/

Көңілді кірлеткен көлік жыры

917 рет қаралды

«Әй, неге сонша итересің? Адам тұрғанын көрмеймісің?!», «Ағай, бар салмағыңызбен сүйенбей тұра алмайсыз ба?» «Ужас, такая давка, родить можно…» Автобус атмосферасында туатын мұндай диалогтарды ести ести  құлақ құрғырдан да ұялмайтын болдық.

Әсіресе, таң атпастан «керемет көңіл-күй» қалыптастыратын кей кондуктордың кесірінен бүкіл күнің «быламыққа» айналып кетуі ғажап емес. Кейбірі кесек ақша берсе, оған ұрсады, топырлатып тиын санап берсең тағы жақпайсың.  Онсыз да консервідегі майшабақтай сығылысып тұрған автобус ішіне аялдама сайын адамдарды тоғыта беретініне елдің еті өліп кетті.  Жолаушыларды жұлқылап мінгізіп, итеріп түсіргендеріне қарап, өңкей  “спортшы кондукторлар” жұмысқа алынған ба деген ойға қаласың. Онысына наз білдіріп, ескерту айтқандарына үрім бұтағынан бастап туған туыстарына дейін тілдеудің сан түрлі синонимін қарша боратады.  Сол «тіл байлықтары» көше атауларына келгенде қайда кететіне таң қаласың. 2007 жылы Астана қаласы Тілдерді дамыту басқармасымен бірігіп  «Жолаушылар тасымалдау орталығы» ЖШС кондукторлар үшін қоғамдық көлік саласында жиі қолданылатын орысша-қазақша сөздік басып шығарған-ды. Әттең, сол анықтамалықпен көпшілігінің танысқанына күмән бар. Жаман орысшасын араластырып,  «Сейфуллина  көшесінен бар ма?» деп сұрайтындарына көз жұма қарайтын болдық.  Игі жақсыларымыздың жынысын ауыстырып тастадық ауызша. Тіпті ол ол ма, жетінші троллейбустағы «бойжеткеннің»  «Келесі аялдама – Мәметов көшесі» деп сызылатынына да селт етпейміз. «Ет жеп қайтуға жарайтын қазақшам бар» деп бәлсінетіндерге бұдан кейін не айта аласың?!

«Балық басынан шіриді». Қоғамдық  көлік  жүргізушілерін  де «көлік этикасына» келгенде ақтап шығу өте қиын. Бұрқырата тартқан темекісінің түтіні қолқасын қапса да, жолаушылар ләм мим деп ауыз ашпайды. Ашса болды, «Ұнамаса, таксимен жүр»  деп дүңк еткізетін  ашулы жүргізушінің «тегін кеңесі» дайын. Назы болғанмен, лажы жоқ, бәрі үнсіз қалуға тырысады. Көлік кептелісінде кеткен уақытын бірін бірі басып озып қайтаратын «шумахер» шоферлердің әрекетіне де әбден үйрендік. Кейде солардың алдына «Сіз тірі адамдарды тиеп келесіз» деген тақтайша іліп қойса қайтеді деген ой да келеді. Онсыз да жұмыстан сүлдері сүйретіліп келе жатқан жұрт барар жеріне жеткенше, бүкіл автобусты басына көтерген «Ретро ФМ»-ді тыңдап тұруға мәжбүр. Өткенде осынысына реніш білдіріп, қазақша ән қосуын сұраған бір кісіге «Это автобус, а не программа по заявкам» деп қойып қалды. «Қазаншының өз еркі, қайдан құлақ шығарса» деген мақалды осылайша түсінетін болса керек кейбір жұрт.

Таяқтың екі ұшы бар. Жолаушылардан да мәдениеттің лебі есіп тұрғанын байқай бермейміз. Аялдамадан мінген қарт кісіні «көрмегенсіп», құлаққапты киген күйі орын берместен отыра беретін болдық осы күні. Жан-жақтан қадалған наразы көздер желкемізден өтіп кеткенде ғана амалсыздан тұрамыз. Естілер-естілмес қана «отырыңызды» әрең айтып, теріс қараймыз да, тымырая қаламыз қайтадан. Негізі, бізде ұят бар әлі, тек соны ашулы көздер мен қатқыл дауыстар ғана еске салатыны өкінішті.  Қоғамдық көлік тұтынушыларының тағы бір тобы бар. Қалтафонын құлағына жабыстырып, «Менікі тариф, асықпай айта бер» деп әңгімесін бастағанда, ол кісінің бар «құпиясын» бүкіл автобус тыңдап тұруға тура келеді. Қоғамдық жердегі этикет бойынша, үш минуттан артық сөйлесу мәдениетсіздік болып есептелсе де, онысына құлақ асып жатқандар шамалы.  Жанындағы сапарласының аузынан сан түрлі сұмдық сөздерді естігенде, кірерге тесік, шығарға есік таппай қиналатыны рас көп кісінің.

«Жер астынан жік шықты, екі құлағы тік шықты». Онысы – 2008  жылдың 1 қаңтарынан бастап Алматының троллейбустары мен трамвайларына орнатылған жаңа электронды жүйе. $37 млн. АҚШ долларына 2200 валидатор сатып алынған. Алматы қаласы көлік және автомобиль жолдары басқармасының бастығы  Владимир Меренковтың айтуынша, олардың 80%-ы сәтті қондырылыпты. Қондырылғаны рас шығар, бірақ бәрінің бірдей жұмыс істеп тұрғанына күдік көп. Әр аппараттың құны  $17 мың АҚШ долларына түскен. Ал дәл осы уақытта Ресейдің “Мосгортрансы”  валидатор мен турникетті  небәрі 7 жарым мың АҚШ долларына сатып алған-ды.

Хош, болары болды, бояуы сіңді. Миллиондаған қаржыға сатып алынған қондырғылардың қаншалықты қайыры болды дегенге тоқталсақ. Біріншіден, BMS басқару құрылғысы арқылы қаладағы көліктердің саны мен қозғалысы, жолаушылар ағымы жайлы ақпарат алу мүмкіндігі мол.  Екіншіден, әкімшілік әр үш жыл сайын қоғамдық көліктердің халыққа қыз­мет көрсету сапасымен танысу мақсатында  қаржы бөледі. Валидатор қажетті ақпа­ратты күнде беретіндіктен артық шығын болмайды. Қалада жарты миллионнан астам жо­лаушы жеңілдікпен жүреді екен. Қалалық мәслихат валидатордың көмегімен авто­парктерге  бұл туралы есепті қағаз жүзінде беруіне үлкен мүмкіндік туады. Бұл үшінші мәселе. Америка, Ресей, Германия, Мексика сынды алдыңғы қатарлы елдерге еліктеп, осыншама пайдалы іс атқаратын электронды жүйенің көлеңке тұстары да баршылық екенін біраз жұрт байқап үлгерді. 1-2 теңгеліктерді «менсінбейтін», банкноттарды қабылдамайтын, кейде ұсақ тиындарыңды да «жеп қоятын» «аллигатор-валидаторларға» халықтың өкпесі қара қазандай. Оның үстіне, көбісінің маңдайшасында «не работает» деген тілдей ескерту жазылады да, жолақыны жүргізушіге төлеуге тура келеді. Орнына берілетін ешқандай мөрсiз, атрибутсыз, қолдан жыртылған ақ қағазда қандай заңды құқық бар? 400 теңгелік штрафын шошаңдатып шығатын бақылаушылардың алдында оныңызды дәлелдеп көріңіз.  «Заманына қарай адамы» дейді. Бұл аппараттың ақауын тауып, қулығын асыратындар да табылды қазір. Биылғы жылдың қазан айында «Алматыэлектротанс» кәсіпорнының жетекшілігі 32-автобустағы валидатордың тоналғаны жөнінде дабыл қаққан болатын.  Ішіндегі он екі мың теңгені қолды етпек болған автобус жүргізушісі мен оның сыбайласы үстінен қылмыстық іс қозғалуда қазір. Десек те, жолаушылар тасымалын қадағалап отырған шенеунiктер муниципальды транспорттағы валидатор қызметiнiң пайдалылығын алға тартудан әсте танар емес. Рас, кез-келген жаңалықтың бастапқы кезде кемшiлiгi болады. «Көш жүре түзелетініне» сенгіміз-ақ келеді.

Халықтан гөрі көліктің саны артып бара жатқан қазіргі уақытта Америка мен Еуропа елдері қоғамды мұнан әрі автомобилизациялаудың мүмкін емес екенін мойындап, соңғы жылдары, керісінше, қоғамдық көліктерді жедел қарқынмен дамытуды қолға алды. Ресми деректерге сүйенсек, бүгінгі күні Алматы қаласы бойынша жолаушылар және жүк тасымалымен – 1725 автобус, 46 трамвай, 191 троллейбусты қамтитын – 18 тасымалдаушы, үш «Алматыэлектротранс» КГП-ның кәсіпорны айналысады екен. Былтырғы жылдың желтоқсанынан бастап табиғи газбен жұмыс істейтін автобустар әкелінді. Қаланың экологиялық жағдайын жақсартуды мақсат тұтқан мұндай көліктер бүгінде халықтың сауабын алуда. Күні кеше ғана жиырма жыл күттірген Алматының алғашқы метрополитені де ашылды. Әлемдік өркениетке бір саты болса да жақындап келеміз. Көлік этикеті де бірте-бірте қалыптасады деген сенім мол.  Үмітсіз тек шайтан ғана…

 

Ботакөз ИКРАМОВА

 

 

Парақшамызға жазылыңыз

Жауап беру

Your email address will not be published.

This site uses Akismet to reduce spam. Learn how your comment data is processed.

Соңғы жазбалар