1 шiлдеден бастап, Кедендiк одақ бойынша автокөлiктерге салынатын баж салығы жаңа көлiктер үшiн 3 есе, ескi көлiктер үшiн 10 есеге қымбаттайтын болады. Кедендiк одаққа енгеннен кейiн билiк Қазақстан авторыногына көмек ретiнде бiр жылға жеңiлдетiлген баж салығын енгiзген болатын.
Жеңiлдетiлген баж салығы бойынша, Кедендiк баж автокөлiк бағасының 10 пайызына жетсе, 1 шiлдеден бастап Ресейдегiдей 30 пайыз болмақ. Автодилерлердiң бiразы бұл жеңiлдiктi тағы да бiраз созу қажеттiгiн айтып дабыл қаққан едi. Кейбiр автодилерлердiң айтуы бойынша, соңғы екi жылда Қазақстанда автокөлiктерге деген сұраныс 50 пайызға дейiн құлдыраған. Ал кедендiк алым-салымдардың өсуiне орай, шетелдiк автокөлiктердiң бағасы да 5-7 есеге дейiн қымбаттайтыны айқын сияқты. Бұл жағдай автодилерлердiң жұмысының тоқтауына әкеп соқтыруы ықтимал. Билiк осы қадам арқылы Қазақстанға өзге елдерден әкелiнетiн ескi автокөлiктерге тыйым салуды көздеп отыр. Былтыр Қазақстанға 155 мың машина енгiзiлсе, оның 120 мыңы ұсталған машиналар болған. Бұл 2007 жылмен салыстырғанда 60 пайызға аз. Ескi-құсқы көлiктерден құтылу мақсатында Қазақстан «Еуро-3» стандартына көшудi көздеп отыр. Сөйтiп 2000 жылдан бұрын шығарылған көлiктердi шекарадан өткiзбеудi басты мақсат етуде.
Автодилерлердiң көбi Кеден одағының «Еуро-3» стандартына көшуге мәжбүрлеуi және Кедендiк баж салығын Ресейлiк салықтармен теңестiрудi талап етуi – автодилерлiк компанияларды банкротқа ұшыратады деп дабыл қақса, өткен аптада Алматыда баспасөз-мәслихатын өткiзген жаңадан құрылған Автокөлiк одағының өкiлдерi «Бүгiнгi таңда Қазақстандық экономистер Кедендiк баж салығының қымбаттауының тиiмсiздiгi жайында шулап жатыр. Бiрақ уақыт өте келе автодилерлер мен автокөлiк өндiрушiлер мемлекеттiң осы қадамы үшiн рахмет айтатын болады. Автотасымалдаушылар үшiн үлкен нарыққа жол ашылды. Бұған дейiн бәсекелестiктен тыс қалатынбыз. Ендi 1 шiлдеден бастап одақ аясында шекара алынып тасталмақ. Iшкi шекараларда да ғана бақылау болмайды. Кедендiк одақ iшiнде баж салығынсыз, емiн-еркiн жүретiн болдық.
Бұдан басқа да жеңiлдiктер көп”, – деп қанағаттанушылық бiлдiрдi.
Автокөлiк одағының төрағасы С.Әлiғожинов: «Егер көлiк кемiнде 7 есеге дейiн қымбаттап, халық оны сатып алу мүмкiндiгiнен айрылатын болса, оның несi тиiмдi?» деген сауалымызға нақты жауап бере алмаса да, «отандық өнiмдi қолдауға тиiмдi, мен нақты айта алмаймын, ақпарат құралдарын қарасаңыз Кедендiк брокерлер одағының төрағасы Геннадий Шестаковтың сұхбаты жарияланды. Сонда Кедендiк одақтың тиiмдiлiгi жайында егжей-тегжейлi баяндалған», – дедi.
Осындайда Қазақстанда машина өндiрушi отандық компаниялар бар ма, бар болса қандай деңгейде деген сауал өзiнен-өзi туындайды. Өйткенi Ресей отандық автозауыттарын қолдау мақсатында Кедендiк алым-салымдарды қымбаттатып отыр.
Ал Қазақстан не үшiн мұндай қадамға бармақшы? Ресейге тиiмдi болу үшiн ғана ма? Қазақстанда Өскемендiк «Азия авто» зауыты жұмыс iстейдi. Оның акцияларын «БИПЭК Авто» акционерлерi бақылайды. Алайда оның мүмкiндiктерi шектеулi. 2008 жылы бұл кәсiпорын 5,341 миллиард теңгеге небары 3271 автокөлiк өндiрген. 2007 жылы 11,031 миллиард теңгеге 6311 көлiк өндiрiлген едi.
Отандық автоөндiрiсiн жандандыру мақсатында Өскемендiк «Азия Авто» кәсiпорнына ресейлiк «АвтоВаз» бiрлестiгi капитал құюға келiскен едi. Ресей кәсiпорны «Азия Автоның» негiзгi акцияларының пакетiн сатып алуды ғана жоспарламаған, сонымен бiрге көлiк өндiрiсiн жылына 120 мың машинаға дейiн көбейтудi көздеген болатын. Бұл үшiн Тольятти зауытынан қосалқы бөлшектер әкелiнетiн болған. Бiрақ әзiрге бұл келiсiм жүзеге аса қоймады.
САУАЛНАМА
Осыған орай, бiз «Барыс» көлiк базарына арнайы ат басын бұрып, көлiк әкелушiлердiң пiкiрiн бiлген едiк. Кейбiр көлiк тасымалдаушылар өз ойымен бөлiскенiмен, аты-жөнiн айтудан бас тартты:
Көлiк сатушы Арман: Бiраз уақытқа дейiн баға өсе қоймайды. Қазақстанда шетелден әкелiнген ұсталған көлiктер көп. Әкелушiлердiң қолында әлi сатылмаған көлiктер де бар. Базарға келгендердiң көбiсi бензин аз тұтынатын автомобильдердi сатып алғысы келедi. Оның себебi жанармайдың бағасы шарықтап тұр. Сондықтан да жалпы көлiктiң емес, тек үнемдi автомобильдердiң бағасы қымбат.
Көлiк тасымалдаушы: Кедендiк рәсiмдеу қымбаттаса, бiз де бағаны өсiремiз. Ешкiм шығынға батқысы келмейдi. Қымбаттайтын болса, Ресейден шығатын автомобильдердi алатын адамдар көбейетiн шығар. Себебi оларға кедендiк тариф жүрмейдi. Бағалары арзан болады.
Көлiк тасымалдаушы: Көлiктердi Қырғызстаннан әкелетiндер де бар. Осылайша қымбат кедендiк тарифтердi айналып өтуге болады. Қазiрдiң өзiнде бiраз адамдар осы Қырғызстан арқылы әкелiнген көлiктердi мiнiп жүр.
Көлiк сатып алушы Жақсыбай: 1 шiлдеден бастап машина қымбаттайды дегендi естiп бүгiн базарға келдiм. Қарап жүрмiн. Әлi баға өспеген. Автокөлiгiн сатпақшы болған адамдардың көбi бағаның өсуiн күтiп, көлiктерiн базарға шығармай отыр. Шығарса да тек жай ғана сұранысты бiлу үшiн ғана базарға қояды.
Берiк Мұқамбаев, «Allur Auto» автоорталығының қызметкерi: 2011 жылдың соңына дейiн көлiктердiң бағасы тұрақты болады. Одан кейiн нарықтағы жағдайларға байланысты көлiк бағамы өзгеруi мүмкiн. Ал бiрыңғай кедендiк тарифтiң енгiзiлуi бiздегi автокөлiк бағаларына еш әсер етпейдi.
Игорь Витальевич, «ABC-Invest» ТОО автоорталығының қызметкерi: Кедендiк тарифтiң енгiзiлуiне байланысты бiзде сатылатын автокөлiктердiң құны көтерiледi. Егер кедендiк тариф мөлшерi өсетiн болса, өсiрiлген тарифпен кiргiзiлген автокөлiктердiң бағамы мiндеттi түрде өседi. Бұл – нарық заңдылығы.
Сауалнаманы жүргiзгендер:
Жәнiбек НҰРЫШ,
Ботагөз ДАСТАНҚЫЗЫ
Есенгүл Кәпқызы
«Түркістан» газетінен
Парақшамызға жазылыңыз