//

Жүзінен парасат нұры төгілген

1687 рет қаралды
5

Мен алғаш Жақсылықты қашан көріп, қалай танысқаным есімде жоқ. Соған қарағанда, елеусіз жағдайда өткен болу керек. Есімде қалғаны – оның Қазақстан авторлары қоғамына келіп, маған арнайы кіріп жолыққаны. Өте сыпайы, ішкі мәдениеті биік, ұстамды азамат екенін бірден таныдым. Хал-ахуалын, мұндағы тіршілік жағдайын сұрадым. Шығармашылығы жөнінде де сөз болды. Әрине сөзден сөз шыға отырып сол кездері радиодан жиі орындалып жүрген, «Ай-хай сабаз, ұясынан ұшырдым балапан қаз» деп келетін қайырмасы бар тамаша халық әнінің мәтінінің авторы екенін айтты. Дереу авторлар мен шығармаларды тіркеу бөлімінің бастығын шақыртып, бұл әннің бізде тіркелген-тіркелмегенін тексеріп кел деп жібердім. Ән бізде авторлары белгісіз туынды ретінде тіркелген екен. «Әні де менікі» десе де сенер едік, өйткені мәтінінен жазба ақынның қолтаңбасы айқын көрініп тұрған бұл ән біздің елге 90-жылдары ғана жеткен, бұрын мүлдем белгісіз тұғын. Азын-аулақ тиын-тебені де бар екен, «бұйырған асқа тіс тисін» деп, онысын бердік.

Арада біраз уақыт өткенде, кабинетіме тағы бас сұқты. Біздің менекен-жайымыз Жазушылар одағынан онша қашық емес еді ол кезде, Бөгенбай мен Наурызбай көшесінің қилысындағы ҰҚК-нің ескі қонысында болатын, біріне келсе екіншісіне соға кетіп тұруға ыңғайлы-тын. Ұстай келген үш томдық «Сергелдең» дейтін кітабы бар қолында. Маған сыйлай кетейін деп әдейі әкеліпті. Бүгін соны алып қарасам, ол күн 2003 жылдың 22 мамыры екен. Кітаптың бетінде «Қадірлі Мәке! Ағайынға деген ақ көңіліңізді кір шалмасын. Ақ жүрегіңіз аман болсын!» деген әдемі тілегі тұр. Сыпайы кісінің аузынан шығатын жұп-жұмсақ лебіз ғой!

Осыдан кейінгі аралықта ұшыраса қалсақ, құшақ жайысып, өзгеше ілтипат білдірісіп жүрдік. Бір күні «Сергелдеңнің» төртінші томын алып келді. Көңіл-күйі көтеріңкі, реңі де жақсы еді. Ұлттық университетте қызмет істеп жүргенін, тіршіліктерінің ойдағыдай қалыпқа түсіп келе жатқанын айтып, ұстамды, мейірімді жүзінен парасат нұры төгіліп отырды. Сонан соң алып келген кітабын ұсынды. «Мәке, бір өтінішім бар еді айтсам деген» деді сыпайы кісінің әдетімен жайлап қана. «Е, айтыңыз» дедім. Бір бұйымтайы бар шығар деп ойлағам.

Сөйтсем: «Таяуда Қалихан Ысқақов дейтін ағамыз Қытай қазақтарында профессионалды проза жоқ» дейді. Профессионалдық проза деген не ол? Сонда біз не жазып жүрміз? Сізге айтар өтінішім – менің романымның, тым құрыса бір-екеуін оқып шығыңызшы. Сіздің пікіріңізді білгім келеді. Ол пікір мен үшін ғана емес, біздің осындағы проза жанрында жүрген ағайындарымызға түгел қатысты болады деп ойлаймын деп тұр. Сол жолы сыйлаған төртінші томының алғашқы бетіне: «Мен үшін аса қадірлі Мәке! «Жақсы адамның кеңесі жарым ырыс» деген ғой. Ақыл-кеңесіңізге зәрумін. Алтын басыңызға амандық, шаңырағыңызға бақыт тілеймін. Ж. Сәмитұлы 05.10.2004ж» деп жазыпты. Демек, алғаш кітап сыйлағаннан кейін бір жарым жылға жуық уақыт өткен екен.

Жасымыз келген адамбыз, әрі ат үстінде, қызметте жүргеніміз бар, қалың-қалың романдарды оқып отыруға қол да тие бермейді. Оның үстіне көздің де жанары қайтқан шақ қой. Әйтсе де, азаматтың тілегін жерге тастай алмай «Сергелдеңнің» алғашқы екі томын оқып шықтым. Жазушылар одағында кездесіп қалды. Екеуміз екінші қабаттағы холда отырып, біраз әңгімелестік. Әрине, негізгі әңгімеміз Жақсылықтың романы туралы болды: «Профессионалды проза деген ол не?» деп сұрап едіңіз ғой, соның жауабын айтайын – дедім диванға жайғасып жатып. – Ол мына сіздің «Сергелдең» деген романыңыз. Нағыз суреткердің көзімен өлшеніп, ойлы қаламгердің безбенімен таразыланып, ауа-жайылмай, нақты жазылған туынды. Тілі қандай әдемі, орынын таппай тұрған сөз жоқ. Кітап мінезі де өзіңіздің мінезіңіз сияқты, асығып-аптығу жоқ. Нағыз кең тынысты тетралогия жазуға ниет қылған адамның байсалды қолтаңбасы.»

Шығармаға тақырып болған уақиға туралы жалпы түсінігіміз болғанымен, Шығыс Түркістан қазақтарының өмірі біз үшін онша таныс емес қой. Оспанның батырлығы трагедия бір басқа, Дәлелханның басындағы трагедия екінші басқа. Айналып келгенде, бәрі халық трагедиясы. Осы төңіректе романдағы, романда жоқ жәйттер туралы ұзақ сөйлестік. Егер кітапты түгел оқып шығуды Алла маңдайға жазса, баспасөзде пікір білдірермін деп өзіне уәде білдіргенмен, іштей ойлап қойып едім.  Бірақ түгел оқып шығудың әлі күнге реті келмеді.

Әттең, дүние-ай, деймін бірауық, сонау күш-қуатымыз бойымызда тұрған шақта қатар жүрген болсақ, бұл кітаптардың бәрі де баяғыда-ақ парақталып шығатын еді ғой. Онда көзі жұмылмай тұрып, талдау пікірімізді де дер кезінде оқып, жаны семіріп өтер еді ғой. Соны жасай алмағанымызға өкінеміз. Тек әйтеуір, пікірімізді ауызба-ауыз айтып, қуантқаным ғана дәтке қуат. Қайтыс болыпты дегенді естігенде, ескі досымнан айырылғандай ішім жылап қоя бергенін ұмытқам жоқ. Жақсы азаматтығы өз алдына, қазақ көркем сөзінің айтулы тұлғасының бірі екен ғой, соны мүлдем кеш білгеніміз қандай өкінішті. Бұл да бір халқымыздың басындағы көп трагедияның бір көрінісі ғой.

Марал ЫСҚАҚБАЙ,

жазушы

Қазақстан авторлары қоғамының директоры

11 қазан 2010 жыл

«СӨЗІ ЖЕТКЕН АЛАШҚА» кітабынан

(Жақсылық СӘМИТҰЛЫ туралы естеліктер жинағы)

Парақшамызға жазылыңыз

5 Comments

  1. Жақсылық Сәмитұлы шығармалары шынымен де Тәуелсіздіктен кейінгі қазақ прозасын зау биікке көтерген тынысы үлкен шығармашылық. Оны біздегі іші тар, жершіл жазушылар ортасына сидырмады, шетке қақты, біртуар ұлы туындыларын бағаламады. Жарықтықтың жаны жаннатта болсын!

  2. Кітап оқымайтын адамға кітап сыйлап жүрген жарықтық-ай. бір түгіл төрт кітабын ұстата сапты. Қазақпайда қашанда уәде көп, берер жоқ.

  3. Қайран ағамыз бағаланбай-ақ кетті… Жарықтық-ай! Топырағың торқа болсын!

  4. Жақаң туралы айтыу үшін ол кісінің бұраңда қйыр ғұмыр жолын біліуіміз тиіс. асқар Алтайда басталып Алматыда аяқтаған аз өмірінде әдебиет үшін бойындағы барын сарып етті, Тарымның тылсым құмында жатып, ауылда айдауда жүріп бір сәт есінен әдебиетті жазыуды шығарған жоқ, ең үлкен сүбелі жемісі Оспан батыр туралы жазылған “Һахарлы Алтай” трилогиясы. Алтайдың күнгей бетіндегі қазақ елінің ұлыт -азаттығы жайында кеңінен қамтылады. бұл тамыры терең, үлкен шығарма. әлі өз бағасын алып үлгірмеді, ал. Жақаңның “Тәкіман батыр” хикаяты басқада коп шығармалары оқырманға жетпеды. автордың толық шығармалар жинағын жүртшылыққа жеткізіу тәуелсіздіктен кейінгі ұлыттық прозаны ұлықтағанымыз болады.

  5. Жақсылық марқұмның “Тәкіман батыр” хикаятының қолжазбасы арғы беттен келген бір қазақтың қолында деп естідім. Ол қалталы, ақшалы адам болса керек,қолжазба оның қолына сол мол ақшасының нәтижесінде түссе керек. Енді, “кітаптағы айтылған дүниелер Қытайдағы туыстарыма зияны тиеді” дейтін көрінеді сол кісі. Қытайдың саясатының салқыны тие ме ол кісілерге, әлде, басқалай гәп бар ма, кітап жария болса, ақиқаттың басы ашылар еді. Осы кітаптың шықпауы салдарынан қазақтың ұлт-азаттық тарихындағы Тәкіман батырдың орыны опырайып тұр. “Өлі разы болмай, тірі байымас” дейді қазақ. Марқұмдарды разы қылып, осы “кетіктің” орынын кім толтырар екен?

Жауап беру

Your email address will not be published.

This site uses Akismet to reduce spam. Learn how your comment data is processed.

Соңғы жазбалар