2011 жылы12- мамырда Елбасы Н.Назарбаев еліміздің ең ірі, екі миллионға жуық тұрғыны бар Алматы қаласының аумағын кеңейту туралы Жарлыққа қол қойған. Ол туралы ресми баспасөзде жарияланды. Кейбір баспасөздер «Алматы шекарасы кеңейді» деп жазып жатыр. Ойлап көріңіздерші, шекара қалай кеңейеді? Шекара деген екі тарапқа қатысты жер аумағының түйісі, аралық сызық. Егер аудан кеңейсе, ол ұзаруы, ал аудан тарылса, ол қысқаруы мүмкін. Демек, шекара ұзындық өлшемімен айқындалады. Сондықтан, әріптестер, бір нәрсені жазғанда қотарып, қалай болса солай көшіре салмай, жаңсақ ақпарат бере бермей, байыптап, әр сөздің мағынасына аса назар аударуларың керек-ақ.
Сонымен, Алматы қаласының аумағы қалай кеңіді? Әрине, жер өспегені белгілі. Алматы қаласының аумағы – Алматы облысына қарасты кейбір аудан, кенттерді Алматы қаласының билігіне беруге байланысты кеңейіп отыр. Ендеше кімнен не, қанша шамада жер алынды? Осыған назар салыңыз: Жарлықта: «Алматы қаласының шекарасына (аумағына деп оқыңыз) Алматы облысына қарасты жалпы көлемі 1 330,25 гектар болатын, оның ішінде Қарасай ауданына тиесілі 823,82 гектар, Талғар ауданынан 496,92 гектар және Іле ауданынан көлемі 9,51 гектар жер қосылып, өзгертілсін» делінген.
Алматыға берілген жердің 235,5 гектары егістік, 81 гектарын су алып жатыр, 119,6 гектары жолдар, 39,5 гектары ағашты алқап, 13,6 гектары құрылыс, 37,5 гектары – жайылымдық жерболса керек.
Таяуда Алматы қаласының әлеуметтік-экономикалық дамуы турасында елбасы Нұрсұлтан Назарбаев қатысқан жиналыста қала әкімі Ахметжан Есімов Алматыдан Талғар мен Қаскелеңге қарай трамвай жолы тару көзделгенін айтқан еді. Қала маңындағы елдімекендерді шаһармен байланыстыратын темір жол Төле би көшесімен өтпек екен.
Ал, жерің кеңіді, Алматылықтар, елің, бас панаң не болар екен?
Қарамер
Парақшамызға жазылыңыз