///

Алаш арыстарының бірі – Жүсіпбек Аймауытұлының хаты

796 рет қаралды
2

(А.Байтасовқа)

Әдебиет – ұлттың жаны. Ұлттық сана, тағдыр, жан жүйесi – көркем өнердiң басты тақырыбы. Таптық жiк арқылы әдебиет жасалмайды. Байлар да қайғырады. Әсiресе қазақ өмiрiнде бұл өте ажыратылмаған iс. Қазақтың тағдыры ортақ. Мен өзiм де кедей боп өстiм.
Сонда көргенiм, кедей жiгiттерi жаман аяғымен, байдың жақсы төсенiшiн былғайды. Тiлегенiн сұрайды. Қызының, қатынының қойынына барсам ба деп дәме қылатындар да бар. Осылай жүрген еркектерде байдан бөтен дүниеге көзқарас болуға мүмкiн бе? Сiрә, бiздiң жас марксшiлер үлкен кiтаптарды оқып алады да: «Мынау қазаққа келедi екен»,– деп жалшының, не мұжықтың көзiмен қазақты өлшейдi. Маркстi бiздiң жiгiттер қазаққа жанастыра алмай, шатақ осыдан туып жүр ғой деп ойлаймын. Қазақ өзгеше (своеобразный) тұрмысты, тарихты, салт-саналы жұрт болуға керек. Қисыншыл (теоретик) болумен тәжiрибешiл болудың арасы алыс. Бiздiң Ғаббас алдыңғысы болар деймiн. Әуелi қазақты оқу керек. Қазақты бiлемiн дегенмен көбiмiз бiле бермеймiз, оны мен Бройданың кiтабынан көрiп отырмын. Бiз анық бiле алмай, көмескiленген нәрселердi ол анық айтып отыр. Қазақ – ұйымсыз, қазақ – берекесiз, қазақ – ұлтшыл емес. Малы қандай болса, мiнезi де сондай жұрт. Бұл мәселе түбiрленбей тұрғанда бiзде даудың шегi болмайды.
Тағы бiр қосылмайтын жерiм: «Ақын – таптiкi ғана болады. Бiрақ кейде тұрмыс жағдайымен, таптан мойыны асқан, тап шарасынан жоғары, өзге таптың да сойылын соғатын бұқарашыл, ұлт санасын меңгерген ақын да болады», – деп Плеханов айтады. Оны Ғаббас жазып отыр. Олай болса, қазақ ақындары тапқа неге қамалып қалды. Неге байшыл, неге дiншiл болуға мiндеттi? Отаршылық зардапты бай, кедей, ұлт болып тартқан жоқ па едi? Жерiнен бай да, кедей де қуылған жоқ па едi? Малы жоғалса хохолдан бай да, кедей де таяқ жеп, өлгенi – өлген жоқ па едi? Ұлт мұңы бұрын бiр емес пе едi? Бiр болғандықтан да, Асан қайғысы, Бұқар жырауы, Шортанбайы, Абайы, Ахметi, Мiржақыбы, Мағжаны, тағы басқалары отаршылдыққа, орысқа, патша өкiметiне қарсы болып келген жоқ па едi? Осы өткен ақындардың бәрiн байшыл, кедейшiл қылып алып, одан кейiн Мағжанға, тағы тағыларға келсе, сонда жүлгелi (последовательный) болып сынаған болмай ма, әйтпесе, Мағжан байшыл, Мiржақып байшыл, Бейiмбет кедейшiл деген сөз бола ма?
Төңкерiстен бұрын, деген қара кедей Сәбит Дөнентайұлы да, Бейiмбет те бәрi де ұлтшыл болып жазып жүрсе, ендi кедейдi бетке ұстады деп, олар тап ақыны бола қалмақ па? Бояма ақын бола ала ма? Әдебиеттiң сұйылуы боялудан шығады деп бiлемiн. Шындап ақын жаза алмаса, ақын емес, етiкшi. Рас, пiкiр жүре өзгередi. Орыс жазушыларының да кейбiрi төңкерiстен кейiн жарамсақтанған, олардың iшiнде жарамсақтықтан аманы да бар. Қазақ ақындарының пiкiрi соншама күрттен өзгергендей жағдай болған жоқ: өйткенi төңкерiске бiз көлденеңнен қосылдық. Ащылы, тұщылы тауқыметiн басымыздан көшiргемiз жоқ. Сондықтан тек думанға, дүрмекке қызып, төңкерiстiң маңызын, дәмiн тата алмай (…) қалдық. Сол дүрмекпен әлi келе жатырмыз. Күшенгенмен сөзiмiз үйлеспей жатыр.
Мен өз басымдағыны айтайын. Өзiм нағыз кедейдiң баласымын. Бай туысқандарымнан зорлық, қысым көрiп өстiм. «Балаң орыс болып кетедi, солдатқа алып қояды» деп немере ағам орысша оқытқызбаған. Өз баласын орысша оқытып жүрiп, менi оқытпаған. Сөйтiп мен, байға, жуанға өш болып өстiм. Бiрақ, жүре, оқи, көз ашыла келе, байдың да, кедейдiң де орыстан көрген қорлығын көрдiм. Шорман ауылының Қаракөл деген ата қонысын, Баян төңiрегiндегi қазақтың шұрайлы жерлерiн келiмсектер алды, оны мен естiдiм де, көрдiм де. Орыс стражниктерiнен, полицейлерiнен қазақтың талай таяқ жегенiн көрдiм. Ана жылғы Қарқаралыға хохолдан қорқып, қашып келiп жүрген Жетпiсбайлар есiмде. Хохол жоғалған малы үшiн оның (надан адам ғой) атын тартып алса, ол сотқа берген ғой. «Сотқа беретiн неме екенсiң деп», хохолдар оның аулына жиналып келiп өлтiрмек болған. Содан (VII том 148-бет) қорқып, қыстай үйiне жолай алмай жүрдi ғой. Ақмола үйезiнде Төкiш деген бiр кедей әншi бар едi. Жақ жоқ әншi едi. Соның ауылын малы жоғалған хохолдар шауып, Төкiштi тепкiлеп өлтiрген.
Бұлар 22-23 жылдардағы оқиға.
Осыларды көрiп, естiп тұрып, қалай тапқа кiсенделерсiң? Кеше ғана осы жылдың сентябрiнде Қарқаралының алты кедейi Қояндыдан Орынборға жылқы айдауға бiр орысқа жалданып келе, мұнда келген соң орыс ақысын бермей қашқан да кеткен. Олар менi тапты. Бiреуi ана жылы Торғайға мал айдауға жалданған, менi бiлетiн Сәбiкей деген жiгiт екен. Сорлы кедей қаңғып, зарлап қайтып кеттi. Қолдарында түк белгi жоқ. Не қыларсың?
Осының бәрi жүзден бiрi. Бәрiн көрiп, естiп жүрсiң. Қай қазақ хохолдың жерiн тартып алды, үйiнен бездiрдi? Ауылына ат ойнатты, өлтiрдi, ақысын бермей, сауырға бiр салып қоя бердi? Мұнша зорлықты кiм iстеп отыр? Осының бәрiн көре, бiле тұра – кiмшiл болу керек?
Рас, бұқарашыл болу керек. Байды мақтауға болмайды. Өзiм байдан жақсылық көргем жоқ, байды жақтап жазғам жоқ. Бiрақ мен тап ақыны бола алармын ба? Менiң миымдағы перне шұп-шұбар. Сыртқы әсерден миымдағы iздер де бар. Ол iздермен жүрмесiме мүмкiн бе? Ғаббас қалай жүргiзбейдi екен? Құлағымнан, көзiмнен миға хабар жеткiзетiн жүйкелерiмдi (нерв) кесiп тастамақ па екен? Әлде, жүйкемдi мүлде құртпақ па екен? Көлденең адам жазушыға, ақынға көтен зорлық қылуға жарамайды. Өзiнше ойлатам деу қиянат.
Рас, қазақ кедейi теңдiкке жеттi, жетiлдi. Жаңа тұрмысқа аяқ басты. Бiрақ екi зорлықтан әлi айырылған жоқ, жуықта арыла алмайды. Бiрi – өз байынан көретiн зорлық, бiрi – жатынан көретiн зорлық. Соңғыны айта-йын десең, ұлтшыл болып шығасың, немесе байшыл боласың. Бастапқыға қанағат етуге болмайды. Қашаннан қалып қалған нәрсе, тұрмыс талқысымен болмаса, бұдан оңай шыға қоймайды. Шыға қойса, әлгi алты кедей неге сандалып қалды? Қағаз жүзi мен өмiр жүзiн айыру керек. Ғаббас, Әбдiрахмандар қағаз жүзiн алса, мен өмiр жүзiн алғым келдi. Мiне, менiң пiкiрiм осы.
Мен осы пiкiрiмдi газетке жазуға Смағұлдан рұқсат сұрап, толық хат жазып отырмын. Өрiс берер, бермесiн бiлмеймiн. Iшiмде қайнап жатқанша тым болмаса, сендей жолдасқа ағытайын деп жазып отырмын. Сен бұған өз пiкiрiңдi жаз. Терiс, бұрысын көрсет! Бұл пiкiрiмдi Ғаббасқа да айт. Жөнi келсе, керек жерiн оқып жiбер.
Ордадан хат-хабар алмаймын. Сенiмен жазысып тұрайық. Сен не оқып жүрсiң? Жақсы кiтап болса маған жiбер. Мұхтардың адресiн бiлсең, жазып жiбер. Балалар аман. Тұрмыс сәл, жалақы – 72 сом. Тезiрек хат жазарсың.
Қош, сүйдiм. Жүсiпбегiң.
Адрес: Орынбор, Совет көшесi, дом 51. Астыңғы қатар. Маған. Орынбор, 2 ноябрь».
VII том. 177-180 беттер

“Түркістан” газетінен

Парақшамызға жазылыңыз

2 Comments

  1. Осының бәрi жүзден бiрi. Бәрiн көрiп, естiп жүрсiң. Қай қазақ хохолдың жерiн тартып алды, үйiнен бездiрдi? Ауылына ат ойнатты, өлтiрдi, ақысын бермей, сауырға бiр салып қоя бердi? Мұнша зорлықты кiм iстеп отыр? Осының бәрiн көре, бiле тұра – кiмшiл болу керек?
    Рас, бұқарашыл болу керек.

  2. Бұ хатты өте-мөте терең назар салып, әр жолын тәмпіштеп оқу керек екен. Көп нәрсе айтқан екен.

Жауап беру

Your email address will not be published.

This site uses Akismet to reduce spam. Learn how your comment data is processed.

Соңғы жазбалар