//

Қалың қалай қазақ медицинасы?

2271 рет қаралды
6

Халқымыз байырғы заманнан жан мен тәннің саулығын айырықша орынға қойып, назарға алған. Сол себепті «бірінші байлық – денсаулық» деп нақылдауы тектен-тек емес. Халықтың денсаулығы – еліміздің белсенді дамуына, экономикасына, әсіресе әлеуметтік жағдайының жақсаруына ықпал ететіні сөзсіз. Саулығымызды сақтауға септігін тигізетін, бұқара халыққа қамқор болатын саланың бірі – медицина. Қазіргі таңда, шенеуніктердің «медицина саласы қарқынды дамып, ауруханалар саны артып келеді» деген сөздерін құлақ құрышымыз қанғанша естіп жүрміз. Ал, бұл рас па? Қазақ медицинасы қандай деңгейде? Ақ желеңділер жазатайым жағдайда жәрдем көрсетуге қаншалықты дайын екен? Осы тектес сауалдар қалың оқырманды бей-жай қалдырмайды деген ойдамыз.

Жалпы, медицина – өте күрделі, әрі жауапкершілігі мол сала екені барлығымызға аян. Тіпті, осы жолда еңбек ету үшін жеті жылдық оқу аздық етеді. Аталған ғылымның өзін  толыққанды игеру үшін үздіксіз тәжірибе жинап, мамандық бойынша білім толықтырып отырудың қажет екені бесенеден белгілі. Кез келген дамыған мемлекетті мысалға келтірсек, алдымен денсаулық сақтау саласына көбірек көңіл бөліп, оны күннен күнге жетілдіруге тырысады. Ал, дамыған елу мемлекеттің қатарына қосыламыз деген Қазақстанның кенжелеп тұрған саласының бірі, дәл осы – медицина екені жасырын емес. Елімізде денсаулық сақтау саласының жағдайы тіпті көңіл көншітпейді. Оған қоса, ақ халатты абзал жандарымызға деген сенім де жоғалудың аз-ақ алдында тұр десек артық айтқандық болмас, себебі, бүгінгі таңда дәрігерлердің біліктілігіне күмән келтіретін қайғылы жағдайлар көбейіп кетті. Мысалы, Алматы қаласының тұрғыны Дәулет Раханов бауыр еті баласы Сымбаттың кемтар болып қалғанына дәрігерлерді кінәлап отыр. Оның айтуынша дәрігерлер медициналық көмекті дұрыс көрсете алмаған. «Көшеге баламмен серуендеуге шығып едім, жүгіріп жүріп кенеттен ауа жетпей талып қалды. Дереу жедел жәрдем шықырттым, олар бірден тамырына екі дәрі егіп ауруханаға алып кетті. Сол жерде дәрігерлер оған қоса тағы тура сондай екі дәрі екті», – дейді Сымбаттың әкесі. Егілген дәрінің кесірінен бала 9 күн бойы ес-түссіз жатыпты, тіпті өмірге қайта оралмауы да мүмкін деген байламға келген екен дәрігерлер. Бақытқа қарай, маңдайына жазылғаны болар, тоғыз күннен соң есін жиып, өз-өзіне келе бастаған, бірақ, баланың тілі байланып, ойлау қабілеті жоғалған. Әсері күшті дәрінің себебінен өлім аузынан қалған баланың миына зақым тиген. Біліксіз дәрігерлердің қателігінен жазығы жоқ бала өмір бойына мүгедек болып қалды. Ақ халаттылардың салғырттығы мен білімсіздігінен жарымжан болып қалған Сымбатқа енді үнемі күтім қажет. Қолының қысқалығы мен қалтасының жұқалығынан енді жарымжан баланы шетелге асып немесе ақылы ауыруханаларға көрсете алмай отырғанын айтады ата-ана. Мемлекетіміздің басты қалаларының өзінде мұндай олқылықтар орын алып отырған бүгінгі күнде, алыс аймақтағы ауылдырдың ахуалын тіпті елестетудің өзі қорқынышты.

Сонымен қатар, соңғы кездері нәресте және ана өлім-жітімі де көбейіп кеткенін айта кету керек. Қазақстан Республикасының статистика агенттігінің мәліметіне сүйенсек аналар өлім-жітімі жылына 6% артып барады. Мұндай көрсеткіштің себептерін мамандардың біліктілігінің төмен деңгейі мен қаржының мардымсыздығанан көріп отырған адамдар саны өте көп. Қанша дегенмен де қазақ медицинасының бүгінгі жағдайы мүшкіл екеніне көз жеткізу қиын емес және даму жолында көптеген мәселелерге тіреледі.

Біріншіден, ең басты проблемалардың бірі – медицина саласына бiлiктi кадрлар жетіспейді. Бүгiнгi таңда салада шамамен 59 мыңнан астам дәрiгер еңбек етедi. Жыл сайын медициналық жоғарғы оқу орындарын бітіріп жатқан түлектер санының артуына қарамастан дәрігерлер, әсiресе, ауылдық жерлерде мамандар тапшы. Статистикаға сүйенсек Республикамызда жалпы 5000 дәрігер мен 2000-нан  астам орта меджұмысшылар жетіспейді екен.

Екіншіден, ауруханалар қажетті құрал-жабдықтармен қамтамасыз етілмеген, жаңа техникамен, медициналық аппараттармен жабдықталмаған. Мысалы, қазір шетелде туабітті жүрек ақауына шалдыққан нәрестелерге ота жасалып жатыр. Ал мұндай ауруға душар болған бөбектерге операция жасауға Қазақстанның қауқары жоқ. Бізде 3 жасқа дейінгі балалардың жүрегіне ота жасалмайды. Егер жаңа туған балаға дер кезінде операция жасалмаса, шыр етіп дүниеге келген сәби бірден жан тапсырып кетуі де мүмкін. Елімізде 2,5-3 мың нәресте жүрек операциясын жасатуға кезекте тұр. Ал оларға операция жасай алатын не қажетті аппарат, не мықты дәрігер жоқ. Қандастарымыздың отандық медицинаға сенімсіздікпен қарайтынының себебі де осыда.

Қарапайым халықтың қазақ медицинасына көзқарасын білу үшін әлеуметтік сауалнама жүргізілген болатын. Нәтижесінде Қазақстандық дәрігерлердің қызметіне тұрғындардың 90%-ының көңілі толмай, ақ желеңділердің жауапсыздығы мен сауатсыздығын, дәл осы салада жемқорлықтың белең алғанын  алға тартты. Сонымен қатар, жерлестеріміздің 80%-ы медицина саласы дамыған шетел емханаларының көмегіне жүгінер едік десе, қалған 20%-ы еліміздің денсаулық сақтау ұйымдарына сенім артып отыр. Бұл да өзекті мәселелердің бірі. Себебі қазіргі кезде шетелге шипа іздеп баратын Қазақстандықтардың саны артып бара жатқаны жасырын емес. Отандық дәрігерлерден жәрдем таппай, мыңдаған халық амалсыздан Германия, Израиль, Қытайға барып емделеді екен. Ресми деректерге сүйенсек, жыл сайын Қазақстандықтар шетелдерде емделу үшін 200 млн. доллардан аса қаржы жұмсайды екен. Қыруар қаражат шетелдің қоржынын толтырып, экономикасының дамуына септігін тигізіп жатыр.

Еліміздегі денсаулық сақтау саласын өркендетуге көп көңіл бөлініп  жатқаны жайлы күнделікті естіп тұрамыз. Тіпті биылғы жылы денсаулық сақтау саласына 403 миллиард теңге бөлінген. Жаман емес. Ал осы қаражатты неге  орынды жұмсамаймыз? Мысалы, ауруханаларды керекті аппараттармен жабдықтап, дәрігерлердің біліктілігін арттыру үшін шетелдерге тәжірибе жинауға жіберіп, қазақ медицинасын дамытуға әбден болады.  Осындай әрекеттер сөз жүзінде ғана қалмай, іс жүзінде орындалса, еліміздің әлеуметтік ахуалы әлдеқайда жоғары болып, дамыған мемлекеттердің санатына қосылуға бір табан жақындай түсер едік. Ол үшін ақ халатты абзал жандарымыз осы жолда аянбай еңбек етіп, әр ісіне жауапкершілікпен қарағаны жөн.

 

Толқын Болатбекқызы

Парақшамызға жазылыңыз

6 Comments

  1. Тамаша жазба екен. Шындығына келетін болсақ та біздің емдеу саласы көңіл көншітерлік емес. Ал, ақ халатты жандар жайындағы ақиқат әлі тынып жатыр ғой…

  2. Олардың адам емдеудегі, яғни, науқаспен қарым қатынас жасаудағы мәдениеттерінің төмендігі де өзекті мәселе. Ессіз жатқан қызды зорламақ болған “ақ қалатты періштелер” аз емес өмірде…

  3. Толқын жақсы жазған екенсіз….осындай оқиғаларды ести отырып дәрігерге тексерілуге де қорқасын(((

  4. Жаза-жаза жауыр болған тақырып болғанымен, өте өзекті мәселе болып табылады. “Дәрігер – екінші арашамыз” деп жатамыз, бірақ, өкініштісі осы атқа лайықсыз болып тұрғандары.. Жазылған мақаланы дәрігерлерде бір мезгіл оқып, ойланса екен пікірім бар. Әсіресе жас, болашақ дәрігерлер. Мақала ұнады.

  5. Айналайын Толқын қарындасым!
    Еліміздегі денсаулық сақтау саласының қәзіргі халін ашына жазыпсың. көп нәрсеге келісуге болады. Әліде болса жетіспеушілік мол екенін мойындаймыз. Бірақ дәрігерлердің барлығы сауатсыз, білімсіз деп көпшілікке күл шашуға болмас. Мамандығын қадірлегеннен кейін ғой тапқан айлығы мардымсыз болса да күні-түні аурулардың жағдайын жасап, талайын ажал тырнағынан ажыратып жатқандары. Әрине дамыған елдердің дәрежесіне жету жеңіл жұмыс емес. Құдай жарылқаса тағы бір 10-20 жылда олармен терезелеріміз теңесетініне күмән жоқ. Қазірдің өзінде керемет медициналық орталықтар ашылып, олар замана талабына сай құрал-жабдықтармен қамтамасыз етіліп, көптеген игілікті істер атқарылуда. Барлық облыстарда кардиохирургиялық күрделі операциялар жасалып жатыр. басқа да салаларда алға жылжу бар. Жүздеген мамандар шет елдерде біліктілігін жетілдіріп, отандық медицинаны жаңа биіктерге көтеруде. Дәрігерлердің арасында ала-құласы бар, мінездері жақпайтындар, тіпті, теріс жолға салынғандары да бар екенін ешкімнен жасырмаймыз.Көпшілік болғаннан кейін оған не дерсің? басқа салада да ондай жандар аз емес қой. Сондықтан барлығына түсіністікпен, сабырлықпен қарағанымыз жөн болар. Қазақстан медицинасы алға – жаңа биіктерден көрінеріне мен өзім сенемін. Оған бізде барлық мүмкіншілік бар, оған Сіз де сеніңіз. Жалпы, сөздің тоқетерін айтқанда, мақалаңыз жақсы, көптің ойынан шықты деп ойлаймын. Алдағы уақытта да осындай тартымды мақала жаза бергейсіз!

  6. Мақалаңыз керемет. Болашақ ақ халатты жан ретінде өз мамандығымды абыроймен атқарамын деп сенемін. Сіздің мұндай мақалаңыз маған мотиватор ретінде болды. Көп рахмет. Сағындық дәрігердің пікіріне де қосыламын. Даму үстіндеміз)

Жауап беру

Your email address will not be published.

This site uses Akismet to reduce spam. Learn how your comment data is processed.

Соңғы жазбалар