/

Арнау жырдың жайы қалай?

1769 рет қаралды
4

Ақынның сөзі алтыннан құнды келетін,

Арзандап кеттік, ағайындар-ау, неге тым?

Құшынаш болып кетпесек біздер жарады,

Көрінген жанға ішірткі жазып беретін.

Бұл – ақиық ақын Мұқағали Мақатаевтың «Арнаулар» өлеңінен үзінді. Оқығанда жырдың жалыны өзегіңді өртеп, жүрегіңді шарпиды. Әлдеқандай «арнауларды» есіңізге аласыз да, ұяттың отына өртенесіз. Жүйке тамырларыңыздан ағып өткен жылы ағын көмейіңізге келіп қыстығады да, бар пенделігіңізді қайырып қойып, таза өлең туралы ойлануға  жетелейтіні  хақ! Бізді толғандырғаны – ақын поэзиясы хақында емес,  шынайы өлеңдердің ордасына  шырмауықтай тамыр тартқан арнау өлеңдер еді…

Жасыратын несі бар, күні кешегі Кеңес дәуірі қазақ өлеңінің көсегесін көгертумен қоса, аталмыш  арнаулардың да  «жұлдызын» жандырған  «алтын дәуір» болды. Оған бола ешкімге  де кінә артып, күстәналай алмайсыз. «Сананы заман билеген»,  өлең-жырдың өзі саясаттың қол шоқпарына айналған сүреңсіз мезгіл еді ол. Өлеңнің «біссіміләсі» «Ұлы көсемге», коммунизмге құлаш ұрған «салиқалы саясатқа» арнау жазудан басталатын. Ал онсыз ақынның қарығы ашылып, бағы жана қоймайтын. Анығын айтсақ, қайсыбір ақынның болмасын, өлең топтамаларының жарияланып, жарық көруінің басты кепілі – осы арнау жырлардың «көмегіне» кеп тірелетін-ді… Әрине, сол бір алмағайып күрделі кезеңнің өзінде, солақай саясаттың сойылын соқпай, ақындығын азаматтығы көтерген не бір жыр сүлейлерінің   де өткені әмбеге аян. Сондықтан, бәріне бірдей қырын қарауға  болмайтынын қаперге алғанымыз ләзім.

Сонымен, кешегі қылышынан қан тамған кеңес билігі біз секілді бодан елдердің мойнына осындай идеология қамытын жекті. Ақындарымыз «шындықты өткізу үшін, аздаған өтірік қосуға» шарасыз мойын ұсынды . Ал бүгінгі, өз қолы өз аузына жеткен егеменді  елдің шайырларына не жорық? Халықтың әлеуметтік жай-күйін кейінге шегіндірген дағдарыс кезеңі, от ауызды ақындарымыздың да басым бөлігін қарын қамын күйттеуіне айдап соғып, жағымпаздық дерті әбден белең алып кеткендей. Қандай да бір газет-журналдарды парақтап отырсақ та, тіпті, өлең бәйгесі саналатын қайсыбір мүшәйраларды тамашалай қалсақ та, әлгіндей арнау жырлардың шоғыры алдыңызды орайды. Ал олардың авторларына келсек – кілең мүйізі қарағайдай аға-апаларымыздан бастап, орта буын өкілдері, ең берісі дегенде, таңдайынан әлі уыз дәмі кеппеген жас өскіндерге дейін мақтау-мадақтауға жанымен құныққандар!

Иә, арнау өлең жазу дәстүрі әдебиетімізде әріден бастау алған. Бірақ оның да өз заңдылығы болған ғой. Мәселен, кешегі Бұқарлардың хан Абылайға айтқаны, қазіргі арнау жырлармен үш қайнаса да сорпасы қосылмайтыны анық. Халық санасынан риясыз орын алған қай ақынды алсақ та, олардың өлеңге деген өз адалдығы болды. Бір ғана мысал, М. Мақатаевтың «Әбділдәға» дейтін өлеңінің соңғы шумағы, міне, былай өріледі:

«Бой түзеп, босқа кетпей сауықпенен,

Боз қырау босағасын тауыпты өлең.

Жаман жыр жазғанымда ақ таяғың –

Арқамда ойнай ма  деп қауіптенем…»

Ой көзімен байыптап қарасақ, өлеңнің өн бойында қандай бір жағымпаздықтың, болмаса, шашбауын көтерген әсіре мақтаудың нышаны байқалмайды. Керісінше, ағаға деген інілік ізет пен киелі өлеңге деген кірпияз тазалық менмұндалайды. Ал бүгінгі баз бір «арнаушыларымыздың» туындыларын Мұқаңның жоғарыдағы өлеңімен қатар қойып, талдаудың өзі ар көтермейді. Сонда бүгінгі нарық заманы, елдің мұңын мұңдайтын ақындарымыздың мәртебелі поэзияға деген адалдығына ауыз салған ба?! Қазақтың қай ақын-жазушысы Алматыда үйсіз-күйсіз жүрмеді дейсіз? Әйтсе де, мұндай тарығушылыққа иіні түсіп, жырға деген көңілі суымаған қайран Қасым ақын бұған былай деп жауап бермеп пе еді:

«Берсең бер, бермесең қой баспанаңды,

Сонда да тастамаспын астанамды.

Өлеңнің отын жағып жылытармын,

Өзімді, әйелімді, жас баламды!»

Ақын Абайдың «өлеңге әркімнің-ақ бар таласы…» деген өлең жолын көңіліне медет тұтып, тепеңдейтіндер әлгі жырдың «сонда да солардың бар таңдамасы» деп өрнектелетін келесі жолын қаперіне алды ма екен шіркін! Хакім Абай айтып отырған «талас» тек өлеңге жылты бар, Тәңірдің айрықша рақымы түскен таланттылар арасындағы «өнер таласы» болса керек. Әсте көлденең көк аттылардың қанжығасында кететін «еріккеннің ермегі, щөлдегеннің шөлмегі» емес. Абай сол өлеңінде тағы былай деп толғанады:

«Тілге жеңіл жүрекке жылы тиіп,

Теп-тегіс жұмыр келсін айналасы», – міне бұл ақынның өлеңге қояр талабы, талғамы сіпетті.

Өлең аспанынан жұлдыздай ағып өткен Төлеген Айбергенов:

«Ақын боп өмір кешіру оңай деймісің, қарағым,

Аузында болу бұл өзі сыздаған барлық жараның…

Нақақтан күйіп баратса нұрлы күн үшін бір тұтқын,

Кес-кестеп барып кеудеңді оғына тосу мылтықтың.

Қалтырмау үшін ұятқа күнәсыз мынау дүниені,

Жамау ғып басу өзіңді аузына барлық жыртықтың», – дейді. Жүрегіңізге салмақ салатын  жыр жолдары, ақындық деп аталатын ұлы өнердің алыс жолын, ауыр жүгін аңғартатындай. Әттең, соның қадіріне қаншалықты жете алдық. Тағы да ойшыл Абай өлеңінің өңін аударып айтсақ, дәл қазіргі біздің қоғамда «тыңдаушы түзелгенімен сөз түзелмей тұрған сыңайлы».

М. Мақатаев тағы бірде өз күнделігіне былай деп жазады: «Бір кеңше отырып алып маған «Алтын адам» – күмәнді қазақ туралы поэма жаз деп ақыл айтады. Оның мүмкін еместігін айтып, жуырда жазған «Алтын адам» өлеңімді оқып бердім… «Алтын адамның» кім екенін анықта, маған түсіндіріп бер. Өзінің бүкіл алтыны алтын табытқа айналатынын, кейінгі ұрпаққа алтынның өзі ғана жететінін тірлігінде бұл алтынға оранған өлік ойлады ма екен? Поэзия журналистика емес, ал, ақын да дабыра туғызатын жағдайларға жүгіре беретін журналист емес. Алтынмен киіндіріп қойған қаңқа сүйек табылғаны үшін поэзия жазуға бола ма? Алтынға малынған адам туралы жазғанша, елсіз далада көмусіз қалған адамның бас сүйегі жайында қуана-қуана поэма жазар едім». Міне бұл «сөз қадірін бөз қадірінен артық көретін» дана халқымыздың «Әдебиетті ардың ісі» деп түсінетін  ақын перезентінің жүрек сөзі.

P.S Қазақ ежелден сөздің жүйесіне жығылып, киесіне сенген халық. Етіне түскен  тән жарасын ауырсынбаса да, сүйектен өтетін сөз сойылын өлімнен кем көрмеген көрегенді ел. Сондықтан да «жардан ассақ та, талдан аспай» өнегелі, тәлімді жыр жазуға бойымызды үйретсек, әрине жүректі жарып шыққан шын шабыттың туындысындай арнау жырларды да қол соғып құп алар едік.

Жақсылық ЫРЫСБАЙ

Парақшамызға жазылыңыз

4 Comments

  1. Шынымен де арнау өлеңнің ғажайып үлгісін көрсеткен ғасыр артта қалды ғой. Басқалрын айтпағанның өзінде жүз жасаған Жамбыл ақынның өзі бұл үлгінің даңғыл жолын салған ғой.

  2. Ақылды адам, арлы адам арнау өлең мен құр сарнау өлеңді айыра білсе керек. Мақалада бүгінгі біреуді күмпиту үшін жаза салған бірдемелерден де үзінді келтіріп, атын атап, сол жазғыштардың, түсін-түстеп, жақсы мен жаманды шенестіре жазса бірталайдв тамаша болар еді. демек мақалданың жалғасын күтеміз.

  3. Иә, жөн екен жазғандарың, анау президентті мақтап поэма жазған Маралтайдан бастап сынамадың ба? Бүгін арнау өлең жазып, билікке жаққыштар көп қой.

  4. Президентіміз шүкір жақсы,басқа елдерде осындай президент жоқ. Тәуба деп жүреберіңдер

Жауап беру

Your email address will not be published.

This site uses Akismet to reduce spam. Learn how your comment data is processed.

Соңғы жазбалар