Қазақ тілінің өздік құдіреті, өзіндегі сөздік қордың телегей-теңіз молдығынан ғана емес, өзінің алтындай икемге көнгіш, қолданылым елгезектігінен де менмұндалайды. Сөзіміздің бұл ыңғайын дәлелдеу үшін ешқайда бұра тартпай-ақ, тек бір ғана «уыл» жұрнағын алайық. Ескі Түркілер шабуылға бетпе-бет келген бүкіл шепті, ең әлдімен қолбасшылық орданы сенімді де жарамды қосынмен берік қоршап, бұл құрлымды «бой» деп атады. Онысы қазіргі тілмен айтқанда «жақын» деген сөз. «Өзенді бойлап жүзу» дегенді есіңізге келтіріңіз, мұның екі мағынасы болды, бірінші, бұл қосынның ордаға ең жақын тұрғандығы. Екінші, бұл қосын сардардың сол кездің тілімен айтқанда есауылдың ет туысы, ең жақын адамдарынан құралғандығы. Сонан соң, ең таңдаулы жаужүрек азаматтардан құралған екі қосынды «оң жақ», «сол жақ» деп екі жаққа орналастырды да, бұрынғы «боймен» қосылған осы тұлғаны «ғол» деп атады. Мұның сыртында «оң жақ», «сол жақ» екі қосын, оның сыртында «оң қанат», «сол қанат» екі қосын тұтас бір майдан шеп қалыптастырды да, мұны «қырауыл» немесе «ереуыл»(алғы шеп қосыны) деп атады. Осылайша бүкіл шеп қамсыз орналасқан соң, қарсы жаққа «шығауыл»(жаушы, елші) жіберілді. Ол аттана салысымен есауыл істі жаман мүмкіндік ыңғайымен шешті де «ғол»-дың сыртындағы «оң қол»-ды «шапауыл»(шабуылшы қосын), «сол қол»-ды «оқтауыл»(даяр тұрған қосын) етіп белгілеп, шабуылға сақадай сай тұрды. Ал, майдан ашыла салысымен бұрынғы «оң қанат» және «сол қанат» ішінен тағы екі бөлек қосынды бөліп алып, жасырын түрде соғыс майданының оң және сол екі жағынан өте ұзақтан қарақып көрсетіп, айбат, сескендіру жасады да, бұл қосынның атын «жасқауыл» атады. Мұның сыртында бүкіл қырауылдың сыртынан жаудың айналып келіп оқыс тап беруінің алдын алып «шағдауыл»(артқы шеп қорғашы қосыны) атты қосынды қойды. Түн баласында «қажауыл» немесе «шарнауыл»(жаудың екі бөлек әскерін жаңылтып қажалыстыратын қосын) аттандырып жау қойнына сұғынып кірді. Осылайша соғыс әбден қызған шақта «үстеуіл»(көмекші қосын) жедел қырауылға қарай өңмеңдеп келе жатты…
Бұдан тыс, екі мүмкіндік бойынша жол бойына тосқауыл қалдырылды. Мұның басшысы «сақауыл» деп аталды. Қала сыртына «кежеуіл»(қала күзет қосыны) ұйымдастырды да, бұлар қала қорғаныс қоршаған терең ордың ту сыртында тұрды. Қосын басы «күтуал» деген атпен әйгі болды. Ал, қала қорғанының түбіндегі терең орды тұтастай бөліске алып, шеге болып қатып қалған қосынның аты «қыптауыл»(қорған ішкі күзет қосыны). Бұл қосынды онан арырақта «аршылар» деп атағаны мәлім. Мұндағы «ар» бүкіл қала қорғанын қоршап жатқан ордың әр бір азаматқа бөліп берілген бөлектеменің аты. Кезінде тіпті әр азамат осы «ар»-ға ие болуды өзінің азаматтық өлшемі еткен. Сондықтан, жау басып кіргенде де бір табан артқа шегінбей өзіне тиеселі болған «ар»-мен бірге о дүниеге кеткен не жанын тігіп қорғап қалған. Кезінде жау тебініне шыдамай жан сауғалап қашып кеткендерді «арсыз» деп атап. Қайтып өмір бақи «ар»-ға орналастырмауды күілі ел болып дәстүр тұтқан. Мұнан басқа, бес қаруын құшақтап күндіз-түні аунақшып қала қорғаны ішінде жатқан ұлан-қайыр бір қосынның аты «шаңдауыл»(артқы шеп қосыны) ендігі бір қалғаны күллі әскер дабылын қағып, қаладан аттанып жүріп кетудің алдында соғыс тілеп отырған жаудың аужайын түю үшін алдын ала аттандырылған жасырын бір қосын «ертауіл»(шолғыншы, барлаушы) онан арырақта мұны «безек» деп атағаны мәлім. Қазір «безек қағып жүр» деген тіркес көлемінде ой шүйкелеңіз.
Жоғардағылар ескі түрлі қосынның бір жүріс шабуыл тәсілі. Мұны күллі Түркі даласы ортақ мойындаған бұлтармас кәнігі тәсіл еді деуге келмейді. Бұл жерде біз тек «уыл» жұрнағының қандай орында рөл ойнап, ұлан-ғайыр тіл табиғатымызда қандай орны толмас міндет атқарып тұрғанын ғана ескердік. Бір есептен қарағанда, тіл – кескін мен қимылдың туындысы. Ондай болса, тіл бөлшегі болған әр бір жұрнақ та бұл қағидадан сырт қалмайды. Дегенмен, дәл осы жерге үңіле қарсақ, әр бір жұрнақтың өз-өз алдына ыңғайланар ауаны бар көрінеді. Ал, мына етістік сипатымен дүниеге келген «уыл» жұрнағы қайда болса, сол етістік күйінде «аласатқан» бойда көзге түсетін сияқты. Мысалы: «Иұртауыл» қазіргі тілде «жортуыл»(жаяу қосын), «жасауыл» (әскер, оң қол шабарман), «созауыл»(атқосшы) «бекауыл», «бакауыл»(қонағасыда ас тасушы), «бақауыл»(патшаның азық-түлік және соған қатысты істерін басқарушы), «сұркауыл»(қорғанды қорғаушы бас қомандан), «сағауыл»(уәли дәрежелі шен) бұлардан тыс тілімізге мүлде сіңіп орнығып кеткен «қайтауыл», «жортуыл», «қарауыл», «шабуыл», «суыл», «гуіл», «туыл», «дуыл», «зуыл», «дауыл» т.б сияқты сөздер саманарқын. Мінеки, осылардың барлғы тек етістік күйінде ғана жіктеліп тұрған жоқ, қайта өзі бейнелеген қимылдың немесе табиғат дүниесіндегі, тіпті былайша айтқанда, осы «уыл» жұрнағы өзі пайда болудан әлде қайда бұрын өмір сүрген өжет те, қанпезер аласатқан қимылдың дәйектемесі болып, бізге сол албарынды әрекетті қаз-қалпында көрсете алғандығы «уыл» жұрнағының хас ерекшелігі есептеледі. Себебі: «уыл» жұрнағы әуелде парсы тілінен енген болуы мүмкін деген бозамық болжалға бір сәт қоңсы қона тұруға да болар еді. Мейлі семьялас келген немесе қандай түрлі жағдаймен болсын сыбайлас келген екі тілдің әр екеуінің де бір-біріне ықпал көрсетуі, тілдік кірме кіргізуі, ескі Түркі үғымымен айтқанда «тат»-ын жұқтыра кетуі адам пендесінің ортақ тілдік даму барысндағы бұлтармас табиғи құбылыс. Бұл қандай жағдайда да тілдің бай-кедейлік ықпал тұрғысына жатпайды. Сондықтан «уыл» жұрнағының парсыдан кіруі немесе парсыға ықпал жасауы ой аударып жадқа түйерлік мәселе емес. Соңғы бір мәселе, «уыл» жұрнағының сөз дәйегіндегі ықшамды да, шымыр тұлғасы. Мұндай шымырлық басқа жұрнақтардан бар еді, өкіншке орай талайын жөргектегі күйде «алжыған кәрінің» қатарына қосып, ескірген деген атпен өткенге өңгертіп жібердік. Сөзімізге дәлел ретінде бұл жерде тек «қақ» жұрнағын ғана алайық. Мәселен, «тұрқақ»(күндізгі қақпа күзетшісі), «жатқақ»(түнгі қақпа күзетшісі) әуелгі тегі(ел түрегеп жүрген кезде босағада қаздиып тұрған адам. Ел жатқанда босаға да қаздиып тұрған адам) болып келеді.
Қандай келісті де, әдемі, бұдан артық тіл ықшамдылығы деген қайдан табылмақ?! Дегенмен, біз бұлардан да безіп шықтық. Сонан барып «күндізгі пос», «түнгі пос» деген жартылай дүрегей тіркес кеп енді немесе «күндізгі қақпа күзетші», «түнгі қақпа күзетші» деген бір құшақ сөз қайтауылға айдалды. Әрине, тілдің дәуір аттаған сайын дамып отырғаны шүбәсіз. Бірақ, бұл «даму» өз бойындағы алтынды елдің мысына айырбастаумен немесе шымыр есілген шапете қыл шылбырды бобалаң, болбыр есілген сала құлаш тарту арқанға айырбастаумен іске аспайды. «Бір» деген цифр ақылың жетпес мәңгілік санның басы болғаны сияқты, мүлдемдік жоғалудың да басы екені есте болуға тиіс. Ондай болса, нағыз тілжанды болсаң бір сөзіңді де жоғалтпа. Дүмбілез бір сөзді де қатарға әкеп қоспа. Тілсіз тірлік қараңғы екенін біл, «тілді халық сақтайды» деген енекөкірек қағидаға алданба, тілдің бояуы да, қасиет пен киесі де қаламның ұшында. Қаламгерлері тұтықпаға айналған ұлт ертең-ақ меңіреуге айналады. Пайғамбар Мұхаммед «Ғалымның қаламынан тамған қара сия шаһидтың қанынан қымбат» деп бекер айтпаған.
Ойлансаң осы жөнінде ойлан.
Серік Қауымбайұлы, жазушы
Қытайда шығатын «Алтай аясы» журналының 2011 жылғы 2-санынан
Дайындаған: М.Ә
Парақшамызға жазылыңыз
мәәә, сұмдық, мына дүниелерді біздің академик деп жүрген мүйізі қарағайдай ағаларымыз да білмейтін шығар ә?!
шынымен де кісі таң қаларлық дүниелер. Бұл сөздер қазір біздің сөздік қорымыздан шығып қалды, ал, жазушылар жазды деген күннің өзінде оны түсіне қоятын оқырман жоқтың қасы. Бұл бір трагедия болды.
мейлі “уыл”-ға, “ар”-ға болсын бәрі де өте сенімді, әрі, нанымды тұжырымдалып берілген. Анау тақырыптағы “ыспалағанда” деген сөзінің өзінде қаншама этнография жатыр.
бұлда бір бүлдіргі заман де,уақыт өткен сайын ұтылған.заманді “заман-ай” қылған адам ғой. баріде “өткеннің садағасы” дерсің
оте керемет жазылган макала! Серик Кауымбай ага сизге мын рахмет! осындай енбектерды коптен кутемиз! енбегиныз жемисты болсын! ал енды Биздын Казах елынде осыны орысшага аударып БАК тарда берсе нур устине нур болар еди! курметты Минбер порталы тилшылеры осыган куш салсаныздар! халкымыздын бай тилын орыс тилды азаматтарга насихаттайык! осылай гылым аркылы гана баска халыкты мойын усындра аламыз!
Рахмет ! Минбер!
Сұлтан мырза, дұрыс айтасыз. Қазақ сөзінің құдіретін таныта түсетін дүниелерді тек қазақ тілінде емес, орыс, ағылшын, қытай тілдерінде де нәсихаттау керек.
Мақаланың мәні зор. Біздің ғлымдар мен билік өкілдерінің назарын аударту керек. Қазіргі біздің тіл шынымен шұбарланып барады, Көптеген жұрнақтарымыз жұтылып кеткен. Мақаланың насихатын күшейту керек.