп бақты. Орташаларды сол сайлауда дауыс беру құқығынан шектеді. Етке мал даярлау жоспарын орындамадың деген сылтаумен, тіпті есігінің алдында тышқақ лағы жоқ тақыр кедейлер де сайлауға қатысуға көп жерлерде жіберілмеді. Сөйтіп, «Бұл кедейдің үкіметі»,- деп жүрген үкімет белсенділері адам құқығын ашық түрде аяққа таптады.
Ет тапсыру жоспарлары шаруалардан табанды түрде талап етіліп, Каспий теңізінің жағасындағы мал өсіруден қол үзіп қалған отырықшы, тіршіліктегі күндерін балық аулаумен әрең көріп отырған жатақтарға да қырғидай тиді. Олар үкімет өкілдері тарапынан қоқан-лоқының, жаппай және үздіксіз қысым жасаудың құрбандығына айналды.
Етке мал тапсырғандар да жетіскен жоқ. Сыпырып алған малдың орнына өнеркәсіп тауарларын, ұн, мата, ақша аламыз деп дәмеленгендер алақандарын жайып айдалада қалды. Тіпті кейбір ауылдарда шаруалар жоғары жаққа шағынып жүрмесін деп, арамза
агенттер олардың ет тапсырғандары туралы берілген ордерлері мен түбіртектерін кері тартып алып отырыпты.
Үкіметтің агенттері, шаруалардан тек ет тапсыру немесе етке мал тапсыру салықтарынан басқа, адам естімеген шикізат түрлерін тапсыруды салық тапсыру деңгейінде талап еткен көрінеді. Атап айтсақ сол кездерде халықтан: жылқының жал-құйрығы, саршұнақ тышқанның терісі, шүберек, сүйек-саяқ, темір-терсек, мүйіз-тұяқ жиналыпты. Кей жерлерде жылан, кесіртке, ит, есек тапсыру міндеттелген екен.
Бұл, өздері зорлықтың небір түрін көріп, қайыр сұраудың аз-ақ алдында кересін ішкендей күн көріс тауып жүрген халықты қорлаумен тең еді. Іштерінен үкіметке деген өкпе мен ызаға булыққан жергілікті халықтың намысы өршіп, ашуы күшейді.
«Қарапайым халықтың арасында басқа жаққа көшіп кетсек, елдегі мына зобалаңды саясат жайлы қалыпқа түскенше бас сауғалап қашып кетсек, мына әпербақан үкімет басшыларының әділетсіз талауынан құтылармыз, кейіннен елдегі жағдай түзелген соң қайтып көшіп келерміз»,- деген көңіл жұбатар дәмені үміттенгендердің қатары көбейіп, күн сайын арта түсті.
Сөйтіп, 1931 жылдың ерте көктемінде, 7700 ден астам шаруалар қожалықтарынан тұратын Маңғыстау өлкесінің халқының 60 пайызы көтерілісшілерді қолдап шықты. Елдің 10 пайыздайы кімдердің жағына шығарын білмей, әсіреңкі күй кешті. Сонымен қатар, 1 – 2 ауылы болмаса, Табын ауданындағы халық түгелдей дерлік көтерілісшілерге қосылды. Сол сияқты көтерілісшілерге Жылыой ауданының 11 әкімшілік ауылдары (рет сандары 33-тен 43-ке дейінгі ауылдар) және Доссор ауданының екі ауылының кейбір қожалықтары қосылды. Ауылдық кеңес мүшелерінің де көпшілігі көтерілісшілерді жақтап кетіпті.
Осылайша Адай жері, сол кездегі Қазақстанның әпербақан, әрі қазаққа қатыгез басшысы Ф. Голощекин мен оның қанқұйлы жақтастарының ел ішінде орнатқан зобалаң саясатына қарсы тәңірге тәуекел айтып, ашық түрде қарулы айқасқа шықты.
-4-
Маңғыстау өңірі мен іргелес аудандардан 1931 жылғы Адай көтерілісіне қатынасқан аталарымыз, сол кездегі басқарушы үкімет басшылары мен оның ОГПУ сияқты сұрқия жендеттерді топтастырған құрылымның басшылары өздеріне аяушылық жасамайтынын, талша мойындарын қылша кесетіндіктерін, неше түрлі азапқа салып қорлайтынын, түрмеге қамап итжеккенге айдайтынын біле тұрса да «Қайда барсаң да қорқыттың көрі, әйтеуір ерте ме кеш пе ноқталы басқа бір өлім емес пе»,- деп күресу жолымен теңдікке, әлеуметтік әділеттілікке қол жеткізуге, нағыз болмаса бастарының еріктеріне тәуелсіздік алу жолында арыстанша алысып құрбан болу тәуекеліне барған болатын.
Әлеуметтік әділеттіліктің тек ашық күрес арқылы келетінін ата ұрпақ ұға білді. Ол күрестің барысында өздерінің бастарына үлкен қауіп төнетінін де аталар жақсы түсінді. Міне осыдан кейін, тәуелсіздік пен азаттықтың шын мағынасында қандай болатынын және оның оңайлықпен қолға түспейтінін бағалай білгендер, сол ата-бабалар емес деп қалай айта аларсыз.
Білім сауаты жеткілікті болмаса да тектен тек ұрандатқаннан, басқарушы үкімет өкілдерінің ұятын оятуға әрекеттенгеннен, әділеттілікті өздері өмір сүріп жатқан қоғамға орнатқан қауымдастықтарды арашаға шақырып, олардың ықпалын пайдалануға тырысқаннан ешнәрсенің де өзгермейтінін, өмір сүре білу сауаты жеткілікті аталарымыз, дұрыс айыра білді.
Адай көтерілісі бір ғана рудың емес, Маңғыстау өлкесі мен көршілес өңірлердегі барлық халықтардың сол кездегі үкімет басшыларының елде орнатқан шектен тыс әділетсіздігіне қарсы, зорлық пен зомбылығына қарсы, үкімет өкілдерінің өз халқына орынсыз күш көрсету саясатына қарсы, халықтың аянышты күйсіз жағдайымен санаспай
қолда бар ең соңғы нәпақасын салық немесе шикізат тапсыру сылтауларымен тартып алуға ұмтылған тойымсыздық қылықтарына қарсы, ел ішінде әлеуметтік әділеттілік орнатуға ұмтылған халық көтерілісі болды.
Бұл саяси сипаты жағынан ұлт-азаттық, түрі жағынан қарулы, қозғаушы күштерінің басым көпшілігі халықтың кедей, батырақ және орташа топтарына жататын өкілдері болған шаруалар көтерілісі еді.
Сондықтан оны бұрынғыдай «Адайлардың бандылық» көтерілуі деген ешқандай негізі жоқ мысқылдама бағалауды доғаратын кез жетті. Ол атау Ф. Голощекин мен оның жағымпаздарының адай руына әдейі жалақорлықпен таңған, өздеріне қарсы қаймықпастан ел ішінде әлеуметті-әділеттілік орнату туралы талаптар қойған халықтың көтерілісін жек көруден туындаған жапсырма «атағы» болатын.
Қазақ халқының қарғысына ұшыраған Ф. Голощекин 1933 жылдың ақпанында орнынан алынып, Қазақстаннан мүлдем кетті. Артынан, қазақ ұлтына орнатқан зұлматты зобалаңы өз басына түсіп, Ресей жерінде ОГПУ-дің жендеттерінің қолынан опат болды. «Біреуге ор қазба, өзің түсерсің» деген қазақтың мақалының кебін киді. 1928-33 жылдары оның жандайшап қол шоқпарлары болған ұлты қазақ үкімет басшылары да тарих талқысынан өздерінің сазайларын алды. Көбінің жер бетінде тұқымдары да қалған жоқ.
Коммунистік қоғам да солай құрыды. «Дүние жүзінде кедей атаулы адам баласы болмайды, жарлының бәрін байға теңейміз, кеңестер одағында бозторғай қой үстіне жұмыртқалаған мамыражай қоғам орнатамыз» деген кеңестік үкіметтің 1991-ші жылы бір-ақ күнде күлі көкке ұшты. 1991 жылға дейін, барлық қоғамдық партияларды бір-бірлеп құртып, ел ішінде жалғыз өзі ғана саяси және идеологиялық үстемдік жүргізген коммунистік партия да күл-талқан болды. Оның қатарында, сол кездегі кеңестер одағы бойынша 20 миллионнан астам мүшесі бар болатын. Ең болмаса, компартияның басқарушы органдары уставқа сәйкес съезд шақырып, партияның ақшалай және заттай мүліктеріне заңды түрде инвентаризация жүргізіп, оның хаттамаланған қортындысы мен
-5-
жаңа меншік иесін халыққа ашық түрде жария жасап өркениетті түрде тарауға да әлі келмеді, соған да парасат-пайымы жетпеді. Коммунистік партияның барлық қаржысы мен жылжымайтын мүліктері және бүткіл қазынасы түгелге дерлік «ұстағанның қолында, тістегеннің аузында», қой терісін жамылған қасқыр құлқынды партияның сол кездегі басшыларының қалтасында кетті. Бірақ олар сонда да тойынған кейіп танытқан жоқ.
Ал, қазақ атам баласы айтатын «Ақтың жаққан отын, ақымақ сөндіре алмайды», «Аққа әрқашанда Құдай жақ» деген мақалдардың орайы сәтімен үйлескендей болып, сол бір 1928-34 ші жылдардың өте ауыр, әрі қиын кезеңдерінде ежелден емін-еркін өсіп, өзгеге тәуелсіз болған, әділеттілікті адамдықтарының ары мен намыстарының қастерлі туы етіп ұстанған, елдің болашағы мен ұрпақтарының қамы үшін, ата-бабадан мұра болып қалған қасиетті туып-өскен жер үшін, тәуелсіз азат өмір үшін қарулы көтеріліске шығып күрескен адай халқының ұрпақтары, сол атажұртта бейбіт өмір сүруін әрі қарай жалғастыруда. Сол үшін Аллаға мың мәртебе рахмет айтамыз және шүкіршілік етеміз.
Көтеріліске қатынасқан ауылдар, әсіресе адайлар мен табындар өте қатаң, әрі айуандыққа тең қатыгездікпен жазаланды. Жазалаушы отрядтың ОГПУ өкілдері бастаған жендеттері аса қаныпезерліктің үлгісін көрсетіп бақты. Олар, көтерілісшілердің кәрісі мен жасын, әйелдері мен бала-шағасын езіп-жаныштауда шектен асқан айуандық пен жабайылық қылық танытыпты.
Көсегемізді көгертеді деген Кеңес үкіметі мен оның жазалаушы ұрда-жық қолшоқпар жендеттері Адай рулы қазаққа геноцид орнатты. Түп-түгел қырып тастауға аз-ақ қалды. «Қазақтың жауы өзінің ішінде ол келесі қазақ» деген бар емес пе. Адай еліне қызыл империя орнатқан бұл қырғынның қан жосалы қаруы, адам қасапшылары болғандар 12 ата байұлының өзге руларының қазақтары болды, тіпті ішінде адайлар да бар еді.
Ең бір өкініштісі де осы болатын. Осыны білген бар ма екен десек әлі де артық емес. 1931 жылғы «Адай көтерілісі» ХХ-шы ғасырдағы қазақ елі тарихының ең бір қан-жоса болған тарауына айналды. Кейіннен мұның арты, елдің естияр деген оңы мен солын білетін сүт бетіне шығар қаймақтай таңдаулы адамдарын ұстап, беделді молда мен мешіт ұстап ұрпақты имандылыққа баулыған имамдарын түрмеге қамаумен жалғасты, жазықсыз жапа шеккендер көбейді.
Көбінің өмірі сол кезеңнің сұрқия соты іспетті болған «үштіктің шешімі» арқылы қыршындарынан қиылды. Ал, үкім шығарушы «үштіктің» мүшелері біріккен мемлекеттік саяси басқарма аппаратының қызметкерлері еді, яғни ОГПУ-дің тұрақты штатының адамдары болатын.
Ол кезеңде, адам тағдырын әділетті кеңестік сот емес, басқарушы үкіметтің саясаттандырылған басқармасындағы қаралаушы құрылымының үш шенеуінігі шешіп отырды деген осы емес пе?
Ауа көшкен қазақтардың көбі елдегі жаппай көшуді дереу тоқтату және көшкен елді кері қайтару үшін жасақталған ОГПУ-дің (КГБ-нің) қарулы отрядтары мен шекара әскерлерінің оқтарына ұшып өлді. Қолға түскендері қуғындауға, репрессияға ұшырады, түрмеге жабылды немесе Батыс Сібірге асырылып қалың орыс орналасқан жерлерге жер аударылып сол жақта айдауда жүріп опат болды. Одан елге аман келгендері ілеуде біреуі ғана.
Күштеп ұжымдық қоғамға итермелеу, барлық малды зорлықпен ортақтандыру, мал дайындау кезінде үкімет өкілдерінің шаруагерлерге қоқан-лоқы мен зорлық-зомбылық көрсетулері шаруашылықтарға кері әсерін тигізіп, істерін ілгері бастырмады.
Мал басы күрт кеміді. Ғылыми салыстырмалы зерттеулер бойынша қазіргі кезде белгілі болып отырған жай, сол кезеңдердегі елдегі мал басының жағдайы, тарихшылар М.Қ. Қозыбаев, Ж.Б. Абылғожин және М.Б. Тәтімовтің «Новое о коллективизации в
-6-
Казахстане» деген мақаласында (История Казахстана: белые пятна: Сборник статей. Алма-Ата, 1991. стр. 201) келтірілген деректемелер бойынша, төмендегідей екен.
Атап айтқанда 1928-ші жылы Қазақстанда:
«6 миллион 509000 бас ірі қара малы болса, 1932-ші жылы бар болғаны оның тек қана 965000 басы қалған. Ірі қара малының басы 5 миллион 544 мыңға, яғни 85, 17 пайызға кеміген.
18 миллион 565000 бас қой мен ешкі малдары болса, 1932-ші жылы бар болғаны оның тек қана 1 миллион 386000 басы қалған. Қой мен ешкі малдарының басы 17 миллион 179 мыңға, яғни 92, 53 пайызға кеміген.
3 миллион 516000 бас жылқы малы болса, 1932-ші жылы бар болғаны оның тек қана 316000 басы қалған. Жылқы малының басы 3 миллион 200 мыңға, яғни 91, 0 пайызға кеміген.
1 миллион 042000 бас түйе малы болса, 1932-ші жылы бар болғаны оның тек қана 63000 басы ғана қалған. Түйе малының басы 979 мыңға, яғни 93, 9 пайызға кеміген». Осыншама құлдырай кеміген мал басының шығыны, Кеңестік Қазақстанның социалистік өркендеуінің аса қолайлы кезеңі саналатын 1970 – 1980 жылдары да өз орынын толтыра алған жоқ көрінеді.
Кішкене алға озыңқырап баяндау жасайтын болсақ, 1980-ші жылдары елдің басшылары «Қой басын Қазақстанда 50 миллионға жеткіземіз»,- деп екілене өзеуреумен ұрандатып жүргенде Кеңес үкіметі құлап, оның құрамындағы ұлттық республикалар ыдырап, дербестік алды.
Дербес егеменді ел болғаннан соң, үкімет басшылығына жақын жүрген жекелеген жауапты кызметкерлер «Қазақстанда қой өсіру тиімсіз, қойды керек болса шет елден, Австралиядан сатып әкелу әлде-қайда тиімді» деген кезекті ұрандатуға көшті. Осы тектес науқаншылдық, 1994-95 жылдары елдегі бар малдың басын тағы да шығындауға ұшырататын ыңғайға әкеліп тіреді.
Сол жылдардағы, ауыл шаруашылығын нарықтық жағдайға сай өзгертудің эволюциялық өркендеу жолын емес, революциялық төңкерістік бағытын ұстанған саясы шешімнің кері әсері Қазақстанда 1995 жылдан кейін мал шаруашылығының күрт төмендеуіне, көп жерлерде мал басының орасан зор кемуіне әкеліп соқты. Атырау облысындағы 20-дан астам ірі совхоздар таратылды. Әр совхозда азайтып айтқанда, ең кем дегенде 100 мың бас қой болатын.
Қазіргі ауыл, «2003-2005-ші жылдарды – Ауылды қолдау, өркендету жылдары» деген үкіметтің ұранымен тарих көшін шығарып салды. Оны, қазіргі жаңа заманның белсенділері жерге тигізбей мақтап, алқынған демдерімен қазан қайнатып, әрі кәртамысы мен жасы араласа аптығып «ауылдың күйі біршама жақсарып қалды, мал басының саны тұрақтанып, белгілі өсім байқалады» деп жарыса жалбалақтап жүр.
«Атырау» газетінің 2005 жылғы 5-ші ақпандағы санында жарық көрген мақалаға сүйенсек, Қызылқоға ауданындағы совхоздардың біреуінің орнына құрылған «Жасқайрат» акционерлік қоғамында қазір бар болғаны 8880 бас қой малы бар екен. Оның төл беруге жарайтыны 5062 бас қана саулық қой көрінеді. Өзіңіз салыстырып-ақ, тек қана атауы өзгерген бір шаруашылықтағы 1995-ші жыл мен 2005-ші жылдар аралығындағы мал басының салыстырмалы мән-жайының күйі қандай екенін біле беріңіз.
Тек қолдағы барға алдарқанып, әрі одан азда болса ілгері басу белгілерін аңғарып медеттенуге болар, ал бірақ аспанға бөрік лақтырып алақайлайтын кезең келген жоқ, әлі өте ерте-ле-у. Бірен-саран жекелеген қожалықтар мал басын тұрақтандыруға қол жеткізді. Дегенмен көптеген шағын және ұсақ қожалықтар бытырап кетудің аз-ақ алдында, нарық жүгін әрең көтеріп жүр.
-7-
Сонымен, баяндау желісін бұрынғы арнаға бұрсақ, тұқымдық дәнді селекциялық ғылыми негізде таңдамай, егін егілетін жерді топырағының құнарына қарамай табиғи тегістеу деген жерлер жаппай жыртылып, оған табылған тұқым себіледі. Су тапшылығы да ескерілмейді. Егін суару түгілі шөлін қандыратын суы жоқ шөл және шөлайт аймақтарда да осындай бағыт ұсталынады. Қортындысында егін дұрыс шықпай қалады.
Деректі айғақ ретінде, жоғарыда айтылған Т. Омарбековтің «Зобалаң» (немесе күштеп ұжымдастыруға 1929-31 жылдары болған халықтың наразылығы мен қарсылығы) деген Алматының «Санат» баспасынан 1994 жылы жарық көрген кітабында келтірілген, «архив қорындағы іс қағаздардың арасынан өзіміз тапқан»,- деп дәлелге ұсынатын жедел хаттардың мәтінін біз де жанашыр оқырманның назарына өзгертпестен қайталап беруді жөн көрдік.
«Алматы, ВКП(б) Қазақ Өлкелік комитеті НҰРПЕЙІСОВке, Халкомкеңесі ИСАЕВқа
176 Оралдан, НКВД Басқарма кезекшісі арқылы.
Өлкелік бригаданың мәлімдеуінше астық түсімі жоқ болуына байланысты Маңғыстау ауданының алты ауылында жаппай босқындық орын алуда, халық қияқтың дәнімен тамақтануда. Өлкелік комитеттің жарлығымен қордан азық-түлік көмегін беру 1-ші тамызда тоқтатылған. Сондықтан қолда бар қалдықты пайдалана алмаймыз. Жауапты жеделдетуді өтінеміз.
Біздікі 483-523. Құрамысов, Кошкунов»
«Алматы, ВКП(б) Қазақ Өлкелік комитеті НҰРПЕЙІСОВке, Халкомкеңесі ИСАЕВқа 20102 Оралдан, НКВД кезекшісі арқылы.
Біздің 483–523 толықтыра хабарлаймыз: Маңғыстау ауданында құрғақшылыққа байланысты ТОЗ-дардың егіндерінің 40 проценті, жекешелердің – 86 проценті жойылып кетті. Қалғандарының өнімі төмен. Өнімнің жоқтығына байланысты босқындық қозғалыс күшейе түсуде. Мысалы, Бекошинский аймағының көп бөлігі аудан орталығына шоғырланып, үй-мүліктерін сатып, Қарабұғазға, Байрамалы, Түрікмен, Махачкала бағытына көшуде. 14-ші тамыз күні параходпен Махачкалаға 200 адам кетті. Мүмкіндіктің жоқтығынан округ, облыс көмек көрсете алмайды. 200 қожалық тас өңдеуде. Жалғасы болады.
5252 Құрамысов, Кошкунов»
«Алматы, ВКП(б) Қазақ Өлкелік комитеті НҰРПЕЙІСОВке, Халкомкеңесі ҚҰЛЫМБЕТОВке
143 Гурьевтен, НКВД өкілі арқылы.
Бізде бар мәліметтер бойынша азық-түлік қиыншылығы негізінде Қарабұғазға, Байрамалыға, Түрікменияға, Махачкалаға ауа көшулер күшейе түскені байқалады.14-ші тамызда Махачкалаға кеткен пароходпен 200-ден астам босқын кетті. Бозашы аймағының 18-ші, 19-шы ауылдары жекелеген топтармен далада босып жүр. Босқындар Форт-Александровскіде үй заттарын сатады да, осы тәртіппен жолға қаражат табады. Мұқтаждарға көмек мәселесін мұнан әрі шешпеу, босқындықты, одан туындайтын зардаптарды асқындыра түседі. Округте ешқандай қосымша жоқ, көмек берілмейді. Біздің 9-шы тамыздағы сұранысымызға Сіздерден жауап алмадық, осы мәселені шешуді жеделдетуді өтінеміз.
451 Ақботин, Айтмағамбетов»
-8-
Бұдан, оқырман ағайынның өзі де байқап отырғанындай, аштықтан босып жүрген қазақ халқына шұғыл түрде жедел көмек ұйымдастырмақ түгіл, Қазақ Өлкелік партия комитеті мен Қазақстан үкіметінің сол кездегі басшылары жедел түрде тұшымды жауап қайтаруға да асыға қоймағаны көрініп тұр.
Ол кезде, тек маңғыстау даласының адайлары мен басқа ұлыстары ғана емес, Қазақстанның түгелге жуық өлкелерінде қарапайым халықтар аштықтан бұратылып, қолын жайып көмек сұрап, шарасыздық жағдайдан шекара асып, танымайтын жерлер мен бөтен елдерге босқын болып көше бастап еді.
Сөйтіп, елді тура ашаршылыққа әкелетін жағдайдың ұйымдастырылған түрдегі алғы шарттары түгелдей орындалады.
Бірақ, елді сол кезде басқарып отырған ВКП(б)-ның Ф. Голощекин бастаған Қазақ өлкелік комитеті мен Автономиялық үкіметінің басшылары осынау зұлмат қасіретті жасыруға барынша тырысып бақты.
Олар, «Қазақстанды социализмге Шығыста бірінші етіп жеткіземіз», «Қазақстанда революция болмаған екен, болса да ол қазақ ауылын тек жанап қана өткен көрінеді, сондықтан бұл өлкеде Кіші Қазан революциясын жасауға рұқсат беріңіз деп даурыға өзеуреп жүрген Ф. Голощекиннің шоқпарын соғып, құлдық ұрып қосыла шауып жүрді. Шіркін қазақтың басшылары қай кезде де қосыла шабуға «шебер» болған ғой.
Тек, 1932-ші жылдың жазынан бастап қана, халқына шын жаны ашыған, жекелеген жауапты қызметкерлер ауылдағы орасан зор көлемдегі зұлмат туралы орталық басшы және құзырлы органдарға жеткізе бастады. Олардың қатарында, Қазақстан Халық комиссарлары Кеңесінің төрағасы О. Исаев пен Қаржы халық комиссары М. Орымбаев екеуінің 1932 жылғы 11-ші мамырдағы баяндама хатын айтқан орынды. Кейіннен, Ораз Исаев 1932-ші жылғы 9-шы тамызда Иосиф Сталинге жазған хатында барынша дәл және нақты деректерді келтіреді. Оның өте кештеу де болса жазған осы хаты кейіннен өзінің қара басына төнген қатерге араша болып шыққаны тарихтан белгілі.
1932-ші жылдың 29-шы қыркүйегінде РСФСР ХКК-і төрағасының орынбасары Тұрар Рысқұлов қазақ елінде орын алып отырған жанайқай жайды өзінің И. Сталинге жазған өтініш-баяндау хатында жеткізіп, алынар қаулыға бірнеше нақты шараларды енгізу керектігін ұсынады.
Алынған Қаулы қапелімде қазақ ауылдарына тамақ бола алмады. Малынан айырылған, қуғын мен сүргінге ұшыраған ел ішін бірте-бірте аштық жайлай бастады. «Жұт жеті ағайынды» деген, қуаңшылық пен қаhарлы қыс есі кеткен елге қосалқы соққы болып тиді. Бейбіт заманда, қазақтардың арасында 1930-34 жылдары аштықтан адам өлу алапаты басталады.
Мұның бұлтартпас айғақтары ретінде Ғ. Халидулинның «Ашаршылық және демографиялық апат» мақаласында (Ақиқат журналы № 8, 2001. 42-47 беттер.) ОГПУ-дің ақпараттарының негізінде келтірілген мына жайттарды естеріңізге берсек жеткілікті болар.
Өздеріңіз шамалап отырғандай ОГПУ мекемесі ол кездерде, яғни 1930-1940-шы жылдарда «Ақ дегені алғысқа, қара дегені қарғысқа» пара-пар болған айтулы қандықолдардың ордалы ұясы іспетті кеңестік құрылым болды. ОГПУ – сөйлемдегі сөздің бас әріптерінің жиынтығы. Шешуі – объединенное государственное политическое управление. Қазақша біріккен мемлекеттік саяси басқарма (БМСБ) делінеді. Кейіннен оны КГБ деп атады.
Бұл мемлекеттік мекемелер қай кезде де, қандай атаумен аталса да еңбекші қара халықтың жоғын жоқтаған емес, сондықтан халыққа тіпті жақпаған еді және халық оны жақтамайтын, әрі сол кезеңдерде елдің басына орнатқан сұрқия зұлматтары үшін ОГПУ, НКВД, КГБ дегендерді халық өте жеркенішті көрген.
-9-
Бұл кеңестік құрылымдарға халықтың барлық ұлттары мен ұлыстары, Үкімет басындағы басқарушы топтың жазалаушы органы деп қарап келді. «Халық айтса қалып айтпайды»,- деген бар.
Сол кездердегі ішкі істер халық комиссары Гурьев округтік бөлімінің бастығы Вахтин деген 1934-ші жылы желтоқсан айында жоғарғы жаққа «Өте шұғыл», «Аса құпия» таңбалары соғылған жедел хаттар жіберіпті. Онда, «Еспол ауданының онбір ауылында азық-түлік жетіспейді. Аштықтың салдарынан елдің біраз бөлігі тек атшоңқай шөбінің тамырларын қорек етуде» деп көрсетілген екен.
1932-ші жылғы қаңтардағы Ақтөбе аймақтық ОГПУ-дің «Аса құпия» белгісі соғылған арнайы мәліметінде «Азық-түліктің жоқтығы соңғы уақытта барынша өрістеп, әсіресе, қазақ ауылдарында жаппай етек алуда» деп жоғарыға хабарланыпты. Осы органның 1932-ші жылдың 10-шы шілдесіндегі арнайы мәліметінде «Торғай ауданында аштықтан күніне 25 адам өлді. Обаған ауданының О. Исаев ауылында 2 айдың ішінде 300 адам өлді, Құбай ауылдық кеңесінде осы уақытқа шейін 200 адам өлді. Бетпаққара ауданының он төрт ауылында 585 адам аштықтан қайтыс болды. Бескөл ауданында аштықтан күніне 10-15 адам өледі. Ойыл ауданының 5-ші, 8-ші, 18-ші ауылдарында аштықтан 181 адам өлді, Ақтөбе ауданының 35-ші ауылында күніне аштықтан 3 -5 адам қайтыс болады. Меңдіқара ауданында соңғы екі айда кейбір ауылдарда тойып тамақ ішпеуінің, аштықтың салдарынан тұрғындардың 50 % ісініп кеткен.
Тірі қалған адамдар тышқан аулап жеп, шөптің тамырын қазып алып, не болмаса құмаршық, мырзасораң, қияқ шөптерінің дәнін жинап жеп қорек етуде» деп баяндалған.
«Батыс Қазақстан облысының «Правда» колхозында колхозшылардың 75 пайызы жаздық жұмысқа шығудан бас тартып, тамағын асырау үшін тышқан аулауға мәжбүр» деген ОГПУ хабары түскен.
Төбе құйқаң шымырлап шашың тік тұратын өте ызғарлы, әрі өте ауыр мәліметтер емес пе бұл.
Негізінен архив құжаттарына сүйене отырып жазылған І. Сариевтің 2001 жылы «Жазушы» баспасынан шыққан «Қанды ойран» кітабында, баяндалып отырған жайттарға ұқсас жағдай, Жылыой ауданы ауылдарының бірінде болған, өзінің көзімен көрген мына төмендегідей сұмдық оқиға келтірілген екен. «Бұл 1933 жылдың жазы болатын. Қожас деген қарт адам 8 – 10 жастардағы екі қызымен аштық жеңіп, әлі жоқ болғандық-тарынан қыстауынан сыртқа шыға алмай, бірнеше күн жылаған сияқты болып ыңылдап жатып өлгенін өз көзімізбен көрдік. Ол кезде біреуге біреудің көмектесуге мүмкіншілігі жоқ. Қожастың көршісінен сұрағаны өлгенде бетін жабу болған. Сол өтінішін қаракедейдің таттыбайы Сиық Дүкенбайұлы деген атамыз орындап, жалғыз өзі қыстауының қасына үшеуін бірге көмген. Құдайберген жары Қожастың үш ұлының екеуі тамақ іздеп, ауылдан кетіп қалған. Үлкен ұлы Мақсым бір көршілерінің арық түйесі өліп, соның етінен қуырдақ жасауға отын шабамын деп кетіп бара жатқанда әлі жоқтықтан құлап, жан тапсырғанын көрдік. Тағы басқа да жақын жердегі ауылдарда аштан өліп жатқандар болды.
Бірқатар ауылдар саршұнақ тышқан жеп, 2 – 3 шақырымдай жерде бөлек отырды. Елді ауру жайлады, кезік, бүкіржік, безгек деген аурулар халықты баудай түсірді. Кейбір үйлердің есігі мүлде жабылды». Мұны, сол кезеңдегі кеңестік ауыл тұрғындарының өмір тарихының ауыр азап тартып, запыран жұтқандай болған тағы бір кесапатты келбеті емес деп кім қарсы дау айта алар.
Осы кітапта жазылған тағы бір жағдайды (131 бет) айтсақ ол былайша желі тартады «Атақты бай майлан жары Сарбас Саламатұлы халық арасында өте қайырымды, мырза адам екен. Ол 1915 жылы әкесі Саламат қажыға 600 үй тігіп ас беріпті. Сол Сарбас
-10-
балалары, туған-туыстарымен кейін 1931 жылғы «Адай көтерілісіне» қатынасып, өлгені өліп, өлмегендері тұтқындалып, қуғынға ұшырап, жоқ болған. Сарбас бай қартайған шағында бала-шағасынан толықтай айырылып жалғыз қалып, Жылыой ауданының Тұрғызба деген жерінде қайыр сұрап жүріп, 1932 жылы аштан өлген».
Қараша халқы ашаршылықтан қырылып қаусап жатқанда қабырғасы қайыса қайранды қылық танытпаған, қалың елім қазағым-ай деп жанашырлық жәрдем жасамаған кеңес үкіметі мен оның ел ішіндегі имансыз өкілдері, күні кешегі дәулетті ел ағасының бүгін аштан өлгеніне бола қабағын шытып қиналыс белгісін білдірді дейсің бе. «Иманы қисықтың қылығы да қыңыр»,- деген сөз бар халықта.
Сол кездегі кеңестік үкіметтің басшылары, бейбіт тіршілік кешкен елде ашаршылықтан адам өлтіріп, оның санағын ОГПУ мекемесі арқылы алып, сыртынан қарап отырған екен ғой дерсің өзің де, оқырман қазақ баласы.
Міне сондай зұлмат заман өткен қазақ ұлтының басынан. Қазақ үшін адыра қалған кезең еді бұл. Иә бұл кезең, қазақ ұлты тарихының сормаңдай болған мазақты беттері болды.
Көне көз қарттардың өздерінің өткен мезгілдері жайлы айтуға зауқы көп соға бермейтін, ал оқта-текте естеріне ала қалса, іле өздерінен-өздері күбірлеп «өзімен кетсін, адыра қалған кер заман» дейтіндері сондықтан болар.
Ол зұлматты ұйымдастырғандар сол кездің Үкімет басындағы басшылары мен ел ішіндегі олардың әпербақан, ұрда-жық, «асыра сілтеу болмасын, аша тұяқ қалмасын» деп жүрген шала сауатты белсенділері мен соларға әр ауылдан қосылған жәдігөй қол шоқпарлар еді.
«Аллаh Тағаланың қаhарына ұшырады ма, жоқ әлде адамдардың қарғысына тап болды ма?, сол белсенділер мен жәдігөйлердің ұрпақтарының өркендері өспей қалды, тіпті көбінің тұқымы қалған жоқ, ал тұқымы бары азып-тозып ел мазағы болып кетті» деп көнекөз қарттардың айтып отыратынын естігендер сирек болса да әлі де кездеседі.
Есі бар адам жадына тұмар қылып ұстайтын, осы күндердегі пенделер үшін де мәнін жоймаған, саналыға ой салатын киелі жайт екен демеске амал жоқ.
Жоғарғыда айтылған тарихаттық, әрі ақиқаттық жағдайлар, ОГПУ құжаттарының жойылмай қалған бір азғантай бөлігінің мәлімет көзінен ғана алынған айғақтамалар. Аталған мекеменің 1928-1934-ші жылдардағы құпия қорларда шоғырланған, әлі де сақтаулы тұрған ақпараттары мен құжаттарын тереңірек аршып, мұқият іздестірсе бұдан да сұрқия деректемелер табылатындығына күман жоқ болар.
Осы күнгі ғалымдар өздерінің есептеген деректері бойынша сол апатты зұлмат жылдарда тікелей ашаршылықтан және соның себеп-салдарларынан 1 миллион 750 мың адам, яғни елдегі қазақ халқының 42 пайызы аштықтың құрбаны болды деп деректеме айтады.
Ал, салықтық есептің деректемелері бойынша республикадағы тұрғындардың саны әр жылдың бірінші маусымында төмендегідей болыпты:
1930 жылы 5873, 0 мың адам
1931 жылы 5114, 0 мың адам
1932 жылы 3227, 0 мың адам
1933 жылы 2493, 5 мың адам
Бұл жерде, қазақ елін басқарған бастық болмай-ақ сәуесі бар адам болса, ешкім айтпай-ақ өзінің санасымен түсінер бір ақиқат сан көрініп тұр. Ол елдің тұрғындарының санының үш жылдың ішінде 3 миллион 379500 адамға кеміп кетуі.
-11-
1926-шы жылғы Бүкілодақтық бірінші халық санағының деректемелері бойынша республикадағы қазақтардың саны 3627612 адам болыпты. Қазақтар сол кезде Қазақстанның ауыл тұрғындары-ның 61, 1 %-ын құрапты.
Ал барлық қазақстандықтардың саны санақ өткен жылы 6198467 адам болған екен.
Ресми үкіметтік дерек көздері осы зұлмат жылдар ішінде қазақ халқының жалпы саны 2 – 2, 2 миллион адамға азайды деген тұжырымға жетектейді.
Онда мұны, ашаршылықтың зардабынан осыншама қазақтың қырылғанын ресми басқарушы үкіметтің мойындағаны деп білмеске амал жоқ.
Олай болса, ондай үкімет елді басқарған бола ма?, жоқ әлде қазақ ұлтын аштықтан қыруға жұмыстанған болып шыға ма?, оны өзіңіз зерделеп біле берерсіз замандас.
Көпке белгілі жайт, ол қазақ халқының санының бұрынғы 1930 жылғы деңгейіне тек 40 жылдан кейін, 1969 жылы ғана жеткені.
Ұзақ жылдар бойы, дәлірек айтқанда, 1930-шы жылдардың басынан 1994 жылдарға дейін Қазақстандағы 1931-ші жылғы «Адай көтерілісі», 1930-34-ші жылдардағы ашаршылық және осы жылдарда қазақ ұлты санының күрт кеміп кетуі мен 1937-39 жылдардағы қазақ оқымыстыларын, дін өкілдерін, ұлтжанды зиялылар қауымын кеңестік үкіметтің қуғындауының ұлтқа тигізген зардаптары туралы зерттеуге, тарихаттық талдау жасап бағалауға мемлекеттік деңгейде ресми түрде тыйым салынды. Қазақ ұлтының шуақты бейбіт өмірін, өсіп-өркендеуін, біртұтас ұлттық құрылым ретінде дамып өркениеттенуін бірнеше жылдарға кері шегеріп, орасан зор қоғамдық және этникалы-экологиялық аса зор залал келтірді. Сондықтан бұл тақырыптар туралы шындық айтылмады, 75 жылдың үстінде барлық мәліметтер жабық күйінде жатты. ОГПУ, НКВД, КГБ деген сияқты кеңес үкіметінің, сол кезеңдерде, кеңес халқының әртүрлі ұлт өкілдеріне жендет қылып пайдаланған қандықол құрылымдары, деректемелер мен айғақтама құжаттардың бәріне «құпия», «аса құпия», «маңызды құпия» таңбаларын соғып, жеті құлып салған арнайы қорларда сақтағаны көпшілікке мәлім жағдай.
ОГПУ, НКВД, КГБ деп аталған кеңес үкіметінің құрылымдарының құпия құжаттарға салған құлыптары әуелден мықтап жабылған-ау демеске және олардан кейін құлыптардың ашқышына ие болғандар бұрынғылардан да гөрі құпияны қатты қорғаштайтындар болып кетті-ау демеске лаж жоқ.
Бұрынғы кеңестік үкіметтің КГБ-сі, қазіргі Қазақстан үкіметінде КНБ деп аталады. Бұл мемлекеттік құрылымның аты өзгергені ақиқат, ал мүддесі мен мақсаты қандай екенін қазіргі сауатты елдің өздері саралап түсініп алар. Оның тамыр жайған жерінің топырағы жаңғырмаған сияқты, себебі «КНБ тарихына 85 жыл толды»,- деп 2005 жылы шыққан басылымдарда жазылды.
Тәуелсіздік алдық, бұл соның арқасы деп түрлі жиналыстар мен жиындарда белсендімін деген, өздерін ұлттың қаймағы санайтын тарихшы ғалымдар мен қаламгерлер, ел қалаулылары мен саясаткерлер қанша көмей ауыртса да өткен тарихты талдап, оны тани білуге келгенде тұсаулы аттай тұралап қалып жүр. Әлі де болса, ол оқиғаларға толықтай тарихи және әлеуметтік тұрғыдан баға берілді деп айту мүмкін емес.
Тарихтың мақсаты – өз халқына қызмет ету десек, бүгінгі ұрпақтан қандай ашшы болмасын шындықты жасырмаған дұрыс. Тек шындықпен сусындап, әділеттілік рухта тәрбиеленген ұрпақ қана ел намысы мен өз намысын қорғай алатын азамат болып өседі.
Барлық көтерілісті және оған қатысқандарды заң және саяси тұрғылардан ресми түрде баға беріп, ақтап алған орынды.
-12-
Сонда ғана «Қазақстан деген ел – әділетті демократия орнаған, өткен тарихы мен бүгінгі өмір қадамы әділ заңдар өлшемімен бағаланып отырған, қоғамдық даму жолында құпиялы қалтарысы жоқ толық қанды құқықтық мемлекет болды» деп өркендеген әлем елдеріне ұялмай тіке қарай аламыз.
Ендеше, бүгінгі жаңа кезеңнің, тәуелсіздік алған егеменді Қазақстанның тарихшысымын деп жүргендер мен тарихшы ғалымдар бұл тақырыптарды көбіне айналып өтіп кетуді, көріп-біліп жүрсе де қашаған қылық танытып қашқақтай беруді оңтайлы көретіні неліктен. Неден сескенеді. Бойларын неге үрейге билетіп, еркінен айрылады.
Ата ұрпақтың өткен жолының шындық тарихын талдап, ғылыми тұжырымдама жасауға кім тосқауыл қояр дейсің. Қазақ тарихының ақтаңдақ беттерін тәуелсіздік пен демократия дәуірлеп тұрған осы мезгілде шынайы қалпына келтірмегенде, қашан қолға аламыз. Жоқ әлде, біздің тарихымызды өзге ұлт өкілдері жазып беріп, ұлттық тарихшылар оны кейіннен қазақшаға аудара ма?
Тарихымызды батыл жазып жүргендер жоқтың қасы, тек екі-үш нағыз патриот қазақтар ғана қалам тартады, онда да еңбектерінің ауқымы мен талдау теріңдіктері көлемді сараптама мақаланың ғана деңгейінде.
Тарихаттық, экономикалық, демографиялық және саясаттық ғылыми талдаулар жасалған туындылар мен монографиялық еңбектер тіпті жоқ десе де болады. Бұл тақырыптар қасиетті қазақ ұлтының, оның қатпарлы да қасіретті тарихының қастерлі де кесапатты тараулары.
Сондықтан бұрынғы кезеңдердегі өтірікті шынға, шындықты өтірікке айналдырып қазақ ұлтының тарихын құрақтап жазып келген жалпақшешей тарихшыларға ұқсамай, егемендік алған тәуелсіз қазақ елінің жаңаша ойлау, тыңнан тиянақты ой қорыту қабілеті бар тек шындықты ғана жазуды мұрат тұтқан, болашақ ұрпақ алдындағытарихшылық парызын адал атқарып кетуге ынтазар бүгінгінің зерттеуші ғалымы мен зеректі тарих маманын сол 30-шы жылдардағы кеңес үкіметінің қазақ ұлтына орнатқан зардапты саясатының жазықсыз құрбаны болған қарттар мен жастардың, ағалар мен жеңгелердің, аталар мен әжелердің, апалар мен қарындастардың, елдің зиялы азаматтары мен біртуар дарабоз боздақтарының рухы әлі күтіп жатыр.
Олардың өлімі жоқтау айтылмай – жылаусыз өтсе, тарихтағы орны әлі күнге дейін өзінен-өзі үрейленген тарихшы ұрпақтың жасықтығынан сұраусыз кетіп отыр.
Сондықтан да биылғы 2006-шы жылдың сәуір айында басталғанына 75 жыл болатын 1931-ші жылғы Адай көтерілісі бұынғы кеңес үкіметінің кездеріндегідей жалпылама айтыла, не жазыла салмай тәуелсіз егеменді Қазақстанның тарихына толық тарау болып дұрыстап жазылып, жоғарғы оқу орындары мен орта мектептің тарих оқулықтарына дұрыс көлемде енуге тиіс.
Осы орайда, елге белгілі Шөреков Ығылман ақынның тілімен айтсақ «Ел қамын жеген ерлердің, сөз білген жанда қақы бар» демекпіз. Ақырып теңдік сұраған Ата ұрпақтың атқарған еңбектері мен ардақтыларының есімдерін тарихқа жеткізе жазып, паш ету, сөйтіп кештеу болса да олардың тиісті қақын қайтару – бүгінгі ұрпақтың перзенттік парызы екенін ұмытпайық.
Біз бұған дейінгі мезгілдерде, қазақ тарихын жасақтауда халықтың қайғы мен мұңға, қасірет пен кесапатқа толы кезеңдерін дұрыстап жазбақ түгіл, бір-бірімізге өзара ауызша айта да алмадық. Айта қалсақ сыбырлап сөйледік. Болған тарихи оқиғалар мемлекетті басқарып отырған шағын топтың саясатына бағындырылып, солардың ыңғайына бұрмаланды және соларға ұнамды түрде ғана жазылды. Соның кесірінен саясатқа ұнамды ғана тарих ғылымы дүниеге келді. Шынайы тарихты жазғандар елді басқарушы топтың табасына ілігіп, қуғындауға ұшырады.
-13-
Өкінішке орай қуғындаушылардың айтағына еріп, қосыла қабатын, өре түрегеліп балаққа жармаса кететін әумесер белсенділер елдің ішінде де көптеп табыла кететін еді. Ондайлар әлі де бар, қаптап жүр десе де артық емес. Олар әсіресе аға буын ұрпақтың арасында басым орын алады. Тарихтың бұрмалануының басты қасіреті де сол «көпті көрген» топтың келісімпаздықтары мен жалған «кемеңгерлік» қылықтарыннан тамыр алады.
Шағын қазақ ұлтының мүддесін, интернационализмнің алып тасасынан, ұлттар достығының көлеңкесінен көрмей келдік. Басқарушы үкімет еркіной иелерін сескентіп, керек жерінде қорқытып, тұқыртып ұстады. Енді кеткен есенің орнын толтыратын кезең келді. Шын мәніндегі қазақ тарихшысы болса жасқанбай алға басатын, қазақ тарихының ақтаңдақты беттерін тарихи шындықтың тарауларымен толықтыратын, әлеуметтік әділеттілік орнату үшін болған күресті оқиғаларға әділ бағасын беретін, ол оқиғалардың маңызын төмендеткісі келетін, тарих сахнасына шығуына кедергі жасап келген, әлі де сол пиғылдағы кертартпа тарихшыларға батыл тойтарыс беретін кезең осы ағайын. Ер кезегі екі рет берілмейді деген қағида әуелден бар. Қапы қалмайық.
Келтір Шәненов – өлкетанушы, инженер-геолог, Каспий
нефть» АҚ-ның Басқарма төрағасының бірінші орынбасары.
(жалғасы бар)
Парақшамызға жазылыңыз
Дер мезгілінде жазылған еңбек екен.
Көтерілістің алғы шарттарын ашып, зұлматты зобалаң саясаттың және оны іске асыруда белсенді болған ОГПУ, ГПУ, КГБ (қазіргі КНБ) сияқты қанқұйлы ОРГАНдар мен Үкіметті басқарып отырғандардың әшкерелі қылмысқа пара-пар істерінің бет пердесін түріп, жеріне жеткізе баяндалыпты. Тақырыпты таратуы жілікті шағып майын қаққандай қылып жүйелі жеткізілген.
Ел қамын жоқтаймыз деп жүріп, бастарын қатерге тігіп қан майданда ШЕЙІТ болған “Өлімі жоқтау айтылмай – жылаусыз өткен, тарихтағы орнының құны әлі күнге дейін сұраусыз кеткен ” Ерлердің аруақтары риза болған болар. Жарайсыз Келтір Аға. Алла риза болсын.
Міне нағыз қазіргі жастардың патриоттық рухтарын көтеріп, отанды сүйуге баулитын тақырып осы. Кешегіңді білмей, бүгінгінің парқына жетпессің деген бар. Рухты жасанды түрдегі ұрандатумен көтеруге тырыспай, осындай қасіретті шындықпен сусындатып отыру керек. Сонда ғана бүгінгі жастар шыңдалып өседі. Шындықтан нәр алған, адал сүт емген ұрпақ қана ОТАНды сүйіп тұрады. Бастарына қанша қиындық түссе де туған отанын сатпайды. Шет елдерге қашпайды. Ең бастысы ҰРЛЫҚ жасамайды. Отанын ұрламайды.
Кекірігі азбайды, қазақтың арын арлап, жоғын жоқтайтын болады. Авторға рахмет айтамыз.
Қазақ халқының басынан осындай қасіретті кезеңдер өткен екен ғой. Бұл сияқты және басқа да қарулы көтерілістер туралы неге тарих оқулықтарына дұрыстап тұрып жазылмаған. Қазіргі ұрандатып жүрген “Мәдени мұра” жылдарында неге осы тақырыпты айшықты қылып, толықтай жазбайсыңыздар тарихшылар, Оқу министрлігіндегі шенеуініктер не қарап отыр. Шындықты халықтан, қазіргі жастардан қашанғы бүркемелеп отырасыңыздар. Бәрі бір біздің жастар осы сияқты құнды мақалалардан біледі емес пе. Содан кейін бүгінгі жастар мен ертеңгі ұрпақтар тарихшылар мен елді басқарғандарға және ҚР-ның мәдениеті мен ақпарат саласын, білім министрлігін басқарғандарға, тарихшы ғалымсымақтарға қарғысты лағнет айтпай ма. Неге тарихты бүркемелей бересіздер. Басқарушы билікке жағатын ғана тарихты жазып, жалпақшешей болуды қашан қоясыздар “Зиялылар”-ау. Бұдан басқа да жабулы жатқан ақтаңдақ тақырыптар қанша екен? Бұл елде шындық пен әділдік қашан торжествовать етер екен сірә? Осыны ойлаңыздарсайшы шен-шекпен кигендер-ау.
мен осы “АДАЙ”көтерілісінің негізгі басшысы Тынымбаев Мырзалының (МЫРЗАЛЫХАН)немересімін,2009жылы қырғынның соңғы болған жерінде ҚАРАҒАНДЫ БОСАҒАДА шүңкілдек дейтін құдыққа жақын жерде МЫРЗАЛЫНЫҢ фетисов дейтін қызыл әскерді атып өлтіріп жүргізушісі чапуринді жаралы қылып(інісі Бердіқожамен екеуінде), өзін сол жерде қылышпен турап тастаған жеріне белгі там аты жөнін жазып белгі қойдыртып ас бергіздіріп бағыштап құран оқыттырдым.Менің білейін дегенім 1.Тынымбаев Мырзалының,2Жалмағанбетов Бижанның,архивтерде қандай деректері бар екен ,сурет,басқада құжаттар.Негізі Мырзалы атамыз сауатты адам болған Жылы ой ауданының 4ншіме 52ншіме ауылының аулсоветінің секретары болған.
Жалғасбай !!
Аман-есенсіз бе. ҮЛКЕН сауапты іс жасаған екенсіңіз. Алла риза болсын. Мырзалы жайлы “Ойрандалған Адай даласы”, “Қызыл қырғын”, “Қанды ойран” Ізтұрған Сариевтің кітаптарын оқысаңыз көптеген деректер таба аласыз.
Біздерге әрқашанда Аллаh Та ала жар болсын. Кітаптарды таба алмасаңыз менің эл.почтама тікелей шығып қабарласыңыз.