Қолыма түскен жаңа баспаны әуелі аударып-төңкеріп, бас-аяғын шолып шығатын әдетім бойынша «Қазақ әдебиетінің» 22-28 сәуірге арналған 16 нөмерінің «Аязби» айдарлы 4-бетіндегі «Асыл дәстүрдің негізі» атты тақырыппен берілген мақаланың аңдатпасынан «1997 жылдың маусымында Жуңго мемлекеттік сыйлығын иеленген санаулы адамдардың қатарында Өтейбойдақ Тілеуқабылұлы есімді қазақтың аты аталады» деген жолдарға көзім түсті де санамды дереу «иә, Өтейбойдақ әйгілі «Шипагерлік баянның» авторы деген мақтаныш сезіммен қатар мемлекеттік сыйлығын беріп отырған «Жуңго» деген қай мемлекет, Қытай елінде ондай республика, әлде, мемлекет бар ма еді, Қытай елі бір қанша елдерден құралғанымен олар мемлекет аталмаушы еді ғой? деген ұзынсонар ой жаулады да «Қазақ тілі сөздік қорынан», «Қазақ тілінің түсіндірме сөздігінен», терминком бекіткен жаңа сөздіктерден «Жуңго» мемлекетін іздеп тұмсығым тас тіреді.
Алайда, бұны жазып отырған өзімнің сүйікті газетім, «Қазақ әдебиеті» болса, ондай мемлекеттің болғаны, болғанда Қытай елінің ішінен бөлініп шыққан, руханиятқа, ескі көз мұра- жәдігерлерге зор ықылас, жақсы ниетпен қарайтын ел болды ғой деп ақыры өзімді жұбаттсам да халықтық тәжірибеден өтпеген, не болмаса, мемлекеттік тіл институттары ұсынып, үкіметтік қаулы-қарармен бекітілмеген қандай бір елдің өзіндік ішкі атауын екінші бір елдің тіліне ешбір түсіктеме-тәпсірсіз тықпалаудың қажеті қанша еді қынжылдым.
Қазақстан Республикасы, қазақ халқы бағзы заманалардан бері бүйірлесіп өмір сүріп келе жатқан шығыс қапталымызда бір үлкен көршіміз бар, ол – Қытай Елі немес Қытай Халық Республикасы. Оны «Жуңго» дегеннен қазақ ештеңе ұтпайды-ау. Әр бір елдің ат-атауын әдептен озбай, оқырманды адастырмай, тілді бұзбай, дұрыс қолданып, дұрыс жазғанға не жетсін.
Қарамер
Парақшамызға жазылыңыз