Мәскеудегі Дон зиратында Алаш көсемі – Әлихан Бөкейхан жерленген қабірге ескерткіш-тас қойылды.
Ұлт-азаттық «Алаш» қозғалысының негізін салған, қазақтың заманауи, демократиялық мазмұндағы тұңғыш үкіметі – «Алашорданың» көшбасшысы болған Әлихан Нұрмұхамедұлы Бөкейханның жерленген жерінің табылғаны туралы деректі бұған дейін белгілі әлихантанушы Сұлтан Хан Аққұлы баспасөзде жариялаған болатын.
«Әлихан Бөкейхан Нығмет Нұрмақовпен бірге Мәскеуде жерленген» деп аталған мақаласында ол аталған қос тарихи тұлғаның қайда жерленгені турасында деректер табылғанын жазған-ды.
1937 жылы 27 қыркүйекте атылған арыстарымыз Мәскеу қаласындағы Дон қорымындағы №1 ортақ қабірге жерленіпті.
Жақында Мәскеуге барып, бұл деректің негізсіз емес екеніне көз жеткізген қарағандылық ғалымдардың айтуынша Әлекең мен Нығмет аталарымызға топырақ бұйырған орында Кеңес одағының зұлмат саясатының құрбаны болған 5065 адам жерленген көрінеді. Кеңестік жендеттер үкімге кесілгендердің денесін крематорида өртеп, күлін бір шұңқырға төге берген. Бес мың адамға бұйырған ортақ қабірдің көлемі барлы-жоғы екі жарым шаршы метр екен.
Қарағандының «Болашақ» университетінің ректоры заң ғылымдарының докторы, профессор Нұрлан Орынбасарұлы Дулатбековтің бас болуымен осы жылдың 28 қазанында Әлихан Бөкейхан мен Нығмет Нұрмақұлының басына ескерткіш-тақта орнатылды.
Ескерткіш-тасқа қос арысымыздың бейнесі бедерленіп, туған жылдары мен атылған күндері туралы деректер қашалған. Сосын ақын Қасым Аманжоловтың:
«Ей, тәкаппар дүние,
Маған да бір қарашы.
Танисың ба сен мені,
Мен – қазақтың баласы!» – деген өлең жолдары жазылған.
***
Әлихан Нұрмұхамедұлы Бөкейхан (1866—1937) — XIX ғ. соңы мен XX ғ. басындағы қазақ зиялыларының, қоғам және мемлекет қайраткерлері қатарындағы аса ерекше тұлға. Ұлт-азаттық Алаш қозғалысының жетекшісі, Алашорда автономиялы үкіметінің төрағасы, публицист, ғалым, аудармашы.
1866 ж. наурыздың 5-де бұрынғы Семей облысы, Қарқаралы уезі, То¬қы¬рауын болысының 7-ші ауылында туған. Бұл қазіргі Қарағанды облысының Ақтоғай ауданындағы бұрынғы Қаратал кеңшары.
1905 ж. Әлихан Бөкейханов Семей облысы қазақтарының атынан 1-ші Мемлекеттік думаға депутат болып сайланды.
1906 жылы Омбыдан шығатын кадеттік «Голос степи», «Омич» және «Иртыш» газеттерінде, 1908 жылы Санкт-Петерборда жарық көрген меньшевиктік «Товарищ», кадеттік «Речь», «Слово» гәзеттерінде редакторлық қызмет атқарды.
1911-14 «Қазақ» газетін ұйымдастыруда және оның жалпы ұлттық деңгейге көтерілуіне зор еңбек сіңірді.
1917 ж. желтоқсанында бүкіл қазақтардың құрылтайында Алаш аутономиясы жарияланып, Ә. Бөкейханов сол алғашқы Қазақ республикасының тұңғыш төрағасы (президенті) болып сайланады.
Ә. Бөкейхановтың қуғын-сүргін кезеңінен 2 жыл алдындағы мен ату жазасының күніндегісі.
1919 ж. большевиктер өкіметінің бұрынғы алашордашыларға жасаған кешірімнен кейін Ә. Бөкейханов қалған өмірін ғылыми зерттеушілікке арнады.
Бірақ, ұлттық намыстан жұрдай, жалған интернационалист, жадағай белсенділердің көрсетуімен ол 1926 ж. екі рет тұтқындалып, түрме азабын тартты. Ә. Бөкейханов Мәскеуге жер аударылады, зор беделінен қорыққан большевиктер өкіметі оны Қазақстанға жолатпады. Онда он жыл үй қамауында отырған Әлиханды 1937 жылы тамызында қайыра тұтқындап, бір айдан кейін жалған жаламен 67 жасында Мәскеуде ату жазасына жазасына кеседі.
1989 жылы мамырдың 14 КСРО Жоғарғы сотының қаулысы бойынша әрекетінде қылмыс құрамы жоқ болғандықтан, ақталды.
Нұрмақов Нығмет (1895-1937) – көрнекті мемлекет және қоғам қайраткері. Қарағанды облысында дүниеге келген. Бастапқыда ауылда ашылған орыс мектебінде білім алып, кейін Қарқаралыдағы екі сыныптық орыс-қазақ училищесін бітірген.
Н.Нұрмақов Ф.Голощекиннің қазақ даласында «Кіші Қазан төңкерісін» жасау керек деген арандатушылық пікіріне және халық малын тәркілеуге бағытталған шараларына үзілді-кесілді қарсы болып, оған ашық қарсы шықты. Ф.Голощекинмен арадағы пікір қайшылығы оның үкімет басшысы қызметінен босап, Мәскеудегі БК(б)П ОК жанындағы Жоғары партия мектебіне оқуға жіберілуімен аяқталды. Мәскеуде ол Бүкілодақтық атқару комитеті хатшысының орынбасары және аз ұлттар бөлімінің меңгерушісі болды. Сібір, Повольженің аз халықтар тұратын аудандарын аралап, қызмет жасады.
Көрнекті қоғам қайраткері 1937 жылдың қуғын-сүргініне алғашқылардың бірі болып ілінді. Кейін Алматыда, Қарағандыда Н.Нұрмақовтан «тапсырма» алып отырған О.Исаев, А.Асылбековтардың ұйымдары табылды деген жаламен тұтқынға алынды. Мәскеу мұрағатының анықтамасына қарағанда Н.Нұрмақов 1937 жылы маусымның 3-інде Мәскеудегі пәтерінде тұтқындалып, қыркүйектің 27-інде «айыбын мойнына алып», «үштіктің» үкімімен 15 минутта тағдыры шешіліп, 42 жасында атылған. Қоғам қайраткері 1958 жылы тамыздың 11-інде КСРО Жоғарғы соты әскери алқасының шешімімен ақталды.
Дереккөз: baq.kz