Жақында ғаламтор көздерінде «Келесі жылы өтетін Лондон олимпиадасында алтыннан алқа тағуға бірден-бір үміткер Қанат Ислам дүбірлі додаға бармай қалуы мүмкін» деген ақпарат тарады.
Біз іле-шала Қанат Ісләммен байланысқа шығып, төмендегі жайттарды анықтадық. Қытай жағы Қазақстан атынан Қанаттың Әлем және Олимпиада ойындарында өнер көрсетуіне қарсы екенін айтып, АИБА-ға шағым түсірген. Олар Қанат Қытай бокс федерациясының келісімінсіз жұмыстан шығып, Қазақстанға кетіп қалған» деген деректі алға тартқан.
– Мен спорттағы үлкенді-кішілі жеңістерім үшін Қытай еліне қарыздармын. Бірақ «Қазақстанға кетеміз» деген сөз бала күннен құлаққа әбден сіңісті болып қалған. Әрі үлкен медеу болатын. Ең бастысы адамның рухы сынбауы керек. Мен Қытай елінде де Қазақстанды арқаланып жүрдім. Қазақстанның азаматтығын алуға шешім қабылданған кезде Қытай бокс федерациясы басшыларына: «Жүрегім – қазақ деп соғады. Отбасым осында. Атажұртымда шаңырақ көтердім. Ағайын-туыстарымның барлығы осы жақта. Сондықтан Қазақстан атынан жұдырықтасуға рұқсат етіңіздер», – деп алдарынан өтіп, өтініш хат жаздым. Қазақстанның бокс федерациясының президенті Тимур Құлыбаев Қытай жағына Лондон олимпиадасына Қазақ елінің атынан шығуға рұқсат беру туралы хат жіберді. Енді олардың «қарсы емеспіз» деген жауабын күтуге тура келеді, – дейді Қанат.
Қанат Қытай жағының өзін кері шақырып алудан үмітті екенін айтады. Бұған дейін де «Жағдайыңды жасаймыз» деп уәде берген. Бірақ жат жұртта байрақты бәсекеде топ жарып шыққан бауырымыз ол ұсыныстан бас тартқан. Егер Лондонға баруға мүмкіндік болмаса, кәсіпқой бокста жүріп-ақ қазақтың туын желбіретпек. Себебі АҚШ-тың бір-екі промоутері 2008 жылдан бастап ұсыныс жасап келеді. – Егер мына жақта шаруа ойдағыдай болмаса, солармен жұмыс істеуіме тура келеді. Бірақ елге келгелі Астана қаласының құрамасы сапында бірер жарысқа шығып та үлгердім. Қазақстан бокс федерациясының кубогы үшін болған жартылай финалда жеңіске жеттім. Мен алдағы жеңістерімді тек қазақ елімен ғана байланыстырғым келеді, – дейді Қанат. Біз Қанаттың жеке бапкері Тұрсынғали ЕДІЛОВТЫ сөзге тарттық.
– Қазіргі таңда Қанаттың жолы жабылып тұр десек болады. Медальға қол жеткізуден үміті күшті шәкіртім тіпті Лондонға бармай қалуы мүмкін. Қытай тарапынан АИБА-ға арыз түскенге ұқсайды. Бірақ АИБА-ның ережесі бойынша азаматтықты бір жарым жыл бұрын алған спортшыға Халықаралық жарыстарда өнер көрсетуге болады. Сондықтан бұл шешілетін мәселе, – дейді.
Ал Бокс федерациясының әйелдер ұлттық құрамасы және төрешілер жұмысын үйлестірушісі Берік МЫРЖЫҚБАЕВ Туризм және спорт министрлігі мен Бокс федерациясы Қанатты Лондонға апару үшін қолдан келер жағдайдың бәрін жасап жатқанын, барлық құжаттардың дайын болғанын, Қытай бокс Федерациясы мен АИБА арасындағы мәселенің 10-15 күнде шешіліп қалатынын хабарлады.
Гүлбаршын АЙТЖАНБАЙ, “Айқын” газетінен
Қанаттың Олимпиадасына қатысуын өзінен кем емес тілеудеміз. Көп тілегі көл деген. Батыр елдің, “мың өліп, мың тірілген” елдің ұрпағысын еңсеңді түсірме бауырым!