Кәкен Қамзин – 1973 жылы Қазақ Мемлекеттік университетінің журналистика фаукльтетін тәмәмдаған. Қазақ Мемлекеттік телерадио комитетінде, «Жазушы» баспасында, «Парасат» журналында, «Қазақ мемлекеті» басылымында редакторлық қызметтер атқарған. Қазақстан жазушылар одағының мүшесі, прозашы. Жазушы туралы Ғабең, Ғабит Мүсірепов кезінде : « Кәкеннің бір ауыз сөзін бір үйір жылқыға айырбастап ала алмайсың», – деп жоғары бағалаған. 1994 жылдан бері әл-Фараби атындағы Қазақ Ұлттық Университетінде жұмыс істейді. Филология ғылымдарының докторы, профессор.
Кәкен Қамзин
Біздің ауыл суреттері
(әңгіме)
Секен Құсайынұлына
Күннің болар-болмас жұмсақ шуағы күміс теректердің ұшар басын жалап, сусылдаған жапырақтарын шолжаң самал сыңғырлатып қоя бергеннен-ақ менен маза кетеді. Шырт ұйқымнан серпіле, сергек оянам. Тартар кесе айранды сіміре салып, екі қара құнажынды табынға қосам, бес-алты ұсақ малды бақташының алдына салып берем. Шешемнің айтуынша, тіл-аузы тасқа, ер баланың пысығы мендей-ақ болсын. Торғай шырылдамай атқа қонатын жылқышы әкеңе аумай тартқансың дейді. Солайы солай-ақ шығар. Кестемнен қысы-жазы әсте жаңылған емеспін. Бүгін де шегенді құдықтың тастай суына шайынып, Төлеуғазының дүрбісімен төменгі ауылдың ұсақ-түйегін қызықтап, қос шырағын анаған бір бұрып, мынаған бір салып, ерігіп отырғанмын. Бойы ұшырмадан екі жыл бұрын асып кеткен терек басындағы тақтайлы алаңқай – менің күндізгі мекенім – бәрі көз алдымда. Әбден зерікен кезде Төлеуғазы екеуміз елдің көзіне айна сәулесін шағылдырып әуре қыламыз. Инженер Гариннің гиперболоиді дәл осындай болған шығар. Жүз елу-екі жүз метр жерден дөп тиеді. Әсіресе магазинге асығып-үсігіп, дедектей басып бара жатқан қыздардың сорын қайнатамыз. Анау, әне Сарманның ырс-ырс еткен тайыншадай сары иті абалақ атаулыны қырып тастағанадай ақ тамның көлеңкесіне барып көсіле сұлай кетті. Қазір иесінің өзі де шығады бір-екі стақан сырасын сіміре салып. Әй, онан кейін «Сары ат міндім, сазлар кештім, сары ат салқындасын», – деп сұңқылдатады-ай келіп. Дауысты да жаратқаным бере салған сабазыңа. Ібір-Сібірдегі Краснояр түрмесінен ала қайтқан аккордеоны да екі иығын жұлып жеп, бұлаң қағып, ойнақ салады. Таң атпастан тамам елдің құлағының құрышы қанады. «Қазақконцертің» де, филармонияң да дәрі емес, тәйірі. Бір өзі – тұп-тұтас ансамбль. Қазақ, орыс ақындарының өлеңдерін жатқа соғады. Рас-өтірігін, кім білсін, солардың талаймен табақтас болдым дейтіні бар әбден бабына келген кезде.
«Мыжықауыл микроауданы» атанып кеткен елдің ерініп-керіліп жатқан тамам төбетін шулатып, қара жолдың май топырағын бұрқыратып құла байталмен Балташ есепші арлы-берлі ойқастайды. Тұқым себу жоспарын уақытылы орындады, әкетіп бара жатқан енді не пәле бар. Әйда, тойла. Оның да әлгінде ғана Сарманның үйіне бас сұғып шыққаны бесенеден белгілі. Еңгезердей-еңгезердей ел азаматтары әке-көкелеп, жалынып-жалпайып аттан түсіріп алмаса, Балташ мырзаның жыны жуық маңда басыла қоймайды. Ертеңдер тылақтай Балташ ішіп алып, төменгі ауылдың түйедей-түйедей жігіттерін қырып кете жаздапты деген аңыз аудан базарын аралайды, хатқа ілесіп облысқа, одан әрі республика орталығында оқып жүрген студенттерге шейін жетеді. Ойхой, біздің ауыл-ай!
Енді жоғарғы жаққа көз жіберейін. Пошта жақта жан-пенде жоқ. Клуб қасында тұрған көк «Белорусь» кім болды екен? Мәдениет ошағының төбесіндегі тудың не қызыл,не ақ екені белгісіз. Жырым-жырымы шыққан жел өтіндегі борлат. Ақтар бел алып кетсе ақпыз, қызылдар келіп қалса, қызылмыз деуге әбден лайық. Кітапхана есігі айқара ашық.Сызылып келіп, сызылып кетер оқырман қыз-келіншектер қайда жүр? Тарс есімнен шығып кетіпті, «Үш ноянды» кеше өткізуім керек еді, кітапханашы тәтем дәдемді берер. Мынасы несі, ей, тағы? Бетіне не жапсырып алған, ей? Исабек мұғалімнен аумайды. Емпелеңдеген жүрісін айтам. Төмен қарай домалап келе жатқан нән томар. Тор ма, орамал ма бетін тұмшалаған. Ә, білдім-білдім, білдімбайдың құйрығын тілдім. Неғысада, қашқан араның үйірін қуып келеді. Қай тұсқа қонар екен, ә? Осы месқарын қараның-ақ жолы болғыш. Қыстың күні тас көмір отыннан тырнақтай алмас тауып алатын да сол, елдің сынған терезесін енді әйнектілгішпен бүтіндейтін де сол. Енді қашқан ройды да қалт жібермегенін қарашы. Басқа біреу болса, қаңғып жүрген шыбын-шіркейде не ақым бар деп, қолын бір-ақ сілтей салар еді. Исекең үйтпейді, жердің түбіне кірсе де ұстамай қоймайды. Көр де тұр. Ал, көзім көрді, қашқан араның «бәйбішесі» Төлеуғазының әкесі Мұқатайдың алмасына қонған сықылды. Мен де қызықтан құр қалмайын.
Бақтың іші гу-гу. Алма ағашының үлп-үлп еткен ақ гүлі. Арғы жағында өрігі мен алқорысы, шиесі мен алмұрты. Аһ! Иісі қандай, иісі! Көкірегіңді кер де, сіміре бер, жұта бер. Жұпар сатар шаһар магазиніндей.
– Әй, жүгірмек, жаныңның барында, басқыш әкел. Тым өрлеп кетпей тұрғанда мәткесін қолға түсіріп алайын. Қалғаны сонан соң өздері-ақ итім құсап соңымнан сүмеңдейді; – дейді Исабек мұғалім Төлеуғазы екеумізге қол сілтей сөйлеп.
– Әй, екеуің де аулақ жүріңдер. Жақын жүрсең, Сайқандай жүр. Ара шақса – оңдырмайды. Жабайысы болу керек, қолдың басындай екен, – деп Мұқатай ақсақал таяғын сілтеп бізді маңайлатқысы келмейді.
– Түһ, Мұқатай, бала боп кеттің бе? Басқыш алып келсе, бұл екеуінің ноқаты сылынып қалады деймісің. Ертең менің сабағым екенін ұмытпаңдар, еңбектен «екіні» қонжитам да, айдап шығам. Марш, басқышты әкеліңдер!..
Төрт-бес құлаштық басқышты дедек қаққызып лезде жеткіземіз. Исабек мұғалім алақанына түкіріп, торкөзін баса киіп, бірді екілеп көктеп барады.
Төменде тұрған Мұқатай шалғы мұртын ширата:
– Біреудің құмалақтай ноқатын санағанша, өзіңдікіне ие бол. Шатың айырылап жүрмесін. Біз не бейнауат, – деп жоғарыға қарайды.
– Әй, оттамағаныңа не ақы аласың. Ұсақ балалар тұр ғой, әйтпесе өліміңді… – деген кіжінген дауыс жапырақ арасына жасырынған оқ жыланның ысылындай. Қолына қондырған болу керек, масаттанған «паһ, пағы» да қоса еріп келеді. Әйтеуір, басқышты сықырлата әупірімдеп төменге де түсті-ау ақыры. Қара жерге қайта оралған ғарышкер құдды. Маңдайнан сорғалаған терін қол орамалымен сүйкеп тастап, Мұқатайға бір қарады, одан соң бізге бір көз тоқтатты.
– Мен қазір мына «бәйбішені» жаңа балжәшікке отырғызып келейін. Оған дейін ересек қутабаныңды мәгәзінге жүгірт. Өзің білесің ғой нені алдыратыныңды. Ақбастың біреуін. Қалғанына кәмпит-сәмпит ала салсын өздеріне, – деп қалтасынан көк қағаз шығарды.- Жүйкеден жүйке қалмады, язви. Сен де қарап тұрмай, бір жағынан кимелеп. Осы сендердің асыранды қояндарың да біраз бар-ау. Содан тұқым алсам қайтер екен. Етке де, малақайға да жарып қалар ем. Жәри, оны да көре жатармыз.
– Қоян қайда қашар дейсің. Содан түк пайда жоқ, үйіңнің айналасын шұрқ-шұрқ тесіп, қазып тастағаны болмаса. Сонан соң көрінген жерге жығылып-сүрініп жүргенің. Онанда қанденнің бір күшігін ал, өздері мұнша сақ болар ма. – деп Мұқатай жөні келсе, үй қояныныың орнына өріп жүрген күшіктерінің бірін өткізіп жібермекші. Топырлатып төгіп-төгіп тастайтын тапал иттен әбден зәтті болған. Қыс түсе осы маңай жын ойнаққа айналады, ауылдың өңшең арланы қойқаңдап осы үйдің іргесінен шықпайды. Бірінің алқымынан бірі алып, қырықпышақ болып жатқаны. Ақалақ сияқты құрдастары: «Той-томалақ сенің ауылыңда екен ғой, біздің еркек кіндік те құр қалмасын, көз қырыңды сала жүр!» – деп шаламен бауыздап кетеді. Бәрін бықпырт тигендей қылайын десе, аяғы түскір адымын аштырмайды. Таяқ сілтегенді елеп-ескеріп жүрген олар жоқ, ұзай бере ел-жұрттың көзінше білгендерін істей береді. Масқара. Әсіресе бала-шағадан ұят.
Исабек жарайды да, жоқ та деген жоқ. Қопарылып жатқан қара жерді бір тепті де:
– Сен қояныңды ұраға емес, тақтай жәшікке қама. Жасап берейін. Соның ақысына екі қоян, екі күшік алам. Қысқа тамам ит атқыш келді, сыбыр етсең болды – тырапай асыратын еді. Сақ деп жер-көкке сыйғызбайсың. Не, менің қора-қора малымды қори ма? Ана Сарманның есік пен төрдей арланы қыста көкшулан бөрінің қарасын көрісімен иесінің бұтына кіріп, ес-түстен айрылып, талып қалған жоқ па. Қатыны екеуі екі жақтап жүріп, бетіне су бүркіп әзер тірілтіп алған. Сақ дейсің, ә? Оның рас. Соңыра семіртіп райфодағы Тэнге сатам, әне пайда қайда жатыр. Ауырсынатының бар, асырап нең бар.– деп Мұқатайды біраз жерге апарып тастады. – Өзің обалсынсаң, мына екеуіне он алтыншы мылтығыңды бер, ауыл сыртына шығарып атып тастасын.
– Ойбай-ау, қарғысы қатты болады деуші еді, – деп қипақтады Төлеуғазының әкесі.
– Қарғыс-марғыс деген не оттыш. Мысық болса бір сәрі. Шүріппені басып қал. Басына күмбез орнатайын демесең, бұған бір күрек топырақ жалынсын.
Исабек мұғалім жайына кетті. Жайына кеткен жоқ-ау, жол нұсқап кетті. Мұқатай шал да талайдан бері екі ойлы боп жүрген, енді іркілмейтін шығар.
Екеуміз екі өкпемізді қолға алып таяқ тастам жердегі жалғыз магазинге жүгіреміз. «Мектеп жасындағыларға арақ-шарап, темекі сатылмайды!» – дегендері жәй сөз. Тиын-тебенің болса несіне бәлсінсін, жас балалардың арақты татып алмайтынын бұл кісі де бес саусақтай біледі. Кімнің жұмсап отырғанын да айтқызбай сезеді. Бірақ кезексіз әке-көке десең де жібермейді, айдап шығады. Қаталдығы мен жұмсақтығы бірдей піркәшіктің тілін табатын осы ауылда жалғыз адам бар, ол қолды-аяққа тұрмай зымырайтын Жексенбек шал. «Қарағым, айналайын, черный көзім. Жетеді пенсияға қанша төзім? Ағаңа екі құмыра жаза салшы. Төлейтін Баязитов – менің өзім!», – деп шынтақтай келіп, қатын-қалаштан бұрын керегін қарызға жаздырып алып, шығып жүре береді. Обалы не керек, уәдесіне берік. Айтқан сөзін жұтып көрген емес, минут, сағатында пұлын алып келіп береді. Пленде жүріп немістерден үйренген дәрісі ғой дейді үлкендер.
Демалыс күнінің кереметі де осы. Оқу жоқ, тоқу жоқ. Жатқаның шәниіп. Мәселе есеп шығарамыз деп көк теректің басына және шығасың ба, жиған-терген әдемі киноактрисалардың суреттерін сонау беткейге барып, оңаша жерде тамашалайсың ба – өз еркің. Әй дейтін әже, қой дейтін қожа жоқ. Рахатизм. Исабек мұғалімнің кәмпитін уыстай тағы терек төбесіндегі үйшікке жайластық. Қасымыздан пыр-пырлап топ-тобымен суықторғай ұшып өтеді. Менің нағашымның қамбасына тартып барады зәндемілер, тесік-тесіктен кіріп алады да бидайға сылқия тойып шығады. Талай сыладық; талай бекіттік, әйтеуір бір саңылау тауып алады. МИГ ұшағындай ауаны қайшылай қарлығаштар сымпылдайды. Қара қарғаның да жүрмейтін жері жоқ талтаң-талтаң етіп. Бұл шіркіндер осы мезет дала кезуші еді, мынаған не көрінген саяқ қалып. Сасық көкектің сұңқылы заполатша қаланған қидың маңынан үзіліп-түйіледі, айдарлы сараланың ұясын Төлеуғазы екеуміз қанша іздегенімен таптырмады. Пәленің пәлесі. Біздің үйдің тарғыл мысығына да шалдырмады, әлде бұл тырнақтың сасық атаулыға беттемей ме? Солай-ақ дейік. Жаңағы қарғаның жүрісін Исабек мұғалім көрмейді-ау, аяқ алысына қарағанда, ноқаттың көкесі сонда болу керек.
– Мен саған бір өтірік айтайын. Біздің қыздар түн ішінде моншаға айна алып барады екен. Бастабында жын соқты ма деп ойлағам. Өз көзіммен көрдім. Көлемі тура сенікіндей. Бал ашады сонымен. Дәл түн ортасында айнаның бетіндегі бүркеуді жұлып кеп алады. Сонда болашақ күйеуінің бейнесі жарқ ете түсетін көрінеді. Апыл-ғұпыл жаба салмасаң, жағыңнан шапалақпен осып жібереді екен дейді. Ана Андреевкадағы жынды Пашаның бетіндегі қара нысан содан қалыпты. – дейді Төлеуғазы аунап түсіп. – Ал, балаларға келіншектері көрінер ме екен? Сенде үлкен айна бар, монша – Келістікінде. Шырайхан химик айтпақшы, эксперимент жасап, тәжірибеден өткізіп көрмейміз бе?
Мен шошып кеттім. Жүрегім зырқ ете түсті. Түн ортасында шешем мені монша тұрмақ көршілерге жібермейді, жалғызым, жарығым деп туған әпкеме де қатты сөз айтқызбайды. Әпкем тұрмысқа шығып кеткелі тіпті айналып-толғанып, басымнан құс ұшырмайды. Соны айтсам, қазір мына Төлеуғазы ішін басып, ішек-сілесі қатқанша күледі. Айтып қайтем, әне апамның өзі де келе жатыр.
– Құлыным, түсте шам өшпеуші еді, жалп етті де, сөніп қалды. Әлгі пердеқранителі құрғыр күйіп кеткен шығар. Шәйнекті тоққа қоса қойып ем сендер шәй ішсін деп. Барып Сейтжан жездеңді шақырып келе ғой, жөндеп берсін, – дейді апам жоғарыда жатқан бізге дауыстап.
– Ой, апа, ол арбасын жегіп бағана шөпке кетіп қалған, – деймін мен көпе-көрнеу өтірікке басып. Шешем де бір мазасыз адам-ау, басқа шаруасы құрып қалғандай, енді өзгені қойып, үйдің энергетикасы мәселесімен айналысқысы келеді.
– Онда Мәжін мәнтөрді алып кел. Көрсін, соның кілтипаны ғой. – дейді апам ағаш түбінен ұзамай.
– Ой, апа, ол таңертеңгі автобуспен Андреевкаға кеткен. Нанбасаң, мына Төлеуғазыдан сұра. Кешке бір-ақ келеді. – Апам көріп тұрғандай Төлеуғазы басын изейді. Шешем сендім-сендім дегендей жайына кетеді. Онай-ондай ұсақ-түйекті өзіміз-ақ лекерлей саламыз, соны да сөз деп.
Бағанағы клуб алдындағы көк тракторға жан бітіпті, бар-бар етіп Үшағаш қиясына тырмысып барады. Өзен бойлай өрлеген жекеменшік қой да сарқырамадан асып кетіпті. Ірі қара табынын бақташылар сусындар алдында иіріп қойыпты.Батыс қапталдағы екі ат бірінің арқасын бірі қасып, шипың-шипың етіп олар тұр. Мана біз барып шыққан магазиннің алды қара-құрым – не жаңа тауар түсті, не қырғын төбелес. Біздің ауылға участковый милиционер әке десең, аттап баспайды, біреуді біреу сотқа сүйреп те әуре-сарсаң қылмайды. Бас жарылса – бөрік ішінде, қол сынса – жең ішінде. Бүгін шекіссе, ертең бекіседі.
Магазин алды – қан майдан. Кеу-кеулеген, қой-қойлаған жұрт екі жақта да бар. Қақ ортада Бородинодағы Наполеондай Балташ тұр тәлтиіп. Ақ көйлегі анадай жердегі сасыр үстіне керілген, мәйкесі – үрпиген ошағанның басында.
– Әй, Сарман, қане шық жекпе-жеке. Аузыңнан қара қаныңды ағызам, тура бар ғой, қан жалатам. Мені, сен тұрмақ, қатыным да асқарбләт ете алмайды. Балтай-талтай деп. Мен топорикпін. Көзіңді ашып қара, белуарыңнан қақ жарам. Үндістердің томогавкі – мына менмін, – деп шыркөбелек айналады. Шәкөшкедей жұдырығымен ауаны түйіп-түйіп жіберіп, ыршып-ырышып түседі.
Қарсы бет те қамсыз емес секілді. Сарманды баптап салуға даяр бір ұдай жұрт оның бұлшық еті мен мойнын уқалап, жалаң қағып жүр. Ол қолын сермеп, айтар сөзім бар дейді.
– Әй, балтай-талтай, тойыс Балташ! Саған қояр шартым бар.
– Шартың болса, айт! – деп Балташ шақ ете түсті.
– Бірінші кезекті қидым саған… Аяма. Қасқайып қарап тұрам, сен ұрасың. Жер қапсам,
жеңіс сенікі. Ат-шапан, айып – менен. Қара жер көтерсе – екінші кезек менікі. Осыған тұрайық.
Тұрсақ -тұрайық десті екі тарап. Қызықтың көкесі енді басталды дей бер. Жарандар-ау, біздің ауылда мына тарихи тайталасты келер ұрпақ үшін таспаға түсіріп алатын кинокамера болса ғой, шіркін. Гараждың алды лезде гладиаторлар алаңына айналды. Мұндай жерден спорт комментаторлары репортаж жүргізсе де еш артықтық етпес еді. Рас-ау, тегі. Әнеки, жиырма-жиырма бес метр жерден жұдырығын үйіріп Балташ Сарманға қарай қара құйындай ұшты. Қаршығадай сорғалаған, бөктергідей безілдеген, лашын құстай түйілген Балташтың шып-шымыр жұдырығы Сарманның түкті иегінің астынан сақ ете түсті. Құдай сақтаған шығар, Сарман мызғымады. Тәлтіректеп барып бойын жинап алды. Соққы өткір, соққы жойқын еді. Атан өгізді сұлатар соққы.
Ендігі кезек Сармандікі. Екі танауы желп-желп етіп, қушиған қурай көлеңкесімен теңеліп, мықынын таянып тұрған Балташты көзді-ашып жұмғанша қол сыртымен қағып жіберді. Төрткүл дүниенің де жағынан оты шыққан болу керек, жан-жағымыз жарқ-жұрқ ете қалды. Балташ екі аунап түсті. Атып тұрды да Сарманға қарай айғайлай тұра ұмтылды.
– Әй, Сарман! Брависсимо! Әкел бесті, осы ауылдағы менен кейінгі мықты жігіт сен екенсің! Разымын! – деп Сарманның бетінен сүйіп, ақ шатырдай көйлегін киді. Одан әрі не болары бәрімізге белгілі. Магазинге ең жақын үй кімдікі – Мұқатайдыкі, ел сол үйге жиналады, мұңдасады, сырласады, татуласады, тарқасады.
Думан әбден қызса керек, қызара-бөрткен Мұқатай шал бізді шақырды да, он алтыншы мылтығын беріп тұрып:
– Алып кетіңдер ананы. Аулаққа апарыңдар, – деді. Ұғып тұрмыз. Бұйрықтың аты бұйрық. Қара қанденді «кә-кә-кәләп» шақырып алдық та, мойнына қарғыбау тағып, бел асып кеттік. Сырттай қараған жан мына екі қутабан Бөтейкөл жақтан құс шолуға беттеген шығар деп топшылары кәдік. Құс қайда, біреу қайда. Соқыр үйрек болмаса, маңына жолата қояр ма саралақаз бен пырылдаған шүрегейің. Біздің уайым қанденнің қаперіне кірер емес, арсалаңдап асыр салып келеді. Байқұс буданның базары таусылды дей бер. Көздеген межеге де жетіп қалыппыз. Айдаладағы жалғыз долана сыңсып тұр. Төртаяқтыны ананың түбіне мықтап байла деді ыммен Төлеуғазы маған. Дәп бір қанден тілімізді түсініп қоятындай. Өзі анадай жерге барып оқталып, көздей бастады да сылқ етіп отыра кетті. Көзім қанденнің көзіне түсіп кетті – бір уыс болып қалған иттің көзінен жас парлап тұр, көзім Төлеуғазының көзіне түсіп кетті – ол да ағыл-тегіл. Бода-бода болып мен жүрмін. Әйтеуір, қара қанденді азат етіп жібергенім еміс-еміс есімде. Құлақтары салпылдап, еркелей аяғымызға оралған итпен бірге ауылға қайттық. Күн еңкейіп қалыпты. Өлекшін қанден оқ бойы озып кетті. Біздің алдымызда, ұзын жолмен әлгінде ғана үлкен мәшине жүріп өтіпті. Қытай иероглифіндей бадырайған ізі сайрап жатыр. Оның үстіне қара қанденнің төрт аяғы мөрленіп барады.
Есіктің алдына желпінуге шыққан Сарман аман қалған қанденді құшақтап сарнап отыр:
Кім, қазір, айтшы, дос маған?
Өкпесін жаулар кеше ме?
Ауылымды туған еске алам,
Көп еді иттер көшеде.
Солар ғой мені сыйламақ,
Дос болып қайтем басқамен.
Иттерді түгел жинап ап,
Оқысам, шіркін, жақсы өлең.- деп кішкене иттің басынан мейірлене сипап, танауынан шөпілдетіп сүйіп-сүйіп алады. Қасында шікірейіп тұрған Балташ әрі қарай қалай еді, әрі қарай қалай еді деп дігерлейді. Сарман кейкимейді, әрман қарай қоя береді:
Өлеңді қалай ұқпасын,
Ит емес – досың тас жүрек.
Кезекпен үріп құптасын,
Оқыған жырың жақсы деп.
Шынымен соны құп көріп,
Жүрегіме жылы нәр татам.
«Кеттің бе, – дейді, – ит болып», –
Ауылда жатқан қарт анам.
Ит жайлы қайдан білсін ол,
Иттерді мақтап күлемін.
Күрсініп барып түсінер,
Маскүнем ұлдың жүрегін.
Өрістен шермиіп-шермиіп мал құлайды. Сам жамырайды. Біздің ауылдың терезелері де бірімен-бірі жарыса жарқылдайды. Қырдан әндетіп шөпшілер қайтады. Қорадағы қос сиыр күйіс қайыра ыңыранады. Төлеуғазы берген қанденнің ала күшігі әлсін-әлсін бас көтеріп, шәу ете түседі. Мұндай сақ болар ма жаратқан иемнің жәндігі.
Алматы, «Ақсай – 2», 35, 101. 21 қараша, сәрсенбі, 2007.
Парақшамызға жазылыңыз
Керемет әңгіме. Жазушының басқа шығармаларын да жариялауларыңызды сұраймын.
Жазушының “Сырахана императоры” деген керемет әңгімесін оқыған едім, бұл әңгімесі де терек әсер қалдырды.
Әңгіме жақсы жазылған
Филология ғылымдарының докторы, профессор Кәкен Қамзиннің әңгімелерін ғаламтордан кездестіру қиямет-қайым. Кәкен ағайдың бұл әңгімесін оқырман назарына ұсынып отырған сайтқа шексіз алғысымызды білдіреміз. Алайда, өзіме көшіріп ала алмағаныма қатты өкіндім. Және жоғарыда айтылған қолданушы “adam”-ның пікіріне қосыламын.
Кәкен Қамзин сынды ұстаздан, қолтаңбасы бөлек прозашыдан сабақ алу, тәлімін тыңдау бақыты бұйырғаны үшін, біз – студент ретінде өте бақыттымыз.
мен кәкен ағайдың шәкірті болғаныма қатты қуанамын
өте жақсы әңгіме екен, маған ұнады осындай әңгімелер көбейе берсін
Бұл әңгіме не жжайлы екенін айтып бересіз бе?Мен оның тілін ұққан жоқпын.
Ерсұлтан, әңгіме не жайлы?
АДАМГА КОМЕКТСУ ДЕГЕН ЖОГЫНАН