//

“Қазақтың атына кір келтірмеуді мақсат еттім”

1118 рет қаралды
Осыдан бiр-екi ай бұрын жолымыз түсiп Түркияның Стамбул қаласында болған едiк. Сол кезде қазақтардың арасынан шыққан тұңғыш саясаткер, Стамбул қаласы Зейтiнбұрны ауданы әкiмiнiң орынбасары Ильяс Сахамен әңгiмелесудiң сәтi түскен едi. Назарларыңызға сол сұхбатты ұсынып отырмыз.
– Ильяс мырза, Түркиядағы қазақтардың ішінде саясатпен айналысқан тұңғыш қазақ сіз деп естідік. Саясатпен айналысуға не түрткі болды?
– Саясатқа ертеден қызыққан едім. Бала күнімнен Түркияда және әлемде болып жатқан саяси мәселелерге өзімше талдау жасап жүретінмін. Стамбул университетінің Саясаттану факультетін бітірдім. Оқуды бітіргеннен кейін бастапқы кезде жеке шаруамен айналыстым. Алматы мен Ақтөбеде үш жыл бір фирманың басшысы болдым. Сосын Түркияға қайта оралдым. Сөйтіп, жергілікті алты қазаққа барып жолығып, олардың мәслихат депутаты болуын өтіндім. Олар саясаттан аулақ, бизнесмендер еді. Сол кездегі Рефаһ партиясының жергілікті басшысына мен 6 адамның атын ұсындым. Алайда, ол саясаттану факультетін бітірген, саясатқа жақын менің Мәслихат мүшесі болуымды қалайтындығын айтты.
1999 жылғы сайлауда Зейтінбұрны әкімшілігі бойынша Рефаһ партиясы жеңіске жетті. 1999 жылдан бастап Стамбул қаласы Зейтінбұрны ауданының мәслихат мүшесі һәм осы аудан басшысының орынбасары қызметін 2004 жылға дейін бес жыл атқардым. Бес жылдан кейін қайта сайлауға қатысып, Мәслихат мүшесі және аудан әкімінің кеңесшісі қызметіне сайландым. 2004 жылы Рефаһ партиясы АК партияға, қазіргі билік партиясына қосылды. Мен сол партияның аудандық бөлімінің төраға орынбасары болып та қызмет атқардым. 2009 жылы партияның аудандық бөлімінің төрағасының орынбасары болғандықтан, Мәслихат мүшесі бола алмадым. Әзір Зейтінбұрны әкімшілігі әкімінің орынбасарымын. Осында жұмыс атқарып тұрған алғашқы жылдары күніне 16 сағаттан жұмыс істеген күнім болды. Өйткені Түркиядағы бір түрік жұмысты нашар істесе, оның атымен, мәселен, «Мехмет, Нежмеддин» жұмысты дұрыс істемеді дейді. Ал, мен жұмысты дұрыс істемесем, менің атыма сөз келмейді, тұтас бір ұлттың, қазақтың атына сөз келеді. Сол себепті де, мен халқымның абыройын биік ұстауды мақсат еттім.
– Қазақтар Түркияға келіп орныққалы да 58 жыл өткен екен. Осы уақыт аралығында қандай өзгерістер болды. Сіздер осында туып-өскен ұрпақтың өкілісіздер. Жалпы, қазақ тілін сақтау деңгейі қалай?

– Менің туып өскен мекенім, Стамбул қаласы, Зейтінбұрны ауданы. Осы Зейтінбұрныдағы Казлышешме мектебін бітірдім. Аудан әкімі Мұрат Айдынға айтып жүріп, қазақтың ұлы шайыры, дана Абайдың есімін осы мектепке беруге ықпал еткен едім. Бір күні осы мектептің жанынан өтіп бара жатып, байқап қалдым, мектеп әлі «Казлышешме» мектебі деген атаумен тұр. Мен осы жайында әкімге хабарлаған едім, ол кісі аудандық оқу бөліміне хат дайындауымды сұрады. Сөйтіп «Казлышешменің» қасына «Абай» сөзі қосылды. Зейтінбұрны ауданында Абай және Ахмет Иассауи атындағы даңғылдарымыз бар.
Құдайға тәуба, бізді жергілікті халық өздерімен тең дәрежеде ұстады. Қазір қазақтардың арасында оқыған адвокат, доктор, инженер, табысқа жеткен бизнесмендеріміз бар, Құдайға шүкір, жағдайымыз жақсы. Бірақ, ең басты проблемамыз – осындағы азғана қазақ қазақ тілінен мақұрым қала ма деген үрей. Біз алдымыздағы әке-шешемізді көріп өстік. Қиналсақ та, қазақша тіл қатыса алып отырмыз. Біздің балаларымыздың қазақша сөйлеуі мүмкін емес.
– Саясатпен айналысқан адамдар бар ма, қазақтар арасында?

– Жоқ. Бұл да біздің халқымыздың мінез-құлқына байланысты болуы керек.
– Біздің естуімізше, Стамбулдағы Қазақстан консулдығының жанынан қазақ тілін үйрету курстары ашылған көрінеді. Бірақ сұраныстың жоқтығынан жабылыпты…
– Әрине, Қазақ консулдығының ашқан арнайы курстары болды. Онымен бірге Зейтінбұрныдағы қазақ мәдени-орталығының да ашқан курстары болды. Бірақ, оған үгіттеу жұмыстары жүргізілмеді. Кейбір отбасылары ондай курстың ашылғанынан бейхабар болды. Ол жұмысты шын мәнісінде қолға алғысы келсе, үгіт-насихатын да келістіріп жасауға болатын еді.
– Сіз сонымен қатар Қазақ мәдени-орталығына да жетекшілік еткен екенсіз. Осы қор туралы да айта кетсеңіз.
– Мен 2002-2004 жылдары аралығында Зейтінбұрныдағы қазақ-мәдени орталығының жетекшісі қызметін атқардым. Сол жылдары Қазақстанмен жақсы қарым-қатынас орната алдық. Қазақстан Түркиядағы қазақтар жайындар көбірек мәліметтер ала білді. Осында келген әрбір қазақ ансамблін тауып алып, олардың Зейтінбұрныдағы қазақ баласы үшін ән шырқауына жағдай жасадым. Тек қана қазақтарды ғана емес, түріктерді де көптеп шақырдық. Олар да қазақ мәдениетімен таныс болсын, өнеріне тәнті болсын, әніне қол соқсын деген мақсат болды. Құдайға шүкір, әзір Түркияда ең көп танылған мемлекет – Қазақстан.
– Жалпы, Түркиядағы қазақтардың әлеуметтік жағдайы қалай?
– Менің жеке көзқарасым бойынша, 1980 жылға дейін қазақтардың әлеуметтік жағдайы жақсы еді. Неге десеңіз, осы уақытқа дейін Түркияда адал еңбекпен күн көрген адамның тірлігі жақсы болды. Біздің қазақтардың барлығы он қолынан өнер тамған шеберлер еді. Барлығы тері өнімдерін өңдеумен айналысты. Әрі жақсы ақша да тапты. Бірақ олар ақшасын жастықтың астына сақтады. Оны тауарға айналдыруды білмеді. Стамбулда жер арзан еді, оны сатып алуды да мұрат тұтпады. Егер жер сатып алған болса, ол үлкен капиталға айналар еді. Өткен ғасырдың 80-ші жылдарынан кейін, Түркияда көптеген ірі өзгерістер болды. Түркия бүкіл әлемге есігін ашып, сауда қарым-қатынасын күшейтті. Бұл Түркияда инфляцияны күшейтті. Өздеріңізге мәлім, қайда болса да, инфляция адал еңбекпен күн көретін адамдардың қаржылық жағдайына бірден кері ықпал етеді. Дегенмен күнкөріс қамымен әркім өз тіршілігін жасап жатыр. Мен өз басым қайыр тілеп, нан сұрап жүрген қазақты көрген емеспін.
– Қазақстанмен қарым-қатынас қандай деңгейде?
– 2004 жылы Абай атындағы мектептің ашылу салтанатына Н. Назарбаев өзі келді. Осы салтанатқа қатысып, Қазақ Елбасының алдында сөйлеу құрметіне ие болғанымды мақтан етемін. Абай мектебінің ашылуы үлкен бір той болып өтті. Жылда алғашқы қоңырау алдында мектепті Анкарадағы қазақ елшілігі салтанатты түрде ашып береді. Біздің Қазақ елінен өтінеріміз – осында Қазақ мәдени орталығын ашса. Ондай орталықтарды немістер, голландықтар ашып отыр. Қазақстан бүкіл әлемнің назарын өзіне аударған, жас әрі демократиялы, әрі қарқынды даму үстіндегі мемлекет. Әр елде жүрген қазақ диаспораларының қамы үшін, Қазақ елінің айбары үшін үлкен бір қазақ мәдени орталықтарын ашу, Қазақстан үшін бұйым болмауы керек. Тек ниет болса.
– Қазақстан көп ұлтты мемлекет дегенді жиі айтамыз. Сол көп ұлт үшін саясат жүргізіп отырмыз. Байқауымызша, Түркия да көп ұлтты ел екен. Бұндағы ұлттардың тілін табу қиынға соғып отырған жоқ па?
– Түркия – көп ұлтты мемлекет, бірақ, мемлекеттік тіл біреу – түркі тілі. Қалаңыз, қаламаңыз, түркі тілін білмей мұнда өмір сүру мүмкін емес. Діні басқа ұлттардың, өздерінің жексенбілік мектептері бар. 24 сағат күрд тілінде хабар тарататын телеарнамыз бар. Араб тілінде хабар тарататын телеарна да бар. Осыдан отыз жыл бұрын күрд тілінде 24 сағат хабар тарататын телеарна ашу туралы әңгіме айтудың өзі мүмкін емес еді, демократиялық заңдылықтар күшейген сайын, мүмкін еместің бәрі мүмкін болып келеді. Осыдан он жыл бұрын Түркияда күрд тілінде сөйлеуге тыйым салса, бүгінде қай тілде сөйлесең де, өз еркің. Түркияның геосаяси стратегиясы қиын жағдайда.
– Мемлекеттік қызмет орындарында басына орамал тартқан қыз-келіншектерді байқамадық. Жалпы, Түркияның саяси билігінде хиджабқа деген көзқарас қалай?
– Қазіргі заң бойынша, мемлекеттік қызметтегі, оқу орнындағы мұғалімдер, т.б. да көпшілік үшін орамал салуға тыйым салынған. Демек, хиджаб киген қыз-келіншектер әкімшілікке қызметке тұрғысы келсе, оларға рұқсат етілмейді.

– Әңгімеңізге рахмет!  

 Есенгүл КӘПҚЫЗЫ
“Түркістан” газетінен
Парақшамызға жазылыңыз

Жауап беру

Your email address will not be published.

This site uses Akismet to reduce spam. Learn how your comment data is processed.

Соңғы жазбалар