Қазақстан Республикасы
Премьер-Министрі
К.Мәсімовке
Қазақстан Республикасы
Президент Әкімшілігінің басшысы
А.Е.Мусинге
Астана қаласының әкімі
И.Тасмағамбетовке
Өзіңізге мәлім, 2011 жылы 21 қаңтарда аса көрнекті мемлекет және қоғам қайраткері, біздің даңқты жерлесіміз Смағұл Садуақасұлы сүйегінің күлі Мәскеудің Дон зиратханасынан Астанаға жеткізілді. Ол қазір елордадағы «С.Ғылмани» мешітінде уақытша тұр.
Смағұл сүйегінің күлі Астанаға әкелінгенде, қуанбаған зиялы, көзі қарақты азамат қалмады. Себебі, біз барша Алаш зиялыларының сүйегі қайда қалғанын білмей қалған ел едік.
Міне, С.Садуақасұлы сүйегінің күлі елге келгеніне 50 күндей уақыт өтті. Бірақ ешкім қозғалар емес. Мұхаммед пайғамбарымыз (с.ғ.с.) айтқан екен «мәйітті тезірек жерлеуге асығыңдар» деп. Жанашыр азаматтар оны христиан қорымынан мұсылманша жерлеу үшін сонау Мәскеуден әкелді емес пе? Оның үстіне бұл шараның аса ірі отаншылдық, елдік маңызы бар!
Біз Сізді отаншыл тұлғаларды сыйлайтын азамат ретінде танимыз. Мәйіт (сүйектің күлі) елордасы – Астанаға жетті ғой. Енді ешкімге алаңдамай, ретімен лайықты жерлеуге мұрындық болуыңызды сұраймыз. Осы істің сәтті аяқталуын Алладан тілейміз.
Орталық сайлау комиссиясының Лингвистикалық комиссиясында Елбасымыз Н.Ә.Назарбаев Ұлттық пантеон мен С.Садуақасұлы жайында сөз қозғапты. Сонда Елбасымыз «Биылдан кешіктірмей Қабанбай бабамыздың жанынан пантеон орнатамыз» деп нақтылап айтыпты. Біз бұл хабарға қатты қуандық. Десек те әлі күнге дейін бірде бір дайындық басталмады, ал сүйек күлі болса көмуді күтіп тұр.
31 мамырға дейін С.Садуақасұлын жерлеу мәселесі шешілмесе, қазақтың миллиондаған гектар жері үшін басын өлімге тіккен тұлғаға Астанадан 2 метр жер (бейіті үшін) бөлдіруге септігіңізді тигізуіңізді сұраймыз.
Сондай-ақ жерлеу рәсіміне байланысты ҚР Президентінің уәдесін орындау үшін Сізден С.Садуақасұлының сүйегі мен мұрасына жанашырлықпен қарап, жерлеу шараларын жоғары деңгейде өткізуге мұрындық болуыңызды өтінеміз.
Аса құрметпен және сеніммен,
- Мұстанов Фазылбек Әбсаттарұлы
- Алмасбек Мұрат
- Таңнұрбек Табысұлы
- Адилова Меруерт Өмісбекқызы
- Нұртазанов Ерқұлан
- Күнсұлтан Отарбай
- Жолдасбай Серік
- Болатбаев Тәуке
- Нұрасылұлы Бүркіт
10. Қалымбайұлы Ержан
11. Жәнібек Аргентина
Парақшамызға жазылыңыз