Бүгін, яғни мамырдың 25-інде Астанадағы тәуелсіздік сарайында Қазақстан Республикасы Президенті Нұрсұлтан Назарбаевтың қатысуымен Дүниежүзі қазақтарының ІҮ құрылтайы салтанатты түрде ашылды.
Құрылтай қонақтары Астанаға 24-ші мамырда келіпжайғасқан еді. Олар Астананың “Кинг” және “Тенгри” қонақүйлеріне орналасқаннан кейін, кешкі сағат 19.00-де “Керуен” кинозалында “Балалық шағымның аспаны” атты Н. Назарбаевтың балалық шағы жайлы Р. Әбдіраштың фильмін тамашалады.
Дүниежүзі қазақтарының Құрылтайы бес жылда бір рет өткізіліп келеді. ІІІ құрылтай 2005 жылы Астана қаласында өткізілген болса, былтыр өтуі тиіс ІҮ құрылтай түрлі себептермен биылға шегерілген болатын. Дүниежүзі қазақтары қауымдастығының баспасөз орталығының берген мәліметі бойынша, бұл шараға әлемнің 35 елінен 365 делегат келсе, Қазақстанға түрлі жылдары қоныс аударған оралмандар мен зиялы қауым өкілдері – барлығы 660 адам қатысуда.
«НҰРЛЫ КӨШ» БАҒДАРЛАМАСЫ ҚАЙТА ЖАҢҒЫРАДЫ
Салтанатты жиында арнайы сөз сөйлеп, алыс-жақыннан келген қазақтарды құттықтаған Қазақстан Республикасының Президенті Нұрсұлтан Назарбаев қазақ көшінің алдында тұрған төрт міндетті анықтады.
– Тәуелсіздігіміздің 20 жылдығымен бірге Қазақстанға ағылған ұлы көштің басталғанына да 20 жыл болыпты. Бүгінгі Құрылтай осындай мерейлі белеспен тұспа тұс келіп отыр. Сондықтан осындай баталы жылы біздің бастамаларымыз жемісті болуы тиіс. Осы жиырма жыл ішінде елімізге 300 мыңнан астам отбасы, миллионнан астам қазақ оралған екен. Шеттегі қазақтың табанына кірген шөңке біздің де жан жүрегімізді сыздатуы тиіс, – деді ол.
Құрылтайда алға қойылған міндеттердің біріншісі Парламент қабырғасында қаралып жатқан «Халықтың көші-қоны туралы» заң жобасына айтылар ұсыныстар мен енгізілер өзгерістерді бірлесіп әзірлеу деді ол. Онда шетелден келетін қазақтардың алдында құжат тапсыруда, тіркеуге тұруда, азаматтық алуда кездесетін түрлі кедергілерді жоюы тиіс.
– Соңғы жылдары 20 мың отбасылық көші-қон квотасы орындалмай келеді. Қандастарымыз үшін есігіміз қашанда ашық екенін тағы бір мәрте ескерткім келеді, – деді ол.
Екінші міндет – «Нұрлы көш» жобасының екінші кезеңін жүзеге асыруды қолға алу.
– Бұл кезеңде қандастарды жаңа өндірісті өңірлер мен ауыл шаруашылығына кеңінен тартудың жолдары сараланатын болады. Ол үшін келген мамандарды қажеттілікке байланысты қайта даярлау, қысқа мерзімде оқытуды қамтамасыз етеміз. Шетелден келген құрылтай қонақтарының басым көпшілігі – 60 пайызы жастар екен. Әлемдегі барша қазақ жастарының сапалы білім алуына тиісті жағдай жасауымыз қажет. Қазақстанда біз оны жасаймыз. Осыған байланысты Білім және ғылым министрлігіңе қандастарымызға бөлінетін білім грантының квотасын нақтылап, жүйелі жұмыс жүргізуді тапсырамын. Әлемнің әр қиырындағы қазақ жастарын Атамекенге оқуға және қызмет етуге шақырамын. Жаңа дәуірге қадам басқан Қазақстанға отаншыл, білімді жастарымыз аса қажет. Шетелдерде техникалық білім алған қазақ жастарын индустриялы аймақтарға қызмет етуге шақырамыз. Қажет болса әлеуметтік қолдау да көрсетеміз, -деді Назарбаев. Алға қойылған үшінші міндет – шеттегі қандастарымызды жан жақты ақпаратпен қамтамасыз ету. Қазақтіліндегі бағдарламалардың санын арттыру, сапасын жақсарту, төртінші міндет – қандастар тұрып жатқан елдерде ұлттық өнердің таралуына кеңінен насихат жасау.
ҮРІМЖІДЕГІ ВИЗА МӘСЕЛЕСІ ШЕШІМІН ТАБАТЫН БОЛАДЫ
Жалпы, Құрылтайда жарыссөзге көтерілгендер алдын ала соғылған қалыптан аттай алмады. Қатысушылар жалпылама мақтан, Қазақстан тәуелсіздігінің 20 жылдығы қарсаңында жеткен жетістіктерді санамалаудан аспады. Дегенмен суыртпақтап жүріп, қазіргі қазақ диаспорасы алдында қордаланған проблемалардың шетін шығаруға мүмкіндік болды. Айталық, осыдан бір-екі ай бұрын Үрімжідегі Қазақстанның паспорт-визалық бөлімінде кезекте тұрған он мыңдай адамның дауы жайында Қытайдан келген қазақтармен әңгімелесудің сәті түсті.
Калиакпар Сәнімханұлы Үрімжідегі қазақтардың виза алу мәселесін шешу үшін Үрімжіде Қазақстанның Бас консулдығын ашу қажет дейді.
– 2011 жылы 15-ақпанда Қазақстанның Үрімжідегі визалық-паспорттық бөлімінің алдында кезекте тұрған адамдардың саны 10 мыңға жеткені себепті кезекке тіркеу тоқтатылып, әлі жаңартылған жоқ. Оның ең басты себебі, Үрімжідегі паспорттық-визалық бөлімде адам саны шектеулі. Оның біреуі бастық, біреуі орынбасары, екі адам ғана виза берумен айналысады. Сол себептен біздің қазақтар Қазақстан ақпарат құралдарына шағымданған еді. соның арқасында бұған дейін қазақ тілін білмейтін адам жұмыс істеп келсе, қазір оның басшысы ауысып, Қайыржан Кеңесұлы деген кісі келді. Қазір күніне 100 адамға номер қабылданып жатыр. Бір номерде бірнеше паспорт болуы мүмкні. Демек, күніне 200-ге жуық паспортқа виза берілуде. Мәселені шешудің жалғыз жолы – Үрімжідегі визалық-паспорттық бөлімді Консулдық дәрежесіне көтеру. Онда адамдардың саны да артар еді, -деді ол.
Құрылтайға арнайы келген Үрімжідегі Қазақстанның визалық-паспорттық бөлімнің бастығы Қай ыржан Кеңесұлы қазір осы мәселені шешудің алдын ала бастағанын айтады.
– Рас, күніне 50-60 паспорт қабылдап келген кездер болған. Онда бар жоғы 6 адам істесе, оның екеуі ғана – виза беретін. Қазір олардың санын төртке жеткіздік. Қазір күніне 150-160 паспорт қабылдануда, – дейді Қайыржан Кеңесұлы.
РЕСЕЙДЕГІ ҚАЗАҚТАР ҚАЗАҚША МЕКТЕП АШЫЛСА ДЕЙДІ
Ресейдің Алтай өлкесі Керей ауылынан келген Боринова Нұрғайша сол ауылдағы қазақ мектебінде 25 жылдан бері директор болып қызмет етіп келеді. Аталған ауылда 80 қазақ отбасы бар. Басқа ұлт өкілдері жоқ. 1986 жылдан бері жұмыс істеп келе жатқан орта мектепте бар-жоғы қырық бала оқиды екен. Нұрғайша ханымның айтуы бойынша, дәл осындай мектеп Керей ауылынан алпыс шақырым жердегі Байқамыт ауылында бар екен. Онда 19 бала білім алуда.
– Күн өткен сайын бұл мектептердегі балалардың саны азайып барады. Өйткені, ауылдағы жастардың көбі – мектепті тәмамдағаннан кейін Қазақстанға оқуға аттанады. Әрі сонда қалып қояды. Оның үстіне Ресей мен Қазақстан Білім министрлері арасында өзара білім келісім шартының болмауы себепті, арықарай өмір сүруі де екіталай болып тұр, – деген ол ол мектептердің Қазақстан оқу бағдарламасы бойынша жұмыс істейтіндігін және қазақстандық оқулықтармен сабақ өткізетіндігін айтады.
Есен Байнұр.
Парақшамызға жазылыңыз
Бәрі де айтылудан кенже емес , парақорлық жаулап алған Қазақстанда түкбір өзгеріс
болат дегенге кім сенеді , 99 пайыз паражеушілер оыірған билік ,парламент дерден не күтуге болады , ашынып жатқан халық дың көзжасына мәнберіп жатқан бірде біреуі
жоқ!!!!!!!!!!!!!!!!!!!!!!!!!!!!!!!!!!!!!!!