Қандастарды қажытқан баптар талқыға түстi

686 рет қаралды

Қазақстан Республикасы Парламент Мәжiлiсiнде мәжiлiс­кер Жарасбай Сүлейменов бастаған жұмыс тобы “Халықтың көшi-қоны туралы” ҚР Заңының жобасын қарап жатқалы да жылға жуық­тады. Заң жобасы Парламент Мәжiлiсiне келiп түскен кездегiге қарағанда, едәуiр жетiлдiрiлгенi байқалады. Бiрақ қолданыстағы “Халықтың көшi-қоны туралы” заңынан мұраға қалған түйткiлдi түйiндер күнi бүгiнге дейiн оң шешiмiн тапқан жоқ. Осы жылы ақпанның 28-29-ы күндерi аталған жұмыс тобы заң жобасын тағы да сүзгiден өткiздi. Мұндағы ең көп талас тудыр­ған мәселе заң жобасының 44-бабындағы: “Оралман мәртебесi Қазақстан Республикасының азаматтығын алғаннан кейiн тоқтатылады” деген тұжырым­ға байланысты өрбiдi. Себебi, дәл осы бапқа депутат Бекболат Тiлеуханов қарсылық танытқан болатын. Бекболат Қанайұлының пiкiрiнше, дәл осы бап күнi бүгiнге дейiн қандастарымызды барынша қинап келе жатқандығын айтады. Олар азаматтық алса, оралман мәртебесiнен айырылып, барлық атаулы әлеуметтiк көмектер мен жәрдемақыдан жұрдай етiледi. Ал азаматтықты қабылдамаса, үй алу, жер алу және басқа да тек республика азаматтарына ған тиесiлi мүмкiндiктерден қағылады. Мiне бұл, көшi-қон саласындағы жемқорлықтың бастау көзi және алаяқ делдалдарға да мол мүмкiндiк беретiн ең кесiрлi заң бабы болып келген көрiнедi. “Егер осы бап өзгерiссiз қалатын болса, аталған заң жобасын қабылдаудың да ешқандай мән-мағынасы қалмайды. Демек, ҚР азаматтығын қабылдаған оралман сол сәттен бастап заң бойынша берiлетiн атаулы әлеуметтiк көмек пен жеңiлдiк­тер­ден мақрұм болады. Бiз күткен  заң жобасы, ең алдымен, сан мыңдаған қандасымызды сарсаңға салып, былай тартса, арба сынатын, былай тартса, өгiз өлетiн жағдайға жеткiзген, алаяқ­тар мен  жем­қорлардың жемсауын толтыр­ған кереғарлықты түзетуге бағытталуы керек едi. Заң жобасы осы қайшылықты одан бетер шиеленiстiрiп жiбердi” дейдi депутат.

Шынында, Заң-жобасының “Оралмандардың құқықтары мен мiндеттерi” деп аталатын 45-бабына:

“1. Оралмандар мен олардың отбасы мүшелерiнiң:

1) Iшкi iстер органдарында тiркелу жолымен, жеңiлдетiлген тәртiппен ҚР-ның азаматтығын алуға” құқылы екенi жазылған. Жеңiлдетiлген тәртiпке байланысты ҚР Iшкi iстер министрiнiң 2002 жылдың 23 тамыздағы №556 бұйрығымен бекiтiлген нұсқаулығы да бар. Нұсқау­лықтың 42-тармағында: “жеңiл­де­тiлген тәртiппен азаматтық алуға арыз берiлген уақыттан бастап мәлi­меттердi қарау уақыты үш айдан аспауға тиiс” деп айқын көрсе­тiлген. Яғни “оралман мәрте­бесi” ары кеткенде үш-ақ айға ғана жарамды деген сөз. Мүмкiн, жолы болған ағайын 15-20 күнде-ақ елiмiздiң азаматтығына қол жеткiзе алады. Әрине, бұл елге оралған қандас­тарымыз үшiн қолайлы мүмкiндiк. Бiрақ оралмандарға берiлетiн жеңiлдiктер, өтемақылар мен әлеуметтiк көмектiң бас­қа да түрлерi азаматтық алған аға­йынға бұйырмайтынын ескерсек, депутат Бекболат Тiлеухановтың уәжiмен келiспеске шараң жоқ. Себебi, елге орал­ған қандастарымызға азаматтық беру мен оларға жәрдем көрсету мәселесiнiң арасындағы қарама-қайшылыққа байланысты көшi-қонды бiзден бұрын бастаған Израиль мен Германияның тәжiрибесi құқықтық тұрғыдан бiзге үлгi болуға тиiс. Аталған елдер тарихи отанына оралушы қандастарына тек сол елдiң азаматтығын қабылдағаннан кейiн ғана жәрдем көрсетедi. Депутат осы керағарлықты шешу мақсатында квота шеңберiнде берiлетiн өтем­ақылар мен әлеуметтiк көмектiң басқа да түрлерi оралмандарға тек бiр-ақ мәрте төленетiндiктен, олардың азаматтық алуына қарамастан, осы мүмкiндiктi бес жыл мерзiмге дейiн қалдыруды ұсынған көрiнедi. Бiрақ айтарлықтай қолдау таппапты. Кейiн, Бекболат Тi­леуханов, Нұрлан Өнербаев, Алдан Смайыловтар бiрлесiп заң жобасының 45-бабы, 1-тармағының 2-тармақшасына “оралмандар мен олардың отбасы мүшелерi көшiп келу квотасына өтiнiш беру құқығын олардың Қазақстан Республикасының азаматтығын алуына қарамастан, 3 жыл бойы сақтап қалуға құқылы” деген толықтыру ұсынған болатын. 28-29 ақпан күндерi осы ұсыныстың өзi Жексенбай Дүйсебаев, Жарасбай Сүлейменов қатарлы депутаттардың қолдау бiлдiруiне қарамастан, қатты талас тудырды. Әсiресе, Еңбек және Халықты әлеуметтiк қорғау ми­нистрiнiң өкiлi Аслан Қаржаубаев үзiлдi-кесiлдi қарсылық танытты. Оның уәжi бойынша қазiргi күнде көшiп-келу квотасы жетiп-артылады. Сол себептi оралмандарға квотаға енбей қалудан алаңдаудың еш ретi жоқ екен. Құжаттарын қалай тапсырды, солай көшiп-келу квотасынан игiлiктене алады. Қазақ көшiнiң бүгiнгi жағдайы осылай екенi – шындық. Бiрақ көшi-қон квотасына ену Қаржаубаев айтқандай соншалықты оңайға түспейдi. Аслан Қаржаубаев – көлденең көк атты бiреу емес, дәл осы заң жобасының авторларының бiрi және ұзақ жылдардан берi көшi-қон саласында жауапты қызмет атқарып келген бiлiктi маман. Көшi-қон комитетiн Ж.Әбдиев басқарып тұрған кезде 30 мыңнан астам оралман отбасының көшi-қон квотасына өтiнiш берiп, кiре алмай қалғандығын жақсы бiлетiн азамат. Жазбек Ниетұлы 2005 жылдың қаңтарында ЕҚЫҰ-ның ұйымдастыруымен өткiзiлген, әлемнiң 55 елiнен өкiл қатысқан халық­аралық көшi-қон мәселелерi жөнiндегi семинарда: “ Жалпы, Қазақстанға осы уақытқа дейiн квотамен келгендерден квотадан тыс келгендерi екi есе көп”, – деп мәлiмдеген болатын. Сол жылы сәуiр айында Халықаралық Көшi-қон ұйымының ұйымдастыруымен “Қазақстандағы көшi-қон мәселелерi және оны шешу жолдары” атты дөңгелек үстелде тағы да көшi-қон квотасына енгiзудi өтiнген 35 мың отбасының арызы жауап күтiп жатқанын айтқан болатын. Егер Қаржау­баевтың уәжiне сенсек, қазақ көшiнде ендiгәрi дәл осындай квотаның кезегiн күтiп, асып төгiлiп, құйылып жататын қазақ көшiнiң тасқыны келмеске кеткен сияқты. Ал Айгүл Соловьева қатарлы депутаттар мұндай толықтыруларды енгiзу Конституцияға қайшы келедi деген пiкiрде. Олардың уәжi бо­йынша, оралмандар Қазақстан Республикасының азаматтығын алғаннан кейiн ешқандай да артықшылықтар мен жеңiлдiктерге ие болуға тиiс емес! Себебi, Қазақстан Республикасы азаматтарының конституциялық құқықтары бiрдей. Рас, ҚР Конституциясының 14-бабында: “Заң мен сот алдында жұрттың бәрi тең” деген қағида бар. Бiрақ бұл бап азаматтардың жалпыға бiрдей Конс­титуциялық құқықтары мен бостандықтарын сақтай отырып, белгiлi бiр әлеуметтiк топтардың заңда көрсетiл­ген ерекше құқықтарын пайдалануды терiске шығармайды. Себебi, зейнет­керлердiң, мүгедектердiң, әйелдердiң және соғыс ардагерлерiнiң бәрi де Қазақстан Республикасының азаматы болуына қарамастан, түрлiше жеңiл­дiктерден игiлiктенуге құқы бар. Керек десеңiз, “Жаппай саяси қуғын-сүргiндер құрбандарын ақтау туралы” ҚР Заңының 24-бабына сәйкес корей ұлтының өкiлдерi күнi бүгiнге дейiн саяси қуғын-сүргiн құрбандарының ұрпақтары ретiнде зе
йнетақысына қосымша жәрдемақы алады. Демек, оралман қандастарымыз өздерiне тиесiлi жеңiлдiктер мен өтемақыларды алу мүмкiндiгiн егер заңда көзделсе белгiлi мерзiмге дейiн пайдалануға әбден мүмкiндiгi бар. Ал Айгүл Соловьева қатарлы мәжiлiскерлер Ата заңды өздерi толық түсiнiп отырған жоқ! Аслан Қаржаубаев қатарлылардың ненi көздеп отырғаны мүлде түсiнiксiз. Атаған ұсыныс алдағы уақытта, жұмыс тобында жалғасты қаралатын болады.    

Бекболат Тiлеуханов, Нұрлан Өнербаев, Алдан Смайыловтар тағы да заң жобасының 45-бабы, 1-тармағының 3-тармақшасына: “Оралмандар ҚР азаматтығын алған кезде туу туралы куәлiгi негiзiнде, өз қалауымен өз атын, әкесiнiң атын және тегiн қазақша дұрыстап жазуға құқылы” деген тармақшалармен толықтыруды ұсынған болатын. Шынында, қандастарымыз әлемнiң 40-тан астам елiнде қоныстанғандықтан олардың аты-жөндерi өздерi өмiр сүрген елдiң тiл-жазуына және аты-жөндерiне көбiрек бейiмделген. Сол себептi, сан мыңдаған қандасымыз елiмiзге келген соң өз аттарын қазақша дұрыстап жазуда көптеген қиындықтар мен кедергiлерге душар болуда. Бұл бап олардың өз аттарын, әкесiнiң атын және тегiн қазақша дұрыстап, толықтап жазуға мүмкiндiк беретiндiктен, ұсыныс аздаған қарсылықтармен мақұлданды. Еңбек және халықты әлеуметтiк қорғау вице-министрi Бiржан Нұрымбетов көптеген қандастарымыздың дәл осы мәселеде айтарлықтай қиындықтарға тап болатындығын тiлге тиек етiп, “заңға сәйкес” деген редакциямен қабылдауды ұсынды. Осы мәселеде депутат Нұрлан Өнер­баевтың жан-жақты дәлелдi пiкiрлерiмен ерекше белсендiлiк танытқандығын алғыс сезiммен атап айтуға тиiспiз.

 

Рақым АЙЫПҰЛЫ. “Жас Алаш” газеті.

Парақшамызға жазылыңыз

Жауап беру

Your email address will not be published.

This site uses Akismet to reduce spam. Learn how your comment data is processed.

Соңғы жазбалар