/

«Патша – жалаңаш!» деп айғайлай аласың ба?

1443 рет қаралды
1

Қазақстан журналистерінің кәсіби мерекесі күндері осындай сұрақ көкейден кетпей қоятыны бар. «Төртінші билік», «қоғамдық пікірді қалыптастырушы»! Тізе берсек, әдемі атаудан кенде қалмайды екенбіз. Сонда өзі, шынымен төртінші билік болсақ, оны неге бүкіл әлем тырнақшаның ішіне алып айтады, кекеткені ме, әлде, кемсіткен, әзілдеген түрлері ме? Ал, қоғамды пікірді қалай қалыптастырып, билікке қалай ықпал етіп жүрміз?

Осы орайда, әлем зиялылары мен көзі қарақты оқырмандарына ежелден мәлім әңгімені еске сала кетейік. Бір елдің патшасы сәнқойлықтың соңына түсіп ақыры алаяқтардың арбауына түседі. Алаяқтар патша мен сарай маңындағылардың ауыздарын ұрып, қазынадан қыруар қаржы алып жалған «киім тігеді». Егер ол киім әлдекімнің көзіне көрінбесе ол адамның мисыз әрі ақымақтығынан екен. Жоқ нәрсені кім көруші еді. Соған қарамастан патшаның өзі де, айналасындағылардың бәрі жоқ киімді көргенсиді. Уәзірлері жаппай жағымпазданып, патшаға керемет жарасып тұрған айтып, ауыздарының суы құриды. Оған сенген патша тыр жаңалаш күйінде халықтың алдына шығып масақара болады. Сонда топ ішінен бес жасар қаршадай бала ғана «Патша – жалаңаш!» деп айғай салады. Кейін демократиялық баспасөзді зиялы қауым сол бес жасар баланың орнына қоятын болған еді.

БАҚ жүйесі – әртүрлі ғылымдар мен тәжірибелік қызметтердің сипаттарын өз бойына сіңірген қоғамдық ерекше институт. Сонымен қатар ол қоғамдық пікір қалыптастыратындығымен, оқиға, көріністерді жан-жақты қарастыратын  және еркін көзқарастың ашық алаңы болатындығымен ерекшеленіп отыр деп көсіле беруге болар.

Шындығына келсек, бүгінде Қазақстандағы барлық саяси қозғалыстар мен партиялар, жекелеген топтар өз органдары ретінде газет, басылымдар шығаруға, электрондық ақпарат құралдарына иелік етуге мүдделілік танытып, өз саясаттарымен БАҚ арқылы халыққа ықпал етуді,  сайлауда басым дауысқа ие болуды көздейтін болды. Ресми мәлімет бойынша елдегі тек  діни басылымдардың саны бүгінде 30-ға жеткен. Оның сыртында мемлекеттік билік, атқарушы үкімет те өздерінің саяси имиджін қаласа да, қаламаса да БАҚ арқылы ғана қалыптастыра алады. Сол сияқты оппозициялық топтар да өз мінберін іздейтіні белгілі. Осының өзінен-ақ, журналистика институтынсыз саяси, әлеуметтік қай қызметтің де қалыптылығын, тұрақтылығын қамтамасыз ету мүмкін емес екендігін көруге болады.

Қоғамдық институттар соның ішінде журналистика саласы тек азаматтық ашық қоғам жағдайында ғана пікіралуандығын негізге алған демократиялық -құқықтық қоғамның қағидасына сай дамуға, іс қызметін жүргізуге мүмкіндік табады. Жалпы азаматтық қоғам дегеніміздің өзі мемлекеті азаматтарының жеке тұлға ретіндегі бостандықтарын мойындайтын, үкіметтік ұйымдарды демократиялық-құқықтық жолмен құратын, оның іс-қызметтерін халқы бақылай алатын қоғамдық жүйе және өмірдің дәл осындай нормасының қалыптасуы. Олай болса, әртүрлі саяси көзқарастар мен тұжырымдамалардың, қоғамдық-саяси, азаматтық ой-пікірлердің   барша халыққа жол тартатын, ел назарына жеткізетін, сол арқылы кері байланыс орнатып, таразыланып, талқыланатын ең негізгі мінберлерінің бірі – БАҚ болмағына ешкім дау айтпас. Осы орайда, еркін ой мен пікір алуандығы, саяси пікірталастар ағыны әрбір жекелеген топтардың ақпарат құралдары, баспасөзі арқылы көрініс таба ма, әлде, соның бәрін еркін жариялайтын жалпыұлттық дербес әрі бейтарап тәуелсіз газеттер немесе қоғамдық телеарналар мен радиохабарлар керек пе? – деген заңды сауал туындайды. Демократиялық үрдістер қалыптасып, тереңдеп дамығанда, мәдениетті де салауатты саяси ой, пікірталастың кең өрістеп, құлаш жайған кезеңінде аталмыш мәселе де өз шешімін табуға тиіс.

Жалпы қазақ баспасөзінде саяси сананы қалыптастыру дәстүрі болды ма? деген сауал осы орайда назар аудартады. ХХ ғасырдың басында, яғни қазақ баспасөзінің қалыптасу кезеңінде еліміздің қоғамдық-саяси санасының деңгейін білу үшін «Қазақ» газеті мен «Айқап» журналына жүгінуімізге тура келеді. Мысалы, «Қазақ» газеті мемлекеттік думада болып жатқан саяси маңызы бар мәселелерге назар аударып, онда қабылданған шешімдердің қазақ тағдырына қатыстылығын екшеп, түсіндіріп отырғаны тарихтан мәлім. Ал, «Айқап» журналы ұлт мәселесін басты нысанаға айналдырып, ел болашағының қамын ойлағандығымен ерекшеленді. Аталмыш басылымдарда қызмет еткен Алаш көсемдері саясат тақырыбындағы ойлы мақалалары арқылы қазақ баспасөзінде еркін ойдың негізін қалады, дәстүрін қалыптастырды.

«Айқап» журналында бір-біріне қарама қарсы пікірлерді қатар бергенін, осы арқылы плюрализмге, балама ақпарат таратуға  кең өріс ашқанын, қысқасы, демократиялық журналистиканың қағидаларын ұстанғандығына куә боламыз. Мысалы, бір мақалада «Енді мұнан былай балаларыңызды орысша, мұсылманша бірдей оқытып, діні мен күндеріне бірдей ие болатындай қылып тәрбиелей көріңіздер» – деген ой білдірілсе, «Құдай сақтасын, газет-журнал һәм жаңа шыққан кітаптар болса, алып оқымақ түгіл қолдарыңызға да ұстамаңыздар және құдай сақтасын, төте оқытатын мұғалімдер ұстап балаларыңызды бұзып алып жүрмеңіздер, одан қайта надан болып қалғаны артық» – деп келесі мақалада қарсы пікір айтылады. Осылайша, шындыққа жетудің жолы, баспасөз объективтілігінің бір критерийі ретінде де балама ақпарат беруді, қарсы пікірлердің газет бетінде қатар жариялануын орынды санаған.

Ұлттық мемлекет құру үшін тәуелсіздік бәрінен маңызды екендігін сол кезеңнің өзінде ұлт зиялылары басына төнген қатерден қорықпай, отаршылардың сұстарынан сескенбей батыл айта алған. Түрік халықтарының тұтастығын, бірлігін көздеген Мұстафа Шоқай: «Осы елдің құрамындағы Қазақстанда ұлттық тәуелсіздік мәселесі түгіл, саяси және  ұлттық бостандықтың ең қарапайым нышандары сөз болуы мүмкін емес. Өйткені қашан да орыс солдатының соңынан орыс мұжығы ілесіп отырады. Басып алынған жерде орыс билігі орнаған соң-ақ, пүшәйман халықтың жері тартылып алына бастайды. Сол себепті де осындай жолмен біріктірілген мемлекет ішінде ұлттардың ерікті түрдегі тең құқықты одағын құруға ешқандай орын қалмайды» – деп мәлімдеген.

Марксизм-ленинизм әдістеме аясындағы сыңаржақ саяси көзқарас күштеп таңылғанға дейін қазақ баспасөзінде пікір алуандығы  мен сөз бостандығы болғандығын, еркін ойдың жариялануына кедергі жасалмағанын жоғарыдан келтірілген мысалдардан көруге болады.

Ал, тәуелсіздік алған кезден бастап журналистикада еркін сөзге жол ашылды. Жоғарыға жалтақтамай белгілі дәрежеде айтайын дегенін айтатын, жазайын дегенін жазатын жағдай туып, бір идеологияның қасаң қағидасына негізделген ұраннан өрбитін сылдыр сөздің уақыты келмеске кеткенімен «Патша – жалаңаш!» деп айғайлай алатындарды саусақпен санасақ, нешеуін бүгер екенбіз?!

Интернеттің әлемдік ақпарат жүйесіне ықпалының артып бара жатқанын айтпағанның өзінде, жаңа ақпараттық, электрондық технологиялар жедел және сенімді түрде дамып, әлемнің дамыған және дамушы елдерінде оны пайдаланушылар қатары күн сайын өсіп, географиялық ауқымын да ұлғайтып бара жатқаны белгілі. Интернет жүйесіндегі ақпарат көздерінің молдығы мен әр алуандылығы кәдімгі дәстүрлі бұқаралық ақпарат құралдарын  тықсырып бара жатқандай көрінетіні рас. Алайда, газет-журнал-радио-телевизия пайда болған кезде де осы тақылеттес мәселелер туындағынымен кейін олардың қоғамдық-саяси өмірде өз орындарының бар екендігі, өзара сабақтаса отырып, бір-бірін толықтыра түсетіні белгілі болған.

«Журналистика – төртінші  билік»  дегенге  келсек,  оны  дербес  қоғамдық  институт  тұрғысынан  қарастыруымыз  орынды  болады. Журналистика  қоғамдық  ерекше  институт  бола  отырып,  қоғам  өмірінің  барлық  аясында  «билік  құқын»  жүрізуге  кең  мүмкіндік  алады .  Себебі,  ақпарат  болған  жерде  басқару,  үйлестіру  қызметтері  белгілі  дәрежеде  жүзеге  асырылады  және  барлық  салаға  ықпал  ете  алады.  Сонымен  қатар  билік  БАҚ-тың  нысанына,  саясатына  сай  көрініс  табады.  Айталық,  төмендегідей:

Біріншіден, егер  БАҚ  мемлекеттің  немесе  әлде  бір  мекеменің  органы  болса,  солардың  саясатына  белгілі  деңгейде  бағынады  және  оның  билігі  де  құрылтайшы  әмірінің  жалғасы  іспетті  айқындалады.

Екіншіден, мемлекеттік  емес  институттардың  БАҚ-тары  өз  саясаттарын  жеткізумен  қатар  халыққа  және  мемлекеттік  ұйымдарға  ықпал  етуге  қызметтерін  бағыттайды.

Үшіншіден, дербес  БАҚ-тардың  қызметі  негізінен  екіншіде  айтылғандармен  ұқсас  болып  келеді.  Дегенмен  де,  дербес  тәуелсіз  қай  баспасөздің  болсын  артында  әртүрлі  қоғамдық  институттардың,  белгілі  топтардың  немесе  ақпаратты  тұтынушылардың  пікірлері,  көзқарастары  міндетті  түрде  тұрады.  Сол  ақпарат  құралының  шексіз  еркіндігіне  тұсау  салатын  да  осылар  болып  табылады.  Кейбір  тұстары  ғана  болмаса,  бұлардан  орасан  зор  айырмашылықты  көріп  отырған  жоқпыз.  Құрылтайшылардың  ішкі  ережелеріне  бағыну,  солардың  тапсырыстары  бойынша  материалдар  әзірлеп  жариялау  секілді  азын-аулақ  өзгешеліктері  ғана  бар.  Басқа  жағынан  негізінен  бірдей  деуге  болады.  Әрқайсысы  өзінің  беделімен,  ықпалдылығымен  қоғамдық  құрылымның  элементтеріне  елеулі  әсер  ете  алады.  Айталық,  сайлау  алдындағы  кампанияларда,  бүкілхалықтық  референдумдарда,  қоғамдық-саяси  аса  маңызды  құжаттардың  жобаларын  талқылауда  белгілі  бір  топтарды  қолдау  немесе  сынау  арқылы  көрінеді.

Кей  жағдайда  Конституцияның  нормаларына  сай әлде бір құқықтық  актілерді  өзгертуге  де  ықпал  етуі  ғажап  емес. Мұның  бәрі  журналистика  биліктерінің  көрінісі  деуге  болады. Дегенмен, оны  тура  мағынадағы  төртінші  билік  деп  есептеуге  келіңкіремейді.  Себебі,  мемлекеттік  биліктің  жалпы  сипаты – заңның  аясында  міндетті  түрде  орындалуға  тиіс  шешімдер  қабылдайды.  Оны  орындамаған  немесе  бұзған  жағдайда  жауапкершілік  жүктеуге  тіпті  қылмыстық  іс  қозғатуға  дейін  шара қолдана  алатын  мүмкіндікпен  қамтамасыз  етіледі.

Ал,  журналистикада  ондай  мәжбүрлеу  мүмкіндіктің  жоқтығы  мәлім. Сондықтан,  БАҚ  белгілі  бір  проблема  жөнінде  қоғамға ықпал  ете  алғанымен  өз  шешімін  міндетті  түрде  орындатуға  ешкімді  мәжбүрлей  алмайды. Бірақ, журналистиканың  ықпалымен  үкіметтің   өзі  тақтан  тайып  кететін  кездердің  болатынын  тағы  ерекше  атап  өтуіміз  керек.

Қазіргі  таңда журналистика  менеджментін  үш  деңгейден  көруге  болады:

– Конституция  және  өзге  құқықтық  актілердің  аясында мемлекет тарапынан  БАҚ-тардың  қызметтері  үйлестірілуде;

– редакцияларда өз басқарушылары,  құрылтайшылары   бар;

– баспасөз орындарының  бағыттары,  бағдарламалары  бойынша  ынтымақтасқан  журналистердің,  олардың  ұжымдарының саяси  көзқарастары.

Осылардан  журналистика  дегеніміздің  өзі  басқару  құралы  болуымен  қатар  қоғамдық  ақпараттың  ірі  арнасы  екенін  айқын  аңғаруға  болады. БАҚ – жоғары  билік  тарапынан  қабылданған  басқаруға, ұйымдастыруға  бағытталған  жалпыға  ортақ  шешімдерді  халыққа  жеткізеді. Сол  шешімдерді  жұршылықтың  қалай  қарсы  алып  жатқанын  және  кері  хабарлайды.  Осындай  кері  байланыстың  нәтижесінде  жоғары  билік  иелері  өз  шешімдерінің  жүзеге  асырылуын  қалай  ұйымдастыруды  немесе  оны  жөндеп  жетілдіруді,  нәтижеге  жеткен  күннің  өзінде  алдағы  жоспарларын, стратегияларын  анықтауды  қолға  алады.  Басқарудың  обьектісі  мен  субьектісінен  алған  ақпараттарын  пайдалана  отырып, БАҚ  тиімді  жолдарды, іскерлік  бастамаларды  ұсынуы  да  әбден  мүмкін.  Осы  мағынасына  сай  журналистика – басқарушылық  функциясын  атқарады және осы үрдістің аясында нені көрсе соны жазса, барды бар, жоқты жоқ деп шынайы түрде жеткізсе – «патшаның жалаңаш тұрғанын» жасырмағаны болмақ.

Ал, сен қызметіңнен айырылудан қорықпай, биліктің қаһарынан қаймықпай «Патша – жалаңаш!» деп айғайлай аласың ба?

Қуандық Шамахайұлы, “Абай-ақпарат”

Парақшамызға жазылыңыз

1 Comment

Жауап беру

Your email address will not be published.

This site uses Akismet to reduce spam. Learn how your comment data is processed.

Соңғы жазбалар