///

Жылқының ең шомбалы – қазан ат

55839 рет қаралды
10

Құрметті оқырман, бұдан бұрын газетімізде Б.Бәмішұлының «Жылқы және қазақ рухы» атты мақаласын жариялаған болатынбыз. Қазақ баласы мен жылқы түлігі арасында сыры беймәлім бір тылсым күш барын білеміз. Жылқы десе селт етпейтін қазақ жоқ, сөйте тұра жасымыз тұрмақ, жасампазымыз жылқы атаулыдан алшақтап бара жатқанымыз өкінтеді. Сондықтанда бүгін осы «Жылқы және қазақ рухы» атты тақырыпты оқырман сұрауына байланысты ары қарай жалғастыруды жөн көрдік. Басы «Рух» және «Таным» айдарларында жарық көрген. Мінберден.

Ат – үйірге түспейтін, ақталған, бестіден жоғары жастағы көлік ретінде пайдаланатын еркек жылқы.

Ал бес жасар ақталған жылқыны бес жасар ат деп атайды.

Байлауы жоқ шешеннен,

Үндемеген есті артық.

Бәйге алмаған жүйріктен,

Белі жуан бесті артық,–

деген бабаларымыз өзінің шаруашылық ыңғайына, қолданылатын орнына қарай аттың тұқым – нәсіліне, жүрісіне, түр-сипатына байланысты жеке-жеке даралап: мініс аты, жорға, жүйрік деп бөлген.

 

Мініс аты дегеніміз күнделікті тұрмыста жиі қолданылатын ат. Ол да өз ішінен атқаратын міндетіне қарай әр түрлі атауға ие боған. Атың атауын қарап-ақ оның қандай мақсатқа пайдаланылатынын білуге болады. Оларға қой торы, қазан ат, өздік ат, егей ат, жетік ат, сүндет ат, тұл ат      жатады. Сондай-ақ мініс аттарының күдір, желбегей, қызбел, созақ, мұз бүйрек сынды атаулары тағы бар.

Мінеки, осы атқа байланысты аса рухты қазақ сөздері, сөз тіркестері дүниеге келген. Бұндай тамаша сөздер мен сөз тіркестері қазіргі тілімізде қолданыстан қалып барады. Соның үшін де біразын ұсына кетуді жөн санадық. Ат байлар – ұл бала. Ат басына күн туды – қиын-қыстау заман; Ат жалын тартып мінді – ер жетті; Ат кекілін кесті – қайтып көріспестей болып араздасты; Ат құлағында ойнайды – мықты, шымыр, өжет; Ат – адамның есімі; Ата – әкенің әкесі; бұл атау да нағыз ат, ә! мықты деген сөздерден туындауы әбден мүмкін. Ат! – мылтық ат, садақ ат, яғни оқ шығару; бір нәрсені дәлдеу; Атақ (ат-ақ!) – абырой, даңқ; атан – піштірілген түйе; атқақтау – аспанға тік шапшып тұру; атой – жауға лап қойып шабу; атпал – шомбал, қажырлы адам; Аттан! – жауға қарсы ұран салу; атыс – соғыс, шайқас;

Қой торыатпал

Қой торы – кәдімгі қой бағуға мінетін, қарабайыр, мінезі кең, жуас, күй талғамайтын, арқасынан қысы-жазы ер түспейтін, мініске шыдамды шаруа жылқысы. Қой торылардың көбісінің арқасы ақ қаптал, бауыры ақ айыл болады. Өйткені олар көп мініледі, бірде суық, бірде ыстық жіберіледі. Суытпай, еті қызып келген жылқыны жайылтып, не суарса арқасы томпайып ісіп шыға келеді де, бірде болмаса бірде арқасына ер тиіп, қажап, жауыр болады. Ол ерге қажалып жараға айналады. Суытпау – атты мініп келіп, демін алдырмай отқа қою. Жауыр жазылғанда орнына ақ түк өседі де ат ақ қаптал болып қалады. Егер тап сол жер қайта қажалып, жауыр болса, онда ол жерге түк шықпайды да жылқының арқасы күйіп қалғандай тақырланып құр терісі көрініп тұрады. Ал аттың ақ айыл болатын себебі айлды тым қатты тартқандықтан, айыл тарқан жер ісініп кетеді. Айыл батқан сол орынға кейін ақ түк өседі. Ол жылқының бауырын ораған ұзын ақ сызық болып көрінеді.

Қазан ат

Жылқының ішіндегі ең шомбалы, нағыз мықтысы, өрге салса төске озған, ешбір қоспасыз таза тұқымнан шыққаны – қазан аттар. Кейбір деректерде қазан атты асыл тұқымды будандарға жатқызады. Менің ше бұл қате түсінік. Өйткені ат атауындағы «қазан» деген сөздің өзі дәстүрлі, нағыз қазақи тума, көне деген ұғымды береді. Былайша айтқанда бұл қазақтың «қара шаңырақ» деген ұғымымен ұқсас келеді. «Қазан» деген сөз бір жағынан «үлкен» деген мағына берсе, екіншіден қасиетті әрі тума деген ұғымды жеткізіп тұр. Бағзы замандарда қазан аттарды батырлар жауға мінген. «Қазанаттың дене бітімінен жүйріктік те, күш те бірдей сезіледі. Сырт келбеті де ер атына сай. Денесі үлкен, омырауы мен кеудесі кең, салпы ерінді, күпшек санды, тұяғы үлкен, жалпақ, шоқтығы биік, басы онша үлкен емес, тез семіретін, майды сыртына жинайтын, сазандай дөңгеленіп келген, мойыны жуан боған. Қазан ат – ауыр сауыт киіп, қару асынған батырды көтеретін, жорықта ұзақ шыдайтын, айқаста найза тіресіне мықты т.б. қасиеттері бар әскери мақсатқа арналған жылқы тұқымы. Сондықтан бұл жылқыны өсіру дәстүрі батырлық дәстүрмен тікелей байланысты. Жауынгерлік ат болғандықтан қазан атты өсіру, тәрбиелеу, баптаудың да, арнайы әдістері жолдары болды. Ол туралы батырлар жырында көп айтылады. Мысалы, «Қобыланды батыр» жырында Тайбурылды баптау былай суреттеледі:

Сұлтанымның жан аты,

Күн түсірмей көзіне,

Жан тигізбей өзіне,

Үстіне шатыр тіккізді…

Қырық күнге шейін Бурылға

Қулықтың сүтін емізді.

Және қырық күн біткенше,

Қысырдың сүтін емізді.

Сексен күні біткесін,

Тоқсан күні жеткесін,

Алмасын деп, талмасын деп,

Маңқа қолқа болмасын деп,

Жеміне қосып Қыз Құртқа

Қызыл дәрі жегізді.

Түндікпенен күн берді,

Дәрілеген жем берді…

Құртқаның баққан Бурылы

Жасқа толып тай шықты

Жалтырап маңдай ай шықты.

Тайдан құнан бұл шықты.

Тасқа тиген тұяғы

Көмірдей ойып шаншыпты.

Құнаннан шығып дөненді,

Күн көрмеген көбеңді,

Жуандап мойыны өссін деп

Бір байталға жіберді.

Бестісінде үйретіп

Жібек арқан құлаштап,

Таралып мойыны өссін деп,

Ұзын байлап сүйретті.

Алты жаста ақтатты.

Өзіне өлшеп Бурылдың

Алтыннан тұрман қақтатты.

«Ер Тарғын» эпосында да Тарғын батыр өзінің Тарланын осылай тәрбиелеген:

Сен құлында емдің, тайда емдің,

Құнан жаста арда емдің,

Дөнен жаста үйреттім,

Алты қатбат ала арқан

Жібек баулы сүйреттің.

Бес жасқа келгенде,

Белдің қызығын көрсін деп,

Бес бедеуге салдырдым,

Алты жаста ақтаттым

Арпа-бидай асаттым

Жеті жасқа келгенде

Жер топылды желгенде…

Бұл үзінділерден батырлар атын – қазанатты өсірудің мынадай кезеңдері болатынын көреміз:

1. Тай, құлын кезінде емін-еркін емізу;

2. Арнаулы дәріленген жеммен асырау;

3. Дөнен кезінде үйрету;

4. Бесті кезінде байтал, биеге салу;

5. Алты жасында ақтау;

6. Жеті жасында жорыққа міну; [10] (жалғасы бар)

 

Парақшамызға жазылыңыз

10 Comments

  1. жақсы жазылыпты.бәйге аттың сыны және оны баптау жолдары туралы материялдар бар болса көптеп жазсаңыздар екен!!!!!

  2. Азамат, пікіріңе рахмет, ондай материалдар да жарияланады. Өзің де ат салыс, ел іші кеніш қой.

  3. Жазғы каникулда балаларыңызды ауылға жіберіп, ат міңгізіңіздер, әкелер!

  4. Мен жылкы малын озимненде артык жаксы кормин. Азирге менде жылкы жок.Бирак ен басты максыт-миндедим жылкы малын кобейтим кокпар ойынына уйрету.

  5. Алты жаста актау деген не? және де “Жаз мінген аттың жүні үзілмейді” деген сөз тіркесі нені білдіреді? рахмет!

  6. Жанар, қазақ баласы өте сыпайы сөйлеген ғой. “Ақтау” сөзінің түбірі “ақта” – тазарту, адалдандыру деген ұғымдарды береді. Еркек жылқыны негізінде құнанында ақтайды, яғни айғыр боларынан бұрын, сөйтіп ол ат болады. Ал “Алты жаста ақтау” дегенде “алты жасар айғырды ат болдырды” дегені. “Ат” сөзіне жоғарыда түсінік берілді.

Жауап беру

Your email address will not be published.

This site uses Akismet to reduce spam. Learn how your comment data is processed.

Соңғы жазбалар