/

«Барыс» қаһарына мінді

829 рет қаралды
1

Құрлықтық хоккей лигасында өнер көрсететін Астананың «Барысы» Новокузнецкіде «Металлург» клубын жеңіп, жанкүйерлерін желпіндірді. Енді ше, аталмыш лига кестесіндегі үздіктер қатарына сынық сүйем қалды.

«Барыс» жоғары өрлеп келеді

Сейсенбі күні түнде «Металлург» (Новокузнецк) клубын 3:2 есебімен жеңген «Барыс» көпшілікті сүйсіндірді. Себебі Новокузнецк қаласына жетудің өзі оңай болған жоқ. Новосибирск қаласынан уақытында ұшып кете алмай, Новокуз­нецкіге ойын басталардан бірнеше сағат бұрын ғана жетті. Негізі, бір күн бұрын жетулері керек болатын. Жол хикметінің ойын нәтижесіне әсер етуі де мүмкін еді. Әрі айдын иелері бірінші болып есеп ашып, жанкештілік танытты. Бірақ «Барыс» та қарап қалмады. Жол соғып келгендеріне қарамастан, жеңіске деген жігерлілік танытып, таразы басы теңселіп тұрған соңғы секундтарда гол соғып, жеңіске жетті. Елордалық клуб сапынан голдарды Даллмэн, Доус, Крепс сынды бесаспап легионерлеріміз енгізді. Канадалық қақпашымыз Джефф Глассты да бөле-жара атап өтуге болады. Ол өз қақпасына бағытталған 38 соққының 36-сын тойтарып, небір қауіпті сәттерде хас ше­берлік танытты.

Осы ойыннан соң, Қазақстан клубы 29 ойыннан 49 ұпай еншілеп, жоғары өрлеп келе жатқан екпінін үдете түсті. Нақтырақ айтар болсақ, дәл қазір қазақтың тарғыл «Барысы» ҚХЛ-дың жалпы кестесінде 8-орынды, «Шығыс» конференциясында 3-орынды, «Чернышев» дивизионында 3-орынды иеленіп тұр. Өз конференциясында «Металлург» (Магнитогорск), «Ак-Барс» (Қазан), «Салават Юлаев» (Уфа) секілді айбынды командалардан жоғары тұр. Ал азулы «Авангардпен» үзеңгі қағыстырып келеді.

Өздеріңіз білесіздер, биылғы маусым барысында «Барыс» бас бапкерін ауыстырған. Енді «Барыстың» осы екі бапкермен жинаған ұпайларын салыстырып, көрсеткіштеріне сәл-пәл тоқталып өтсек. Андрей Хомутов орнынан қағылғалы бері, яғни 25 қазаннан бастап «Барыс» 15 ойын өткізді. Осы 15 матчтың 11-інде жеңіске жетіп (бір рет овертаймда басым болған), төртеуінде жеңілістің кермек дәмін татты. Осы 15 кездесуден 32 ұпай еншіледі. Мұның бәрі бас бапкер міндетін Андрей Шаянов атқарып келе жатқалы қол жеткізілген көрсеткіштері. Ал Хомутовпен елордалықтар 14 ойын өткізіп, бар болғаны 17 ұпай еншілеген еді. Төрт кездесуде ғана жеңіске жеткен-ді. Сөйтіп, көш соңында қалған.

«Барыстың» Хомутов пен Шаянов жетекшілік еткен кездерін салыстыру үшін соңғы ойынның нәтижесін есепке алмаған да жөн. Сонда екі бапкер де «Барыспен» 14 кездесуден өткізген болады. Хомутов пен «Барыс» жоғарыда жазғанымыздай, 14 ойыннан небәрі 17 ұпай жинақтаса, Шаянов пен елорда клубы 14 кездесуден 29 ұпай еншілепті. Әлдеқайда көп емес пе?!

Рекорд қуған капитан

Естеріңізде болар, «Барыстың» капитаны, канадалық әмбебап қорғаушымыз Кевин Даллмэн ҚХЛ-дың 2008/2009 жылдардағы алғашқы маусымында рекорд жаңартқан. 28 гол соғып, 30 рет нәтижелі пас беріп, 58 ұпаймен ширек ғасыр бойы қаймағы бұзылмай тұрған рекордты жаңғыртқан еді. Бұл көрсеткіш бойынша ҚХЛ тұрмақ, Ресей және КСРО чемпионаттарында қорғаушы біткен Даллмэннің «шаңына» да ілесе алмай қалған. Соған дейінгі қорғаушылар арасындағы рекорд әйгілі Вячеслав Фетисовке тиесілі болатын. КСРО-ның төрткіл дүниеге танымал қорғаушысы 1983/84 жылғы маусымда 49 (19+30) ұпай жинаған-ды. Даллмэн гол соғу жағынан да, «гол+пас» жүйесіндегі жалпы ұпай жағынан да Фетисовтің өзінен асып түскен.

Жақында ештеңеден тайсалмайтын қарымды қорғаушымыздың тағы бір рекорд жаңартқаны мәлім болды. Даллмэн нәтижелі пас беру жағынан ҚХЛ-да ойнайтын қорғаушы біткеннің ішінде бірінші болып 100-ден асып түскен екен. ҚХЛ құрылғалы бергі төрт маусымда Даллмэннің 103 пасынан кейін гол соғылып, қарсыластары опық жеген. Төртінші маусымның жартысынан көбі әлі алда екенін ескерсек, капитан Кевиннің бұл көрсеткішін ұлғайта берері анық. Әзірше ол 29 ойыннан 27 ұпай еншілеп (8 гол + 19 пас), пас беру жағыннан қорғаушылардың бәрінен озық тұр. Бұл тұрғыда ҚХЛ-дағы шабуылшылардың өздері Даллмэнге әзер ілесуде. Тек үшеуі ғана «Барыстың» капитанынан асып түсе алған: В.Шипачёв (26 пас), М.Редлихс (25) және Т.Мортенссон (22). Қорғаушылар арасында екі номинацияда («гол+пас» жүйесі мен нәтижелі пас беру бойынша) көш бастап тұрған Даллмэннен көп гол соқ­қан қорғаушылар да тым аз. ҚХЛ қорғаушылары ішінде әзірше тек Д.Калинин мен А.Рязанцев 11 голдан соғып, «Ба­рыстың» капитанынан жоғары тұр. Қысқа қайырып айтқанда, Кевин Даллмэн – бірнеше номинация бойынша үздік ойыншылар бестігіне кіретін ҚХЛ-дың теңдессіз ойыншыларының бірі.

«Амурдан» есе қайтара аламыз ба?

«Барыс» бүгін Новосибирскіде жергілікті «Сибирь» клубымен кездеседі. Содан соң Қиыр Шығысқа ұшып, сенбі және жексенбі күндері Хабаровскіде «Амурмен» екі рет ойнайды. «Барыс» Астанада осы командадан екі рет оңбай ұтылған. Біріншісінде 0:4 есебімен ұтылып, осы жеңілісінен кейін Хомутов отставкаға жіберілген. Одан соң тізгін Шаяновқа берілген күні 2:6 есебімен жеңіліп қалып, қылышын тасқа ұрған. Енді психологиялық күйзелістен арыла алмай жүрген кездегі сол екі жеңілістің есесін қайтару керек. Сонда тіпті 31 ойыннан 52 ұпай еншілеп, өз дивизионымызда көш бастап тұрған «Амурды» басып озуға да болады. Кім біледі, мүмкін, Хабаровск хоккейшілерін екі рет тізерлетіп, есе қайтарсақ, «Чернышев» дивизионында көш бастап, «Шығыс» конференциясында ша­рықтармыз…

Нұрғазы САСАЕВ

Парақшамызға жазылыңыз

1 Comment

  1. Шаянов қайта командаға келгелі “Барыс” атқа мінді. Ақ барыс пен Салаватты жеңді. Енді тек сәттілік тілейміз. Аласында Талғат Жайлауов сында мықты хоккейші барын білеміз! Тек алға Барыс

Жауап беру

Your email address will not be published.

This site uses Akismet to reduce spam. Learn how your comment data is processed.

Соңғы жазбалар