//

Тұрсын Жұртбай. Мұхтардың «Қос ағашы»

6462 рет қаралды
6

Тура осыдан он жыл бұрын Мұхтар Мұқанұлы Мағауинге қарата айтқан: «Төрт құбыласы түгел, сегіз қиыры тұ­тас. Үрімді үрлеп, Қырымды жайлап, «Азау­лының Стамбулдан несі кем, Алаштың Мағауиясының Мұхтарының, хан ұлында несі жоқ, би ұлынан несі кем!» – деп тұрған дер шағы. Ұзағынан сүйіндірсін», – деген тілегіміз қабыл болды. Өйткені, ол соңғы он жылда шығармашылықтың қызығына айызын қандыра сусындап, табанынан от шашқан Нарқызылдай зар күйіне түсіп, бауырын жаза жазды.
Армансыз көсіліп келеді. Бойы да, ойы да бұрынғыдан ширақ. Өрісі де кеңіген. Бұрын қолы жеткен адам шет елге шығып кетіп демалатын еді. Ал Мұхтар ағамыз енді күз бен көктем арасын шет елдегі сарайында өткізіп, жаз жайлауында ғана туған еліне келіп, Көпбейіт – Көктүбектегі ата қыстауында аунап-қунап қайтатын болып жүр. Бұл да тағдырдың оған берген ерекше сыйы. Бәйбіше мен баланың қы­зығын бәріміз де қал-қадерімізше кө­ріп, сыйына бөленіп жүрміз ғой. Бірақ бұл ретте де Мұхтар ағамыздың құрметі өз­гемізден өзгеше өріс алды. Балалары мен жарының аялы алақанына мұндай еркін еркелеп, мәпеленген әке арамызда сирек.
Сондай сүйініштің аясында ел азамат­тарына аздаған ғана өкпесін арқалап, Прагадағы немерелеріне қазақша үйретіп, кәдімгі кеңістіктегі көп атаның бірі емес, ірісі боп өмір сүріп жатыр. Жай жатқан жоқ, қазақтың жыртысын жыртып, рухани қазынасын молайтып, көркем әлемін ба­йы­тып жатыр. Өзі бір кездері көңіл ауаны ретінде сүйініп аударған, елден алыс, аға­­йыннан ауаша, тұйық күн кешкен Сом­мэрсет Моэмнің кейіпкерлері сияқты шал­ғайда жүр. «Қияндағы қыстаудағы» құл­­жалар сияқты анда-санда жонын күді­рейтіп Алматыға келеді. Астанаға ізін сала қойған жоқ.
Сондайда сағыныңқырап қалған іні­лік сартап көңілмен зәудем хабарласа қалып, жөн сұрассаң: «Сен немене, менен интервью алайын деп тұрмысың? Оның несін сұрайсың. Елің таланған, жерің тоз­ған, адамың азған. Парламентің – пәле­шіл. Тек алашымның рухы өлмесін!» – деп бастырмалата жөнелетіні де бар. Сол баяғы өршіл де, шамшыл мінезінің ба­сылмағанына қарап: «Е, ағамыздың көңілі күпсіз, ойы орнықты екен. Сағыныштың сар жалқыны жүрегін алмапты. Мұны біл­генде, мұндай қатқылдау сөз естімей-ақ, хабарласпасам да болады екен! Енді, есте болсын», – дегендей қырсық ой қылт ете қалады.
Соңынан қайтадан жазғандарына үңі­ліп, оның ішіндегі ұлтына деген ұлы да уытты толғаныстарды оқып: «Сыр жа­сы­рып бой тасалап жүр екен. Бәрі де ішін­де сақталыпты. Алқалы ойын тек қаламға ға­на сеніп тапсыруға бекініпті. Кейіп­кер­лерінің жармақтанып, қос жарылып жүргені сияқты өзінің де ойы өзі суреттеген Бақанастың бойындағы Қос Ағаш сияқты қос айырылып жүр екен-ау! Ділі қатты ағаның тіліне бола бұртимайын», – деп өзіңді өзің жұбатасың.
Қалай дегенмен де түңілмейсің, қайта өткен күннің кей елесі көз алдыңа келеді.
Шындығында да, осы «Қос Ағаш» жа­зылғанға дейінгі жазушы Мұх­тар Ма­ғауин бір басқа да, «Тамыз әңгіме­лерінен» ке­йін­гі жазушы Мұхтар Мағауин бір бас­қа. Мұнда жазушының «мені» басты кейіпкер дәрежесіне көтерілген, ал негізгі, қосалқы, үстеме, жанама сюжеттер сол «Менге» қызмет етеді. Жазылу мәнері – әр түрлі ыр­ғаққа құрылған, баяндау тәсілі – құбыл­малы, әдеби әдістері – алмағайып, ал­масып отырады, шендестірулері – ширақ әрі күрделі, тұспалдары – тылсым, емеуріні – екі-үш мәнге ие, нысанасы – әрі биік, әрі терең, оқиғаға – өзін де, өзіңді де араластырып, уақыт пен кеңістіктің же­лі­сімен жетектеп, қилы-қилы әсерде қал­дырады.
Сонымен қатар, бұрын Мағауиннің про­засында қанық анықталмаған сарказм­дық кекесіндердің өзі сюжеттің міндетін атқарып кетеді. Кейде жүрдек жазу мәнері тасырқап барып, қайтадан екпін алады. Сағыныш пен өкініштің өзіне де бірде кекесінмен, бірде мысқылмен, бірде жылы жымиып қарайды. Оқиғаның басталуы, да­муы, көркемдік шешімі, нысаны қат-қа­бат қатталып, көркем ойдың салмағы сом­данып шыға келгенде шап-шағын әңгіменің салмағы шартабақтай ауыр тартады.
Лирика мен мысқыл араласқан осын­дай күрделі көркем иірімде тұлғаланған әр қаһарманның әрқайсысына ортақ бір сипат тән. Ол – сол кейіпкер әлемі­нің қос жарылуы. Яғни, әлгі қаһарман бір оқы­ғаныңда жазушының өзінің «ме­ні» сияқты әсер қалдырады. Қайы­ра оқы­ға­ныңда ол мүлдем басқа, анти­қаһарман бо­лып шығады. Мысалы, «Тре­веннің әңгі­месіндегі» ажалдың бейнесі, тіпті, «Одағай әңгімелердегі» әр оқиға осылай жинақтала жұмырланған.
Ал «Құмырсқа-қырғын» мен «Қос ағаш», «Тағдыр жазуы», «Күмбез», «Ора­лу», «Бір нәзік сәуле», «Ең үздік оқушы» әңгімелерінің тұспалы мен емеуріні қат­пар-қатпар. Бір жақты, бір сезімді, бір түй­сікті кейіпкер жоқ. Махаббат пен ға­дауаттың ортасында алмағайып күй кеш­кен тағдырдың жанкештілері жүр. Көр­кемдік әдіс-тәсіл мен шығармашылық пси­хологиясымен арнайы айналысатын зерт­теушіге таптырмайтын тақырыптың өзі.
Мен бұл әңгімелерден алған әсерім­ді бойыма да, ойыма да сіңіре алмай, бір әңгімелесіп қалғанда Мұхтар Мұқан­ұлының өзіне осы пікірімді сабақтай келіп:
– Баяғы жазушы Мағауин мүл­дем бө­лек. Мына «Тамыздан ке­йін­гі әңгі­мелердегі» Мағауин – шығарма­шы­лықтың жұлын-жүйкесін шүйкелеп берген нағыз еуропалық мәнердегі жазушы. Кей­де бұрынғы Мағауин осы әңгімелерді жа­зу үшін дайындық жасап келгендей әсер қалдырады, – дедім мақтауымды асырғым келіп.
Ол әдеттегідей тез шытына қалып:
– Сонда сен бұрынғы Мағауинді жа­зу­шы емес дегің келіп отыр ма? «Ала­сапыран», «Тазының өлімі», «Шақан ше­рі» сияқты шығармалар жүз жылда бір-ақ рет жазылады. Енді жазылмауы да мүмкін, – деді.
Мен де қасарысыңқырап:
– Иә, олар жүз жылда бір рет жа­зы­луы мүмкін. Ал мына шығармалар, роман­ның жүгін арқалап тұрған шығармалар ешқашанда жазылмайды, – дедім.
Мәселе, ол шығармалардың жүз жыл­дан кейін жазылып, жазылмауында емес. Ең басты мәселе – жазылып қалғанында және қайталанбастай иіріммен тоғыс тап­қанында. Өйткені, дәл осындай, яғни, тә­уелсіздік тұсында рухани бодандықты ба­­сынан кешірген Мұхтар Мағауин се­зін­­­ген сезімдерді тағы бір қаламгердің қай­­­тадан сезіне алуы неғайбыл. Сол пікірімді дәлелдегім және әр әңгімесі мен мақаласына орай пікір білдіргім келіп ұзақ уақыт бойы дайындалып та жүрдім. Бірақ, ретін салмайын десе ойлаған ісің ілгері баспайды екен. Сол тұстағы пікірлерімнің жаңғырығын, міне, енді пайдаланайын деп отырмын.
«Күмбез» әңгімесінің соңына: «Егер осын­да суреттелген оқиға – көркем қиял­дың нәтижесінен туған көркем шындық болса, онда Мұхтар Мағауин шын да­налыққа жетіпті. Шын оқиға болғанның өзінде, енді он, жиырма, жиырма бес жыл­дан соң көркем шындыққа айналады», – деп жазыппын.
Мұндағы жазушы өз көзімен көргендей етіп жазылған кәдімгі шындықтың өзі жағаңды ұстатады. Айтты-айтпады, біз аруақтардың бейітінің өзін сатып күн көріп жүргеніміз өтірік пе?! Бұрын ары­мызды сатқанға күйінуші едік, енді ата-бабамыздың аруағын сатып күн көретін болдық.
О, тәубе!
Ал осыны Мағауиннен басқа кім көркемдік шындық дәрежесіне көтеріп жазды?
«Құмырсқа-қырғын» әңгімесі туралы: «Егер бұл әңгіме кеңес кезінде жазылса онда Мұхтар Мағауин тірі классик емес, нағыз алашшыл-ұлтшыл, буржуазияшыл диссидент атанар еді. Қазір тақырыпқа еркіндік жасалды. Әңгіменің астарындағы шындық – публицистикада ашық айтылып жүргендіктен бе, әдеби сын мылқау тыл­сымдықты сақтады. Оның үстіне авторы бас асауы басылмаған, сырбаздығы мен сыншыл ойы тең өрілген, өзіне-өзі және келер оқырманның жоғары бағасына қат­­ты сенетін, мақтағаныңның өзінде бір сөзіңнен ши шықса жазғаның үшін өкі­нетіндей ғып жазғыратын, шамшыл да шын­шыл Мұхтар Мағауин. Сондықтан да әдеби сыншылар сырттай ықтап, мар­ғаулық танытқан сияқты. Егерде Әбіш Ке­кілбай мен Шерхан Мұртаза жазса, сөзсіз дана дер едік. Оған мен де қосылар едім.
Әттең, «Құмырсқа-қырғынның» аста­рын ешкім әлі де пайымдай алмай жатыр-ау! Оның ішінде дәл қазірдің өзінде ешкім айта алмайтын, екінші бір емеурінді тұс­­пал жатыр. Ол – Ананың өзі! Аты атал­майды. Бірақ әңгімені оқығанда ол кейіпкер ретінде елес береді. Ол бейне, жылдар өткен соң, лакмус қағазының түсі сияқты астарлана шығады. Сонда: «Мұх­тар Мағауин шындықты зарлатып отырып, запыранын сорғалатып отырып жазыпты. Біз білмеппіз ғой! – дейтіні анық. Мұндағы кейіпкердің мені – жазушының өзі. Егер құмырсқаның өзін жазса қазіргі оқырманның оған өресі жетпейді, оқы­майды. Құмырсқаның іні де, илеуі де жоқ, яғни, жер сатылып кеткен. Ертеңгі өмір, жер жегісі, түптің түбінде жүйкеңді жейтін болады!» – деп пікір түйіндеппін.
Қазір де сол ойдан айни қойғамын жоқ.
«Қуыршақ» – Мағауиннің жазушылы­ғын ертеректегі жазған туындысы «Әйел махаббатымен» байланыстыратын (мұ­ны «Еркек махаббаты» деп атаса да бо­латын) жастық кешуі туралы хикая. Ең сәтті әңгіменің бірі. Баяндау мәнері де, құ­рылымы да, сюжеттің дамуы да кәдімгі классикалық үлгіде құрылған. Алайда, мұндағы кейіпкердің «мені» жазушының (баяндаушының емес) «менімен» астасып кетеді. Автор кей кезде кейіпкердің ор­нын алмастырып кетеді. Баяндауы бір желінің бойына тартылған, ширақ. Оқы­ған­нан өзіне тарта жөнеледі, кей тұста ав­тордың толғауымен алмаса ұласады. Мұның барлығы болған оқиғаға, әсіресе, соңғы шешімге оқырманды сендіру үшін жасалған әдеби тәсіл. Мұндай ішкі қуат пен шынайылыққа алпыстан асқан жаста жету – ұлы ішкі қуатты қажет етеді», – деп тұсына жазып қойыппын.
Менің ойымша, бұл әңгімені талдамау керек, жай ғана оқып шыққан лазым. Сон­да ғана оның барлық көркемдік қуатын сезіне аласың.
«Ең үздік оқушыдағы» немере де, не­меренің романы да, оны тыңдап, пікір айтқан ата да данышпан. Мұны әдеби тәсіл деп те, жазушының жан сыры деп те, тіпті, кішкентай ғана авантюристік әдеби тюрк деп те қабылдауға болады. Қылауы мен қисыны жарасқан, сақа жазушының өзін сескендіретін, бала психологиясының логикалық тосын шешімі арқылы оқыс ойға қалдыратын шағын да шақпа ту­ынды. Өйткені, сарабдал сыншының өзін шіміркендіріп, «немересінің романын жан-жақты талқылауды кейінге қалдыруы» талай тұспалды аңғартады. Оқырманның шешуіне қалдырылған тұспал бойынша: не лирикалық қаһарман қайтып қолына қалам алмайды, не немересі тұспалдаған шындықты жазу ғана қалады. Мүмкін не­мересі де қайтып қалам ұстамауы мүмкін. Онда бұл ата өмірінің трагедиямен аяқ­талатыны анық. Ал немере жазушы осы бетімен өнерін өрістете берсе, онда… әл­гі романды үлгі тұтқан мұғалиманың ке­рін әрбір қазақ кешеді деген сөз. Одан да әңгіменің талқылауын шынымен де кейінге қалдырған дұрыс».
Солай болғаны дұрыс-ау! Бірақ қазақ ұлтының күні не болмақ. Шағын, ойнақы әңгіменің астарында ұлттық трагедия жатыр.
Ал «Қос Ағашта» бүкіл дала филосо­фиясының тамырының үзілуі мен қа­зақтың тағдыры тұспалданған. Мұнда ли­рика да, сыншыл сезім де, емеурін де бар. Кешегі даланың көркі болған Бәй­те­ректер қайда? Енді мынау сайын да­ланың салқын самалымен саясында су­­сындататын қос бұтақты алып Қос ағаш­тар қайда? Марқасқа Мағауиялар қайда? Олардың басын жай ойнатқан кім? О, Қос ағаш! Сен қазақ хандығының құрылғанына куә болмап па едің! Дала мен бабаның ру­хы емес пе едің! Тасқын шайған, су орған арса-арсасы шыққан өзен жаға­сында сояудай сойдиып тұрған қалқа жоқ. Бақанастың бойындағы шыбықтар мен суға түскен бүгінгі балаларды кім сая­сына алады? Хандығының нысанасы, ер бабалардың рухы мынау еді деп көр­сететін тұқыл да қалмаған. Бұл әңгімеде аспан мен дала, ата мен бала, арман мен өмір арасын байланыстырған ұлы аңсар бар. Ол аңсар жазушының ішкі аңсарымен астасқанда мәңгілік ел туралы сарынға айналып кетеді. Қос ағаш – қос өмір, қос тағдыр, қос әлем, қос қоғам. Қос ағаш – фәни мен бақидың арасындағы ұлы са­рынды тамыр. Ол – өмір ағашы, көне түр­кіше Мықан ағашы. Ол – тамыры көкке, жапырағы жерге қараған жазмыш аға­шы. Әңгімені оқығанда осындай ассоциа­циялық коллизиялар ойыңды қармап алады».
Бұл – тұспал мен емеурінге құрылған әңгімелердің бір парасы туралы дер кезінде жазылып қалған ойлар.
Қазір сол «Тамыздан кейінгі» әңгіме­лердің екінші бір астарын, сарказмдық сыпатын аңғарып отырмын. Мұнда тұспал да бар, бірақ, мұндағы тұспал ызалы тұс­пал. «Тура биде туған жоқ, туғанды биде иман жоқ» – деген тәмсілді еске түсіретін және тура бидің қаламымен жазылған жаза сөзі. Бәріне емес, соның ішінде тікен тамыры екі әңгімеге ғана тоқталайын.
Алғашқысы «Қылмыс» деп аталады. Атақты бір тарихшы өзін қорлаған ұзын­си­рақтардың әйелін құтқарамын деп суға кетеді. Сөйтіп, ұлт мүддесін жалған бибауырмалдыққа құрбан етеді. Автордың пайымдауынша: Алпамыстың қылмысы бұл емес, опасыз жар мен қансыз наға­шы­сының тәрбиесімен қағынып өскен ұл­ды – әкесінің еңбегін жоққа шығарып, ала­шапқын боп жүрген Подонокті өмірге әкеліп кеткені екен.
«Подонок» атты екінші әңгіме әлгі по­­до­ноктің тәуелсіздік жылдарындағы «по­доноктік» сатқындығы. Дүние жүзі та­рих­шылары жиналған симпозиумдер мен конференцияларда: қазақтың тәуел­сіз­дік алуы – заңсыздық. Олар ел бола ал­майды. Қазақ тілі диалекті ғана. Ресей­сіз өмір сүре алмайды. Өйткені, бұл ұлт – құл болу үшін жаратылған ұлт. Мен жа­байылардан шықсам да жабайылардың тілін үйренуге арланамын, – деп жар салады. Оқымыстылар оны мәжілістен қуып та шығады. Сөйтіп, шет елде сүйкімі кеткен Подоноктің бағы елге келген соң, керісінше, өрлей түседі. Қастаншықпағыр пиғылды ту еткен оппозиция өкілдерінің кө­семі атанады. Сөйтіп жүргенде өз үйі­нің табалдырығына сүрініп, мұрны бұ­зылады. Оны қазақ емес, қазақстандық баспасөздер, көлігімен кісі басып өлтірген Жовтисті адам құқығын қорғағаны үшін түрмеге қамалды, – деп даурығып жүр­ген оппозиционерлер сияқты, оның бет-аузының тас-талқан болғанын мем­ле­кеттен көреді. Аш пәледен қаш пә­ле деп үйренген іштей оның пікірін жақ­тайтын үкі­мет ақыры оған күндіз-түні күзететін қа­рауыл бөледі. Есірген Подонок енді «Қа­зақ­сыз Қазақстан» деген ұран көтеріп шығуға дайындалып, ұлы жоба жасап жат­қан көрінеді. «Елдің тыныштығын ой­лағандар» оның бұл әрекетін мақұл кө­ріпті-міс. Біз оқиғаның сыртқы қаңқасын ғана баяндап отырмыз. Ал мәтіннің ішін­дегі көркем оймен шендестіріле бе­ріл­ген сарказмдардың уыты тұла бо­йыңды қышыма шаққандай дуылдата шы­мырлатады.
Бұл екі әңгімені ғана емес, «Ұлт­сыз­дану ұраны» атты кітаптағы барлық шы­ғармаларды дәл осындай деңгейдегі сая­си памфлет десе де болады. Бұл реттегі Мұхтар Мағауиннің сарказмдары мен ызалы қаламы әлемнің кез келген са­тиригімен шендесе алады. Әттең, соның барлығы да қалтарыста қалып қойды.
Оның есесіне, Шыңғыс ханның қа­зақ мемлекеттігінің тарихынан алатын ор­ны туралы пікір дауға ұлғасып кетті. Подонокті басына көтерген тобырға Шың­ғыс хан мен Мағауиннің тізесі мен ызасы қаттырақ батқан сияқты (Бұл арада мен Мұхтар Шахановты меңзеп отырғаным жоқ. Екі Мұхтар қатар күресіп жүрген, еке­уі­нің арасына әділет іздегенсіп, аран­датып жүрген Подоноктерді мегзеп отыр­мын). Мұндайға ара ағайындық жа­сағанды жаным сүймейді. Жасанды жа­уапты одан бетер жек көремін. Дегенмен де, мәселенің анығы – Шыңғыс хансыз қазақ мемлекеттігінің тарихы болмақ емес. Онсыз біз ұлттық қасиеттеріміз бен белгілеріміздің бәрінен айырылып қа­­ла­мыз. Тарихтан сызыламыз. Оны М.Ма­ғауин «Қазақ тарихының әліп­биінде» ба­рынша орнықты баяндаған. Біле біл­сек, қазақ ұлтына Шыңғыс хан мен Ма­ғауин емес, Подонок қауіпті еді. Ондай по­доноктер арамызда әлі де қошеметке ие. Осыны да парықтай алмай қойдық-ау!
Бүгінгі күннің тақырыбын көркем шы­ғар­маға арқау етуге әлі ерте деген жасанды сылтауды Мұхтар Мағауиннің жо­ғарыдағы әңгімелері мен «Жармақ» ро­манын күн тәртібінен сызып тастады. «Жармақ» – саяси памфлет пен психоло­гия­лық көркем саралауға құрылған тра­гедиялық шығарма. Мұндағы бір адамның екіге жарылуы тарихи және өмірлік шын­дықтан туып отыр. Бір бетіне – ұлт намысын, екінші бетіне – ұлтсыздықты ұран етіп алған дүбәра тұлғаның қос жа­рылуы, жүрегі мен санасының екіұдай арпалысуы, махаббаты мен жар төсегін бөліскен жарыместелік, бір адамның өзін-өзі соншама сүйе отырып жеккөруі, өзінен-өзі жерінуі романда публицистикалық рухта сараланып, трагедиялық шешіммен аяқталады.
Басты кейіпкер өзінің екінші бетіндегі даңқ пен дақпырттың табы басылған сат­қындықтың қарғыс таңбасын өшіріп, бір бетті, ар-ұятты ұлтының мүддесі үшін өмір сүруді армандайды. Өзінің екінші жар­тысы Жармақ парламентке өтіп, тура Подонок сияқты өз ұлтын арандатып, «Қазақтарсыз Қазақстан» деген ұранды мемлекетаралық деңгейде жүзеге асыруға көшкенде, оның екінші жартысы – өзіне-өзі қол салады. Ол сол өзінің өлімі ар­қы­лы ғана Жармақты сатқындықтан ара­шалап қалады. Өйткені, онсыз, екінші сы­ңарынсыз Жармақтың өмір сүруі мүмкін емес көрінеді. Маратымсыз – Мұрат, Мұ­ра­тымсыз – Марат. Марат өзін өлімге қию арқылы Мұраттың жолын кеседі. Яғ­ни, ұлттың мұраты үшін Марат өзін де, Мұратты да құрбан етеді.
Мұндай шарасыздықты әрбір қазақ зиялысының басынан кешіп жүргені аян. Тіпті, осындай амалсыз тәуекелге бар­ған шығармашылық иелерінің тылсым тағ­дыры жанымызға батып жүргені де аян. Олар да Марат сияқты өз еркімен өмірден бас тартуы арқылы қалғанымызға ой салғысы келіп, жанын пида етті ме деп те ойлайсың. Ойлайсың да еркін өмір­дің тұйыққа тірелуін азат қоғамды тұ­йық қоғамға әкеп тіреген себептерден із­дейсің. Соның жауабының бір парасы Мұх­тар Мағауиннің «Жармақ» романында публицистикалық пафоста сарқыла көр­кем сараланған.
Шайтанқұлақ арқылы аз сөйлесіп, көп сыр түюге ұмтылған сәтімде «Жармақ» ту­ралы сыр тартпақ болғанымда, ол алысқа орағыта қайырып, әңгімелерін көлденең тарта берді. Соған қарағанда қазіргі Жармақ емес, та­рихи жармақтар туралы көркем ойын кө­мей күйі ретінде жасырып қалды ма деген ұшқын санамызға саңылау түсірді. Әйтеуір, біз білетін Мағауин ешқашанда елі үшін алаңдамай жүрген емес. Әр игі ісінің сәтін салсын.
«Қазіргі қазақ әдебиеті тоқырауда», – дейміз. Жоқ, бұл мүлдем қате түсінік, жаң­­сақ пікір. Өзгені былай қойғанда, Мұх­­тар Мағауиннің кейінгі он жылдағы шы­ғармалары бұрын-соңды туған әде­биетімізде бой көрсетпеген әлемдік дең­­гейдегі туындылар. Тек соны оқып, тү­сініп, мойындап, талдап, тұспалын ха­лыққа аша жеткізу ғана парыз болмақ.
Өйт­кені, бұл роман – бүгінгі қазақ әде­би­е­тінің жаңа арнасының басы. Көркем шығармаға қойылатын ендігі талап та сол деңгейден қалыптаспақ. Бұған алаңымыз жоқ.
Алаңымыз – ағаның алыста жүргені. Енді еліне жат бауыр болып кете қоймас. Бірақ, бой тарта саяқ кеткені алаш рухты азаматтың бар екенін сезініп жүруі тиіс еліне қиянат сияқты. Бұл емеурініміз, мүмкін, асылық та болар. Мүмкін, жа­нында еркелей жүріп, бауыр басып қалған жан жылуын жиі сезінгіміз келгендіктен де шығар. Ал оған бауыр басып қалған жалғыз біз емес, исі ел емес пе? Ал елін бауырына басып үйреткен тағы да сол Мұхтар Мұқанұлы Мағауиннің өзі.
Маған осындайда Мұхтар ағамыздың өзі де сол өзі жырлаған Қос Ағашқа ұқсап кетеді. Ол – азаматқа тән өмірлік көзқарас қайшылығы бар, жазушыға тән тағдыры бар, оқымыстыға тән ой тартысы бар тағдырлы тұлға. Бұл сөзімді де сол алғашқы мақаламдағы:
«Дәл қазір Мұхтар Мағауиннің төрт құбыласы түгел, сегіз қиыры тұ­тас. Үрімді үрлеп, Қырымды жайлап, «Азау­лының Стамбулдан несі кем, Алаштың Мағауиясының Мұхтарының, хан ұлында несі жоқ, би ұлынан несі кем!» – деп тұрған дер шағы. Ұзағынан сүйіндірсін», – деген тілекпен тәмамдаймын.
Бұған қосарым, амандықпен көрісуге күн жазсын бізге…


Тұрсын ЖҰРТБАЙ,
филология ғылымдарының докторы, профессор,
Қазақстан Жазушылар одағының Шәкәрім атындағы
сыйлығының лауреаты,
Л.Н. Гумилев атындағы Еуразия Ұлттық университетінің
«Отырар кітапханасы» ғылыми орталығының директоры.

Дереккөз: qasym.kz

Парақшамызға жазылыңыз

6 Comments

  1. Па шіркін, керемет! Кемеңгер жазушының шын бейнесін, ақиқи қуатын әйгілепті Тұрсекең.

  2. Мұхтардың шындыққа қосқан сандырақтарын асқақтатқан-ақ екен, Жұртбай.

  3. Мұхтар Мағауин Әуезовтан кейін қазақ әдебиетін әлемдік биікке шығарған тұлға ғой.

  4. Мағауинді де, Жұртбаевты да қалай мақтаса да жарасады! Алла тағала екеуіне де ұзақ өмір, қажымас қайрат берсін!

  5. жарайсыз,Тұрсын Жұртбай аға,Қазақтың көзі тірі екі жазушысы,Мағауин екеуіңіз!!!!!!!!!!

  6. Kozy tiry zhazushinin ushinshisi ol – Kabdesh Zhumadilov,! Ol kisinin songi zhazgan shigarmalarin kim okidi? Kazirgi sahnadagi kisilerdin tek kana atyn ozgertyp zhazgan…Evgeny Zhovtis ol “evrei” goi. Al Muhtar agamizdin Kazahstannan ketkeni kezindegi bir atakty agamiz ekeui SHingis Handy bolise almauinda. Halikty tek kana zhalgan tarihpen tirp etkizbei ustap otiruga boladi.Aitpese Kenesary, Abilay han turaly akparat kai klastyn okushisinin kitabinda bar? Bi sheshenderimizdin uli sozdery kai muzeide tur? Sonda Shingis Han Otrardin kitaphanalarin ortegennen baska eshtene istemepti ma? Muhtar agamiz ozi evropanin torinen orin tepse de halkina ruhani azik beruden zhalikkan zhok.Al Olzhas Suleimenov she? Kalai eken parizhdegi kal-zhagdaiy?Muhtar agamizga Tanirim uzaaaak omir silasin. Ol kisi ali de talay tuundilary bar. Onin shet zhagasin Shingis Hannan koremiz!

Жауап беру

Your email address will not be published.

This site uses Akismet to reduce spam. Learn how your comment data is processed.

Соңғы жазбалар