/

Екі қолға бір күрек табылмады…

1948 рет қаралды
3
Жел тұрмаса, шөптің басы қозғалмайтыны белгілі. Шілденің шіліңгірінде болған Бүкіләлемдік VII ислам экономикалық форумында сөйлеген сөзінде үкімет басшысы Кәрім Мәсімов, Қазақстанда жұмыссыздардың саны дамыған елдерге қарағанда анағұрлым төмен деп, төтесінен тартты. «Жаһандық кері кету кезеңінде біздің экономика қарқынды дамып, қазірдің өзінде жылына 7%-ға дейін өсіп барады. Біздер жұмыссыздардың санын екі есеге дейін азайта алдық. Қазір бізде бұл көрсеткіш  – Ұлыбританиядағыдан, Франциядағыдан, Германиядағыдан және АҚШ-тан әлдеқайда төмен», – деп премьер төрткүл дүниеге жар салды, ал оның осы сөзін ресми баспасөз жамырай таратып жатты. Десе де, қараша халық шендінің мұндай жалған жария қылуын құп көрмеді. Осы ретте,  Қазақстанның Статистика агенттігі де қалың бұқараның сөзін қолдады. Санақ жүргізгендердің қыркүйек айында мәлім еткен деректеріне сенсек, жыл басынан бері  еліміздегі 861 мың адам 15 және одан жоғары жастағы экономикалық белсенді тұрғындар. Олардың 476 мыңы қам-қарекетсіз жүр. Бұл дегеніңіз, экономикалық белсенді тұрғындардың  5,5%-ын ғана құрайды. Ал зейнетақы төлеу бойынша мемлекеттік орталықтың санағына көз жүгіртсек, елімізде осы уақыт аралығында тек  378,5 мың адам ғана ресми түрде жұмыс істеп, еңбекақы алып отырған. Өйткені зейнетақы қорларына еліміздегі еңбек етіп жатқандардың барлығы төлем жасап отыруға міндетті. Статистика бойынша агенттіктің мәліметтер базасында бар  546,6 мың жалдамалы жұмысшылардың санынан, 378,5 мың адамды алып тастайтын болсақ, онда айырмашылығы  168,1 мың адам болып шығады. Яғни, осы уақыт аралығында біздің отандастарымыздың  1,5 млннан астамы жұмыс істемеген көрінеді. Бұл дегеніңіз қазақстандық қалың бұқараның 25 пайызы екі қолға бір күрек таба алмай жүргендер. Осындай көрсетікштірмен, Кәрім Кәкімжанұлы, біздің ресми орнымыз дамыған елдердің алдында емес, «Оңтүстік Африка Республикасы, Босния және  Герцеговина  елдерінің арасында, яғни апартеид пен соғыс салдарынан қирап қалған елдердің ортасында».  Несіне мәз боламыз? Осы жұмыссыздық салдарынан тіркелген қылмыс саны да күрт өскен. Мәселен, соңғы 9 айда республикада 97 692 қылмыс тіркелген. Яғни өткен жылдың осы кезімен салыстырғанда 19 550 қылмысқа артық. Салдарынан мемлекет қазынасына да үлкен көлемде шығын келген. Жығылғанға жұдырық қылар тағы бір жайт бар. Ұлттық банктің мәліметінше, жыл басынан бері елімізге жұмыс іздеп келген мигранттар банк шоты арқылы Қазақстаннан шетелге 1,2 миллиард доллар көлемінде ақша аударымын жасаған екен. Бұл – банк операциясы бойынша аударылған ақшалар, ал мигранттардың қалтасына басып әкетіп жатқаны қаншама? Алайда осының барлығын реттейтін құзырлы орган жоқ бізде. Кейбірі қазақы қандылыққа салады. Ол да абзал мүмкін. «Алма піс, аузыма түс» деп бейқам жататын бейбақтар қаншама?! Алыстан ат терлетіп келді, арзан қол жұмысшы деп шаруаны бітіруге әуес қайран қазақ қапыда қалды. Шынтуайттап келгенде, мұндай олқылыққа қараша халық немкетті. Келімсектердің қызметіне төленер ақы да аз, шығын да көп кетпейдіні тілге тиек етеді көбісі. Мансапты аңсайды, шенділердің былғары орындығына жайғасуды місі тұтады. Ал қара жұмыстың қамын қарақалпақтар қамдасын. Бүгінгінің бет-бейнесі дәл осындай. Ойланарлық жайт…
Дастан Сейілханұлы
Парақшамызға жазылыңыз

3 Comments

  1. Өте жақсы мәліметтер екен. Рахмет Дастан. Шынымен де ойланарлық жайт…

  2. Рас жұмыссыздықтың әсері тым артып барады. Осыны көретін, еститіндер аз болып тұрғаны.

  3. Қазақстанда менің білуімге 1 млн. 200 мыңдай адам жұмыссыз. Бұл біздің ен біріншіден енжар,еріншек екеніміздің белгісі. Шын талпынса алмайтын асу, қопармас тас жоқ. Тек, ниеттің болмағаны қынжылтады, үлкен қалаларда жұмыс жоқ дегенге сенбеймін.

Жауап беру

Your email address will not be published.

This site uses Akismet to reduce spam. Learn how your comment data is processed.

Соңғы жазбалар