/

Оқырмандар өз газеттерін жасап жатыр

1210 рет қаралды
1

Лекс Александермен сұхбат

АҚШ газеттері ақпараттық кеңістіктің ұдайы өзгеріп отыру жағдайында өздерінің орны мен рөлдерін қайта қарастыруда. Аталған өзгерістердің ең белсенді бөлшегі саналатын газеттер жаңалықтар бөлімі мен оқырмандар арасындағы дәстүрлі шекараны бұзып, оқырмандарды күнделікті шығатын газеттің немесе электронды басылымдардың мақалаларын дайындауға жұмылдыруда.

Лекс АлександерСолтүстік Каролина штатының Гринсборо қаласының «Ньюс энд рекорд» қоғамдық журналистика газетінің үйлестірушісі.

Фотомонтаж: Солтүстік Каролина штатындағы Гринсборо қаласының «Ньюс энд рекорд» газеті өз веб-сайтының интерактивтілігін арттыру мақсатында оқырмандарына арнау жариялап отыр. «Қала алаңы» айдарына штаттағы журналистердің мақалаларымен қатар блогшылардың жазбалары да жарияланған. «Хоум таун хаб» айдарына оқырмандар өз мақалалары мен жазбаларын жібере алады.

(«Ньюс энд рекорд» газетінің рұқсатымен)

Жаңа ақпарат құралдарының жылдам көбеюіне ескілері түрткі болуда. Жарты ғасыр бұрын-ақ газеттер бұқаралық ақпарат құралдары кеңістігінің алпауыттары еді. Жаңалықтар арнасының жиілігі мен тәулік бойы көрсететін кабельді теледидардың салдарынан соңғы елу жылдың ішінде газеттер ақпарат нарығындағы басымдықтарынан айырылып қалды. Жаңалықтар саудасындағы бәсекелістікке төтеп беру үшін әрі табыс түсіретін кәсіпорын ретінде өмір сүру үшін газеттер өз өнімдерін онлайнға шығаруда.

Солтүстік Каролина штатының Гринсборо қаласында ғасырдан аса уақыт бойы шығып келе жатқан «Ньюс энд рекорд» газеті 2005 жылы «Қала алаңы» форумын ашып, тұрғындарға газет мақаласын әзірлеуге тікелей қатысуға мүмкіндік беретін жаңа модель енгізді. Қазіргі уақытта осы газеттің қоғамдық немесе азаматтық журналистикасын үйлестірушісі, жаңа моделдің авторы Лекс Александрмен осы электронды журналдың редакторы Шарлин Портер сұхбаттасып, алғашқы сауалы ретінде оқырмандардың аталған жаңашылдықты қалай қабылдағанын сұраған еді.

Александер: Оқырмандарымыздың дені жаңа модельді жылы қабылдады. Бір оқырмандар шағымданып жатса, енді бірі ескертулерін айтты. Мысалы: «Бізге сіздердің қазіргі істеп жатқан істеріңіз ұнайды. Осы бағыттан таймаңыздар. Сонымен қатар сіздерге мына жайттарды да назарға алып, сол төңіректе жұмыс атқарсаңыздар» деген тәрізді.

Сұрақ: «Ньюс энд рекорд» жұмысына оқырмандарды белсенді түрде жұмылдыру үшін жасалған әртүрлі форумдар туралы айтып берсеңіз.

Александер: Біз бірінші кезекте бізде бар блогтардың санын ұлғайттық. 2004 жылдың орта тұсынан бастап өз блогтарымызды тіркей бастадық. 2005 жылдың басында жаңа өзгерістер енгізгелі отырғанымызды хабарлаған соң, жаңа блогтарды аштық. Себебі штаттағы журналистердің де қызығушылығы оянды әрі бұл біздің әлдебір оқиғаны немесе ақпаратты таратуымыздың заңды жалғасы іспетті көрінді.

Біз сонымен қатар өз жұмысымызды көпшілікке ашық қылдырудың әдістерін ойластырдық. Яғни біз оқырмандарымызбен жиі әңгімелесетін болдық, әлдебір оқиғаға қарағанда мына жаңалықты не себепті маңызды етіп көтеріп отырғанымызды түсіндіретін болдық. Негізі жаңалық әзірлейтін ұйымдардың қалай жұмыс істейтіні көпшілікке айтылмайтын. Бұл бір сәтсіз тәсіл, өйткені жаңалық жасайтын мекеменің өзінен жаңалық жасау әдепсіздік деп саналатын. Соңғы бірнеше жылдың ішінде кейбір жағдайларда жаңалықтар қызметі газеттегі мақаланың бір бөлшегіне айналуы тиіс деген түсінік қалыптасты. Газеттегілер де оны қабылдауға дайын болуы тиіс. Біз оқырмандарымызға өз жұмысымызды қалай атқаратынымызды, неліктен осы әдіспен жұмыс істеп жүргенімізді бүкпесіз әңгімелеуіміз керек.

Сұрақ: Журналистеріңіздің блогтары ондаған жылдар бойы газетіңіздің өзегін қалыптастырған сол журналистердің жазбаша өнімінен тұрады. Сонда олардың блогтары газете шыққан мақаланы қалайша тартымды да, мазмұнды қылып отыр?

Александер: Мазмұнын арттып отыр. Біздер сонымен қатар блогтарға қосымша деректерді де үстей аламыз. Біз құжаттарды сканерге түсіріп оларды да көрсете аламыз. Аудио және бейнежазбалардың қысқа үзінділерін де қоса бере аламыз. Сол тәрізді суреттер мен диаграммаларды да жасауға болады. «Егер сіз сотталған адамның үкімімен толық танысып шыққыңыз келсе, 48 беттен тұратын құжатпен танысыңыз» деп сілтемені де көрсетіп қоя аламыз. Жаңалықтар барысында құжаттар аса маңызды болатын болса, біз редактор екеуміз тілшілерге қолда бар деректерді онлайн жариялау керектігін айтып отырамыз. Сол кезде оқырмандардың өздері біз бұл құжаттарға факт ретінде сүйеніп отырмыз ба, әлде ішіндегі дерегін ғана пайдаланып отырғанымызды түсінеді.

Сұрақ: Тілшілік жұмысқа араласып отырған азаматтар сіздің газетіңіз бен интернеттегі электронды басылымдарға қандай жаңалықтар алып келді? Яғни, олар бұрынғы редакторлар мен тілшілер жасай алмаған тың дүние ұсына алды ма?

Александер: Кейбір заттар туралы бізден көбірек мәлімет білетін оқырмандар бар. Блогтар бір есептен оқырмандарға біздің қандай мәселе төңірегінде жұмыс істеп отырғанымызды құлағдар етіп отырады. Әрі оқырмандарымыз: «Сіздер осы мәселенің мына бір тұсын да естен шығармаңдар немесе сіздердің көтеріп отырғандарыңыз негізгі мәселе емес, ең бастысы – мынау» деген тәрізді ой қосады.

Бұдан бөлек оқырмандар интернетке шығу үшін «Сіздің жаңалықтар» бөліміне өз ақпараттарын енгізеді. Веб-сайтымызда «Хоум таун хабс» деген Гринсборо ауданынан тыс аудандардың жаңалықтар хабарлайтын екі бөлім бар. Фотоблогқа оқырмандар өздері түсірген суреттерін де жолдай алады. Оқырмандарымызды жұмысымызға араластырудың басқа да тәсілдерін қарастырып жатырмыз. Біз жаңалықтарды жинау бір бағытпен ғана жүретін көше тәрізді болмай, керісінше пікірталқы, ойбөлісу мен әңгімелесу сарынында болса дейміз.         

Сұрақ: Жүргізілген сауалнама нәтижесі қандай? Оқырмандар блогқа қатысты не ойлайды?

Александер: Қолымда 2005 жылдың қазан айының соңғы қорытындысы бар. Соңғы айда сайтымызды орташа есеппен алғанда 450 000 адам қарағанын көріп отырмын. Бұл біздің News & Record.com [http://newsrecord.com] және мұражай мен көңіл көтеруге арналған Go Triad.com [http://gotriad.com] және тағы басқа негізгі табыс көзі саналатын сайттарымызды қарайтын 5-6 миллион оқырманның бір бөлігі ғана.

Сұрақ: Жаңа ақпараттық өнімдеріңізге деген сұраныстың артуы нені білдіреді?

Александер: Адамдардың көпшілігі бір-бірімен компьютер көмегімен хабарласып, онлайн режимдегі мәліметті көбірек қарайтын болғандықтан, әсіресе жастар арасында Интернетті ақпарат алу мен алмасу құралы ретінде қарастыру қызығушылығы артуда. Біздер блогтарды оқитын аудитория қалыптастыруымыздың өзі айтылғанымыздың дәлелі бола алатын сияқты. Адамдар онлайн режимде пікіралмасу қажеттілігі туындағаны анық және біз қаламыз бен оның аймағындағылардың қажеттілігін өтеп отырмыз деп санаймын.

Сұрақ: Блогтар мен пікір алмасуға құрылған сайттар оқырмандарды қала мен оның аймағына әзірлеген ақпараттық өнімнің бір бөлшегі ретінде сезінуге қалайша көмектесуде?

Александер: Мүмкіндігінше қоғамда әлеуметтің бірлігін арттыратын әдістерді табуымыз аса маңызды. АҚШ бір бүтін қоғамға айналып келе жатыр. Қазіргі саясат, мәдениет пен экономика саласындағы ұзақмерзімді басымдықтар бұл үдеріске оң әсер етеді деп ойламаймын. Әлеуметтің өзара ықпалдастығына біздер газет ретінде қандай үлес қоса аламыз? Ол – адамдарды қоғамның бір бөлшегі екенін сездіру.

Сұрақ: «Ньюс энд реккорд» газеті оқырмандарының онлайндағы тақырыптарға орай пікіралмасуы Гринсборо қаласы мен оның аумағындағылардың өміріне қалай әсер етті?

Александер: Білім беру мәселесіне қатысты «Мектеп тақтасы» блогындағы пікір алмасулар нәтижесінде мектеп кеңесі мектепке оқушыларды лоторей нәтижесі бойынша емес, бұрынғысынша тұрғылықты мекен-жайы бойынша қабылдау керек деген шешім шығарды. (Аймақтағы ең жақсы деп табылатын мектепте оқығысы келетін оқушылар саны тиісті мөлшерден анағұрлым көп. Себебі мектептен үйі қашық орналасқандар да жақсы мектепте оқығысы келеді. Бір мектепте оқығысы келетіндерді алаламау үшін өтініш бергендердің арасында лоторея ұйымдастырылады. Лотореяның жеңімпаздары мектепте оқиды. – редакциядан). Бұндай шешімге қалайша қол жеткізгенін білмеймін, бірақ мектеп кеңесінің осындай шешім қабылдауына мүдделі болғандар үшін блог виртуалды форумға айналды. Осы мәселе жыл бойы кең көлемде талқыланды.

Сұрақ: Осы жылдың басында сіз бірнеше оқырмандармен бірігіп «Жаңалықты хабарлаудағы ең маңыздысы не?» деген тақырыпта қызу пікірталқы ұйымдастырдыңыз. Бір есептен, дәстүрлі ақпарат құралдары шағын қала, жекелеген аудандар мен қалашықтардың өмірі үшін маңызды саналатын тақырыптарды көтермейді деп жиі сынға ұшырайды. Бірақ технологиялық зерттеулер «жыныстық қатынас», «тағдыр», «таңғажайып оқиғалар» тақырыптары аймақтық тақырыптарға қарағанда көпшілікті көбірек елітетінін көрсетіп отыр. Сіз осы тұжырыммен қай тұрғыда келісесіз?

Александер: Біз «Ньюс энд рекорд» газетінде қызмет етіп, бір қауымның жүгін көтеріп отырғанымызды жақсы түсінеміз. Бұқараға өмірлерін дұрыс түзу үшін қажетті болатын мәліметтер мен ақпараттар ұсынуды мақсат етіп алдық. Бұл істің өз алдына үлкен маңызы болғаныман, экономикалық та пайдасы бар. Біз бұны дұрыс бизнес жоспармен қатар жақсы журналистика деп санаймыз.

Газеттер бұрынан бері өз беттерінде ара-тұра «таңғажайып қызықтар» туралы ақпарат жариялап отыруға мүдделі. Біз мұндай тақырыптарды арнайы іздестіріп, өзгелерге қарағанда оған көбірек басымдық береміз дей алмаймын. «Біз адамдар қалап отырған, өмірде қолдана алатын, қажетті мәліметті беріп отырмыз ба?» деп өз-өзімізге сұрақты ауқымдырақ қойғанымыз жөн болар. Біз осы сұрақтың жауабын онлайнда да, мерзімді басылымдарымызда да тең дәрежеде беруге тырысып жүрміз.

Күрмеуі мол мәселенің шешімін күн сайын азайып келе жатқан азғантай мүмкіндіктерімізбен әу баста анықтап алған мақсатымызға тура жүрсек табамыз деп ойлаймын.  Себебі бізден басқа оны ешкім орындамайды. Кейбір оқиғаларды баяндағанда тек қана штаттағы журналистің кәсіби біліктілігі қажет болады.

Бірақ мұның өзі біз қалаған және жариялауға тиісті оқиғаның барлығын қамти аламыз деген сөз емес. Қала тұрғындары мен оның айналасында тұрып жатқандардың арасында журналистиканың шамасы келмей жатқан тұстарын толтыратын, адамдарға қажетті деп саналатын жаңалықтарды жеткізіп отыратын жандар табылады деп үміттенемін.

Сұрақ: Сіз шынымен де «коммуналды журналистикамен» айналысатын және «өз ауданына жаңа құбыр жүйесін орнату керек» деген тәрізді тақырыптарды мақала жазатын жандар табылады дегенге сенесіз бе?

Александер: Тұтастай алғанда, иә. Өзіміздің «Хоум таун хабс» бөлімінде біз осыны қолға алып жатырмыз.

Фотомонтаж: «Ньюс энд рекорд» газеті оқырмандарына өздері түсірген суреттерін жолдауға болатынын хабарлауда. Суреттерде үйлену тойы, жастар, еуропа футболын ойнаушылар мен жергілікті колледждегі футбол матчы бейнеленген. («Ньюс энд рекорд» газетінің рұқсатымен)

Гринсбороның солтүстік-батысында Саммерфилд деген шағын қалашықтағы оқырмандарымыздың жіберіп тұратын жаңалықтары мен суреттері олардың көршілеріне өте қызық. Ол мәліметтер онлайн режимде жаңарып отырады, ал ең сәттілерін біз газеттің жексенбілік санына шығарамыз.

«Хоум таун хабс» тек қана тұрғылықты мекен-жайы бойынша ғана емес сонымен қатар ортақ қызығушылығы бар жандарды да ортақтастыратын бөлім болады деп үміттенеміз. Мәселен, Гринсборо жастары арасында еуропалық футболға деген қызығушылық жоғары. Мыңдаған отбасы осы ойынды жақсы көреді. Осыны ескере отырып, бізде «Еуропалық футбол жаңалықтары» бөлімі немесе  жастардың еуропалық футболы блогын немесе еуропалық футболға арналған блог та, бөлім де ашуға болады. Бұл өз кезегінде футболға қызығатын балалары бар отбасыларда ерекше танымал болып, жарнама берушілерді де қызықтыруы мүмкін.

Азаматтық журналистикаға қатысты мәселелерге арқау болған соңғы бір талқылауларда адамдардың тек азғантай тобы ғана оқиға болған жерге барып, мақала жазып, видео түсіріп азаматтық журналист болғысы келетіні айтылды. Алайда барлығы да жаңалықты жасау ісіне пікірталас пен әңгімелесу арқылы өз үлесін қосқысы келеді. Біздің қаламыз бен аймағымыз туралы жаңалықтарды әзірлеу ісіне тұрғындар қалайша үлес қоса алатынын ойластырып, бірнеше тәсілдерін табуымыз керек.

Сұрақ: Азаматтық журналистер басылымыңызға мақала алып келсе, қаржы төлемек ойларыңыз бар ма?

Александер: «Өздерің басқа тақырыптармен айналасу үшін жұрттан әлдебір оқиға туралы тегін баяндап беруін сұрайсыздар» деп өкпелейтіндер бар. Бұл сұраққа: «Жоқ, олар мүлдем айтылмай қалуы мүмкін жайттарды баяндайды» деп жауап беремін.      

Егер екіжақты әріптестіктен табыс табу мүмкіндігі табылса, сөзсіз біз оны қарастырамыз. Ондай жол бар екенін белгілі, бірақ оңтайлысын көрмей отырмыз. Мақала алып келіп, оны әзірлеген жандармен тең дәрежеде табысты бөлісетіндей әдісті табамыз деп үміттенемін.

Сұрақ: «Қала алаңы» бөлімі соңғы жылдар ішінде «Ньюс энд рекорд» газетінің біраз жетістікке қол жеткізгенін ескере отырып, соңғы статистика бойынша жоғалған, яғни өзге электронды басылымдарды оқи бастаған оқырмандарын қайтарып алды ма?

Александер: Бұл сауалыңызға «иә» немесе «жоқ» деп толыққанды жауап бере аламын деп ойламаймын. Газет таралымының соңғы нәтижесі бойынша біз газетті жаздыртып алатын оқырмандарымыздың аздаған бөлігінен айрылып қалғанымызды көрсетті. Бірақ біздің шығындарымыз күллі сала бойынша қамтитын болсақ жарымын құрайды. Сондықтан бұны жеңіс немесе жеңіліске ұқсатарымды білмеймін.

2005 жылы онлайндағы оқырмандырымыз бен жарнамадан түсетін пайдамыз да ұлғайғаны сөзсіз.

Алдағы бірнеше жылда онлайндағы оқырмандарымыздың саны жылдам қарқынмен өсе түседі дегенге нық сенімдімін. Аудитория кеңейген сайын жарнамадан түсетін табыс та өспек. Тиісінше біз оқырмандарымызға пайдалы мәлімет ұсынып, жарнама табысының жартысын алуымыз керек.

Алайда оқырмандар үшін маңызды деп есептелетін газет мақалаларының мазмұны жарнама берушілердің тапсырысы мен оқырмандардың тобына, тұрғындардың саласына орай құбылып отырады.  Тұрғындарды жарнама беруші тұрғысынан бөлу арқылы сіздер журналистиканың шынайы міндеттерін атқармай отырсыздар. Осы жағы қинайды. Бұл қоғам мен адамның арасындағы байланыс тұрғысынан да рухани тұрғыдан да дұрыс емес.

Сөйте тұра біз қайырымдылық ұйымы емеспіз. Біз жұмысымыз ілгері басу үшін табыс табудың жолдарын қарастырамыз. Бұл іс барысында маңыздысы қайсы болатынын анықтау қиынырақ. Бұл мәселені шешу жолын әлі де қарастырып жатырмыз. Күрмеуі табылмай жатқан мәселе таяу арада шешімін табады деп ойламаймын.

“Media Emerging” журналын қазақшаға аударған Асхат Еркімбай

Барлық авторлық құқықтар қорғалған. Автордың рұқсатынсыз көшіріп, жариялауға болмайды (с)

Мақалада келтірілген пікірлер АҚШ үкіметінің саясатын немесе көзқарасын білдірмейді.

________

АҚШ-тың мемлекеттік департаментінің халықаралық ақпараттық бағдарламалар бюросы «АҚШ э-журналы» белгісінің аясында төмендегідей бес журнал шығарады: «Экономикалық басымдықтар», «Ғаламдық мәселелер», «Демократия мәселелері», «Сыртқы саясат» және «Қоғам мен құндылықтар».

Жаңа журнал ай сайын ағылшын тілінде жарық көріп, бірнеше аптадан соң испан, португал, орыс және француз тілдеріндегі аудармалары жарияланады. Кейбір сандары сонымен қатар араб және қытай тілдерінде де басылып шығады. Әр журналдың шығу жөніндегі есептік мәліметтері бар. Томы, яғни баспа шыққаннан бергі реттік томы мен кезекті нөмірі және ағымдағы жылға сәйкес нөмірі.

Журналда айтылған пікірлер АҚШ үкіметінің көзқарасын білдірмейді. АҚШ мемлекеттік департаменті журналда көрсетілген сайттардың мазмұнына жауап бермейді. Ол ресурстардың бар-жоқтығына оны шығарушылар жауапты. Журналдағы мақалалар, суреттер мен кесіндерді егер мақалаға қатысты авторлық құқыққа қатысты арнайы шектеу немесе нұсқау болмаса, Америка Құрама Штаттарынан тыс жерлерде жариялауға және аударуға болады. Өйтпеген жағдайда журналда аты аталған автордан рұқсат алу керек.

Журналдың ағымдағы немесе өткен сандарын және алда жарық көретін сандарының электронды нұсқаларын Халықаралық ақпараттық бағдарламалар бюросының сайтынан «http://usinfo.state.gov/journals.htm» табуға болады. Ұсыныстар мен ескертпелерді өз еліңіздегі АҚШ елшілігіне немесе төмендегі поштаға жолдаңыз:

Editor, eJournal USA

IIP/T/GIC

U.S.Department of State

301 4th Street SW

Washington, DC 20547

United States of America

Электронды адрес: ejglobal@state.gov

Парақшамызға жазылыңыз

1 Comment

  1. Достар жаңалықтан қалмаңыздар!
    Тамаша http://intofarm.com сайтына кіріңіздер. Қаржы табу мәселесі қиын болып жүр ма? Өзіңіздің шаруашылығыңыз болғанын қалайсыз ба? Ия?! Тамаша онда бұл сізге арналған! Бұл сайтта ең қызықтысы табыс көзін табу оңай және ақшаңыз күн сайын, апта сайын, ай сайын өсіп отырады. http://intofarm.com сайтына кірген адам ұтылмайды. Ең тиімді, пайдалы, ыңғайлы, қазіргі заманға сай, бір сөзбен айтқанда тамаша сайттардың бірі ол – INTOFARM.
    Кіріңіз, тіркеліңіз, табыс табыңыз!

Жауап беру

Your email address will not be published.

This site uses Akismet to reduce spam. Learn how your comment data is processed.

Соңғы жазбалар