///

Қапыда қалған баяғы қазақ

1004 рет қаралды
1

Кедендік Одақ. Күні кеше келешегін кемелдендіру үшін қара қазақ ежелден таныс, шекаралас орналасқан мемлекеттердің жаңа ұйымына мүше болуды місе тұтты. Көп кешікпей сол мақсатқа қол жеткізді де. Алайда нәтиже қандай? Қалың бұқара «аузы күйген үрлеп ішедіні» айтады. Одаққа кірер-кірместен қымбатшылыққа, біріңғай жүйеге тап болдық. Шартта солай деп, әлеуметтің әлеуетін есепке алмадық. Қыл аяғы, дағдарыс дегеннің «дауылы» біздің елде де қылаң бере бастады. Азық-түлікті шет қойып, астымыздағы темір тұлпарды да жалмады. Жанармай бағасының шарықтауы өз алдына. Міне, Кедендік Одаққа мүшелік еткен аз ғана уақытта қазақ елі осындай түйіткілдерге тап болды. Алғашында бірлестіктің жай-жапсарын ұғына алмаған халық, енді Кеңес дәуірінің қайта түлеуіне балайды мұны. Сол мезетте ресми баспасөз құралдары жапа-тармағай жарыса жазған. Бірі қолдап, бірі – қорландық деп. Ресейлік «Известия» газетіндегі әріптестеріміз Путиннің өзінен сұхбат алуды жөн көріпті. Премьердің сөзіне сенсек, үш елдің ынтымағын арттыратын Кеден Одағы Кеңес одағының көшірмесі болмайтынын айтқан. Алайда, еуразиялық экономикалық кеңістік мәселесіне тоқтала келіп, ортақ валюта, үш ел азаматтарының еркін жүріп тұруы, жұмыс күшінің кедергісіз келуі сияқты маңызды дүниелерді, Қазақстан, Ресей, Белоруссия қарым-қатынасының нығаюы және бұрыннан келе жатқан байланыстың жаңа сапада дамуы деп түсіндіреді. Айтуынша, көші-қон,  еңбек күші квотасы, ішкі шекара секілді кедергілер алынып тасталған соң, үш мемлекеттің кез келген азаматы қай елде тұрамын, қай елде білім аламын, қай елде өсіп өркендеймін десе де өзі біледі. Шиырып айтқанда, Ресей президентінің мамық тағына қайта қонжимақ ниеттегі Путин Кеңес одағын қайта құрмақ ойының бар екенін ашық жеткізген.

Ат басын өзімізге бұралық. Ресейдің саяси ықпалындағы бүгінгі билік Путиннің ойын қос қолдап, қолпаштап шығатыны күмәнсіз. Бұған Қазақстандағы орыс тілінің «мемлекеттік тіл» қызметін атқарып тұрғандығын қоссақ, Еуразиялық одақ құру ісін Қазақстан жағы жеделдетпесе, қарсы шықпасы шындық. Бұл аз десеңіз, ел экономикасының  негізі әрі қозғаушы күшіне айналған ресейлік компаниялардың үлес салмағы мол екені және бар. Демек, Ресейдің Қазақстанды отарлауының жаңа кезеңі басталды. Кеше үш ел басшысы Кремльде бас қосты. Одақ мәселесін талқыға салды. Ақырында Еуразиялық экономикалқ одақ құрды. Мақсат – Еуразия құрлығында да ЕуроОдақ секілді алпауыт ұйым құрып, егемен елдердің елдігін арттыру, экономикасының дамуына серпін қосу. Бірақ, салыстырма сәтсіз сынды. Кіл өндірісі дамыған елдер құрған ЕуроОдақтың еуроның еңсесін түсіріп алып, абдырап отырғаны жаһанға аян. Бұндайды, көршілес ел басшыларының білмеуі мүмкін емес. Соған қарамастан, ұрандап отыр. Еуразиялық экономикалық ықпалдастық туралы декларация мен Еуразиялық экономикалық комиссия туралы келісім-шарт та бекітілді. Сөйтіп Кедендік Одақ шартының кезекті белесін бағындырды. Енді келер жылдан бастап жаңа ортақ орган құрылмақ. Құзіреті де күшті, құрығы да ұзын. Тіпті халықаралық шен де беріледі. Дегенмен бір қынжылтатыны – жаңа органды басқаратындардың басым бөлігі ресейліктердің қанжығасына байланады. Бұл ықылымнан кесіліп-пішілген. Аталған орган нарықтағы саудаңнан бастап, тәуелсіздікті айғақтайтын ішкі саясат мәселелеріне де қол салуға құқылы. Басқаша айтқанда, енді ел мүддесіне қатысты мәселелер бірлесе шешіледі. Қапыда қалған баяғы қазақ… Ақыр соңы қайда алып барары белгісіз…

Дастан Сейілханұлы

Парақшамызға жазылыңыз

1 Comment

Жауап беру

Your email address will not be published.

This site uses Akismet to reduce spam. Learn how your comment data is processed.

Соңғы жазбалар