//

Софы СМАТАЕВ: жер тауар емес, халық қуыршақ емес

1418 рет қаралды
4

Белгiлi жазушы, ақын әрi драматург Софы Қалыбекұлы Сматаевтың Ұлт туралы, Ұлттық идея, Ұлттық сана төңiрегiнде айтып жүрген ойлары да көпшiлiктiң назарынан тыс қалмаған.

1941 жылдың 22 маусымында жергiлiктi уақытпен таңғы сағат жетiде туыппын. Туған ауылымда да, ауданым мен облысымда да туған күнiмдi бiрде бiр рет атап өтпеппiн. Сол рәсiмдi биыл да бұза қоймаспын. Өйткенi менi әр дәрежедегi әкiм-төрелердiң ешқайсысы бұрын шақырған емес.
 Бiздiң әкiм-қараларға менiң бар-жоғым керек те емес. Дегенмен өз жерлестерiңе өкпелеудiң ретi де жоқ. Мен туған топырағымның әр адамын бауыр санаймын. Олар менiң үлкен отбасымның ажырамас мүшелерi тәрiздi.

Мен саясат дейтiн сығырға да, жоғарғылар мен төмендегiлердiң де тапсырма-бұйрықтарына елпелектеп қызмет етудi бiлмейтiн жанмын. «Өз iшiм қалағанды өз күшiммен тындыра аламын!» деген ұстанымымды сақтаумен келем. Сондықтан да болар тоғыз роман, он үш повесть, он төрт пьеса, он екi дастан, үш киносценарий, бес операның либреттосын, бiрнеше әңгiме, жүзден астам мақала жазыппын. Оннан астам елдiң жазушыларының шығармаларын аударып, ана тiлiмде сөйлетсем, өзiмнiң де шығармаларым он төрт елдiң тiлiне аударылып, өзге оқырмандарымның игiлiгiне айналды. Көп десе де, аз десе де, әдiл кесiгiн айтуды қасиеттi қауымымның тезiне салдым. Санын өзiм атағанмен, сапасын шiренген шенеунiктер емес, нағыз сарапшы, шынайы бағалаушы уақыт-қазы айтар әлi-ақ.
Жетпiске жеткендегi тапқаным: адалдығым мен қаламгерлiк әлсiздiгiм, билiксiздiгiм ғана. Сол себептi де ресми баспасөздерге жоламай, «Жас Алаш», «Дат», «Қазақстан», анда-санда «Свобода слова» газеттерiмен байланыс жасап тұрам. Менiң араласар басылымдарым осылар ғана. Мұнымды – жорналшыларды жақтырмаудан немесе өзiн аса данышпан санайтын кiсiкиiк мiнезiнен деп ұқпасаңдар екен. Мен өзiмнiң «оппозиционер» дейтiн бояуымның жастарға жұғып, олардың өмiрбаянына кiр келтiрмеуiн тiлеймiн ғой.

Жазушы болсам деген арман ҚазМУ-да дәрiс тыңдатқан. Бiр жылдан соң ұлы Мұхтар Әуезовтiң ақыл-кеңесiмен инженерлiк оқуды Мәскеуде жалғастырғам. Металлургтiк ғылыми жолдарым мен iздерiм «Серп и молот» (Мәскеу), Тула, Қарағанды металлургия зауыттарында, ҚР Ғылым Академиясында қалған.
Ақыры қаламгерлiк құштарлық Қазақстан Жазушылар одағының алтын қақпасынан енгiзiп, еншi белгiлеткен.
Сол еншiмдi көркейтiп қомақты еттiм бе, көмескiлетiп азайтып алдым ба, оның да төрелiгiн қамқоршым – халқым бере жатар.
«Елiм-айым» – менiң ғұмырлық негiзгi кiтабым. Оның бiрiншi кiтабы баспаға 1970 жылы тапсырылып, күншiл «достарымның» әрекет-арбауымен 1978 жылы әрең-әрең жарық көрiп едi-ау!..
Халық тағдыры – оңай ашылар сыр сандық емес. Оны сарыла iздеп, терең зерттеп, әрiден бүгiнгiсiне дейiн көңiл көзiмен шолып өту керек. Сонда ғана бүгiнгi тәуелсiз Қазақстанның кешегiсiн де, көне кезеңiн де сезiне аласың. Тарихты халық қана жасайтыны ақиқат. Олар кiндiгiмен байланған жерiн қасық қаны қалғанша қорғайды да, сақтайды. Тұс-тұстан бүгiнгiдей анталаған қорқау көршiлерiнен туған даласын анасынан да артық бағалап, бiр пұшпағын таптатпау үшiн жан аямай соғысқан. Жер – олар үшiн бүгiнгiдей тауар болмаған.
Менiң эпикалық, эпопеялық шығармам тарихи оқиғалардың тiзбегi емес, ол роман-ән, роман-симфония. Ешқашан да ар-намыстан аттап кеткен жерiм жоқ. Өйткенi адами-пендеден болмыс-құдiрет биiк те кең, адал да әдiл. Сол болмыс-құдiрет тағдырымды таланды еттi: табағымды асымнан айырмады, төмендегi басымды төрге де, төбеге де жетеледi.
Ал бүгiн публицистикалық дастандарымда қаламгерлер бара бермейтiн, омыртқаңды опырып алар тақырыпқа батыл қадам басқанымды кей-кейде азаматтық ерлiкке де теңеймiн.
Қаламақысыз күнелтсек те, сол қаламның қаруымен-ақ өз айтар сөзiмiздi айтуға тырысып қалатынымыз белгiлi. Осы ойымды дәлелдеу үшiн мен «Бiз құлмыз ба, кiмбiз?» атты романымды көлденең тартамын.
Осы романда мен тоқырау кезеңiнде жалпыадамзаттық принциптердiң бұзылуын, қоғамның рухани азғындауын, кейiпкерлердiң моральдық кедейленуiн, адал жандардың қуғынға, қырғынға ұшырауын, жоғарыдағылардың арасындағы сыбайластық пен парақорлықтың өсiп-өрбуiн, пайдакүнемдiк пен мансапқорлықтың асқындауын жария еттiм.

Қаламгердi қаламынан ажырату – құсты қанатынан қайырумен бiрдей. Өйткенi оның тiрлiгi – қаламынан қағазына құйылар ой ұшқынында, сөз тiзбегiнде, сөйлемдер тiркесiнде. Өлең – өзегiңдегi мұңың мен шерiңдi, көңiлiңдегi күйiнiшiң мен сүйiнiшiңдi сүйреп шығарып, сырыңды сыртқа шашып қоятын еркiңнен тыс құдiреттi құбылыс. Шындықты жасырғың келмесе, әдiлеттi аттандап iздемей-ақ ақырын ғана iндетсең – онда өлең шiркiннен артық сырлас һәм мұңдасты таппайсың. Мен адалдық, әдiлдiк деген қыл үстiндегi қаламгерлiк тiрлiктен сәл де болса бұрыс аттап кетпегенiмдi кiмге де болса дәлелдей аламын. «Тап тартысы» деген шеңберден шыға алмады деп маған ешбiр сыншы мiн таға алмайды. «Елiм-айда» қарадан шыққан қанiшерлер де, төреден туған қасиеттiлер де бiршама шынайы суреттелген. Мен дер кезде ғана емес, бар кезде де халқымның алдында шындық, ақиқат дейтiн өлшемнен алшақтап көрген емеспiн.
Орталық партия комитетiнде сектор меңгерушiсi болып iстеп жүргенiмде Колбинмен қатты ұстасып, екi рет секретариаттың талқылауына түстiм деп айттым ғой. Сонда менi қаралап баяндама жасаған үгiт-насихат бөлiмiнiң меңгерушiсi А.Устинов маған да, халқыма да қара күйенi қалыңдатып жаққан болатын. Мен: «Устинов жолдас, әр халық, үлкен-кiшiсiне қарамастан – өзiнше ұлы, өзiнше алып. Халықты қаралаған жан қасиетiнен айрылады. Қаһарына ұшырайды, қарғысы атады. Альберт Александрович, сiз менiң халқымды «қаны сорғалаған ұлтшыл халық» деп қаралап тұрсыз. Айтпады демеңiз, халқымның қарғысы әлi-ақ табады сiздi!» дегем. Арада үш жыл өткенде Жазушылар одағының фойесiнде қу сүйегi ғана қалған Устинов менi бiлегiмнен ұстай алып: «Есiңiзде ме, сiз маған «халық – алып!» деп едiңiз ғой. «Халық қарғысы құтқармайды» дегенсiз. Тапты менi халқыңыздың қарғысы. Шекемнiң iшiндегi улы iсiк әкетiп барады менi. Көп ойланып, сiзден кешiрiм сұрасам, қазақ халқынан кешiрiм сұрайтындай сезiндiм. Сiз кешiресiз бе менi?» дедi. Қайтемiн кешпегенде. «Түсiнсең бопты. Халық бiрақ қуыршақ емес» дедiм.
Сол халықтың болмысы мен мұңы шығармаларымның мәңгiлiк тақырыбы. Сол халық – менiң тiрегiм, арқа сүйер тауым, бүгiлмес белiм. Ендеше саясат үшiн, идеологиялық есеп-қулық үшiн қазағымның барын өшiрiп, жоғын өсiрiп жазуды болмыс-тәңiр маңдайыма жазбапты.
Өкiнiш деймiсiң… Өкiнiш неге болмасын? Өнер адамы, әсiресе жазушы – бiрде дана, бiрде бала iспеттi. Жазғаны оқырманға жетiп жатса, айтқаны бұрынғыдай жұртшылықтың кеудесiне қонып, көңiлiне өтiп жатса, бұрынғыдай аудан-ауылды аралап, көпшiлiк қауыммен дидарласып жатса, жазушыдан қадiрлi жан, одан өтер құдiрет иесi табыла қояр ма? Сол құдiретi мен қадiрiнен айрылып, көптiң көңiлi түгiлi, көзiне де түсе алмай қалған бүгiнгi қоңторғай тұрмыстағы қаламгердiң көңiл-күйiн қай даналыққа телiрсiң. «Аш адам – ұрысқақтың» ақиқаттығы өкiнiшке ұрындырмай қояр ма? Суреткердi төменге тұқыртқан мынау заманымыз кiнәлi ме? Әлде басқа да себеп-сылтауы бар ма?

Жазушы қара сойылды қоқаңдап көтерген Батыраш бола алмайды. Болмайды да. Өйткенi шын жазушының бойындағы талант құдiретi – әлде болмыс, әлде тәңiр сыйлығы. Сондықтан да ол арамдық пен жалғандықтың ықпалына ерiп, ақты қаралап, қараны саралап бере қояды дегенге еш уақытта сенбеймiн.
Ал қаламгер болғаным үшiн өкiнбеймiн. Денсаулық сыр берiп жүр, әттең. Қаламгердiң қолынан қаламы түстi дегенше, тiрлiгiнен айрылды деу керек. Өйткенi қалам ұстау – жазушы үшiн ауа жұтумен, су iшумен пара-пар. Кейбiреулердей атақ-абыройды жылап жүрiп алудан да, сұрап жүрiп алудан да аулақ болу үшiн «Елiм-айдың» қазiр төртiншi кiтабын тиiп-қашып, өлең-әлемдi түртiнектеп тiзбелеп жүрмiн.

Жазушыны атаққа ұсыну, сыйлық иесi таныту, орден беру тәрiздi алдамшы тiрлiктi сонау мұртты көсем – Сталин ойлап тапқан деседi. Өйткенi қанша жерден азуы алты қарыс диктатор-көсем болса да елдiң тiлi, халықтың үнi болатын қаламгерден ол да қатты сескенген ғой. Сол себептi де қаламы жүйрiк, ойы ұшқыр, тiлi өткiр қалам қайраткерлерiне әртүрлi сыбаға үлестiрiп бiр қайырып алып, қолтығына қысып отырса, сол «сыбағаға» бiрiн-бiрiне айдап салып, жазушыларды қырқыстырып қоюды да сол сығырың ойлап тапқан көрiнедi. Сол келеңсiздiктiң, сол әдiлетсiз айқас-шайқастың ылаңы күнi бүгiнге дейiн шарықтап-ақ тұр. Ал осы көзбояу дүниелердiң (атақ, сыйлық, марапаттарды айтам) жазушыларға түкке де керегi жоқ. Өйткенi көз құртына айналған жылтырауық, жалтырауықтар жазушылар арасына iлiк түсiредi. Араздықты ұлғайтады. Топ пен тобыр ұйымдастырады. Азға-көптi, жекеге-топты қарсы салады. Соның кесiрiнен атақ пен сыйлық шын иелерiне берiлмей, пiкiр мен зiкiр ұйымдастырғыш, жер үстiндегi түгiлi астындағыны «көргiш», жоғарыдағы билiктiлерге өзi де, сөзi де өткiш пысықтардың қанжығасында кетедi.
Әлi де ел үшiн еңбек етуге тырыспасам, солардың мұң-мұқтажын қаламым арқылы танытып, жалпақ жалғанға жар салып отырмасам, несiне қаламгер атанам. Бүгежiктеп бұғып қалсам, ол көңiлiндегi сенiмiнен айрылмаймын ба? Ал айрылмас үшiн бала-шағама кесiрiм тиедi деп көкейiмдегi шындықты көмейiме тығып қала алмаспын. Өйткенi менiң өмiрлiк нысанам – әр кезде де әдiлдiк үшiн, адалдық үшiн, тазалық үшiн жалғандықпен, жәдiгөйлiкпен мәңгiлiк айқаса беру. Айқаса бiлу.
Ал сатқындықты, жауыздықты негiзiнен түп-тамырынан жұлынғандар ғана жасайды. Мен өз ұлтыма, әдiлет аңсаған ұлтыма жан-тәнiммен сенем һәм бас ием.

«Түркістан» газеті,
Гүлзина БЕКТАСОВА-ның сұхбатынан

Парақшамызға жазылыңыз

4 Comments

  1. Аматыда Софы ағаның 70 жасы тойлануда құттықтаймыз!

  2. “Елім-айды” оқыңыздар, уақыт шығарып, егер оқымағандарыңыз бар болса.

  3. “Қазақ прозасының ендiгi буынының көш басында “Елiм-ай” романының авторы Софы Сматай тұратыны сөзсiз” деп жазып едi талғампаз Ғабит Мүсiрепов!

Жауап беру

Your email address will not be published.

This site uses Akismet to reduce spam. Learn how your comment data is processed.

Соңғы жазбалар