Үлкен «Қайрат» түк мандытпаса да «кішісінің» аты өшпегеніне шүкір. Жоао Карлос Барбоза шәкірттері осы күндері Мәскеуде өтіп жатқан УЕФА Элиталы кезеңінде тәуір өнер көрсетіп, қатарынан екі күн жеңіске жетті
«Қайрат» (Алматы) – «Шателино» (Бельгия) 3:2
Голы: Шайбай 3 (0:1), Андре 8 (1:1), Алешандре 20 (2:1), Алешандре 23 (3:1), Буранелло 35 (3:2)
Ескерту: Фелипе 33
Алматылықтар алғашқы кездесуін Бельгияның «Шателино» командасымен өткізіп, Андре мен Алешандроның голдары арқасында қарсыласынан басым түсті.
«Қайратты» қарсыласынан атақ-даңқ жағынан салыстырғанда әлдеқайда жоғары тұр, алайда бельгиялықтар ойынның басынан «Еуропада деңгей атақпен емес ойынмен өлшенетінін» дәлелдегендей. Қарсылас ойыншы Карим Шайбай 4 минут өтпей жатып «Қайрат» қақпашысын қапы қалдырды. Бірақ, алматылықтар ес жиып таразы басын теңестіру үшін бес-ақ минут қажет етті. Ал бірінші тайм аяқталарда өткен жылдың қола жүлдегерлері қарсыластар капитанының қатесін кешірмей, «Шателино» қақпасына екінші гол соқты. Авторы – бразилиялық жаңа ойыншы Алешандре.
«Қайрат» ойыншылары демалыстан кейін де шапшаң қимылдап Филиппе бастаған шабуылды қайтадан Алешандре сәтті аяқтады. Есеп 3:1. Одан кейін 4-5 гол соғатын мүмкіндікті алматылықтар мүлт жберді. Ойын бітерге уақыт аз қалғанда қарсыластардың қақпашысы алаңға алтыншы ойыншы болып кіріп, «иелігінен» жиі-жиі шығып тұрды. Қарсыластардың сөйтіп өрбіген бір шабуылы голға ұласты. Соққан кім дейсіз ғой? Иә, «Шателино» қақпашысы Буранелло. Қақпашының қақпашыдан гол өткізгені қызық екен. Брунеллоның допты қатты тепкені соншалық, Игита доптың қайдан кіріп, қайдан шыққанын ұғып-та үлгермеді. Қалған уақытты алматылықтар қорғанумен өткізді. Әйтеуір, соңына дейін шыдап 3 ұпайды еншіледі жігіттеріміз.
«Экономац» (Сербия) – «Кайрат» (Алматы) 0:2
Голдар: Андре 3 (0-1), Лео Сантана 11 (0-2)
Ескертулер: Слободан Яньич 3, Владан Цветанович 14
Бұл ойынның басынан «Қайрат» ойыншылары допты өз бақылауына алып, сәл де болса басымдылыққа ие болды. 3 минутта алматылықтардың 12-нөмірі Алешандре Мораэс қарсыластардың добын ұрлап алып тепкелі тұрғандай қимыл жасап Андреге пас береді, ол 10 метр қашықтықтан допты тура тоңыздыққа түсіреді. Есеп 1:0. Сербия футболшылары өздерінің бірнеше оңтайлы сәттерін мүлт жіберіп алды. Доп бірде қақпадан қиыс кетсе бірде «Қайрат» қақпашысы Игита қолынан табыла берді. 11-минутта «Қайраттың» бразилиялық қорғаушысы Катата бірнеше ойыншы арасынан өтіп допты қақпаға теппекші болады, «Экономац» қорғаушысы да аяғын дер кезінде қойып үлгерді. Осы сәтте «Қайрат» шабуылшысы Лео Сантана сол қапталда ашылып үлгергенде оны көзінің қырымен байқаған Катата жылдам пас береді. Қақпашымен жалғыз қалған Сантана бұл тапсырманы оңай орындайды. Есеп айырмасы 2 голға жетеді.
Матч тағдыры 1-таймда-ақ шешіліп қойған екен. Демалыстан кейін қарсыластар көптеген шабуылдар ұйымдастырады, алайда қарсыластардың бір-біріне бағыштаған соққыларының ешқайсысы дарымайды. Есеп сол күйінде сақталып «Қайрат» «Динамомен» бірге 6 ұпайдан бөлісті.
Ертең «Қайрат», «Динамо» – қос тарландар, басты фавориттер мен УЕФА кубогынан үміткерлер паркетте түйісіп, өз ара мықтыны анықтайды.
Олжас ОҚАСОВ
Мінбер-Спорт
Парақшамызға жазылыңыз