Астанада «Шығыс жұлдыздары» атты таңғажайып кітаптың тұсауы кесілді. Аталмыш кітап, бұл күнде өзінің өнімінің сапалылығымен, көркемдігімен алғы шепке шығып үлгірген «Фолиант» баспасынан жарық көрген. Баспагер – саудагер, ол сапалы өнім шығарып пайда табуға мүдделі. Жұлдыздың қай жақтан туғаны ол үшін бәрі бір. Өнімі өтсе, қосымша ақша әкеліп жатса көзеген межеге жеткендігі. Бүгін де осы мақсатта қаржысы қомақты кітаптың тұсауын кесіп руханиятымызға мол үлес қосып отыр.
Біздің негізгі айтпағымыз бұл емес. Енді соған құлақ салыңыз: «Шығыс жұлдыздары» дегенде қазіргі күнде аузымыз қалып алып, кеңестік әрі еуроцентристік ұғыммен оңтүстік батысымыздағы араб-парсы елдерінің жұлдыз-әнші-әктерлері туралы екен деп қала көрмеңіз.
Бұл шығыс өзіміздің шығыс – Шығыс Қазақстан. Ал жерде тұрып, «жұлдызға айналғандар» – сол шығысымыздан шыққан өнер перзенттері, елімізге еңбегімен, талант, дара дарынымен танылған бір туарлар. Олардың тек «шығыстың жұлдызы» болуғв ғана емес, «Қазақ даласының жұлдыздары» деген атқа әбден лайық жандар. Олардың ұлттық деңгейін тарылтып, бір аймақтың көлемінде ғана «жұлдызға» айналдырып отырған өзіміз. Алайда осының өзіне сол кітапқа аты енген азаматтар мәз екен. Оны кешегі телкедидардан көрсеткен кейіптерінен байқадық. Мәз. «Ау, ағайын, мыналарың не, мен қазақтың тақиясына тар келдім бе, мен қазағымның маңдайын біткен жұлдызы емеспін бе, мені өйтіп кішірейтпеңдер!» деген біреуі де болмағаны-ай! Менің ішім осыған ашып отыр. «Ау, жұлдыздар, бүтін қазақтың көгінен енді кімдерді көреміз? Мүмкін, келгеніне жиырма жыл болса да, не батыстың, не шығыстың жұлдызына жатпай, жат болып жүрген «оралман» бауырларымыздың ортасынан шыққан жұлдыздарды атаймыз ба!» деп енді біз айтып отырмыз. Айналайын, Қазағым! Қайталап айтайын, келгеніне жиырма жыл болған осы марапатқа әбден лайық Алтайдың ар жағынан асқан небір тамаша тұлғалар бар. Сонда Алтай Қазақстанның шығысы емес пе? Бірақ, енді бір отыз-қырық жыл күтсе олардың да бір бағыттың «жұлдызына» айналып қалу ықтималдығы жоқ емес екен деген дәме тағы емексітеді. Олай дейтініміз «әлгі «шығыстан жарқырып шығып жатқан жұлдыздар» арасында Қабдеш Жұмаділов, Марфуға Айтхожина, Несіпбек Айтұлы… қатарлы ақын-жазушы, кешегі өткен ғасырдың алпысыншы жылдарының «оралмандары» жүргені осылай деп көрегенсуімізге, болжау жасауымызға түрткі болды.
Әр кімге туған жердің орны бөлек. Алайда, сол тумалар туған жерінде, топырғына аунап, марапатталып, ат-шапанын киіп, айға, жұлдызға теңеліп жатса оған дау бар ма? Ел ордамыз, бас қаламыз, астанамыз Астананы төріне жинап алып, «мыналар шығыстың жұлдызы, аналар… деп» марапаттағанда масқара болған жоқпыз ба?! Біз еліне елеулі, еңбегі сіңген,айтулы азаматтарға сый-құрмет көрсетіп, марапаттап, насихаттауға еш қарсылығымыз жоқ, керек десеңіз қолдаймыз. Ал, «мынау батыстыкі, анау шығыстыкі» деп қазақтың маңдайына біткен марқасқа, нар қасқа бірнеше адамын бөліп-жарғанға мүлде қарсымыз. Біз мәселеге, жалпы ұлттық, бүтін алаштық тұрғыдан қарасақ дейміз. Осыны әлгі марапат көріп жатқанқан сорпа бетіне шығарларымыздың өздері бас болып тыйса екен дейміз. Олар неге марапатқа мәз болып, бұндай өрескел келеңсіздікті қолдайды? Осыған таңбыз! Ау, қазағым, қашан ел болып, бір тудың астына жұмыласың! Ау, қазағым-ай, қазағым…
Бурылалтай
Парақшамызға жазылыңыз
“Ала қойды бөле қырыққан жүнге жарымайды”