//

Ікей батыр Мәзімұлы

4086 рет қаралды
4

 Дүние жүзілік ІІ қанды соғыстың басталуы мен аяқталуының ең бір сұрапыл кезеңдері Халхин голда өткен еді. Жапон милитаристерімен болған соғысқа елімізден жүздеген, мыңдаған қазақ сарбаздары қатысып, самурайлардың сазайын беріп, жат жерде алтын жанын қиды. Сондай ерлердің бірі һәм бірегейі қазақ Мәзімұлы Ікей еді. Ікейдің өзгеден ерекшелігі ол Моңғолия қарулы күштері қатарынан болатын. 

 Ікей Мәзімұлы 1911 жылы Баянөлгей аймағының Бұлғын ауданының Ұлақшын деген жерінде дүниеге келген. Қобда қаласыннан 1931 жылы мұғалімдер мектебін бітіріп, 1934 жылы астана Ұланбатыр қаласында әскери мектепті тамамдап, офицер болып шығады.  1939 жылы Жапония милитаристері Моңғолия жеріне Халхин ғол бойында басып кіргенде І.Мизамұлы соғысқа Л.Дандар басқарған 6-атты әскер дивизиясының 15-полк командирі ретінде қатысады. Ікейдің ерліктері «Боевой пост», «За Родину» қатарлы газеттерде жазылады. «Соғыс Қызыл Ту» орденімен марапатталады. Ол туралы Совет Одағы және Моңғолия әскер басшыларының естелік жазбалары да мол. 1939 жылы 24 шілдеде Ікей Мәзімұлы жаудың қорғаныс шебін бұзып кіру бұйрығын алады. Осы шайқаста ерлікпен қаза табады. Оған 1967 жылы Моңғолия Батыры атағы беріледі. Оның ескеркіш-бюстлері Өлгей қаласы мен Бұлғын ауданы орталығына, Ұланбатырда «Офицерлер сарайы» алдына, Халхин ғол бойына және Ікей атындағы Делүн сұмындық орта мектеп алдына қойылған. Ол шетелдердегі, соның ішінде Моңғолия қазақтары арасынан шыққан тұңғыш офицер, алғашы Батыр Қазақ. Соның үшін де жас ұрпақтың танымдық көзауласын кеңейтуге септігін тигізіп, ата-бабаларының қайда жүрсе де ел мен жерін қорғауда қаһармандықпен күрескенін біліп, солардың рухымен қуаттансын, осы айтулы дата ескерусіз қалмасын деген ниетте осы поэманы жариялап отырмыз. «Мінбер-ақпарат»

Ікей батыр

(1911-1939)

Тыңдаушым, cыр тиегін ағытайын,

Тағалап жырдың мініп Тағытайын.

Қазаққа қорғап өлген Халхин ғолды,

Хас батыр, қайсар ұлын танытайын.

Қолдайгөр, ниетімді перуайым,

Сөйлейін дүлдүл тілмен ердің жайын.

Өз ұлы өз жұртына өгей болып,

Жеп жатыр бауырымды сар уайым.

Тұрлаусыз қайла бар ма түсінікке,

Тоқтатар тасқын сөзді күші нүкте.

Тіл тістеу, кісімсініп біліп тұрып,

Татымас адамшылық, кісілікке.

***

Ұлақшын, Тәргіл, Көкғол, Бұлғын басы,

Бұлда бір сарқылмайтын көздің жасы.

Осы өлке Ікей батыр дүниеге,

Келген жер, кереметтей  жердің тасы.

Бұлғынның жаңа туған төлі қандай,

Көкғолдың жарқыраған көлі қандай.

Тас бұлақ, таза суын татқан адам,

Жүреді өмір бойы шөлі қанбай.

Бұлғынның белдерінің шөбі қандай,

Шөлінің бал татыған сөлі қандай?!

Миюа, тамыр дәрі қасиеті,

Тірілтіп жібереді өлі жанды.

Қыналы тасы қандай Ұлақшынның,

Басында арқар, құлжа тұрад шыңның.

Өзіңді өзің елеп сыйламасаң,

Біреудің артықтығын ұнатсын кім.

Бұлтты күн қабағыма мұз қатады,

Құдайдың құтты күні мұң қатады.

Қыналы қызыл тастан шыққан дауыс,

Өмірін өткен шақтың тыңдатады.

Тым зерек, Ікей ерек, балаң жастан,

Жұмысқа қаршадайдан араласқан.

Аралап тау мен тасын, сай саласын,

Жақсымен алты жаста амандасқан.

Шарт емес жырға қосу бәрін тізіп.

Жазайын бір ғұмырдың нәрін сүзіп.

«Болар бала боғынан» дейді қазақ,

Байқатар  жас өмірден жалғыз үзік.

…Шәйіне көк жайлауда таппай қатық,

Отырар қара суға тас қайнатып.

Бар еді кісі келсе қара кемпір,

Қалатын сараңдықтан тастай қатып.

Қалайда сол кемпірді шыдау үшін,

Жас Ікей сараңдығын  сынау үшін.

Уақта апақ-сапақ кіріп барды,

Тартып ап шешесінің шылауышын.

Бір адам кіріп келді ақсай басып,

Бақсыдай арсыл-гүрсіл, жынын шашып.

«Ішінде екі кештің не пәле?» деп,

Шошыды сараң кемпір асып-сасып.

«Сайтан ба, дәруіш пе құнжыңдаған,

Қара түс, ақсиған тіс, жүн-жүн табан».

–          Әй, қақпас, шығай бай дейд, шын ба сені,

Жаныңды шығарайын қазір, тәмам!

Үзікке киіз таңдап, бозын жаптың,

Іргеңде мен қыраулап тозып жаттым.

Қаптағы құрт-майыңда үлесім бар,

Кезінде, қойың қырқып, қозың бақтым.

Жан едім шырылдаған ел үшін мен,

Сазайды тартып жүрмін сен үшін мен.

Тарттырып қойды тозақ жалғастың деп,

Сыбайлас жемқорлықпен жең ұшымен.

Ішінен күбір-күбір өнген елім,

Ана жыл, ана арқанды өрген едім.

Өсек көп өзің жайлы о жақта да,

Тіріліп, қайта келдім, өлген едім.

–          Тәйір-ай, не деп отыр,-  кемпір састы,

Шәй құйып, құрт, ірімшік, етін асты.

Тамаққа тойған Ікей, шәйге қанып,

Біртіндеп киімін түзеп, бетін ашты.

Басына талай түскен бұрын шағым,

Жауады жолына ызғар, бұрылса мұң.

Қойнына тықты уыстап ірімшіктен,

Толтырды қарпып асап жұмыршағын.

Зәресі ұшып кемпір зыр жүгіріп,

Алдына иіледі мың бүгіліп.

Жаздады талып қала пәле емес,

Төрдегі жынды, тентек ұлды көріп.

Ұмтылды ала салып ақ таяқты,

–          Жүгірмек, сарқыдың, ә, саптаяқты?!

Жондатып салып-салып  жіберді,

Ікей,

Қашаған қуған ұшқыр аттай ақты.

Осыны жайған елге халық еді,

Ісіне бала Ікейдің қанық елі.

«Содан соң сараң кемпір түзелген» деп,

Ескірмей ел есінде қалып еді.

***

Алты Алаш, заты Қазақ, ал бергісі,

Керейдің Жәнтекейде Қангелдісі.

Сол заман Ұлақшында рулы елдің,

Болыпты Қоша зәңгі ең белдісі.

Бір күні Қоша зәңгі шақырады,

Ал Ікей жігіттердің жасырағы.

Жүн жуып Делуінде Кәмекке еріп,

Бір қора жанды жалғыз асырады.

Қарағым, деді Қоша сырғақ қағып,

Бәйбіше бәйек боп жүр сырдақ салып.

Болса да ұлым жасыт өзіңменен,

Секілді әлі бала сұңғақ қалып.

Ікей де жалғап отыр арқан ойды,

Қозысын, қойын бақты, қашан тойды?

Алдына үйіп төгіп, құрт, ірімшік,

Күп күрең женіт, жарма, талқан қойды.

Ұлымды жіберер ем, бәлкім жасық,

Ойнайды баладармен әр күн асық.

«Жінтікті бір жігітті берсең» депті,

Келесің қара танып, сауат ашып.

Уыстап құрт, ірімшік салып берді,

Демейді Ікей оны нағып берді.

Өз ұлын алып қалып,

Кедей ұлы

Ікейге «қарғы бауды» тағып берді.

***

Жалғыз үй жайлап отыр Жыратыны,

Кедейдің жоқ ешкімге бұратыны.

Осы жер байдың келіп бала Ікейді,

Малымды бақпадың деп ұратыны.

Үйіне келді Ікей жаяулатып,

Тыңдайды ана сыбдыр ояу жатып.

Жеткізді жібергенін жаңа оқуға,

Жасырып қуанышын баяулатып.

Бармаққа байқұс несін елпектедің,

Тайпа елдің ішіндегі еркек пе едің?

Жәнтекей: Ботағара, Секел, Тайлақ,

Қангелді құрып қап па, тентектерің?!

Әз ана оған несін ашынасың?

Кедей деп, демедің бе, басынасың?!

Білім ап, оқу тоқып оралайын,

Көшіріп аға сені қасына алсын.

Белгілі қайтпайтыны алған беттен,

Мазалап жүретұғын арман көптен.

Хат танып, қара үзіп шықсам дейтін,

Бұлт құшып, асу асып тарлан көкпен.

Құбылыс бұл Ұлақшын сайындағы,

Білмейді ел жаңа оқудың жайын дағы.

Қуырып қап түбінде қалған бидай,

Қу шеше жол азығын дайындады.

Үйінің тар болса да керегесі,

Кең сарай көңілінің кенересі.

Әкелген төркінінен тайлаққа артып,

Бар еді шешесінің кебежесі.

Ұққан соң Бопай шеше байдың ісін,

Тұрмады бағып, сынап жайдың түсін.

Шығарып бір сым, көйлек көктеп тікті.

Сақтаған қоңыр барқыт, дәйлімбісін.

Арқада қара күрең дорбасы бар,

Қолында талдан таяқ жолдасы бар.

Бетке алып күн батысты қайқайды Ікей,

Бір уыс қойнында құрт, бойда тұмар.

Күздің көп бірге кетті құсыменен,

Сүйекке біткен қуат күшіменен.

Көз жасын сүртіп қойып, қолын бұлғайд,

Шешесі шылауышы ұшыменен.

Қарайып қараша үй қала берді,

Қараша үй қара жалды бала берді.

Неше күн ішке бүккен зарын боздап,

Түйгілеп ана отыр қара жерді.

–          Өзіне өзі ие күтім тауып,

Ат жалын тартып мінді,

үкім қауіп,

Қуат бер, жар бола гөр, жаратқаным,

Жолына бердім бата сүтім сауып!

Таппады бұл өлкеден басқа амалын,

Бұғауын ерте салды жасқа залым.

Құдайым, хош көркейсің, бар тілегін,

Тірліктің бұзып жармақ тас қамалын!

Ананың аңыраған әлін біліп,

Бопайдың жел әкетті зарын іліп,

Шақпылап сайға түсті, қырға шықты,

Бұтақтың Бұлғын бойлап бәріне іліп.

***

Жаңаша хат таныды Ікей оқып,

Ұстаздың ұқтырғанын миға тоқып.

Жарысып, жаға жыртып жүрмеді бос,

Бір қойып, біреулерше, екі шоқып.

Алғыр ол, дене ширақ, ойы анық,

Тұратын қос шырағы оттай жанып.

Бос белбеу балаларды басып озып,

Оқуға жолдама алды Қобда барып.

«Биыл жаз демалысқа бара алмаймын,

Жазылмас жүректегі тарамай мұң.

Тұрғанда жөні келіп, апатайым,

Орысты қара орман аралаймын.

Тірлігін басқа жұрттың саралайын,

Болды ғой, жаман ұлың санаңа уайым.

Әкем жоқ, ертіп жүріп ел танытар,

Амандық берсін, құдай саған ылайым».

«Су ішер аман жүрген, жарқын балам,

Өмірдің кесесінен алтындаған.

Шыдайды, алаң болма, жыртық жүрек,

Жебесі сұм жалғанның зақымдаған.

Білмедім, жер азғанын, ел азғанын,

Бекіту, қиянат қой ер арманын.

Жасыңнан, жатпай-тұрмай, жоқ іздедің.

Құдайдың маңдайыңа не жазғанын?!

Өмірді талай жыршы өрнектеген,

Туу бар, бар да және өлмек деген.

Саналы соның бәрі дүниені

Келмейтін екі айналып кермек деген.

Нар баспай жанын жүрер жаман қорып,

Арбатпай алдырмайды заман жорық.

Алланың қолында ғой қылған ісің,

Қалауын біле алмайды адам жорып.

Қайтарман, құлыншағым,  тілегіңді,

Ақ адал, жаратқан ед жүрегіңді.

Азамат болдың, ұлым,  арманың көп,

Жасқамай өсіріп ем жігеріңді».

***

Батылдық балалықтан басталады,

Батырдың ашылған жоқ астары әлі.

Иіскеп төбесінен, дейтін әке:

«Жебесі Ікейімнің тас жарады».

***

Арылса көкейіңді қысқан зорық,

Кетеді көңілдегі қыс жаз болып.

Кешегі кедей ұлы шыға келді,

Қобданың шаһарынан ұстаз болып.

Жеткенде жиырмасыншы көктеміне,

Күркіреп көк, дүркіреп көк те міне.

Шерікті тұңғыш қазақ әскердегі,

Жіберді  офицерлер мектебіне.

Тоқтамай арман шіркін ала қашып,

Ақ бұлтпен аспандағы араласып.

Жарқырап жұлдызшалар өн бойынан,

Белестен белестерге барады асып.

Офицер Ұланбатыр астанада,

Хантауда Қасиетті жасқанама.

Керейттер жайлауында керіледі,

Тула өзен бауырына басқан ана.

***

Аралап жер шоқтығы Арқаңғайды,

Жат жұрттан жас офицер жар таңдайды.

Әукесі қазақ десе салбыраған,

Қалқаның кәрі-жасы жалпаңдайды.

Офицер шенді сары тұңғыш қазақ,

Қызды алды Должин атты тұрмыс қалап.

Ішкізді неке қымыз ақ  аяқтан,

Төгілітіп  көгілдір түс торғын қадақ.

Бұл шындық ел ішіне дабылдады,

Лапылдап жанып барып дамылдады.

–          Қай туыс жырғатып ең, тіліңді тый,-

деп ана құрақ ұшып қабылдады.

Қалқаға қажет емес қалың малы,

Анасы той да жасап шабылмады.

Шегедей шемен болып бауырына

Сіңгенді балапанын сағынғаны.

Қазақтың көп еді ғой жарымжаны,

Байлығы,  бар дәулеті шағын малы.

Адамы Алтай таудың аса қажыр,

Адамға, аллаға да шағынбады.

Болдырған  Бопай ана жазылмады,

Сор болды маңдайына жазылғаны.

Қаралы көшке ұласты ақырында,

Бар қызық бір жайлаудың жазындағы.

Азалы тағдыр бар ма адамзаттай,

«Жіберсем,- деді ме ана алаңдатпай».

Жеткізем дегенінде сұмпайы ажал

Жетелеп жүре берді аялдатпай.

Туған жер талын құшып, тасын сүйіп,

Ата-ана қабырына басын иіп,

Бауырлап Бағы бұлақ суын ішіп

Басты Ікей бара жатқан ішін күйіп.

***

Өмірдің талай терең өткелі бар,

Өңменін көрем десең шеткері бар.

Қан майдан, Халхин ғолға кетіп барад,

Баласы Қара қазақ шекпені бар.

Халхин ғол Қалқа өзені,

қайда Алтай,

қалғиды қабырларда сайда жарты ай.

Үрпінен Үркер жұлдыз сүт сорғалап,

Қан жұтқан қайғы, мұңлы халде Алтай.

Ақ шыңын ай түбінен бұлт арбаған,

Арлы өзен, асау бұлақ жұта алмаған,

Ағызып  қанын судай  адамының,

Алтайды үшке бөліп бұтарлаған.

Осыны есіне алып ойлансын мың,

Ойына кіріп-шықпай обал сұмның.

Адамын атқа мінер қырып салды,

Сталин геноциді Чойбалсанның.

Қырғыннан қалай қалды Ікей аман,

Білмейміз, айтпай қойды иттей заман.

Отанын моңғол жерін қорғау үшін,

Қол бастап барады Ікей бітпей арман.

Полктің командирі жарқылдаған,

Қолында алмас қылыш жалтылдаған.

Астында ай қасқа ат  ойнап басар,

Дүрсілін жүрегінің жар тыңдаған.

Талайын қайтқанында тобыр бақтың,

Төсіңде топырлаттың, қобыраттың.

Бұл Отан Арғы Құн мен бергі түркі,

Жұрты еді Керей, Найман, Қоңыраттың!

Ескінің сайрап жатыр бек сүрлеуі,

Бөтеннің қолында тұр тек күрмеуі.

Сөйлейді қазақша Орқын, Тамыр, Керлің,

Селеңгі, Бұйра көл мен Көпсукөлі.

Бұл Отан бағзы бабаң алтындаған,

Бұлан қақтап бітеудей аршылмаған.

Бауырын құм күйдірсе, үстірт жайлап,

Байқалға барып тойлап, салқындаған.

Қорғауға осы отанды аттанды Ікей,

Жау көрсе жай отындай шаттанды Ікей.

Еске алып ауық ауық ыңылдайды,

Айтатын он бесінде тәтті әнді Ікей…

… «Басында Жырғылтының қызыл мия,

Келемін кер дөненмен жылқы жия.

Қалқатай, келу оңай, кетеу қиын,

Қалқаның кете алмаймын көңілін қия.

Басынан  Жырғылтының жылқы жиып,

Астымда ат күрең төбел айдай киік.

Шыққанда Ұлақшынның жотасына,

Тұратын көкке шіркін төбем тиіп»….

***

Қан майдан, қара түнек Қалқа өзені,

Қайғының қара уын халқы езеді.

Кім өліп, кім қалады, құдай біред,

Тәніңнің жалғандығын жан сезеді.

Ікейдің айқын болды батырлығы,

Қайтпайтын қандай оқтан батылдығы.

Төсіне соғыс сайын орден қадап,

Паш етіп орыс, моңғол жатыр мұны.

Тамыздың еді түні ай қараңғы,

Қоршаған ажал оғы айналаңды.

Төбені азаттауға аттанды Ікей,

Сарқылдап қаны қара қайнағанды.

Әкелген атқа өңгеріп жауын ұрлап,

Сол тұстан тұтқиылда шабуылдап.

Ұрандап таң біліне кірді жауға,

Әр шерік, бір самурай қарауыл ап.

Әудем жер, төбе басы, жақындады,

Шайқайды басын бірақ жарқын бағы.

Алға! деп қолды сілтеп, өзі ұмтылып,

Полкіне берді бұйрық артындағы!..

Қою қан сорғалап тұр самайынан,

Түйір тас табылмады маңайынан.

Қасына жетті аунап, Дабасерін:

–          Комполк, жараң ауыр таңайын нән.

–          Жоқ,- деймін, -соңғы демім, оқта мылтық,

Несі бар Отан үшін түссе тыртық!

Төбені алсақ біздің қолда жеңіс,

Берейін сұмырайдың бәрін құртып!

Сәлем де:

Асыл анам,

Асыл жарға,

Алтайға,

Ар Қаңғайға,

Ақындарға!

Деді де атып тұрып орынынан,

Жаралы арыстанша атылды алға!

Даланың аңызғағы заулап өпкен,

Ақ жейде нартай қанға лаулап бөккен.

Адамды жерден танкі, жаяу әскер,

Ышқынып ұшақтар жүр аулап көктен.

Жан пида самурай да жақындаған,

Жан, арын жәдігөйлік зақымдаған.

Ақ ажал әзірейіл осы болар,

Ал ажал оныдағы тақымдаған.

Таймайтын табанды ер қандайынан,

Түскен сөз «Отан үшін» таңдайынан,

Жұлып ап жатқан жерде жарты қолын,

Асатты самурайдың маңдайынан.

Көзіне елестеді туған жері,

Көбелек қызыл ала қуған жері.

Шеше тұр келе ғойлап,

Босамады

Сансыз оқ өтседағы буған белі.

… «Басында Жырғылтының қызыл мия,

Келемін кер дөненмен жылқы жия.

Қалқатай, келу оңай, кетеу қиын,

Қалқаның кете алмаймын көңілін қия.

Басынан  Жырғылтының жылқы жиып,

Астымда ат күрең төбел айдай киік.

Шыққанда Ұлақшынның жотасына,

Тұратын көкке шіркін төбем тиіп»….

Қып-қызыл аннан-мұнан қан шашырап,

Адам да,

айдаладан аң бақырат.

Келешек келер ұрпақ жауап берер,

Жазылды қанмен көкке қанша сұрақ.

Айта алсақ шын, ақиқат ауада із көп,

Адаспай айдың үрпін сауамыз деп.

Жазылған қанмен сұрақ көк аспанға,

Көктеген жерден көк боп жауап іздеп.

***

Араға салып шомбал сан ғасырды,

Көрінген күн шығыстан таңба сынды.

Төбесін бауырына басқан Ікей,

Тоныкөк, Күлтегіннің жалғасындай.

Жанары жасын ойдың жетегінде,

Моңғолдың Хас батыры есебінде.

Ікей тұр Халхин ғолда тасқа айналып,

Қоңырат, көне түркі мекенінде.

Көк түрік, көне баба мекенінде,

Біле ме, оның ұрпақ не екенінде?!

Қазық боп бір ұлың тұр,

Байырғы жұрт,

Бірақ та бүгін моңғол, шет елінде.

Осы ұлын Ұлы қазақ біле ме екен,

Білсе де білмеген боп жүре ме екен?!

Қарап тұр Халхин ғолдан хас батырың,

«Есіңе алшы бір»,–  деп Ұлы мекен!

                                           13.03.2011ж.

Парақшамызға жазылыңыз

4 Comments

  1. М.Ікей батыр туралы жақсы білеміз. Мен пікірімді М.Зайсанов туралы мақала мен Бәмішұлының поэмасының соңында келтірдім. Батыр бабаларымыздың рухы Алаш жұртын жебей берсін! Әмин
    ТӨЛЕУ КӘРТЕҢБАЙ

  2. мен білмейді екенмін, мұндай да болып па еді. Қайран қазағым-ай, не көрмедің, сол жапондарды жайратқанда кім үшін соғысты екен? Бәрің де саясаттың, империялардың құрбанысың, жандарың жаннатта болсын, батырлар! Мұны паш еткен адамға да рахмет!

  3. Ікей батыр туралы алғаш зерттеу жүргізген ақын Солдатхан Орайханұлы еді. Жас журналист говьге үш рет барып батырдың жұбайымен жолыққан кезде Ікейден басқа екінші қазақты көрдім депті. Ікейге халхын гол соғысының батыр атағына беру үшін Солдатханның жазған мақалалары газеттерде шығып тұрды. Ікейдің суретін маршал Дандарға көрсетіп Дандар ікей батыр осы адам деп танып, Монголияның Үнэн газетіне президенттің (ерөнхийлөгчнің) бұйрығы шығып, батыр атағы берілген жарлықда , сол мақалалар да сақталған екен.
    Ақын Солдатхан Орайханұлы Ікей батыр туралы Қаралы хат деген поэма, өлеңдер және Батыр Әкей деген марш жазған.

  4. Ікей батырды алғаш зерттеген ақын Солдатхан Орайханұлы. Солдатханның 1968 жылы алғаш зерттеп жазған мақаласы Залуучуудын үнэн газетіне Ер есімі ел есінде деген атпен жарияланған. Ікей батырдың әйелі Должинмен кездесіп Ікейдің суретін алып Дандар батырға көрсетіп, Дандар батыр Ікей батыр осы деп танып, газетке мақалаларын жазып Халхын гол соғысының 40 жылдығында батыр атағын берген ерөнхийлөгч нің жарлығы шыққан екен. Солдатханның
    Халхын-Голдан оралғалы аз-ақ күн,
    Болып келдіп содан бері ғажаппын.
    Халхын-Голда Оры , Моңғол, Грузин,
    Қабірі бар ҚАЗАҚТЫҢ!

    деген атақты өлеңі бар!
    Солдатхан Ікейді зерттемегенде Халхын-Голдан бірде бір қазақ батыр болмас еді. Солдатханның еңбегін ұрламаңдар! бағалаңдар!

Жауап беру

Your email address will not be published.

This site uses Akismet to reduce spam. Learn how your comment data is processed.

Соңғы жазбалар